Қамқор, мейрімді Алланың атымен бастаймын!
Бірде интернетте отырып қазақ қызының жүрегін жаулауды мақсат еткен өзге ұлт жігіті ашқан форумға тап болдым. Онда айтылған түрлі пікірлерді ой елегінен өткізе отырып, бұл мәселе жайында мен де өз ойымды білдірмек болдым. «Айтпасаң сөздің атасы өледі» деген. Бірақ, неге екені белгісіз «Қазақ» ретінде бір пікір жазған соң қалғандарын модератор өшіріп тастай берді.
Екі – үш қайтара әрекет жасап, өз наразылығымды білдірсем де түк шығара алмадым. «Іштен шыққан түкірік, қайта жұтсаң мәкрүк» деп аталарымыз айтқандай қағазға түскен ойдың жарыққа шықпағаны қиын екен. Соның ішінде де «мен қазақпын» деген әр адамның да жанын мазалайтын мұндай мәселеде. Сондықтан да өзекті жарып шыққан ойларымды шаң бастырып қоя алмай қайта көтеріп отырмын.
DJAMALUDIN: Менімен бірге болуы үшін қазақ қызының жүрегін тіке шабуылмен қалай алуға болады? Оны тапқым келеді!!!
Қазақ. Бұл форумда кейбір қазақ қыздары «егер сүйсе» өзге ұлтқа да тұрмысқа шығатындықтарын жазған. Егер арада шынайы, таза, зор махаббат болса онда сөз жоқ. Бірақ, көп жағдайда олар алаулаған сезімге ғана бой алдырады. Ал бұл болса уақытша ғана құбылыс, өткінші бір әуестік болып табылады. Ал кейбір қыздар болса ерекше, экзотикалық қатынас, немесе шетелде тұру мүмкіндігі, тағы да басқа мақсаттарды көздей отырып махаббаты бүркеніш етеді.
Егер шындыққа жүгінсек, қаншалықты шынайы болса да некеде сүйіспеншілік үлкен рөл атқармайды. Некеде одан өзге діл (менталитет), тәрбие, туыстар, салт-дәстүр, ұлттық сезім, басқа да көптеген нәрселер де үлкен рөл атқарады. Сондықтан да өзге ұлтқа тұрмысқа шыққанда уақытша әуестікке, жалын атқан, бірақ тез өшетін ғашықтыққа, бас айналтқан бақыт сезіміне иек артпаған жөн. Өкінішке орай, олар ерте ме, кеш пе сейіледі. Өйткені, өмір солай. Сонан соң шынай өмірдің сынақтары басталады.
Неке, бұл төзімді, зор жауапкершілікті талап ететін, бала үшін өтетін бірсарынды екеуара өмір. Сондықтан үйреншікті, түсінікті, етене жақын қазақ жігіті ғана қазақ қызына некесін баянды етуге мүмкіндік береді. Сондықтан қазақ қыздары, парасатты болыңдар. Қазаққа ғана тұрмысқа шығып, жеті атасын білетін, қазақы салт-дәстүрді ұстанатын, ұлтымыздың болашағы болатын нағыз қазақтарды тәрбиелеуге тырысыңдар. Өткінші әуестік пен бас пайдаларыңды өз парыздарыңнан жоғары қоймаңдар.
Біз үшін сендер ақылды, адал, сабырлы, жақындары үшін өз қызықтарынан да бас тарта алатын ардақты жансыңдар. Сендер біздің аналарымыз, апа-қарындастарымыз, жарларымыз, және қыздарымызсыңдар. Сендер біздің мақтанышымызсыңдар!
Leesang: Мен отбасылық өмірді балалар үшін өтетін бірсарынды жұмыс емес деймін! Қазақ, сенің түсінігің бойынша алсақ ол өмір емес тіршілік ету болады. Мен қазақ емеспін, бірақ, отбасылық өмір, бұл бақыт пен махаббат деймін! Мен ұранқай (сойот), Сүбедей Батырдың ұрпағымын, әйелім қазақ, оның мойындауы бойынша біздің отбасылық өміріміз жұмақ! Өйткені, мен ол үшін, және ұлымыз үшін өмір сүремін! Мен оны үнемі таңғалдырамын, және өзін дүниедегі ең бақытты жан ретінде сезіндіруге тырысамын. Ал ұлымның тек менің дәстүрімді ғана емес анасының (яғни, Қазақстанның) да салт-дәстүрін білгенін қалаймын.
Ол мұсылман, ал мен буддистпін, бізге діни көзқарастарымыз да кедергі емес. Мен ұлым қалаған дінін өзі таңдайтын болады дедім де, біз солай келістік. Отбасылық өмір бойында біздің қанымыз ағатын адаммен бірге тұруға емес, бір-бірімізге не бере алатындығымызға негізделеді. Егер сен оны сүймесең, және құдайдың әр күнінде оған бастапқы кездегідей қарап, сүйе алмасаң, онда мүлде үйленбеген жөн!!!
Джамалудин, ол үшін тәуекел етіп, барғаныңды дұрыс деймін. Ол деген нағыз еркекке тән әрекет!!! Қыздар сіздерге сұрақ. Айтыңыздаршы, сіздерді сүйіп, күн сайын сіздерге ғашық бала тәрізді қарайтын қазақ емес жігітке тұрмысқа шығар ма едіңіздер? Бәріміз шақырылатын соңғы сәтте ол сіздің атыңызды атап, сізді сүйетінін, және сізді ғана сүйгенін айтқанын қалар ма едіңіздер?
Қазақ: Leesang, қанша жылбірге тұратындарыңды айтшы? Ең болмағанда бес жыл бірге тұрып көріңдер, сонан соң барып неке тек бақыт пен махаббаттан тұрады деп айтарсың. Мүмкін, сен қазір ғашықтығыңның қызу шағында боларсың, сол себепті де әрине, әйеліңнің көңілін мейлінше табудасың, бірақ сен осы қарқыныңды қашанға дейін ұстай алар екенсің.
Егер сен отбасылық өмір балдай тәтті десең онда өмірді білмейтін болғаның. Отбасылық өмір кей кезде бұрыштан да ащы болып кетеді. Сондай өзара кіналасып, жазғырысатын, онсыз да араны ашуға себеп көбейіп кететін сәттерде ұлттық сезім, туыстар, тәрбие, дін, дәстүр айырмашылығы, т. б. теріс әсер ететін болады.
Сен балам дінін өзі таңдайтын болады дейсің. Бірақ сен мұны қазір ғашықтық буымен айтып отырсың. Ал сезім суып, таңдау жасау уақыты келген кезде сен басқаша сөйлейтін боласың. Бұл анық. Егер дін тұрғысынан келсек, мұсылман қыз мұсылман емес адамға тұрмысқа шығуға тиісті емес. Оған қатаң тиым салынған. Өйткені, ол мұсылман емес күйеуіне бойұсына отырып Ислам дінінің талаптарын тиісінше орындай алмайды. Сол себепті ол өзінің иманынан айырылып қалуы мүмкін. Ал мұсылман үшін иманынан айырылу - бәрінен де айырылу. Мұсылман еместерге мұны түсіну қиын.
Сондай-ақ, сенің балаларың өз ұлтын таңдай алмайды. Сенің өзің де олардың қазақ болғанын қаламайсың. Сен міндетті түрде олардың нағыз ұранхай (сойот), Субедей Батырдың ұрпағы болғанын қалайсың. Өйткені, сен ата тегіңді мақтан тұтасың. Жалпы, үйлену мен тұрмысқа шығу – екеуі екі түрлі нәрсе. Жігіт өзге ұлттың қызына үйленгенмен, одан туған балалар бәрібір оның ұлтыңда болады.
Сондықтан сен әйеліңнің қазақ болғанына қайғырмайсың, өйткені, балаларың бәрібір ұранхай, Сүбедей Батырдың ұрпағынан болады. Бірақ, Сүбедей Батырдың тұқымынан шыққан, көзіңнің қарашығындай болған ұранхай қызың болған кезде, және ол ұранхай емес басқа ұлтқа тұрмысқа шыққысы келген кезде сенің не істейтініңді көрерміз. Сол кезде ғана сен мені түсініп, толықтай қолдайтын боласың!
Сен өзінің қайда, ең бастысы кімге бара жатқанын да білмейтін Джамалудиннің ісі дұрыс деп оны толықтай қостайсың. Сонда Қазақстан кім көрінген келіп қалағаныңды таңдап алуға болатын базар да, қазақ қыздары сөредегі заттар болғаны ма? Бұл жерде махаббат жайында қандай сөз болуы мүмкін? Аттап басқан сайын аяқ астында махаббат жата ма? Махаббат жайындағы, қазақ қыздары жайындағы бұл неткен қате пікір. Сонда олар көлденең көк аттыға ғашық болып қайда болса да еріп кете бере ме екен? Әрине, бір қазақ қызын тауып алып, оны тұрмысқа шығуға көндіруге болар, бірақ бұл жерде махаббат жайында сөз болуы мүмкін емес.
Сен қазақ қыздарынан: «Айтыңыздаршы, сіздерді сүйіп, күн сайын сіздерге ғашық бала тәрізді қарайтын қазақ емес жігітке тұрмысқа шығар ма едіңіздер? Бәріміз шақырылатын соңғы сәтте ол сіздің атыңызды атап, сізді сүйетінін, және сізді ғана сүйгенін айтқанын қалар ма едіңіздер?» деп сұрайсың. Сен мұндай азғыру сұрағыңды қазақ қыздарына қоймастан бұрын оны Сүбедей Батырдың ұрпағы ұранхай қыздарына қойып көрсең етті.
Егер әңгіме қазақ қыздары емес ұранхай қыздары жайында болғанда сен Джамалудинді тіпті де қостамаған болар едің. Егер түрлі ұлттың жігіттері сенің кеңесің бойынша ұранхай қыздарын іздеп сенің еліңе ағылатын болса, онда бұл сені қатты ызаландырған болар еді. Оған менің еш күмәнім жоқ. Әрине, өз қыздарына қатысты болмаған кезде кімге болса да махаббат жайында ақылдымсып, «тегін кеңестерін» аямай таратуына болады.
* * *
DJAMALUDIN: Қазақ қызымен танысқым келеді, өйткені, оларды ең әдемі, сүйкімді қыздар ретінде санаймын!!!
Kirjan: ...Қазір онан өзге ешкімге де қарамаймын, керек емес. Онсыз өмір сүре алмаймын. ...Біздің, орыстардың арасында азиялық әйелдер ұнайтын бір бөлігі бар. Күлкі ойнаған, қуланған көздері біртүрлі ерекше, шаштары қайратты, қара, жалпы мүлде өзгеше қыздар. Және сипаттап та, айтып та жеткізе алмайтын бір қылық, перілік бар.
Путешественник: Егер қазақ қызына ғашық болсаңыз, міндетті түрде үйленіңіз! Бірақ, махаббат болмаса дүниедегі ең жақсы қыздардың өмірлерін бұзбаңыздар...
Мен өз «тәжірибемді» мақтан тұтудан аулақпын, сонда да соған сүйене отырып бар жауапкершілігіммен жар саламын, қазақ қыздары әлемдегі ең әдемі, таза тәнді, нәзік жанды, сезімге бай, ыстық та адал қыздардың бірі.
Қазақтар, жалпы қандай болмасын ғылымды жеңіл игереді, бірақ, көптеген ақылдылар, өкінішке орай Қазақстаннан кетіп жатыр, өйткені, олар зор сұраысқа ие ... Менімен ешкім де таласпас деп үміттенемін, барлық түркі халықтарының ішінде қазақтар (көпшілігі) орыс тілінде акцентсіз сөйлейді, сөйте тұра олар өз дәстүрлерінен қол үзбейді. Әрине, тек орыс тіліне ғана қатысты емес ... Сондықтан энергиялық тұрғыдан генофонды да тым жақсы.
Менің зор өкінішіме қарай, әзірге өз басыма махаббат келмеді, өткеннің күйігі жаңа махаббаттың өсуіне мүмкіндік бермеуде, әрі ешкімді де алдағым келмейді. Бірақ, егер мен қайта ғашық болсам, нақты қазақ қызына ғана ғашық болғанды қалаймын ... Өзім мүлде қазақ болмасам да.
Алешка: Мен орыспын, менің қызым дүниедегі ең сүйікті, ең тамаша – қазақ қызы.
Бұл өзге ұлт жігіттерінің қазақ қыздары жөніндегі пікірлері. Олар өздерінің бұл пікірлерінде шынайылық танытты деп үміттенемін. Енді, аяулы қазақ қыздары, өздеріңнің неліктен осынша ерекше, тартымды екендіктеріңді ойлап көріңдер. Өйткені, сендердің әкелерің мен ата-бабаларыңың жеті атадан бері таза қанды қазақтар. Олардың ділі де, тілі де, дәстүрлері де, олардың тегі де қазақ, сол себепті де сендер осындайсыңдар.
Егер сендер өзге ұлтқа күйеуге шықсаңыздар онда ұлдарың қазақ болып тумайды, олар қазақтың жеті ата желісін жалғастырмайды. Олар қазақ тілін білмейтін болады, қазақтың салт-дәстүрлерін де ұстанбайды, өйткені, олар қазақ емес. Сол себепті де оларға оның ешқандай қажеті жоқ. Сендердің қыздарың да қазақ болмайды, сондықтан олар қазақ қыздарына ғана тән болып келетін қасиеттерді жоғалтады. Тек сендердің өздерің ғана қазақ болып қаласыңдар. Онда да сендер «қыз жауға да кетеді» дейтін қазақ үшін біржола жоғаласыңдар.
Қазақтар үшін сендерден көрі қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан өзге ұлттың қыздары қадірлірек болады. Өйткені, олардан туған балалардың қандары қазақ болып, олар әкесінің жеті ата желісін жалғастыратын болады. Олар ділі, тегі жағынан қазақ болып, олар үшін қазақ тілі өз тілі болады. Олардан туған қыздар сендердің қазақ емес қыздарыңның бойларынан жойылатын нағыз қазақ қыздарына тән қасиеттерге ие болады. Сондықтан да егер сендер өздеріңді сүйетін болсаңдар, өздеріңнің қазақ қызы екендіктеріңді мақтан ететін болсаңдар, онда өздеріңді қазақ етіп дүниеге келтірген қазақ әкелеріңді қадір тұтыңдар.
Өздеріңнің қазақтық түп тамырларыңды, қазақты қазақ етіп тұрған қазақ тілін бағалаңдар, ата- баба дәстүрін ұстаныңдар. Және де қазақ әкелеріңді, қазақ бауырларыңды, болашақ қазақ ұлдарыңды қадірлеңдер. Егер олар болмаса, онда сендер, қазақ қыздары да болмайсыңдар. Сендерді өзге ұлт жігіттеріне тартымды етіп жүрген нағыз қазақ қыздарына тән қасиеттерің де болмайды.
Біз Қазақпыз! Біз мұны мақтан етуге тиіспіз. Біз ешкімнен артық емес шығармыз, бірақ біз ешкімнен кем де емеспіз. Біздің өзгелерде жоқ өз ерекшеліктеріміз, өзімізге тән бет-бейнеміз бар. Біз өзінше бір қайталанбас халықпыз. Сондықтан да өз халқыңды, ата тегіңді, өз тіліңді, ата дәстүріңді сүйіп, оларға мейлінше адал болыңдар!
Комментариев нет:
Отправить комментарий