Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Алла Тағала адамдарға тура жол көрсетеді. Ол жақсылық пен жамандықтың арасын ажыратып таңдау жасаулары үшін адам баласын әуел бастан саналы етіп жаратты. Және Пайғамбарларын (ғ.с.) бірінен соң бірін жібере отырып, олар арқылы ақ пе қараны айыратын Кітаптарды да түсірді. Сол арқылы Алла Тағала адамдарға Өзінің тура жолын табуларына мүмкіндік беруде.
Ғаламдардың Раббысы жіберген Пайғамбарлар (ғ.с.) қашанда өз қауымдары тарапынан қарсылыққа тап болып, олардың кейбіреулері тіпті жауыздықпен өлтіріліп те отырды. Сондай-ақ, олар жеткізген ақиқат та залымдар тарапынан бұрмаланып, өзгертілумен болды. Ол Пайғамбарлар (ғ.с.) қауымдарына Алладан басқа құдайдың жоқтығын жеткізіп, оларды тек бір Аллаға ғана құлшылық етуге шақыратын еді.
«(Мұхаммед Ғ.С.) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір құдай жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар» деп қана уахи етіп жібердік». Құран Кәрім 21:25.
Бірақ, бір құдайға ғана құлшылық етуді қаламайтын жандар бұл ақиқатты ептілікпен бұрмалай отырып халыққа қолдан соғылған небір жалған құдайларды жасап берумен болды.
«Олар Алланың жолынан адастыру үшін Оған теңдестер жасайды». Құран Кәрім. Ибрахим 14:30.
Аятта айтылғандай залымдар халыққа жанды да жансыз небір пұттарды құдайлар ретінде ұсынып, соларға табындыру арқылы оларды тура жолдан жолынан тайдырумен болды. Олар тіпті, Алланың түсірген Кітаптарына да өз ойларын енгізіп, оларды өз қалауларынша өңдей отырып оларды да өз мақсаттарына тиімді пайдала білді. Міне осындай жағдайда Алла Тағала Өз тарапынан түпнұсқадан оқылатын соңғы Кітап Құранды түсірді.
(Мұхаммед Ғ.С.) Құранды Жебірейіл (ғ.с.) иман келтіргендерді бекемдеу үшін, және де мұсылмандар үшін тура жол, әрі қуанышты хабар түрінде Раббың тарапынан шындықпен түсірді. Құран Кәрім. Нахыл 16:102.
Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан үгіт, жүректегілеріңе шипа, иман келтіргендер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді. Құран Кәрім. Йунус 10:57
(Мұхаммед Р.С.) саған осылайша әмірімізден бір «Рух» (Құран) уахи еттік. Сен, Кітап не, Иман не, білмейтін едің. Бірақ Құранды нұр қылып, онымен құлдарымыздан кімді қаласақ тура жолға саламыз. Расында сен тура жолға бастайсың. Құран Кәрім. Шура 42:52
Алла Тағала Құранды түсірді. Сондай-ақ, Ол бұрынғы өткен қауымдарға түсірілген, бірақ уақыт өте келе адамдар тарапынан бұрмаланған Таурат, Забур, Інжіл тәрізді өзгерістерге ұшырамас үшін Оны тікелей Өз қорғауына алды. Бұл жағдай нақты уәде түрінде мына аятта көрініс тапқан.
«Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі Біз Оны қорғаймыз». Құран Кәрім. Хыжыр 15:9.
Міне, осылайша Өзінің тура жолын іздеген жандарға түпнұсқадан оқылатын, ешқандай қоспа атулыдан ада Құран Кітабын түсіріп қамқорлық етуінің өзі Алла Тағаланың адамдарға деген мейрімі мен рақымдылығын көрсетпей ме?
29.09.13.
Комментариев нет:
Отправить комментарий