Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Бұл дүниеде адам баласының дұрыс өмір сүруіне сол адам баласын жаратқан Жаратушыдан артық ешкім де мүдделі емес. Және Жаратушы Алладан артық ешкім де ақиқатты біліп, оны жан-жақты түсіндіріп бере алмайды. Өйткені, көктегі сансыз періштелердің өздері де Жаратушы Алланың үйреткенінен артық ештеңені де біле алмайтындарын мойындайды:
Періштелер: «Сен пәксің! Сенің үйреткеніңнен басқа біздің білеріміз жоқ. Әрине, Сен толық білуші, өте данасың» деді. Құран Кәрім. Бақара 2:32
Сондықтан да бізге ақиқи білімді іздеу барысында Жаратушы Жалғыз Құдай тарапынан түсірілген Қасиетті Кітаптарға жүгінуден басқа амал қалмайды. Ал мұсылмандар ұстанатын Қасиетті Кітап - Құран Кәрім болып табылады. Оның ең алғашқы түсірілген аяттарының өзі оның танымдық сипатын білдіріп «оқы» деген сөздермен басталады, және онда Жаратушының адамзаттың білмегенін үйретуші екендігіне назар аудартады:
Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен. Құран Кәрім. Ғалақ 96:1-5
Сондықтан да мұсылмандар ақиқатты жалғандықтардан ажырату үшін осы Құран арқылы берілген білімді басшылыққа алады. Енді осы Құранға жүгіне отырып небір жалған діндер мен ілімдерді тудырып, сол арқылы адамдарды ақиқаттан адастыру кімге қажет болды деген сауалға жауап ізделік. Құранда адам баласының адасып зиянда қалуына ең мүдделі жаратылыс ретінде жын қауымының түп атасы Ібіліс атап көрсетіледі. Және оның адам баласына өшігуінің себебі де ашылып көрсетіледі:
Расында, адамды бейнеленген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық. Жындарды да (адамнан бұрын) түтінсіз оттан жаратқан едік. (Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Бейнеленген қара балшықтың кеуіп сыңғырлағанынан Адам жаратамын» деді. «Оның жаратылысын тамамдап оған рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте оған сәжде қылыңдар!» Сонда періштелер тұтас сәжде қылды. Құран Кәрім. Хижыр 15: 26-30
Бірақ, Ібіліс сәжде етпей тәкаппарланып қарсылардан болды. Құран Кәрім. Сад 38:74
(Алла Ібіліске): «Саған Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?» деді. Ол: «Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың» деді. (Алла): «Онда ол жерден (жаннаттан) түс. Онда сенің менменсуіңе болмайды. Дереу шық, қор болушылардансың» деді. Құран Кәрім. Ағраф 7:12,13
(Алла Т.): «... Шын мәнінде сен рахметімнен қуылдың» деді. «...қиямет күніне дейін лағынетім саған болсын». Құран Кәрім. Сад 38:77,78
Осылайша жаратылысы нашар Адам Атаға сәжде етіп, оның алдында кішірейгісі келмеген Ібіліс такаппарланып Аллаға қарсы шықты. Сол себепті Алланың қарғысына ұшыраған ол Алланың нығметінен мүлде қол үзіп, жаннаттан да біржола қуылатын болды. Бірақ, Ібіліс қайта тірілетін қиямет күніне дейін өзін жазаламай жұмақта қалдыруын өтініп Алла Тағалаға жалбарынды. Бұл мерзім оған әрине, өзінің қас дұшпанына айналған Адам Ата мен оның ұрпақтарынан өш алу үшін қажет болған еді. Ол мұны жасырмай ашық айтады:
(Ібіліс): «Қайта тірілетін күнге дейін (маған) мұрса бер» деді. Құран Кәрім. Ағраф 7:14
Ібіліс: «Осы менен ардақты қылғаныңды көрдің бе? Егер мені қиямет күніне дейін кешіктірсең, әлбетте, (Адамның) ұрпақтарының өте азынан басқасын қырыма бір аламын» деді. Құран Кәрім. Исра 17:62
«... мені қаңғыртқаның себепті, әлбетте, мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын» деді. «Сонан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың»... Құран Кәрім Ағраф 7:16,17.
«...әлбетте адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын» ... Құран Кәрім. Хижыр 15:39
«...Үстемдігіңе серт! Әлбетте, олардың барлығын аздырамын» деді. «Бірақ олардан ықыласты құлдарың ғана қалады». Құран Кәрім. Сад 38:82,83
«... олардың ішіндегі нағыз құлдарыңды (ғана) адастыра алмаймын...» (Құран Кәрім. Хижыр 15:40)
Осылайша Ібіліс өзінің Алланың қарғысына ұшырап тозақтық болуына себеп болған Адам Ата мен оның ұрпағын Алланың қаһарына ұшыратып, оларды да өзі тәрізді тозақтық етіп өш алуға ант етті. Бұл үшін ол өзінің небір зымиян айла-шарғылар жасайтынын, сол арқылы адам баласына Алла нұсқау еткен барлық жақсы істерді жек көргізетінін, және Алла тиым салған барлық жаман істерді жасауға құлшындыратынын білдірді. Сонда Алла Тағала қиямет күніне дейін өзіне кеңшілік етуін сұраған Ібілістің өтінішін қабыл етті. Ол әрине, Ібіліске мұрса беру арқылы оны адам баласына сынақ етпек болды.
(Алла): «Шынында мұрса берілгендерденсің» ... Құран Кәрім. Ағраф 7.15
«...Енді олардан кім саған ерсе, сонда рас жазаларың жаһаннам болады. Толық бір жаза» деді. «Олардан шамаң келгенін даусыңмен азғыр, әрі оларға қарсы атты, және жаяу әскеріңді сал. Сондай-ақ олардың малдарына, балаларына (арамдық араластырып) ортақ бол. Және оларға жалған уәде бер». Шын мәнінде шайтанның уәдесі тек алдау ғана. «Шынайы құлдарым болса оларға ықпалың жүрмейді. Раббың уәкілдікте жетік». Құран Кәрім. Исра 17:63-65
(Алла Т.): «Ақиқат осы. Мен ақиқатты айтамын». «Әлбетте, тозақты сеніменен, және саған ілескендердің барлығымен толтырамын». Құран Кәрім. Сад 38:84,85
Сонымен, тозақ үкім етілген Ібіліске ақирет күніне дейін кеңшілік етілді. Сол арқылы ол Адам Ата мен оның ұрпағын азғырып оларды тура жолдан адастыруға мүмкіндік алды. Осындай мүмкіндікке ие болған соң Ібіліс бірден Адам Атаны азғыруға кірісті. Өйткені, оның бар қасіретіне себепші болып қас жауына айналған Адам Ата мен оның зайыбы Хауа Ана еш уайым-қайғысыз жұмақта өмір сүріп жатқан болатын. Оларды осынау ғажайып мекен жұмаққа орналастыра отырып Алла Тағала Ібілістің олар үшін дұшпан екенін де ескертті.
Сонда Адамға: «Күдіксіз осы, (Ібіліс) саған да жұбайыңа да дұшпан. Екеуіңді жаннаттан шығарып жібермесін. Сонда машақат тартасыңдар» дедік. Күдіксіз, сен жаннатта аш-жалаңаш қалмайсың. Сондай-ақ онда шөлдемейсің де күннің ыстығы да өтпейді. Құран Кәрім. Таһа 20:117-119
Сондай-ақ, Алла Тағала оларға адамзат тарихындағы Өзінің ең алғашқы тиымын жария етті.
(Алла): «Әй Адам! Сен және жұбайың жаннатқа орналас. Екеуің қалағандарыңша жеңдер. Алайда осы ағашқа жоламаңдар. Сонда залымдардан боласыңдар» Құран Кәрім. Ағраф 7:19
Шын мәнінде бұл тиым салынған нәрседен бой тарту Адам Ата мен Хауа Ана үшін соншалықты қиын емес болатын. Өйткені, олар өздеріне тиым салынған нәрсеге еш мұқтаж да емес еді. Бірақ, Ібілістің олар үшін қас дұшпан екендігін, және оның қандай мақсатты көздейтінін білсе де Адам Ата мен Хауа Ана Ібілістің тұзағына қалай түскендерін өздері де аңғармай қалды.
Ақыр шайтан оған азғыру жүргізіп: «Әй Адам! Саған мәңгілік ағашын, және таусылмайтын салтанатты көрсетейін бе?» деді. Құран Кәрім. Таһа 20:120
... шайтан ол екеуінің ұятты жерлерінің ашылуы үшін азғырды да: «Раббыларың сендерді осы ағаштан, екеуің періште болып кетеді немесе мәңгі қалып қояды деп ғана тыйған» деді. Және «шынында мен екеуіңе жақсылық тілеушімін» деп ант ішті. Құран Кәрім. Ағраф 7:21
Сөйтіп екеуін алдап түсірді. Сонда екеуі ағаштан татқан сәтте ұятты жерлері ашылып кетті. Екеуі жаннат жапырақтарынан үстеріне жапсыра бастады. Құран Кәрім. Ағраф 7:22
Бұл Ібілістің адамзат тарихындағы жүзеге асқан ең алғашқы, және ең зор қулығы болатын. Ал Адам ата мен оның жұбайы Хауа Ана болса адамзат тарихындағы ең алғаш Ібілістің қулығының құрбандығына ұшырағандар болды. Сондай-ақ, олар Алла Тағаланың тиымын бұзып, ең алғаш Раббысының алдында жазықты болғандар да еді.
Раббылары екеуіне: «Екеулеріңді осы ағаштан тыймап па едім? Расында, шайтан сендерге ашық дұшпан демеп пе едім?» деп дабыстады. Құран Кәрім. Ағраф 7:22
Сонда Адам (Ғ.С.) Раббынан сөздер үйреніп алды да жалбарынды. Құран Кәрім. Бақара 2:36
(Адам ата мен Хауа ана): «Раббымыз, біз өзімізге кесір істедік. Егер Сен бізді жарылқап, мәрхамет етпесең, әлбетте, зиян етушілерден боламыз» деді. Құран Кәрім. Ағраф 7:23
Раббы оның тәубесін қабылдады. Өйткені Ол тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді. (Құран Кәрім. Бақара 2:37)
Жаратушы Алла Тағала өздеріне кесір істеген Адам Ата мен оның жұбайы Хауа Ананың тәубелерін қабыл етіп, оларды кешірді. Сондықтан да олар Ібіліс тәрізді мәңгілік тозақ азабына душар болмайды. Бірақ, олар мұнан әрі өздеріне мекен болған жұмақта өмір сүру мүмкіндігінен де айырылды. Олар енді бір жағынан тіршілік үшін күресіп, екінші жағынан азғырушы Ібіліспен арпалысуға тура тура келетін азап пен қорлықтың, уайым мен қорқыныштың мекеніне қуылды.
(Алла): «(Жаннаттан) бір-біріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендерге жер жүзінде бір мерзімге дейін тұрақ және пайдалану бар» деді. «Ол жерде тіршілік етесіңдер де, ол жерде өлесіңдер. Және ол жерден қайта шығарыласыңдар» деді. Құран Кәрім. Ағраф 7: 24,25
Бұл мекен жер деп аталатын, Адамның балалары үшін ақиқат пен жалғандықтың, жақсылық пен жамандықтың, туралық пен адасудың арасында таңдау жасауға мәжбүр болатын зор сынақтың алаңы еді.
Егер екеуің тарапымнан бір туралық келіп, кім тура жолыма ілессе, сонда ол адаспайды да машақат тартпайды. Ал кім үгітімнен бет бұрса, сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс болады. Сондай-ақ оны соқыр түрде жинаймыз. Құран Кәрім. Таһа 20: 123,124
Міне, адам баласының жаратылуы мен оның жер бетілік тіршілігінің ақиқаты Құран Кәрімде осылай өрбітіліп, сонан туындайтын Адам баласының міндеттері де айқындалады. Сол арқылы күрмеуі қиын маңызды сауалдардың қарапайым жауабтары табылып, адам баласы өзінің ең басты, өмірлік мақсат-мұратын айқындауына мүмкіндік алады.
Ең маңыздысы Адам баласы Құран арқылы небір қисынсыз жалған ілім-білімдердің шығу төркінін тануға мүмкіндік беретін бірден-бір ақиқат білімге ие болады. Сол арқылы оған өмірдің ең өзекті мәселесі болып табылатын тура жол мен адасу жөніндегі ақиқат пен жалғандықты ажыратуға мүмкіндік туады.
Комментариев нет:
Отправить комментарий