Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Адам баласына қашанда ең әуелі ішіп-жем уайым. Бұл әрине, тек адам баласына ғана тән уайым емес, бұл уайым бүткіл тіршілік иелеріне де тән. Өйткені, бұл олардың ең басты табиғи қажеттіліктерінің бірі. Сол себепті мейрімді де рақымды Алла Тағала оларды ішіп-жеммен тиісінше қамтамассыз етіп отырады.
«Қаншалаған жан-жануарлар бар, қорегін көтеріп жүрмейді. Алла оларды да сендерді де қоректендіреді. Ол естуші, білуші». Құран Кәрім. Ғакәбут 29:60.
Бірақ, Оның кеңшілігін пайдаланып жүрген кейбір пенделердің молшылыққа бойлары үйреніп кететіндері соншалықты, олар келіп жатқан ризық-несібелерін Алланың кеңшілігі деп тіпті де ойламайды. Олар ризық-несібелерінің үзілмеуін қашанда осылай болуы тиіс қалыпты нәрсе ретінде қабылдай бастады. Бірақ, шын мәнінде олай емес. Алла Тағала Құран арқылы былай деп ескертеді:
«Алла ризық беруін тоқтатса сендерді қоректендіретін кім?» Құран Кәрім. Мүлік 67:21.
«Әй, адамдар! Алланың өздеріңе деген мейрімін ұмытпаңдар. Сендерге көктен, жерден несібе беретін (басқа) жаратушы бар ма? Алладан басқа құдай жоқ. Неге соншалықты адасудасыңдар?». Құран Кәрім. Фатыр 35:3.
Егер көктен жауын жаумай, жердің суы тартылса, соның салдарынан жайлымдар мен егістіктер қу тақырға айналса шүкірсіз жандар кімнен жәрдем күтіп, қайдан қоныс табар еді? Аллаға емес партияға сенеміз деп жүргенде, Аллаға емес аруаққа сиынамыз деп жүргенде аштан қырылып жерінен босып кеткендері кеше ғана емес пе еді? Жатқа барып құл болып, босағадан сығалап табағына телміргендері жадыларынан тез өшкені ме?
Шүкірлікті білмейтін жандар бастан өткерген небір зобалаңдарды тез-ақ ұмытады. Сонан да олар ризық беруші Алланы да ұмытуда. Олар Алладан емес, адамнан ризық тілейді де солардың қыбын таба алмай әлек болады. Олар ризықты өздері таппақ болады да істің орайын келтіре алмай әуре сарсаңға түседі. Сөйтіп жүріп пиғылдарын да бұзып алып, бір-бірінен қара суды да сатып алатын күйге жетеді.
Бұл дүниеде қанша адам күндіз-түні тырбанып, жатпай-тұрмай тірлік қылса да еңбектері еш, тұзы сор болып күндерін шаққа көруде. Өйткені, олар Алла береді демейді, өзіміз табамыз дейді. Шын мәнінде ғаламдардың Раббысы Алла Тағала қаламаса Оның бермегенін ешкім де тартып ала алмайды.
«(Мұхаммед с.ғ.с.) егер Алла саған бір зиянын тигізсе, Одан өзге ешкім де оны айықтыра алмайды. Егер Ол саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігіне ешкім де тоқтата алмайды. Ол оны (кеңшілігін) Өзінің қалаған құлдарына силайды. Ол кешіруші, мейрімді. Құран Кәрім. Йунус 10:107.
«Алла қалаған құлдарының несібесін көбейтеді де азайтады». Құран Кәрім. Ғанкәбут 29:62
Ал өздеріне Раббылар берген мол ризық-несібені көтере алмай тасынып, «Алла берді» деп емес, «өз күшіммен тапқанмын» деп астамсыған қанша пенделер бір-ақ күнде бар тапқанынан айрылып тақырға отыруда. Олар Аллаға шүкір етсе еді. Өйткені, Алланың адамдарға қоятын басты талаптарының бір Өзіне шүкірлік ету.
«Раббыларыңның несібесін жеңдер де Оған шүкір етіңдер». Құран Кәрім. Сәба 34:15
«Аллаға шүкірлік ет! Кім шүкірлік етсе ол өзі үшін шүкірлік етеді. Ал кім шүкірсіздік етсе сонда да Алла бай, мақтауға лайық». Құран Кәрім. Лұқман 31:12
Ризық-несібе үшін шүкірлік ету – бұл ризық-несібенің басқадан емес, бір Алладан екенін мойындап, Оған алғыс сезімін білдіру. Демек, шүкірлік етпеудің астарында Алланы мойындамай Оған қарсы шығу жатыр. Сондықтан да Алла Тағала адам баласына қандай болмасын жақсылық нәсіп ете отырып олардан Өзіне шүкірлік етіп қарсы шықпауды талап етеді.
«Енді Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын, және Маған шүкірлік қылыңдар да қарсы болмаңдар». Құран Кәрім. Бақара 2:152
«Егер шүкірлік етсеңдер арттыра беремін, ал енді қарсы келсеңдер азабым тым қатты» Құран Кәрім. Ибрахим 14:7.
Құлдарын Өзі ризықтандыра отырып олардан ең әуелі шүкірлік күтетін, және шүкірлік еткен сайын оларды ризық-несібеден кенде қылмайтын Алла Тағаланың мейрімі мен рақымына қандай күмән болуы мүмкін?
07.10.13.
Комментариев нет:
Отправить комментарий