Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Ғаламдардың Раббысы Алла Тағала адам баласын жаратты. Ол оны топырақтан жаратты. Бұл, әрине, ғылым мен техника қарыштап дамыған, халық жаппай сауатты, көзі ашық саналатын осынау заман тұрғысынан алып қарағанда баяғы надан адамдарға арналған ертегі тәрізді естілетіні анық. Бірақ, бұл шындық.
«Расында Біз адамды саз балшықтың сыңғырлаған құрғағынан бейнелеп жараттық». Құран Кәрім. Хыжыр 15:26
«Шын мәнінде оларды (Мекке мүшіріктерін де) бір жабысқақ саз балшықтан жараттық». Құран Кәрім. Саффат 37:12.
Соңғы аят өздерінің ақирет күні қайта тірілетіндеріне сенбеген Мекке мүшіріктеріне байланысты түскен. Бұл аят сол мүшіріктердің әуел баста топырақтан жаратылғандарын, өлген соң қайтадан топыраққа айналатындарын, және ақирет күні олардың тәндері топырақтан қайта жиналып, қайта тірілетіндерін ұқтырады.
Олар өз жаратылысын ұмытып бізге мысал берді: «шіріп кеткен сүйектерді кім тірілтеді?» деді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Оны алғаш кім жаратса сол тірілтеді. Ол барлық жаратылысты біледі» де. Құран Кәрім. Йасин 36:78,79
Қазіргі күнде де өздерінің қайта тірілетіндіктеріне сенгілері келмейтін жандар өздерінің топырақтан жаратылғандықтарын қабылдағылары келмейді. Олар топырақтан жаратылдық деп Алланы мойындағаннан көрі өздерінің маймылдың тұқымдары екендіктерін мойындағанды әлдеқайда жөн көреді.
Саналы да мәдениетті мұндай жандар өздерін ақылсыз, лас хайуанның тікелей ұрпағы санаудан еш қорланбайды. Кейбіреулер өздерінің маймыл тұқымынан екендіктерін қасарыса дәлелдеуге тырысатындары соншалықты олар тіпті өздерінің маймылдың тұқымынан екендіктерін мақтан ететіндей көрінеді.
Адамзаттың ата тегін маймылдардан таратуға тырысатын кейбір ғалымдар мұны қаншалықты дәлелдеуге тырысса да ол тек болжам күйінде ғана қалуда. Бұл мәселеде оларға тіпті қазіргі заманның ғылыми жетістіктері де еш септігі тигізе алмауда. Сондықтан бұл мәселе әлі күнге дейін басы ашық мәселе болып қалуда.
Бұл мәселеде адамдардың маймылдардан тарайтындығына қарсы түрлі пікірлер де айтылуда. Сол пікірлердің бірі бойынша қазіргі маймылдар бір кездердегі азып, өздерінің адамдық кейіпінен айырылып қалған адамдар болып табылады. Бұл әрине, жай ғана айтыла салған сөз емес, бұл белгілі бір ғылыми дәлелдерге негізделген пікір.
Мысалға, антропологиялық, және генетикалық мәліметтер бойынша Австралияға адамдар осыдан 40 мың жыл бұрын барған екен. Сол кездерге тән қазба сүйектердің құрылысы қазіргі аборигендердің дене құрылысына қарағанда әлдеқайда көш ілгері екен. Демек, 40 мың жылда даму емес, керісінше, кері кету үрдісі орын алған.
Және Стэнфорд университетінің генетигі доктор Джеральд Кребтридің пікірі бойынша адамды адам етіп тұрған гендер көптеген мутациялардың салдарынан өзгеріске ұшырай бастаған екен. Генетиктің есептеуі бойынша 120 ұрпақтан кейін адамды ақылды етіп тұрған гендердің шамамен алғанда 2 000 – 5000 «бұзылады» екен. Ал бұл дегеніміз бірте-бірте маймылға айналу деген сөз.
Әрине, адамның маймылдан емес, керісінше маймылдардың адамнан шыққандығы жөніндегі бұл пікірді біреулер болжам ретінде қабылдайтыны анық. Бірақ, бұл пікір белгілі бір ғылыми зеріттеулерге сүйеніп жасалған, демек, ол кейбіреулер ойлайтындай соншалықты негізсіз болжам емес.
Егер Жаратушы Алла тарапынан ақиқат ретінде түскен Құранға зер салатын болсақ, онда осынау ғылыми болжамның Құранда баяндалатын шындықпен үндесіп жатқанын байқауға болады. Құранда Алланың қаһарына ұшырап маймылға айналып қор болған адамдар жайында баяндалады.
(Мұхаммед с.ғ.с.) «Олардан теңіз жағасында болған кент жайында сұра. Олар сенбі күні де балық аулап (тиымды) бұзатын. Өйткені, олар сенбіні мейрамдаған кездерінде балықтар су бетінде қаптап келіп, ал сенбіден басқа күндері келмейтін еді. Оларды зұлымдықтары себепті осылайша сынадық.
Сонда олардың ішіндегі біреулер: «Алла жоқ қылатын, немесе азапқа салатын елді не үшін үгіттейсіңдер?» дейтін. (Үгіттеушілер): «Раббыларыңның алдында ақталу үшін. Мүмкін, олар қорқып (сақтанар)» деді.
Содан өздеріне айтылған үгітті ұмытқан кездерінде оларды жамандықтан тиғандарды құтқардық. Ал зұлымдық қылғандарды күнәлары себепті сұмдық азапқа салдық. Тиым салынған нәрседе шектен шыққан кездерінде Біз оларға: «Жексұрын маймыл болыңдар!» дедік. Құран Кәрім. Ағраф 7:163-166.
Және бұл жазаны замандастары мен кейінгілерге үлгі, әрі сақтанушыларға насихат қылдық. Құран Кәрім. Бақара 2:66
Бұл аят бойынша Алла Тағаланың белгілі бір тиымдарын бұзып Оның қаһарына ұшыраған адамдардың қор болып хайуанға айналатындықтары жөнінде нақты қортынды түюге болады. Егер Австралия аборигендерінің арасында адам жеушіліктің кеңінен тарағанын ескерсек олардың неліктен генетикалық тұрғыдан тоқырап кері кете бастағандықтарын болжауға болады.
Ал доктор Джеральд Кребтридің адамды адам етіп тұрған гендердің мутация салдарынан өзгеріске ұшырай бастағандығы жөніндегі пікіріне келер болсақ, оған да негіз болар себептер жоқ емес. Қазіргі жоғары өркениеттің, биік мәдениеттің бесігі саналатын батыс елдерінде рухани азғындықтардың шегіне жеткені соншалықты ол азғындықтар мемлекеттік деңгейде заңдастырыла бастады.
Бұл шын мәніндегі рухани деградацияның биік шыңы десе де болады. Олай болса бұл рухани деградацияның генетикалық деградацияға ұласуы заңды құбылыс. Өйткені, адам баласы өз болашағын өзі жасайды. Ол не болуды қатты қаласа, оның сол қалауы ерте ме, кеш пе орындалатын болады. Егер ол азғындауды ұнатып хайуан болуды қалайды екен, неге оны хайуанға айналдырмасқа?
Олай болса, ақирет күні қайта тірілетіндіктерін мойындамас үшін ғана өздерінің маймылдан шықандықтарын дәлелдеуге тырысып қасарысып жүрген арамыздағы кейбір жандар өз пиғылдарынан зиян тауып шынымен де маймылға айналып кетпейтіндеріне сенімді ме екен?
Шындығына келгенде кейіпі адам болса да маймыл мінезді болып келетін небір жандардың арамызда жүріп жатқандары шындық. Сол себепті де адамның маймылдан емес, керісінше маймылдың адамнан шықандығы жөніндегі болжамның берік негізі бар деп санауға болады.
Кім қалай дәлелдесе де адамның маймыл емес, қадірлі Адам пайғамбардың (ғ.с.) ұрпағы екені ақиқат. Осылайша адам баласын тікелей маймылдан тудырып қорламай, және оны мыңдаған жылдар жабайы тірлік кештіріп хайуан етіп те қинамай тап-таза топырақтан ерекше жаратылыспен жаратып саналы етіп дүниеге келтіруінің өзі Алланың мейрімі мен рақымының дәлелі емес пе?
03.10.13.
Комментариев нет:
Отправить комментарий