Қамқор, мейрімді Алланың атымен бастаймын!
«Мен қазақ тілін неге жақтырмаймын?». Бірде мен блогтардың бірінен осындай тақырыптағы мақаланы кездестірдім де бірден оны оқи бастадым. Онда бір қазақ жігіті өзінің қазақ тілін неге жақсы көрмейтіндігі жайындағы ойларын артыққа кетпестен, ақталғандай бола отырып ашық жазыпты. Содан мен оған жауап жазған едім. Кейін ол жауаптың өзімде қалған нұсқасына қарай отырып мақаланы қайта оқып шықпақ болған едім, бірақ таба алмадым. Енді сол жауабымды аздап толықтырып назарларыңызға ұсынып отырмын.
Мен ауылда өскен қазақпын, қазақша оқыдым, сондықтан орысша нашар сөйлеймін. Бірақ, әдеби тілмен кейбір орыстардың өздерінен де артық таныспын. Мен орыс тілін, оның көркемдігін, айшықтылығын, және оның өзіне тән кейбір артықшылықтарын бағалаймын. Бірақ, мен қазақ тілін де жеткілікті түрде бойыма сіңірдім, сондықтан да кейбір қазақтар тәрізді одан бас тарту ойымда жоқ.
Өздерін өзгелерден кем сезінетін мұндай қазақтар өздерінің қазақ екендіктерінен қатты қорланады. Сондықтан да олар қазаққа тән нәрселердің бәрінен де бас тартуда. Сол арқылы олар өздерін қинайтын кемдік сезімнен құтылмақ болуда. Өздерін кем сезінулерінің себебін «қазақылықтан» көретін олар өздерінің қазақ болып туғандарына өкінеді. Және қазақтықтан неғұрлым тезірек құтылсақ, тезірек жақсы болып кетеміз деп ойлайды.
Өзім жайында айтар болсам, мен тіпті бала кезімде де қазақ болғаныма еш өкінген емеспін. Ол кездері қазақ үлгі тұтатын ең озық жұрт орыс халқы болатын. Және сол кездегі біз білетін атақты адамдардың көпшілігі, соның ішінде еңбекшілердің «күн» көсемі В.И. Ленин де орыс болатын. Біз оны құдайдан кем көрмейтін едік. Солай бола тұра мен «неге Ленин тәрізді орыс болмадым екен» деп ойлаған емеспін. Керісінше, «Ленин неге қазақ болмады екен?» деп ойлайтыным есімде.
Орысша нашар сөйлейтіндіктен қиналған кездерім болды, әсіресе армияда қызмет еткен кезде. Бірақ, сонда да мен қазақ екеніме еш өкінбеймін. Және орыс тілін жақсы меңгермегеніме де өкіне қоймаймын. Өкінсем тек қазақ тілінде таза, мүдірмей сөйлей алмайтыныма өкінемін. Қазақ ауылында өскенмен тек орысша ғана көрсететін теледидардан тек орысша бағдарламаларды телміре қарайтын болғандықтан кішкентайымыздан орыс тілін санамызға сіңіріп өстік. Сол себепті біздің қазақшамыз да шала болып кетті.
Қарап тұрсаң кейбір қазақтар «мәмбет», «бархан», «артта қалған» болып көрінбеу үшін ғана қазақша сөйлемейді. Тіпті «мәмбет», «бархан», «артта қалған» болып көрінуден қатты қорқатындары соншалықты олар бір ауыз қазақша қоспай сөйлеуге тырысады. Мен үшін қазақша сөйлеген кезімде өзгелердің мен жайында не ойлайтындығы уайым емес. Уайым болуы да тиіс емес. Тек біреулерге «мәмбет», «бархан», «артта қалған» болып көрінбеу үшін ғана халқымды сатып жіберер жайым жоқ.
Мен халқымды кейбір қазақтар тәрізді сырттай ғана білмеймін. Мен халқымды өзім ретінде сезініп, оның жанын түсінемін. Және оның артықшылықтарын да, кемшіліктерін де жеткілікті түрде білемін. Мен қазақтардың бойында теріс қылықтардың аз болып, оң қылықтарының көп болғанын қалаймын. Және солай болуы үшін шамам келгенінше әрекет етемін. Ең болмағанда өзім сол деңгейден көрінуге тырысып бағамын.
Мен кейбір қандастарым тәрізді қазақ болғаныма еш қорланбаймын. Керісінше, мен қазақ болғанымды, қазақша сөйлейтінімді мақтан етемін. Алла куә, менің ағылшын да, орыс та, мұсылман ретінде араб та, басқа да болғым келмейді. Мен қазақ болғаным үшін Аллаға шүкірлік етемін. Таңдау жоқ болғандықтан емес. Жоқ! Егер Алла маған қайта таңдау мүмкіндігін берсе, мен еш ойланбастан қайтадан қазақ болар едім!
Өйткені, менің халқымның алдында өтелмеген қарызымдарым бар, сондықтан да мен қазақ болып тудым. Бұл Алланың қалауы! Және Алла Тағала менің жүрегіме халқыма деген махаббат салды. Және адамға тән адалдық қасиет берді. Осы, және басқа да нығметтері үшін мен Аллаға алғыс айтамын! Ғаламдардың Раббысы Аллаға мадақ!
Комментариев нет:
Отправить комментарий