суббота, 2 мая 2015 г.

Шайтаннан шипа тілеу зор адасу

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Көптеген жандар үшін  ең басты құндылық өмір. Олар үшін  бұл дүниеде өз өмірінен  қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан да олар қайтсе де ұзағырақ өмір сүруге  тырысып, қажет болса  бәрін  де қу жандары  үшін құрбан етуге дайын тұрады. Олар осынау  жарық дүниеде санаулы жылдар, тіпті санаулы күндер жүре тұру  үшін ойланбастан мәңгілік болашақтарынан да бас тартады.

Өйткені, мұндай жандар құдайға сенбейді.  Тіпті, құдайдың бар екенін мойындайтындардың  өздері де өлген соң қайта тірілетіндеріне  сенбейді. Олар үшін ертеңгі тауықтан  көрі бүгінгі жұмыртқа артық. Сол себепті де олар  неғұрлым ұзағырақ өмір сүру арқылы   дүние қызықтарын мейлінше қызықтап бақытты ғұмыр кешпек болады.  

Бірақ, қанша жерден бақытты болғысы келсе де адам баласының  қысқа  ғұмыры  қашанда уайым-қайғыдан арылмайды. Сол арылмас уайым-қайғының  елеулі бір бөлігі денсаулыққа байланысты туындап жатады. Өйткені,   денсаулықтың жаулары көп. Олардың қай-қайсысы болмасын тән  қорғанысының сәл де болса нашарлауын пайдаланып қалуға тырысып оны әр сәт сайын торып жүреді.

Тіпті, денсаулығы  мықты болған жағдайда да  тән  мәңгілік емес, ерте ме кеш пе бәрібір ол топыраққа айналып тынады. Олай болса  тәнінің жаулары адамның нағыз дұшпандары  емес. Адам баласының нағыз дұшпандары   оның уақытша тәнінің емес  мәңгілік жанының дұшпаны  болып табылады. Осындай дұшпандардың ең бір жауызы адам баласының ата жаулары шайтандар.  

Олардың дұшпандығының сұмдығы сонда олар адамды жер бетілік қысқа ғана өмірінен емес,   мәңгілік бақытынан айырып, мәңгілік азапқа душар етуге тырысады. Осы мақсатта олар адамның  денсаулықтарына  қатысты қорқыныштары мен уайымдарын шеберлікпен пайдалана біледі.

Олар дертке шалдығып қасірет шеккен адамға дертінен сауығып өмірін сақтаудың ең тиімді, тіпті бірден-бір дұрыс  жолы ретінде емші, бақсыларға жүгініп, олардың аруақтарына сиынып, табынуды ұсынады. Сол арқылы олар адамға Алла Тағала уәде еткен мәңгілік бақыттарын бес күндік уақытша қызықтарға  айырбастауды ұсынады.

Шайтандар Алла Тағаланың адамдарға Өзінен басқалардан жәрдем сұрап  сиынуларына,  оларға жалбарынып құлшылық етулеріне тиым салғанын жақсы біледі. Және мұның  күнә атаулылардың ішіндегі ең  зор күнәнің бірі екенін де біледі. Сол себепті   олар осы Аллаға серік қосу  күнәсіне  тарта отырып, адамдарды Алланың қаһарына ұшыратуға тырысады.  

Олар осындай мақсатты  көздейтін болса «іздегенге сұраған» дегендей  кейбір жандардың өздері сол шайтандармен байланысуға  бейім тұрады. Өйткені, ауырып азап шегіп, шыбын жаны  уайым болған  ондай жандар  қандай да бір  мүмкіндікті құр жібермеуге тырысады. Сол себепті де  олар «сондай  жерде, сондай бір мықты емші бар екен» дегенді естісе содан дертіне шипа табуды үміт етіп жолға шығады. Сөйтіп олар шайтандарды өздері іздеп тауып алады.

Олар «еміміз өзімізге жүрмейді» деп өздері басқалардан шипа іздейтін емшілерге сенім артады. Шын мәнінде, егер ол емшілер мен олардың сиына  отырып ем жасайтын «аталары» дертке шипа етуге қауқарлары болса онда сол емшілердің өздері де, олардың отбасылары да ешқандай ауру-сырқауды білмес еді. Және олардың сиынып жүрген  «аталарының» өздері де кезінде ауырып, қаусап өлмес еді.

Егер осындай өздерін өздері емдей алмайтын  емшілер өзгелерді емдемек болса оларға сенім арту қаншалықты дұрыс болады?  Егер сондай емшілер шипа қонуы үшін міндетті түрде  аруақтарға сеніп, соларға сиынуды талап етсе, және өздері де аруаққа сиынып ем жасаса, онда олардың арттарында адамдарды күнаға батырып тозаққа тоғытуды мақсат еткен   шайтанның тұрғанына кімнің күмәні болуы мүмкін?

Негізінде, емшілер сиқыр арқылы адамның бойындағы дертті көшіреді, немесе  адамды  дертке ұшыратып қинап жүрген шайтанмен келісе отырып  адамның хал-ақуалын уақытша жақсартады. Осылайша олар емнің алдамшы көрінісін жасап науқасты уақытша алдарқатады. Мұны түсінбейтін науқас  болса сол үшін де емшіге  қатты риза болып, оның аруағын, «аталарын» мойындап, соларға  сиына бастайды. 

Осылайша емшілер мен олардың «аталары» ауырса шипа ететін құдайларға айналып шыға келеді. Өйткені,  адамдар сәл сырқаттана қалса да  қол қусырып солардың алдына   барады да олар «ем» жасап олардың денсаулығын «түзеп» береді.  Осылайша оларға сеніп алған адамдар Алла Тағаланы ешқандай да қажет етпейді.  Өйткені, олар  бұл тұрғыдан алғанда Оған еш  мұқтаждық сезінбейді.

«Әй, адам баласы! Аллаға мұқтажсыңдар. Алла (Тағала) бай, мақтаулы». Құран Кәрім. Фатыр 35:15.   

Шын мәнінде кім  болса да, қашан болса да   бір Аллаға  мұқтаж. Өйткені, бәрін беретін де, және бергенін берекетті ететін де Сол Алла. Егер Ол береке бермесе адамға денсаулықтан  не пайда? Бұл өмірде маңдайынан  соры арылмай қасірет шеккен   қанша жандар бар денсаулықтарын өз қолдарымен құртып жүрсе, қаншасы өз жандарын  өз қолдарымен қиып жатыр. Олай болса  денсаулығымды түзесем болды деп  тоқмейілсіп  Алланы  ұмытпаған жөн.

Бастарыңа келген бір ауыршылық қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді. Құран Кәрім. Шура 42:30.

Бұл аят адамның басына келетін қандай болмасын қайғы-қасіреттің  ешқандай да кездейсоқтық емес екендігін, ол оның бұрын соңды істеген белгілі бір  істерінің салдарынан болатынын  аңғартады. Демек, адамның ауырып-сырқаударына, ауыр дерттерге  шалдығуына да  оның күналары себеп болады.

Егер адамның дерттері оның күнәларының өтеуі  болатын болса, онда ол күнәларды өтеудің ең дұрыс жолы  тәубе ету екені белгілі. Бірақ, бір рет тәубе етіп ауыр дерттен айығып кету мүмкін емес. Өйткені қандай болмасын ауыр дерттің артында жылдар бойы жинақталған үлкенді-кішілі  көптеген күналар тұрады.

Сондықтан  ондай үлкенді-кішілі көп күналарды өтеу үшін көп тәубе етіп, көп құлшылық ету қажет болады. «Батпандап енген дерт мысқалдап шығады» деп тегін айтылмаған. Егер адам баласы бір-ақ рет тәубе етіп  зор күналарын өтейтін болса онда ол аз уақыттың ішінде-ақ бар күналарынан арылып еш күнәсіз періште болып кеткен болар еді.

Шын мәнінде адам баласы күндіз-түні тәубе етіп Аллаға жалбарынып, күндіз-түні құлшылық етсе де ол бар күналарынан арылып кете алмайды. Жоғарыдағы аятта айтылғандай  Алла Тағала оның күналарының көбін кешіп жібергеннің өзінде де ол өзінің бар  күналарын өле-өлгенше өтеп құтыла алмайды. Ол тек ақирет күні Алланың рахметімен ғана бар күнасынан арылып жұмаққа ие бола алады.

Сол себепті де адам баласына бұл дүниеде мүмкіндігінше көбірек құлшылық амалдарын атқарып, сол арқылы Раббысын риза етіп Оның кеңшілігіне ие болуға тырысқан жөн болады. Бұл оның өз күналарын мейлінше көбірек өтеп, сол арқылы өз бейнеттері мен дерттерінен мейлінше арылып тек ақиретте ғана емес, бұл дүниеде де жақсылықта болуының бірден-бір кепілі.

Сонымен қорыта айтқанда  адамның бар бейнеті мен дерттеріне  оның күналары себеп болады. Сол себепті де адам бейнеттер мен дерттерінен  тек сол күналарын  өтеу арқылы ғана  толық арылатын болады. Яғни,  Алла Тағала адамның күналарын кешірмейінше ол күналар түрлі  бейнеттер мен дерттер болып оның басын  шырмап оны қасіретке сала беретін болады.

Осы тұрғыдан алғанда емшінің емі тек дерттің бетін  уақытша қайтару, немесе  оны көшіріп жіберу болып табылады. Демек, оның шипасын  шын мәнінде шипа деп қабылдау дұрыс емес. Өйткені, мұндай жағдайда  дерт болып келіп тұрған белгілі бір күналар қалады да сол себепті де ол дерт түбегейлі кетпейді.

Дерттің түбегейлі кетуі үшін оның пайда болуына себеп болған белгілі бір нақты   күналар кешірілуі тиіс. Ал емшінің күналарды кешіретін ешқандай да құзыры жоқ. Күналарды  тек бір Алла ғана кешіре алады. Демек, нағыз шипа тек бір Алланы ғана қолында.

Сондықтан да қандай болмасын дерттері мен бейнеттерінен түбегейлі арылуды қалаған адамға Алла Тағаланың ризалығын іздеп  құлшылық еткен жөн болады. Және ол басына  қандай  қиындық түссе де оны  Алланың өзіне жіберген сынағы ретінде қабылдап сабыр етіп Алланың мархаматынан күдер үзбеуі тиіс. Бұл оларға Әйүп пайғамбар (ғ.с.) арқылы берілген ғибрат.   

 «Әйүп (ғ.с.) да Раббына: «Маған бір бәле келді. Сен  мәрхамат етішілердің ең абзалысың!» деп жалбарынды. Сонда тілегін қабыл етіп өзіндегі науқасты айықтырып, сондай-ақ, құлшылық қылушыларға ғибрат үшін өзіне, семьясын, және олармен бірге бір есе артық мәрхамат етіп бердік». Құран Кәрім. Әнбия 21:83,84.

Алла Тағала қолда барының бәрінен айырылып, бойын дерт меңдесе де бір Өзінің мәрхаматынан күдер үзбеген  Әйүп пайғамбарға  (ғ.с.) оның еткен сабыры мен құлшылықтарын өзіне шипа, әрі береке етіп артығымен қайтарып, оны құлшылық етушілерге ғибрат етті.  Сондықтан  Аллаға иман келтірген адам бойындағы  дерті  арқылы да Раббысының  ризалығына  ие болуға  тырысады.

«...Алланың ризалығы өте зор табыс. Міне, осы үлкен қол жетушілік». Құран Кәрім. Тәубе 9:72.

Шын мәнінде мейрімді, қамқор Алла Тағала өзіне иман келтірген жандарды ауру-сырқау алдында да еш шарасыз тастамады. Ол жандарына да тәндеріне де шипа тапсын деп адамдарға қасиетті Құранды берді.

Құраннан мүміндерге шипа, және рахмет түсіреміз. Құран Кәрім. Исра 17:82.

Және жандарына да, тәндеріне де нұр табулары үшін Алла Тағала мүміндерге намаз, зекет, ораза, қажылық тәрізді құлшылықтарды парыз етті. Және оларға Өзін пәктеп, ұлықтап, мадақтап зікір етуді де нұсқау етті.

«Әй, мүміндер! Алланы өте көп зікір етіңдер. Оны ертелі-кеш пәктеңдер!». Құран Кәрім. Ахзап 33:41,42.

Егер осы құлшылықтарды берік сеніммен мұқият орындап, бір Аллаға тәуекел еткен жандар дертке шалдығып қиналған кездерінде шипа тілеп жалбарынса Раббылары да олардың бұл тілектерін жерге тастамас. Өйткені, Ол өзінен тілек тілеген жандардың тілектерін  қабыл етуге уәде берген.

«Мұхаммед (ғ.с.) Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса айт: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді». Құран Кәрім. Әли Ғимран 3:186.

Қу жаны үшін шарқ ұрып шайтанға да бас ұратын кейбір жандар  тәрізді адаспай ауырып қиналған кездерінде де Өзінің мәрхаматынан күдер үзбеген  тақуа құлдарының тек тәніне ғана емес, жанына дейін сауықтырып, оларға екі дүниеде де  қуаныш силайтын мейрімді,  қамқор Алладан артық басқа құдай бар ма?

15.10.13.

Комментариев нет:

Отправить комментарий