Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қалыптасқан пікір бойынша діндарлар құдайға көзсіз сенеді, яғни олардың сенімдер соқыр сенім делінеді.Негізінде, сенім шындыққа байланысты ұғым болып табылады. Адам өзінің белгілі бір танымын, көзқарасын, пікірін шындық деп сенеді. Тіпті ол бір нәрсені өтірік дегеннің өзінде де оның өтірік екендігінің шын екендігіне сенеді. Сондықтан да адамға тән сенім ұғымын тек дінге қатысты тар ауқымда алуға болмайды.
Сондай-ақ, адамның дінге қатысты сенімін ғана көзсіз, яғни еш дәлелге негізделмеген соқыр сенім деуге болмайды. Өйткені, адамның шын деп сенетін, шындық деп білетін нәрселерінің барлығы да, олар қаншалықты дәлелді болып көрінсе де, шын мәнінде тап ол ойлағандай шындық болмай шығуы мүмкін. Бірақ, ол оған сенумен болады, демек ол өзі қаншалықты сенімді болса да шын мәнінде оның ол сенімі көзсіз, яғни соқыр сенім болғаны.
Бұл дүниеде адам баласының тек дінге қатысты сенімдері ғана емес оның барлық сенімдері де соқыр десек еш қателеспейіз. Өйткені, адам баласының өзінің күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәрселерінің өзі жөнінде де ақиқи білімі жоқ.
Мысалға, суды су деп сеніп жүргенмен, шын мәнінде судың не екені жөнінде ешкім де түбегейлі шындықты айтып бере алмайды. Өйткені, судың түрлі құпия қасиеттерін былай қойғанда адамның су деп нақты сеніп тұрған нәрсесі шын мәнінде құрамы түрлі еріген қоспалардан тұратын, демек сол қоспалардың атымен атауға да болатын сұйықтық болып табылады.
Және су деп тұрған сұйықтық келесі бір сәтте буға айналса, ал келесі бір сәтте мұзға айналады. Ал сутегі мен оттегіге бөлінген кезде ол өзіне тән бар қасиеттерін мүлде жойып алады. Мұндай жағдайда адамның суды су деп білуінің өзі нақты білімге емес, алдамшы сезімге сүйенетін соқыр сенім болып табылады.
Өйткені, біреу суды су емес түрлі ертінділердің қоспасы десе, және ол бу, немесе мұз, тіпті сутегі мен оттегі деп таласатын болса, тіпті адамның денесінің жетпіс бес пайызы судан тұрады, демек адам дегеніміз су деген пікір айтса да оның сөзінде де шындық болады. Сонда су дегеніміз шын мәнінде не? Ол жөніндегі нағыз шындықты ешкім де білмейді, демек олардың бәрінің де сенімдері соқыр сенім болып табылады.
Адамзат қай бағытта, қай салада болмасын түбегейлі шындықты білу үшін нақты дәлелдер жинап, ғылыми тәжірибелер мен түрлі есептеулер жасап жатады. Бірақ нақты дәлелдер, ғылыми тәжірибелер, және мүлтіксіз есептеулер арқылы бұлтартпастай болып дәлелденген, сол себепті де мызғымастай көрінген талай ғылыми тұжырымдардың өздері уақыт өте келе бір-ақ сәтте күйреп жатады. Демек, бұл олардың шын мәнінде ақиқи дәлелге емес соқыр сенімге сүйеніп келгендіктерін көрсетеді.
Жалпы, адам баласы жаратылыс жөніндегі бар ақиқатты бүге-шігесіне дейін біле алмайды. Өйткені, оның санасы бар ақиқатты толық қамти алмайды. Сондықтан да оның бар білімі қашанда толымсыз білім болып қала береді. Демек, мұндай толымсыз білімге негізделген, сол себепті де нақты ақиқатқа емес тек жорамалға ғана сүйенетін сенім қашанда соқыр сенім болып табылады.
Егер адам баласы жаратылыс жайында бар шындықты толық біле алмаса онда оның сол жаратылыстың иесі болып тұрған Жаратушы Құдай жайында қаншалықты білуі мүмкін? Өйткені, Ол өзі жаратқан жаратылыстан тыс тұрған шексіз құдірет иесі. Ал адамның біле алмайтын нәрсесі жөніндегі сенімі қаншалықты сенімді болады? Сол себепті де адамның құдайға қатысты қандай болмасын сенімдерінің барлығы да түптеп келгенде соқыр сенім болып табылады.
Бірақ, құдайға сенетіндер өз сенімдерін Жаратушы Құдай тарапынан келген білімдерге негіздейді.
Бірақ, құдайға сенетіндер өз сенімдерін Жаратушы Құдай тарапынан келген білімдерге негіздейді.
Өйткені, адам баласын саналы етіп жаратқан Құдайдың оларды Өзі жайында, олардан Өзінің нені қалайтыны жөнінде еш білімсіз қалдыруы мүмкін емес. Сол себепті де Құдай адамдар арасынан ең үздіктерін таңдап алып, оларды Өзіне Пайғамбар етіп, солар арқылы Кітаптар түсіріп адамзатты қажетті шамада біліммен қамтамасыз етеді. Мысалға, мұсылмандар өздерін Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) үмметі санап, оған түсірілген Құран Кітабын басшылыққа алады. Ал онда мынадай аяттар бар:
Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Олар Алланың кеңшілігі, мәрхаметімен болған осылармен қуансын. Өйткені, Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де. Құран Кәрім. Йунус 10:57,58
(Мұхаммед Р.С.) саған осылайша әмірімізден бір «Рух» уахи еттік. Сен Кітап не, Иман не білмейтін едің. Бірақ Құранды нұр қылып, онымен құлдарымыздан кімді қаласақ, тура жолға саламыз. Расында сен тура жолға бастайсың. Ол (жол) көктер мен жердегі нәрселер өзіне тән Алланың жолы. Сақ болыңдар! Істер Аллаға қайтады. Құран Кәрім. Шура 42:52,53
Мұсылмандар осы және осы тәріздес басқа да аяттарға сенеді, сол арқылы Алланың бар екендігін, Оның бір екендігін мойындайды. Мейлі, олардың сенімдері белгілі бір шамада соқыр сенім болсын, бірақ оларды сол сенімдері зиянда қалдырмайды. Өйткені, олар осы сенімдеріне сәйкес жамандықтардан тиылып, жақсылықтарға құлшынып қысқа ғана ғұмырларын адам ретінде лайықты түрде өткізеді.
Ал енді дінсіздердің құдай жоқ дейтін сенімдеріне келетін болсақ шындығында олардың бұл сенімдері де нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденбеген сенім. Олар құдай жоқ деп біледі, бірақ оның жоқ екендігін нақты дәлелдеп бере алмайды. Олай болса олардың құдай жоқ дейтін сенімдері де ешқандай берік тұғыры жоқ, құр жорамалға ғана сүйенетін соқыр сенім болып табылады. Олардың бұл сенімдері жөнінде Құранда была делінеді:
Олар «тіршілігіміз дүниеде ғана. Өлеміз, өмір сүреміз. Бізді уақыт қана өлтіреді» дейді. Негізінде олардың бұған байланысты білімдері жоқ. Олардікі жорамал ғана. Құран Кәрім. Жасия 45:24
Олардың көбі жорамалға ғана ілеседі. Расында жорамал шындыққа қарағанда түкке тұрмайды. Құран Кәрім. Йунус 10:36
Осындай еш дәлелсіз құр жорамалдарына ғана сүйеніп құдай жоқ деп жүрген дінсіздердің өз пікірлерінің дұрыс екендіктеріне көзсіз сенетіндіктері соншалықты олар діндарлардың сенімдерін соқыр сенім деп бағалайды. Бұл шын мәнінде өзі соқыр кісінің біреуді соқыр деуі сияқты күлкілі жағдай болып табылады.
Дінсіздердің құдай жоқ деп білетін сенімдері шын мәнінде оларға жақсылық силамайды. Өйткені, құдайды жоқ деп білгендіктен олар құдай белгілеген шек пен шаманы да мойындамайды. Сол себепті де бетімен кететін олардың тірліктерінен береке кететін болса, жоқ деп жүрген құдайлары шынымен де бар болып шыққан жағдайда олар мүлде зиянда қалып сорлайтын болады.
«...азабымызды көргендегі сенімдері оларға пайда бермейді. Өйткені, Алланың құлдарына байланысты болып келе жатқан жолы осы. Бұл жерде қарсы келгендер зиян көреді». Құран Кәрім. Муминун 40:85
«...азабымызды көргендегі сенімдері оларға пайда бермейді. Өйткені, Алланың құлдарына байланысты болып келе жатқан жолы осы. Бұл жерде қарсы келгендер зиян көреді». Құран Кәрім. Муминун 40:85
Комментариев нет:
Отправить комментарий