Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!
Ислам ақидасы бойынша Алланы бар деп емес, Оны бір деп мойындау иманның басты шарты болып табылады. Бұл ешқандай қателік емес. Шын мәнінде, қанша жерден тілімен «құдай жоқ» деп жүргенмен құдайсыз адам болмайды. Өйткені, адам баласы құдайға деген мұқтаждықтан ешқашанда құтыла алмайды. Өйткені, ол үшін бұл өмірде өз күшімен шеше алмайтын қиындықтар мен шыға алмайтын тығырықтар өте көп. Ал, табиғаттың дүлей күші мен үрей тудыратын тылсым құбылыстардың алдында ол өзін мүлде дәрменсіз сезінеді. Сол себепті де ол өзіне жақсылық силап, жамандықтан қорғап жүретін қандай да болмасын бір желеп-жебеушіні тауып алуға тырысады. Бұл, шын мәнінде, оның құдайға мұқтаж екендігін сезінуінің көрінісі болып табылады.
Адам баласы үшін құдай дегеніміз ең әуелі тылсым құдірет иесі болып анықталады. Ондай құдірет иесінің жамандық, немесе жақсылық жасау қабілеті көзбен көріп, санамен ұғу мүмкіндігінен тысқары жатқан тылсым да дүлей құбылыс болғандықтан адамның бойын ессіз үрей буып, ол өзін оның алдында мүлде дәрменсіз сезінеді. Сол себепті де ол осындай тылсым құдірет иесінің ығына жығылып, оның бар талаптарын бұлжытпай орындап, оған құлдық ұра бастайды. Осылайша оның ықыласын алу арқылы ол өзін қауіпсіз сезінуге қол жеткізіп, өзінің мұң-мұқтаждықтарының өтелуінен де дәме етеді. Өйткені, адам баласы оның өзін қорғайтынына, жәрдем ететініне, құтқаратынына, аман сақтайтынына, қамқор болатынына, ризықтандыратынына, шипа беретініне, және жолын ашатынына шәксіз сенеді. Сол себепті де адам мұндай тылсым құдірет иелеріне тәуелділікке түсіп, оларды өздеріне құдай етіп алып табына бастайды.
Адамдардың ежелден табынып келе жатқан құдайларын адам, немесе аруақ, жанды, немесе жансыз, көрінетін, немесе көрінбейтін деп бөліп сұрыптаудың қажеті аз. Олардың қай-қайсысы да өздеріне бас ұрып құлшылық еткен, жалбарынып тілек тілеген адамдардың қалауларын белгілі бір шамада орындап отырады. Әсіресе, өлі аруақтар мен небір жансыз пұттарға жалбарынып, олардан тілек тілеу бекершілік, олар ешқандай тілекті орындауға қауқарсыз деген пікір қате пікір болып табылады. Өйткені, егер адамдар олардың қолдап, қорғауларын көзбен көріп, көкеймен түйе алмаса, онда оларға ешкім де сенбес еді, сенбеген соң оларға табынуды да қажет етпес еді.
Аллаға иман келтірген жандар «нағыз құдірет иесі бір Алла» деп Алла Тағаланы ғана құдай ретінде мойындайды. Өйткені, бүткіл жаратылыс Соның ғана құзырында тұр. Ол қаласа жаратады, қаласа жояды, қаласа өмір береді, қаласа оны алады, қаласа жарылқайды, қаласа азаптайды. Аллаға серік қосатын өзгелер болса ерекше қасиетке ие болған адамдардың, аруақтар мен жын-шайтандардың, тіпті, өздері киелі санайтын жануарлар мен аң-құстардың, киелі заттар мен мүсіндердің, және тас, ағаш, от, ай мен күн тәрізді жанды да жансыз пұттардың құдіреттеріне де бас иеді. Солардың ішінен өздері қасиетін ерекше сезініп, құдіретіне көзі жеткен кейбіреулерін өзіне желеп-жебеуші құдай етіп алады.
Құдайға, жалпы тылсым атаулыға сенбейтін нағыз дінсіздердің өздері де бұл дүниеде белгілі бір қамқоршысыз өмір сүрудің қиын екендігін іштей мойындайды. Сондықтан да олар адамдар арасынан бір мықтының қолтығының астына еніп, сол арқылы өз қауіпсіздігін қамтамассыз етіп, бар қиындықтары мен мұқтаждықтарын сол арқылы шешіп отыруға тырысады. Сол мықтыға жағынып, оның ықыласына ие болу үшін олар оның бар қалауын бұлжытпай орындап отырады.
Және де адамдардың өте жақсы көретін, олардың болғанын қалап, олардан айрылып қалудан қатты қорқатын әке-шешесі мен туғандары, әйелі мен балалары, баспанасы мен көлігі, дүние-мүлкі тәрізді көптеген ірілі-уақты «қимастары» да болады. Оларға жан-тәндерімен жабысып, оларға қатты тәуелді болып қалатындары соншалықты оларсыз көп адамдарға өмір сүру өте қиын. Өйткені, олар оған жақсылық, қуаныш силап, өмірілеріне ерекше шырай береді.
Өздерін құдайсыз санайтын жандардың қай-қайсысы болмасын спорт, өнер және басқа да түрлі салалардағы белгілі бір адамдарға тәнті болып, олардың қолданған заттары түгел, басқан ізіне дейін қасиет тұтып ес-түссіз табынады. Осылайша мұндай жандар өздері тәрізді жұмыр басты пенделерге шектен тыс тәуелді болып, солар үшін барын да тіпті, жанын да құрбан етуге дайын тұрады. Мұндай жандар әрине, ол «пұттарын» құдай ретінде санамайды, бірақ, шындық олардың өздерінің қалай ойлайтындарында емес, олардың қандай ниетпен, қандай істер жасауында болып табылады.
Кім үшін, немесе не нәрсе үшін амал-әрекеттер жасап, құлшылық етуіне байланысты адамның құдайының кім, немесе, не екені анықталады. Құдайға құлшылық ету мен құдайға табынушылықтың айырмашылығына тоқталып өтсек, меніңше, құлшылық дегеніміз негізінен, нақты іс-амалдарды атқару болса, табынушылық жан мен тән тәуелділігі арқылы анықталатын кең ауқымдағы ұғым.
Жүрегінде табынушылық болуы үшін адам өзінің белгілі бір шамада тәуелді екенін сезінуі тиіс. Ал, тәуелділігін сезінбейінше ол құлшылық етпейді. Көп адамдардың Аллаға құлшылық етпеуінің себебін осымен түсіндіруге болады. Олар өздерінің жақсылықта, немесе жамандықта болулары бір Алланың ғана қолында тұрғанын, сондықтан да өздерінің Алла Тағалаға толық тәуелді екендіктерін түсінбейді. Сол себепті де олар Оның ықыласын алу үшін амал-әрекеттер жасап құлшылық етуді қажетсінбейді.
Олар керісінше, өздерін Алладан басқа біреулерге тәуелді сезініп, жақсылыққа қол жеткізу үшін соларды риза ететін амал-әрекеттерді жасау жеткілікті деп ойлайды. Тіпті, олар дүние игіліктері болып табылатын нәрселерге де тәуелді болып соларға қол жеткізсек жақсылықта боламыз деп сенеді. Мысалға, көп адамдар бақытты өмір сүру үшін ақшаның көп болуы жеткілікті деп ойлап, ақша деп аталатын пұт «құдайға» тәуелділікке түсіп, бар ынта-ықыласымен соған құлшылық етеді. Егер адам біреулерге, немесе бірдеңелерге осылай тәуелділік танытса, онда бұл оның оларды өзіне құдай етіп алғандығының дәлелі болып табылады.
Негізінде, өздерінің құдайсыз емес екеніндіктерін «құдайға сенбейміз» дейтін дінсіздердің өздері де мойындайды. Олардың ауыздарынан «мен ақшаға табынамын, мен өнерге табынамын, мен спортқа табынамын, мен халқыма табынамын, мен бәлен адамның, түген адамның табынушысымын» деген сөздерді жиі естуге болады. Адамның сөздері көп жағдайда оның жүрегіндегіден хабар береді. Олай болса, жүректеріне жасанды пұт сіңіп қалған адамдар ғана осылайша «табыну, табынушы» сөздерін жиі қолданады. Ал, табыну мен құдай ұғымын ажырату мүмкін емес. Құдай бар жерде міндетті түрде табыну болады, және керісінше, табыну бар жерде міндетті түрде құдай болады. Демек, әр нәрсеге бір табынып, әркімнің бір табынушысы болып жүрген жандардың құдайсыз екендіктері жалған. Олар құдай ретінде Аллаға сенбесе сенбейтін де шығар, бірақ олардың Одан өзге небір жанды да жансыз пұттарға құдай ретінде бас ұрып, құлшылық етіп жүргені ақиқат.
* * *
Табынушылықты біреуге, немесе бірдеңеге тәуелділікке түсу десек, тәуелділікті тәндік, және жандық тәуелділік деп бөлуге болады. Ішу, жеу тәрізді адамның өмірлік қажеттіліктерінен туындайтын тәндік тәуелділіктер өз алдына табынушылық болып табылмайды. Бірақ, адам баласының сондай тәндік қажеттіліктері де жан тәуелділігімен астарланып жатады. Мысалға, шөл мен аштықтан адамның тек тәні ғана қиналып қоймайды, оларға деген тапшылық пайда болғанда адамға өмір де сүреңсіз тартып, ол өзін бақытсыз сезініп жан қиналысын да сезінеді.
Тән арқылы ләззат алып, рахаттану мүмкін болғандықтан адам өзінің де, өзгенің де тәнін қасиет тұтып тәнге табына бастайды. Тәннің сезіну, көру, есту тәрізді қасиеттері арқылы ләззат алып, рахаттануға болатындықтан олар көптеген нәрселерге де тәуелділікке түсіп, оларға да табына бастайды. Олардың қатарына дәмді де тәтті ас-сулар, сұлулық, қызықты да көркем туындылар, әсем әуен, ғажайып саз тәрізді сезініп, көріп, естуге болатын көптеген нәрселер жатады. Ондай нәрселерге жанымен де, тәнімен де жабысып қалатындары соншалықты адамдар солар үшін ренжіп, солар үшін жеккөріп, солар үшін ашу-ызаға беріліп, солар үшін күйініп, тіпті солар үшін бірін-бірі өлтіріп те жатады.
Адамның тәуелділікке түсетін нәрселерінің ішінде темекі, арақ, есірткі тәрізді оның тәні ешқандай да мұқтаж емес, керісінше оған зиянды болып табылатын нәрселер де бар. Бірақ, адам солар арқылы өздерінің қайғы-мұңдарын басып, іштегі шерлерін тарқатуға тырысады, жағымсыз сезімдерін ұмытып, ойын бөлуге ұмтылады, өзін жақсы сезініп, көңілін көтермек болады. Темекі мен арақ, және есірткі беретін осындай жеңілдікке, жағымды сезімдерге жанымен тәуелділікке түскен адам оларға тәнін де үйрете отырып бірте-бірте оларға тәнін де тәуелді етіп тынады.
Осы бір зиянды әдеттерден арылу барысында оларға тән тәуелділігін жеңуден бұрын жан тәуелділігін жеңу әлдеқайда қиын болады. Бір қымбатын жоғалтқандай болып көңілі алаңдап, бар қызығынан айырылғандай болып өмір де сүреңсіз тартып, соның нәтижесінде күшейіп кететін қайғы-мұң, өкініш тәрізді түрлі сезімдерден құтыла алмай қатты қиналатын ондай адам амалсыздан қайтадан темекіден, арақтан, есірткіден пана іздеп, солардан жеңілдік таппақ болады. Осы бір нәрселерге тәуелді болып, солардан пана іздеп, солардан жеңілдік таппақ болуларынан мұндай жандардың оларды өздеріне құдай етіп алғанын байқауға болады. Олардан бас тарта алмай солар үшін барын шашып, ар-ұятынан айрылып, денсаулығын құртып, тіпті өмірін де бағаламайтындары мұндай жандардың соларға құдай ретінде жандарымен де, тәндерімен де табынып жүргендерін көрсетеді.
* * *
Табынушылыққа түрлі қырларынан қарай отырып анықтама беруге болады. Табынушылық біреулерге немесе бірдеңелерге сенім артып, тәуекел ету арқылы анықталады. Мысалға, Аллаға иман келтірген адам қандай жағдайда да Оның өзіне жәрдем етіп, зиянда қалдырмайтынына сенім артып, тәуекел етсе, Алладан өзгелерге табынатын жандар аруақ, немесе бойтұмар тәрізді заттарға да сенім артып, соларға тәуекел етіп іс жасайды. Ал, тылсымға сенбейтін, тек өздері тәрізді адамдарға ғана табынатындар болса, артында тұрған мықты «көкесі», туған-туыстары тәрізді қамқоршыларына тәуекел етіп, солардың арқасында өзінің «бір тал шашының да түспейтініне» сенімді болады.
Табынушылық біреудің, немесе бірдеңенің ашуына, немесе киесіне ұшыраудан қатты қорқу арқылы да анықталады. Адам өзінің кімнен, немесе неден қорқуына байланысты соларға қатысты барлық тәртіптер мен тиымдарды қатаң ұстануға тырысады. Мысалға, Аллаға иман келтірген адам бір күнә жасап қойса, бұл дүниеде, не болмаса ақиретте сол ісінің жазасын тартудан қорқады. Және ол құлшылық амалдарын тиісінше орындамаған жағдайда оларды Алла Тағаланың қабыл етпейтінін ойлап та қорқады.
Аруаққа табынушы мүшіріктер болса соларды ренжітіп алып «бірдеңеге» ұшырап қалудан, «жолы жабылып» соры қайнаудан қатты қорқады. Сол себепті де олар түрлі ырымдарды көңіліне алып, түрлі жоралғыларды дұрыс атқаруға тырысып әуреге қалып жатады. Сондай-ақ бойтұмар тәрізді түрлі заттардың қасиеттеріне сенетін кейбір жандар ол заттарсыз аттап басуға да жүректері дауаламайтын жағдайға жетіп жатады.
Ал, адамдарға табынатын кейбір жандардың өз тағдырлары қожайындарының қолдарында тұрғандай сезініп, олардан қатты қорқатындары соншалықты олардың әмірлерін екі етпей орындауға тырысады. Тіпті, олардың әмірлерін орындау барысында шарасыздықтан жанкештілік те танытып жатады.
Табынушылық біреулердің, немесе, бірдеңелердің ықыластарына ие болу үшін оларды риза қылатын істерді мейлінше мұқият атқару арқылы да анықталады. Аллаға иман келтірген жандар үшін Раббыларын риза етіп, Оның ықыласына ие болып отырудан артық мақсат жоқ. Өйткені, Алланың ризалығы олар үшін бұл дүниенің де, ақиреттің де азабынан құтылудың, бұл дүниенің де, ақиреттің де бақыттына қол жеткізудің бірден-бір кепілі. Сондықтан да олар Алла риза болатын ойларды ойлап, сөздерді айтып, істерді істеуге тырысады.
Ал, «өлі риза болмай тірі байымайды» деп білетін, сол себепті де Алладан өзге аруақтардың да ықыластарына мұқтаж болып, соларды риза етуге ұмтылатын мүшіріктер болса, Алланың үйі мешітті емес, аруақтардың мекені қабірлерді жағалап, Алланың емес, аруақтардың талап ететін амалдарын мұқият атқарып отырады. Және сондай амалдары арқылы Алладан емес сол аруақтардан қолдау күтеді. Және сыйлық ретінде Алла
Тағаланың жұмағын емес, ең әрі кеткенде аруақтардың өздеріне «қонуын» ғана дәметеді.
Ал, түрлі заттардың қасиетіне табынушылар болса, сол жансыз «пұттарын» қатты қастерлеп, оларды үйлерінің ең құрметті орындарына орналастырады. Немесе оларды мойындарына іліп, жүрек тұстарында ұстай отырып сол арқылы да оларды «риза» етіп, «ықыластарына» ие болуға тырысады.
Ал, адамдарға табынушылар болса өздерінің қожайындарын риза ету арқылы олардың өздеріне сыйлық беріп, жалақысын көтеріп, лауазымын өсірулерін дәметеді. Ондай жандар өздері «пір» тұтып, қатты қастерлейтін жандарының тек қана өздеріне назар салып, жылы сөз айтқанын есту үшін де көп нәрсеге даяр болады.
Табынушылық біреулерден, немесе бірдеңелерден жәрдем күтіп жаутаңдап, қол ұшын беруді өтініп жалбарыну арқылы да анықталады. Алланың қалауынсыз ешкімнің де, ештеңенің де өздеріне пайда не зиян істей алмайтындығына кәміл сенетін имандылар қандай жағдайда да болмасын ауыздарына бір Алланы ғана алып, бар ынта-ықыластарымен бір Алладан ғана жәрдем тілейді. Және жәрдем қай тараптан, кім арқылы келсе де оны Алланың жәрдемі ретінде қабылдап, Аллаға шүкірлік етеді.
Алладан өзгелерге табынушылар болса, бірі болмаса бірі жәрдем етер деген ниетпен Аллаға да, Алладан өзге әркім мен әрнәрсеге де бір сиынып, жәрдем сұрап жалбарынумен болады. Және жандары шын қысылған кездерінде бір Алланы ғана ауызға алып шындап тұрып жалбарынатын мұндай жандар қиындықтан құтылған кезде Аллаға алғыс айтпақ түгел, жәрдем Алладан келгенін де мойындаудан бас тартады. Ал, крес, бойтұмар тектес түрлі заттардың киесіне сенетін жандар жандары қысылған кездерде сол «құдайларын» уыстарына қатты қысып, солардың жәрдем етуін жан-тәндерімен тілеп, солардың қасиеті арқылы өздерінен жамандықты қуып, аластауға тырысады.
Ал, адамдарға табынушылар болса бастарына қиындық түскенде әркімге бір үміт артып жаутаңдап, «тағдырым осының қолында» деп білетін жандардың табалдырығын тоздырады. Олардың аяушылығын ояту үшін көз жастарын төгіп көлдетіп, көңілдерін алу үшін қомақты қаржыларын да ұсынып, тіпті, не қаласа соны орындауға да даяр болады. Жәрдемді тек адамнан ғана күтетіндіктері соншалықты олар «жәрдем етемін, құтқарамын» деген бір ауыз сөзі үшін ғана «көлденең көк аттыға» да қатты риза болып, дүниеде одан артық жақын жан жоқтай іштері қатты елжіреп, көздеріне жас алумен болады.
Табынушылық адамның кім, немесе, не нәрсе үшін қаншалықты құрбандық беретіндігіне байланысты да анықталады. Құрбандық уақытын бөлу, күш-жігерін жұмсау, табысынан шығындау, қызықтары мен қимастарынан бас тарту, басын қауіп-қатерге салу, тіпті жанын қию арқылы да беріледі. Мысалға, Аллаға табынушылар Алланы риза ету үшін белгілі бір уақытын, және белгілі бір шамада күш-жігерін құрбан етіп намаз оқып құлшылық етеді. Алланың ризалығы үшін деп құрбандық шалып, табыстарының белгілі бір бөлігін зекет, садақа ретінде Алланың жолына құрбан етеді. Көңілдері қаншалықты қалап тұрса да күнә болып табылатын көптеген қызықтары мен қимастарынан бас тартып оларды да Алланың ризалығы үшін құрбан етеді. Олар қажет болса Алланың ризалығы үшін басын қауіп-қатерге тігіп, тіпті өмірін де құрбан етеді.
Ал аруақтарға табынушылар болса соларды риза ету үшін уақытын, күш-жігерін, табысын құрбан етіп аруақтар болып көрінетін жындар мекен еткен қабірлерге зиярат етеді. Құрбан айтта Алланың ризалығы үшін деп құрбандық шалуға малын қимай, аруақтар үшін деп шек шалады, және қабір басына барып әулие-әнбиелерге деп атап қой сойып жындарға құрбандық береді. Жындардың талап етуі бойынша түрлі ырым, тиымдарды берік ұстанып көптеген қызықтары мен қимастарынан бас тартады. Жындардың жетегімен түрлі қылмыстар жасап, тіпті өздеріне қол салып өмірлерін де құрбан етіп жатады.
Ал дінсіздер болса өздерінің ақша, мықты қолдаушы, жоғарғы білім, жақсы қызмет, биік дәреже, атақ пен даңқ тәрізді небір пұт құдайлары үшін шаршап-шалдығып әрекет жасап, көп уақыты мен күш-жігерлерін солар үшін құрбан етеді. Соларға қол жеткізу үшін қолдағы барын тігіп тәуекелге бел байлап, белгілі бір қызықтары мен қимастарын қиналмастан құрбан етіп жатады. Және солар үшін қауіп-қатерге де ойланбастан бас тігіп, сол жолда жандарын да қиып жатады.
Табынушылық адамның сезімдері мен ойлары, сөздері мен істері де арқылы анықталады. Егер адам біреуге, немесе бірдеңеге қатысты күшті сүйіспеншілік, құштарлық, құмарлық танытып, солар үшін қуанып, қорқып, уайымдап, қайғырып, ренжіп, жеккөріп, ашуланып, өшігіп, солар үшін басын қауіп-қатерге тігіп, өзіне де, өзгелерге де аяусыздық танытатын болса, бұл оның осы бір нәрселерге табынатынын көрсетеді. Сезімдері неғұрлым күшті, ойлары неғұрлым тұрақты, сөздері неғұрлым жүректен шыққан әсерлі болып, істерінің неғұрлым шектен шығуы адамның табынушылығының күштілігін аңғартады.
Аллаға табынушылар сезімдері мен ойларын, сөздері мен істерін Алланың талабына бағындырады. Олар өз жүректеріндегі Аллаға деген сүйіспеншілікті ұлғайтуға тырысады. Олар өзгелерді Алла үшін сүйіп, жеккөрсе тек Алла үшін жеккөруге тырысады. Олар имандылық үшін, Алланың діні үшін қуанып, қорқып, уайымдап, қайғырып, ренжіп, жеккөріп, ашуланып, өшігіп, солар үшін басын қауіп-қатерге тігіп, тіпті өзіне де, өзгелерге де аяусыздық танытып жатады.
Ал аруақтарға табынушылар болса түрлі әулиелер мен аталардың құдіреттеріне тәнті бола бас ұрып, олардың өздері түгел, заттары мен қабірлерін де ерекше бір сүйіспеншілікпен құрмет тұтады. Олар өздерінің аруаққа табынушылық діндері үшін уайымдап, қайғырып, ренжіп, жеккөріп, ашуланып, өшігіп, сол діндерін қорғау үшін күшке жүгініп те жатады.
Ал адамдарға табынушылардың өздерінің көңілдері құлаған спорт, өнер, басқа да түрлі салалардағы жұлдыздарға деген сүйіспеншілік, құштарлық, құмарлықтарынан қаншалықты естері кететіндері, олардың жанкүйері ретінде солар үшін қаншалықты қуанып, қорқып, уайымдап, қайғырып, ренжіп, жеккөріп, ашуланып, өшігіп жататындары, және солар үшін басын қауіп-қатерге тігіп, өзіне де, өзгелерге де аяусыздық танытып жататындары қазіргі кезеңде кімге болса да белгілі.
Табынушылық адамның қалауы бойынша да анықталады. Адамның жүрегінде не тұрса ол соны қалайды. Қалаған нәрсесін армандайды. Және соған қол жеткізуді мақсат етіп әрекет етеді. Қалауы неғұрлым күшті болған сайын адам солғұрлым өзінің сезімдері мен ойларын, сөздері мен істерін де сол мақсатқа жұмылдырып, солғұрлым оны өзінің бар тыныс-тіршілігіне өзек етіп алады. Тіпті, өзінің бақытты, не бақытсыз болмағын сол бойынша анықтап, өзінің болашақ тағдырын да сол мақсатының орындалып, орындалмауына тәуелді етіп қояды.
Аллаға табынушылар имандылықты қалайды, туған-туыстарының, халқының иманға келіп, дұрыс өмір сүріп ақиретте жұмаққа енгенін армандайды. Олар өздерінің де, өзгелердің де бақытты не бақытсыз болмағын ақирет күні жұмаққа ену, немесе енбеуі бойынша анықтайды. Осы бір «жұмақтық болсақ екен» деген армандары неғұрлым күшті болған сайын олар солғұрлым өздерінің сезімдері мен ойларын, сөздері мен істерін де сол мақсатқа жұмылдырып, оған қол жеткізуді өздерінің бар тыныс-тіршілігіне өзек етіп алады.
Аруаққа табынушылар болса тек бұл дүниенің ғана қызығын қалайды. Өйткені, олардың жүректерін бұл дүниенің қызықтары жаулап алған. Және олар ол қызықтарға қол жеткізудің ең дұрыс жолы аруақтарды риза ету деп түсінгендіктен де олар аруақтарға жағымды істерді көбірек жасап, сол арқылы денсаулықтарын түзеп, тірліктегі жолдарын ашып, отбастарына береке келтіруге тырысады. Олардың ең үлкен армандары, олардың аруақтардан күтетін ең зор игіліктерінің бірі өздеріне «аруақтың қонуы». Сол арқылы өздерінің құдірет күшке ие болып, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болатын киелі адамға айналу. Осы мақсатқа қол жеткізу мүмкіндігіне сеніп, оған қол созған көптеген аруаққа табынушылар өзінің бақытты, не бақытсыз болмағын осы мақсатының орындалып, орындалмауына тәуелді етіп қояды.
Сондай-ақ адамдар мен жасанды пұттарға табынушылардың да жүректерін тек дүние қызықтары жаулап алған, сол себепті олар да тек дүние қызықтарын ғана армандайды. Сол себепті де олар өздерінің жақсылықта не жамандықта болулары соның қолында тұр деп білетін мықтыларға жағынуды қалайды. Бақытты не бақытсыз болулары соған байланысты деп білетін ғашықтарына ұнауды қалайды. Болашағының жарқын, немесе күңгірт болулары соған байланысты деп білетін жоғарғы білімге қол жеткізуді қалайды. Қалағанын алып, рақат өмір сүру соған байланысты деп білетін ақшаның көп болғанын қалайды. Басқа да осы тәріздес өздері қолдан жасап алған пұттарға қатты тәуелді болып қалатындары соншалықты мұндай жандар өздерін оларсыз өмір сүре алмайтындай сезінеді. Осындай қалаулары орындалмаған жағдайда олар болашақтарына деген үмітсіздік танытып, жақсылықтан түңіліп жатады.
Құдайға табынушылық адамның біреуді, немесе бірдеңені көңіліне қуат етіп, сонан жанына жұбаныш табумен де анықталады. Аллаға табынушылар қысылған, қиналған, қажыған, жасыған, қайғырған, жаны жабырқап мұңайған сәттерінде Алланы еске алып, Соған мұңын шағып, көрген жапасын Соған айтып іштей шағынады. Алладан медет сұрап сәждеге бас қойып, жайнамазын көз жасына шылап егіле жылайды. Сол арқылы олар Алладан қуат алып, іштегі қайғы-шерлері тарқап, жандары жай табады.
Ал аруақтар мен әулиелерге табынушылар болса іштері шер-налаға толған сәттерінде соларды еске алып, соларға мұңдарын шағып, сол арқылы жабырқау тартқан жандарына жеңілдік таппақ болады. Солардың қабірлеріне көңілдері қатты тартып, қабірдің басына барып өлгендерге мұңдарын шағып, егіл-тегіл жылап іштерін босатады.
Ал адамдарға табынушылар болса іштей қажып, өмірден түңілген сәттерінде мұңын шағып, шер тарқататын жанына жақын адамын іздейді. Өздері бас иіп, сырттай пір тұтатын сүйікті адамдарын еске алады. Солардың суреттеріне көз сала отырып, соларға қатысты жарқын сәттерді еске түсіреді, олардың әрбір сөздері мен қылықтарына дейін еске алып, олармен іштей тілдесіп, соларға мұңдарын шағады. Солардың жансыз бейнелерін кеуделеріне қысып, сүйіп, көз жастарымен де шылап жатады.
Табынушылық адамның кімді, немесе нені өмірінің мәні етіп алуымен де анықталады. Алладан өзгелерге табынушылар өздерінің ой-өрелеріне, саналары қарай балаларын, ғашықтарын, жарларын, жұмыстарын, белгілі бір ұстанымдары мен ілімдері тәрізді нәрселерді өмірінің мәні етіп алып бүткіл өмірлерін соларға бағыштап жатады. Олардың қуаныштары мен қайғылары соларға байланысты туындап, олардың өздерін бақытты, не бақытсыз сезінулері де соларға қатысты анықталады. Тірліктің ыстық, суығына төзіп, көрген жәбір-жапасына көніп, бар қиындықты қайыспай көтеруге дем беретін, оларды бұл өмірге байлап тұрған жарқын мақсат-мұраты да солар болып табылады. Сол себепті де оларға деген үміттері алдап, оларға деген сенімдері күйреп, оларды мәңгілікке жоғалттым деп сезінген кездерде мұндай ауыр соққыға санасы көндігіп, жаны төзе алмайтын ондай жандар естерін жоғалтып, тіпті өздеріне қол жұмсап та жатады.
Ал Аллаға табынушылар «бізді Алла Тағала Өзіне құлшылық ету үшін жаратты» деп біліп Раббыларына құлшылық етуді өз өмірлерінің мәні етіп алады. Және оларды ешқашан да үміттері алдамайды, сол себепті де олардың сенімдері де күйремейді. Олар өз өмірлерінің мәнінен адасып қалмайды, және өмірлерінің мәні деп білген нәрселерін мәңгілікке жоғалттым деп те күйзелмейді. Өйткені, олардың өмірлерінің мәні Алла Тағаланың ақиқатына негізделген. Олардың үміттері мен сенімдері Алла Тағаланың уәдесіне негізделген. Олардың Алла Тағаланың ризалығы үшін жасалған құлшылықтары ешқашанда жоғалмайды. Керісінше, олар адамға мәңгілікке жол ашады.
* * *
Адамның кімге, немесе, неге табынып жүргендігін Алла Тағалаға бойұсынып, құлшылық етуіне мүмкіндік бермейтін қимастарына қарай отырып та анықтауға болады. Мысалға, кейбір мұсылмандар әр мұсылманға да парыз етілген намаз құлшылықтарын орындауға уақыттарын қимайды. Олар сол уақыттарын өздері пайдалы, немесе қызықты санайтын басқа істерге арнағанды қалайды. Демек, оның сол «пайдалы», қызықты істері оның жүрегіне Алла Тағаладан көрі жақынырақ пұт құдайлар болып табылады.
Кейбіреулер намаз оқыса Алла арам еткен көптеген дәмді де тәтті ас-сулардан бас тарту қажет болады деп біледі де намаздан бас тартады. Демек, ол қимайтын арам ас-сулар оның жүрегіне Алла Тағаладан көрі жақын пұт құдайлар болып табылады.
Кейбіреулер намаз оқыса зина жасауға, түрлі жыныстық азғындықтармен айналысуға болмайды деп ойлайды да намаз оқудан бас тартады. Демек, зинақорлық, түрлі жыныстық азғындықтар оның жүрегіне Алла Тағаладан көрі жақын пұт құдайлар болып табылады.
Кейбіреулер намаз оқысам қалаған жұмысыма, қызметіме орналаса алмаймын, қызметте өсе алмай қаламын деп қорқады. Демек, жұмыс, қызмет оның жүрегіне Алла Тағаладан көрі жақын пұт құдай болып табылады.
Кейбіреулер намаз оқысам Алла тиым салған кәсіптермен, ақша табу жолдарымен айналыса алмай пайдадан қағыламын деп ойлап намаз оқудан бас тартады. Демек, ақша оның жүрегіне Алла Тағалдан көрі жақын пұт құдай болып табылады.
Кейбіреулер тіпті, намаз оқысам арақ іше алмай қаламын деп қорқып намаз оқудан тартынады. Демек, арақ оның жүрегіне Алла Тағаладан көрі жақын пұт құдай болып табылады.
Міне, осындай аты аталған да, аталмаған да түрлі пұт құдайлар адамның жүрегіне еніп, ұялап алғандықтан да адамдар Алла Тағалаға құлшылық етуден бас тартады. Олар өздері жан-тәндерімен қалайтын көптеген нәрселерден бас тартқаннан көрі Алла мен Оның дінінен бас тартқанды артық көреді. Міне, адамның Алладан көрі пайдалы, Алладан көрі артық санайтын осындай нәрселері адамның табынатын құдайлары болып табылады.
* * *
Табынушылар үшін өз құдайлары адам ба, әлде зат па, жанды ма, әлде жансыз ба оның маңызы шамалы. Ең маңыздысы олар адамға ләззат пен рахат, қуаныш пен бақыт силай алса болғаны. Бұрынғы заманның қараңғы, надан саналатын адамдары өздері тәрізді жұмыр басты пенделер мен небір жасанды пұттарды ашықтан-ашық құдай деп атап, соларға құлшылық етіп, солардың ризалықтары үшін небір азғын істермен айналысып, тіпті солар үшін балаларын да құрбандыққа шалған болса, білімді, көзі ашық, саналатын қазіргі заманның адамдары да өздері тәрізді адамдарға, және ағаш, тас, металл, қағаз пұттарға ес-түссіз табынып, солар үшін небір азғындықтар жасап, тіпті өзге түгел өздерін де құрбан етіп те жатыр.
Бұрынғылар ләззат құдайы деп аталатын пұттың қасына жиналып алып, оларға құрбандық ретінде небір сорақы азғындықтармен айналысса, қазіргі адамдар жүректеріне пұт қылып орнатып қойған ләззат құдайына ар-ұяттарын, адалдықтарын, тазалықтарын құрбандыққа беріп, зинадан бастап небір жиркенішті азғындықтармен қалауларынша айналысуды.
Бұрынғылар байлық құдайы ретінде орнатылған пұттарын риза ету үшін адамға дейін құрбандыққа шалып, оның қанын пұттарына жағып, егістіктеріне шашатын болса, қазіргі жүрегіне ақша пұтын орнатып қойған адамдар сол пұт үшін берісі алаяқтық жасап, әрісі адамдардың қанын судай шашып жүр.
Бұрынғылар өздерінің перғауын-патшаларын, абыз-бақсыларын құдай санап, соларға құлдық ұрып, олардың ризалықтары үшін ештеңеден де тайынбай, өмірлерін де қиятын болса, қазіргі адамдар да биліктегі құдайлар мен «кумир» құдайларының ризалықтары үшін қылмыстар жасап, өзгелер түгел өз жандарын да аямауда.
Бұрынғылар өз ұрпағын аман сақтап, оларды көбейту үшін ұрпақ пұтына апарып бір баласын құрбандыққа шалатын болса, қазіргі адамдар бұл тұрғыдан алғанда олардан да асып түсуде. Олар ұрпағының амандығы, олардың өсіп-өнуі үшін құрбандық бермейді. Керісінше, олар «қызықтан құр қаламын, күн көре алмай қаламын, қызмет қуа алмай қаламын» деген қорқынышпен жүректеріне орнатып қойған қызық пұты, байлық пұты, қызмет пұты тәрізді пұттары үшін балаларын құрбандыққа шалып, оларды өз қолдарымен өлтіріп жатыр.
Сонда бұрынғы қараңғы, надан адамдар мен қазіргі көзі ашық, сауатты адамдардың пұтқа табынуларының айырмашылықтары не? Бұрынғылар пұттарын мекендерінің ортасына, көрнекі алаңқайлар мен сәулетті храмдарға орнататын болса, қазіргі пұтқа табынушылар пұттарын сырт көзден жасырын, өз тәніндегі ең қасиетті орын жүрегінің қақ төріне орнатып қойған.
Бұрынғы пұтқа табынушылар бір Аллаға табынушылықтың жер бетіндегі белгісі Қасиетті Қағбаны өздерінің үш жүз алпыс пұттарымен қоршап, оны өздерінің ағаш пұттарымен ластаған болса, қазіргі пұтқа табынушылар кеуделеріндегі Қасиетті Қағба болып табылатын жүректерін «үш жүз алпыс» рухани пұттармен тұмшалап ластауда.
Бұрынғы пұтқа табынушылардың Қасиетті Қағбаға орнатқан пұттарын қиратып, ол жерден ағаш пұттарды аластау мүмкін болса, қазіргі пұтқа табынушылардың жүрек Қағбаларын рухани пұттардан тазарту оңай болмауда. Олар өздерінің лас пұттарын жанталаса қорғап, өршелене қарсылық көрсетуде.
Осылай табынушылық тұрғысынан алғанда көзі ашық, жетілген қазіргі адамдардың ертедегі надан адамдардан асып кетпесе, кем түсіп жатқандары шамалы. Олардың айырмашылықтары, қазіргі «өркениетті» адамдар өздерінің пұттарын құдай деп атамайды. Және өздерінің азғын да, қылмысты пұтқа табынушылық істерін мәдениет, өнер, озықтық, өмірлік қажеттілік ретінде қисынды түрде дәлелдеп, өздерін сауатты түрде ақтай біледі. Сол арқылы олар зор адасу болып табылатын пұтқа табынушылықты өркениетті, еркін қоғамның зор жетістігі ретінде көрсетуде.
* * *
Құдайға табынушылық әр адамның біліміне, ой-өресіне қарай жіктеледі. Біреулер шексіз құдірет иесі ретінде бір Аллаға табынады. Екінші біреулер құдіреттері шектеулі болса да жақсылық, жамандық жасау мүмкіндіктері ақыл аясына симайтын тылсым күштерге табынады. Олардың қатарына емшілік, балгерлік, сиқыр жасау тәрізді ерекше қасиеттері бар адамдар, жын-шайтандар, аруақтар, және киесі бар жануарлар, аң-құстар тәрізді түрлі тіршілік иелері, және ағаштар мен тастар, ай, күн, жұлдыздар тәрізді жансыз заттар да жатады. Ал, ешқандай да тылсым атаулыға сенбейтін үшінші біреулер болса, қолында байлық, билік бар адамдарға, ілім-білім, өнер, спорт, саясат тәрізді салаларда белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген адамдарды өздеріне пір тұтып, соларды көңілдеріне қуат етеді.
Құдайға табынушылықты рет-ретімен сатылап орналастырар болсақ, онда оның ең жоғарғы сатысына Аллаға табынушылық орынығады. Өйткені, бүткіл жаратылысты еш қиындықсыз, еш мүлтіксіз жаратқан, оның ең ұсақ бөлшегіне дейін бір сәтке де назарынан тыс қалдырмай қадағалап отырған, жаратылыстың басынан аяғына дейін кімнің не істеп, не қоятынын бүге-шігесіне дейін біліп отырған, ағаштың бір тал жапырағы, адамның бір тал шашы да оның қалауынсыз түсе алмайтын шексіз құдірет иесі бір Аллаға табыну жаратылыстың ақиқат мәні болып табылады.
Табынушылықтың ортаңғы сатысында адамның білімсіздігінен, немесе білгісі келмеушілігінен, және оның біле алмаушылығынан да туындаған тылсым күштерге табынушылық тұрады. Мұндай табынушылықты үшке бөлуге болады. Біріншісі, ақыл иелері болып табылатын періштелерге, жындарға, аруақтарға, ерекше қабілеті бар адамдарға табынушылық. Екіншісі, ақыл-есі жоқ болып табылатын үй, немесе жабайы хайуандар, аңдар мен құстар, ағаштар мен өсімдіктер тәрізді тіршілік иелеріне табынушылық. Үшіншісі, күн мен ай, жұлдыздар мен ғаламшарлар, су мен от, темір мен тас тәрізді жансыз саналатын нәрселер.
Табынушылықтың ең төменгі сатысында адамға табынушылық тұрады. Мұның себебі, адамға табынушылықтың ешқандай тылсымдық құпиясы жоқ. Адамға табынушылар адамның ақылы, дарыны, өнері, көркі, күші, даңқы, қызметі, байлығы тәрізді үйреншікті де түсінікті себептерге байланысты өздері тәрізді адамдарға тәуелді болып, оларға табынушылыққа бой ұрады.
Сиқыршылық, емшілік, көріпкелдік, тәрізді ерекше қабілеті бар адамдарға табынушылықтың екінші сатысыға орналасуының себебі, оларға табынушылықтың астарында тылсымға, ғайыпқа деген сенім жатады. Сондай-ақ, үй, немесе жабайы хайуандарға, аңдар мен құстарға, ағаштар мен өсімдіктерге, күн мен ай, жұлдыздар мен ғаламшарлар, су мен от, темір мен тастарға табынушылықтың да астарында осындай тылсымға деген сенім жатыр. Өйткені, оларға табынатын адамдар олардың ақылмен түсінуге келмейтін киелері бар екеніне, олардың санадан тыс жатқан тылсым қасиеттері бар екендіктеріне сенеді. Сол себепті де мұндай табынушылық адамға табынушылықтан бір саты жоғары тұрады.
Жалпы, тылсымға сенетіндер, соның ішінде де қарапайым тастың қасиетіне табынушылар да бұл дүниеде бәрінің де орын алуы, бәрінің де болуы мүмкін екеніне сенеді. Осындай сенімдерінің арқасында олар басқа да тылсым нәрселерді мойындауға бейім тұрады. Осындай мойындаулары олардың сенім деңгейінің көтерілуіне, санасының өсуіне ықпал етіп олар бірте-бірте тек тастың ғана емес онан да жоғарғы деңгейдегі аруақтарға, жын-шайтандар мен періштелерге де сене бастайды. Ал жын-шайтандар мен періштелерге деген сенім Аллаға деген сеніммен астасып жатыр, сол себепті де оларға сенетін адам бірте-бірте бір Аллаға иман келтіретін болады.
Ал ешқандай тылсым атаулыны мойындамайтын, сол себепті де тек адамдарға ғана табынатын жандар болса бұл дүниеде бәрінің де орын алуы, бәрінің де болуы мүмкін екеніне сенбейді. Олар бәрін де «көзбен көретіндей түсінікті, қолмен ұстайтындай қарапайым» қылып орын орнындарына қойып тастауға тырысады. Олар мысалға, ақылды болуды көп ізденіп, білім алудың нәтижесі деп біледі. Ал дарынды, өнерлі болуды бірнеше ұрпақ бойына ұшталған қабілеттің тұқым қуу арқылы берілген жемісі деп түсіндіреді.
Олар бәрін де табиғи құбылыстардың өзара әрекеттесуі мен табиғаттың кездейсоқ түрленулерінің нәтижесі, сондықтан да бүгінгі түсініксіз нәрселерді алдағы уақытта ғылым түсіндіріп, оның ешқандай да тылсым еместігін жіліктеп талдап береді деп сенеді. Сондықтан да олар осынау тұрпайы дүние аясында тұрпайы көзқарас ұстанып, тұрпайы тірлік кешеді.
Бүткіл жаратылыс тұрпайылықтан кемелдікке қарай даму заңдылығына құралған. Осы тұрғыдан алғанда бір Аллаға табынушылық өзінің шексіздікке, кемелдікке негізделуімен даму шыңына жетелейді. Ал екінші сатыдағы табынушылықтың негізінде де тылсымға деген сенім жатқандықтан ол да санаға өріс, ақылға азық беріп белгілі бір шамада дамуға жол ашады. Бірақ, табынылатын «құдайының» өресімен ғана шектелетіндіктен, мұндай табынушылық та белгілі бір деңгейге жеткен соң дамуды тұйықтап, сана да рух та тоқырауға ұшырайтын болады.
Ал табынушылықтың төменгі сатысы болып табылатын адамға табынушылықта тылсымға деген сенім болмағандықтан, «бәрі де көзбен көріп, қолмен ұстайтын» нәрселерге ғана негізделгендіктен ақылға азық, санада өріс болмайды. Бәрі де тұрпайы таным, пенделік қатынас негізінде өрбитіндіктен белгілі бір даму болмақ түгел адам тұрпайыланған үстіне тұрпайыланып ол өзінің бастапқы туылған кездегі күйінен де айырылып қалатын болады.
* * *
Көпқұдайшылық белгілі бір жағдайда, белгілі біреулер мен бірдеңелерден көбірек жәрдем болады деген сенімнен туындаған. Бұған түрлі табиғат құбылыстарын басқару құзырына тапсырылған періштелерге деген сенім негіз болған болуы да мүмкін. Осындай сенімнің нәтижесінде оттың, судың, ағаштың, тастың, аңдар мен құстардың, төрт түлік малдың киелері бар, сол киенің артында олардың иелері бар деген сенімдер де пайда болып, тіпті түрлі кәсіп иелері де өздеріне желеп-жебеуші құдайлар тауып ала бастады.
Осылай әр нәрсе бойынша желеп-жебеуші іздеудің нәтижесінде әр дерт бойынша жеке сиынылатын шипагер әулиелер де пайда болып, адамдар аттап басқан сайын әр құдайға сиынатын жағдайға жетті. Осыдан келіп «былай істесем мына құдайға жақпай қалам ба, олай істем ана құдайға жақпай қаламын ба?» деп әр құдайға бір жаутаңдаушылық, бір істі қолға алса он ырымды ойға алып бел шешіп кірісе алмайтын жалтақтық қалыптасып адамдардың бойын жігерсіздік, бойкүйездік билеп алады.
Осындай қажетсіз тәуелділіктен құтылып, орынсыз үрейден бойларын арылтып, бос әурешілік болып табылатын құлшылық істерден тартынып, зиянды болып табылатын іс әрекеттерден тиылып бұл дүниенің де, ақиреттің де жақсылықтарына қол жеткізулері үшін адамдар жаратушы құдай бір Аллаға ғана табынуға шақырыла бастады. Бірақ, адамдардың көбісі нағыз құдай Алла Тағаланы мойындамай өздерінің сансыз көп ұсақ құдайларына құлшылық ете беруді қалайды.
Өйткені, ол құдайлар адамның нәпсісі қалап тұратын жаман істерге тиым салмайды, керісінше, олар адамның жамандыққа қарай жолын ашып, жаман істерде оған қолдау көрсетіп, оның небір пендешілік тілектерін қанағаттандыруларына мүмкіндік береді. Сол себепті де дүние қызықтарына аңсары ауып, оларды қалауынша қызықтауды жөн көретін жандар жамандықтан тиятын бір Алласы болғаннан көрі жамандықтан тимайтын мың құдайлары болғанды тәуір көреді.
Бірақ, жақсылық та, жамандық та бір Алланың қолында. Сол себепті де сансыз құдайларынан жақсылық көрмек болатын жандардың үміттері ақталмай, олар сәтсіздіктен сәтсіздікке ұшырап, қиындық үстіне қиындық жамап алумен болады. Өйткені, олар сенім артқан құдайлардың өздері бір Алланың құзырында тұрған, оның еркінсіз «шөптің де басын сындыра алмайтын» қауқарсыз құдайлар болып табылады.
Сол себепті де олардан қолдау көрмек болған жандардың үміттері үнемі ақтала бермейді. Өйткені, бірде «жәрдем еткен» құдайы келесі бір сәттерде, нағыз бір шешуші сәттерде оны жерге қаратып, «тақырға отырғызумен» болады. Осылайша сансыз құдайларынан бірте-бірте көңілі қала бастайтын адам бір күндері тағдырдың тұйығына маңдайы тіреліп, жан-жағына жалтақтаған кезде жанынан Бір Алладан Өзге ешкімді де таба алмайтын болады.
Қашан «жақсылық пен жамандық тек бір Алланың қалауымен ғана болады, Алла қаламайынша ешкім де маған жақсылық та, жамандық та істей алмайды» деген сенімі бекімейінше адам баласы өзінің көптеген жанды да жансыз пұт құдайларына табынушылықтан арыла алмайды. Өйткені, олар өзінің сол құдайларынан қорқып, «олар мені жамандықтан сақтап, маған жақсылық әкеліп, қуаныш силаса екен» деген ниетпен әрекет жасауын тоқтатпайды.
Тек санасына «Алла Тағала қаламайынша олар маған ешқандай да зиян тигізіп, ешқандай да пайда әкеле алмайды» деген түсінік орныға бастаған кезде ғана адам баласы олардан емес Алладан қаттырақ қорқып, Соның ғана ризалығын іздей бастайды. «Алла қаласа береді, қаласа алады» деп Аллаға деген толық бойұсыну арқылы ғана ол өзінің ұсақ «құдайларына» деген тәуелділіктен құтылып, қажетсіз қорқыныштар мен уайымдардан арылады. Сөйтіп ол көп құдайға табынушылықтан құтылып, бір Аллаға құлшылық ету жолына түседі.
Maсa.кз 22.06.12

ОтветитьУдалитьgilisoft-audio-toolbox-suite-crack is a useful audio toolkit that allows you to burn, cut, convert, join, and rip CDs under the same roof. You can easily convert and edit any audio file, rip, create and copy CD, convert audio files,
freeprokeys
netbalancer-crack is regulated your internet actions as exhibited by your necessities. Additionally, it helps web development is supervised by you when demonstrations being made by or chronicles.
ОтветитьУдалитьnew crack
Microsoft Office 2022 Crack The clients get 100% unique Microsoft permit that can be actuated straightforwardly on the authority Microsoft site. Besides, it offers a lifetime permit which demonstrates that it doesn't offer a membership administration and doesn't expect one to recharge it time for an expense.
ОтветитьУдалитьI am very thankful for the effort put on by you, to help us, Thank you so much for the post it is very helpful, keep posting such type of Article.
ОтветитьУдалитьAdobe Acrobat Pro DC Crack
CPUID HWMonitor Pro Crack