суббота, 2 мая 2015 г.

Алладан басқалар адам үшін дұшпан

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Кейбір жандар Алланы Тағаланы мейрімді, рақымды деп біледі. Бірақ, сөйте тұра олар осы сөздердің мағынасында Алланың өздеріне деген қандай мейрімі мен рақымы жатқанын ұғына бермейді.

«Ғаламдардың  Раббысынан басқалар мен үшін дұшпандар. Ол мені жаратқан, маған тура жол көрсетеді. Ол маған жегізеді де ішкізеді. Ол қашан ауырсам маған шипа береді. Ол мені өлтіреді де, сонан соң тірілтеді. Ол сондай Алла, қиямет күні қателерімді кешіруінен үміт етемін».  Құран Кәрім. Шуғара 26:77-82.

Ибрайым Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөздері ретінде келтірілетін осы аяттарда  Алла Тағаланың адамдарға деген мейрімі мен рақымы көрініс тапқан. Енді осы аяттарға аз-кем тоқталып өтсек мұнда ғаламдардың Раббысынан басқа құдайлар адам баласы үшін  дұшпандар екені айтылады.

Шын мәнінде де егер  біреу адамға қастық ойлап, оны бақытсыз етуге тырысса, ол оның дұшпаны болып табылады. Өйткені, әр адамның  да бақытты болғысы келеді. Бақытты болу адам үшін өмірдің мәні.  Осынау бақыт жайында әркімнің өзіне тән түсінігі бар, бірақ  шын мәнінде  адам баласы өзінің  нағыз бақытымен, мәңгілік бақытымен тек  жаннатта  ғана қауыша алады. Жаннат  дегеніміз,  ол - мәңгілік шаттықтың  мекені.

(Алла): «Әй, құлдарым! Бүгін сендерге қорқыныш жоқ, әрі қайғырмайсыңдар» (дейді). Олар  иман келтіріп бой ұсынғандар. «Жаннатқа кіріңдер. Сендер де, жұбайларың да шаттыққа бөленесіңдер». Оларға алтын табақтар мен кеселер ұсынылады. Онда көңілдері қалап,  көздері  қуанатын нәрселер бар. Сендер онда мәңгі қаласыңдар. Міне, амалдарың бойынша сендер мұрагер болған жаннат осы. Құран Кәрім. Зухруф 43:68-72

Олай болса адам баласы үшін осынау  мәңгілік бақытынан айыруға тырысатын дұшпаннан артық қандай дұшпан болуы мүмкін? Тек қана бақытынан айырып  қана қоймай, оны  мәңгілік азап шегетін тозаққа қарай сүйрейтін дұшпаннан  өткен  қандай  дұшпан болуы мүмкін? Міне,  адам баласына осындай сұмдық қастық жасайтын дұшпандардың алдыңғы қатарында  жанды да жансыз небір жалған құдайлар тұрады.

Олар адамдарды өздерінің  ризалықтары үшін ғана амал еттіріп, өздерінен ғана  жәрдем сұратып  жалбарындырып қояды. Бұл істер болса шын мәнінде, оларды құдай ретінде мойындап, оларға құлшылық етудің нақты  белгілері. Бұл Аллаға серік қосудың нақты көріністері. Ал Аллаға серік қосу  адамды жаннаттан айыратын зор күнә болып табылады.

«...кім Аллаға серік қосса, Алла оған жаннатты арам етеді. Оның орны тозақ. Сондай-ақ, залымдар үшін жәрдеші жоқ». Құран Кәрім. Мәида 5:72.

Ғаламдардың Раббысы Алла Тағала адамдардың білместікпен Өзінен басқа жалған құдайларға табынып зиянда қалмаулары үшін Өзінің сүйікті Пайғамбары Мұхаммед (саллАллаху ғалайхи уасалам) арқылы Құран Кітабын түсіріп, сол арқылы оларды мейлінше сақтандыруда. 

(Мұхаммед): «Маған Алладан басқаға құлшылық қылуды бұйырасыңдар ма? Әй надандар!» де. Саған да, сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаға серік қоссаң, әлбетте,  амалдарың жойылып кетеді де (ақирет күні) анық зиянға ұшырағандардан  боласың» деп уахи етілді. Құран Кәрім. Зумар 39:64,65

Бізге дейінгі неше ұрпақ ғаламдардың Раббысы Алланы жоқ  деп санап Оның мейрімі мен рақымынан да бас тартты. Олар «дін-апиын» деген жалған ұранға елігіп діни білімі бар адамдарды жаппай қудалап, Құран мен діни кітаптардың барлығын отқа жақты. Соның салдарынан олар өздерін тозақтан сақтандыратын ескертуге де зар болып қалмады ма?

Олар нағыз құдай Алладан бас тартып, Оның орнына   Коммунистік Партия, Ленин мен Сталин тәрізді жалған құдайлар жасап алды да соларға  табынды. Олар тіпті Партия үшін, Ленин үшін, Сталин үшін деп жандарын қиып, өлер алдына кәлиманы емес сол құдайларының есімдерін ауыздарына алып  дүниеден  өтті.

Олай болса адам баласына   Өзінен басқа «құдайлардың» бәрінің де дұшпан екенін білдіріп, оларды адасудан, сол арқылы тозақ отынан сақтандыруы Алла Тағаланың зор мейрімі мен рақымдылығының бір белгісі емес пе?

01.10.13.

Комментариев нет:

Отправить комментарий