среда, 29 апреля 2015 г.

Тәңіршілдік қандай дін?

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

1. Келмеске кеткен дінді көксеу

Тарихи деректер бойынша қазақ даласына Ислам діні Түркеш қағанаты (704-746) үстемдік еткен жылдары маңдай тіреген. Ал Қарахан қағанатын құрған қарахан әулиетінің негізін салушы Сатұқ Боғра-хан (915—955) Исламды өзі қабылдаған болса, ол қайтыс болған соң билікке келген оның баласы Мұса 960 жылы Исламды қағанаттың мемлекеттік діні ретінде жариялаған.

Әрине, мұнан кейін де небір қилы замандар болып ата-бабаларымыздың мұсылмандығы таразыға түссе де Ислам діні қазақ сахарасында өз ықпалын жоғалтпады. Мысалға, пұтқа табынушы моңғолдардың шапқыншылығына ұшырап, пұтқа табынатын Шыңғыс ханның ұрпағының қол астында бір ғасырдай уақыт тіршілік кешсе де ата-бабаларымыз мұсылмандықтан түпкілікті қол үзіп кетпеді. Соның нәтижесінде Алтын Орда ханы Өзбек ханның (1312-1313) тұсында қазақ даласында Ислам діні қайтадан мемлекеттік дәрежеге көтерілді.

Сол кезеңнен бастап Исламға дендеп енген, кейінірек Православиелік Ресейдің қол астына өтсе де өзінің мұсылмандығына деген сеніміне шіркеу түсірмеген қазақтар Кеңестік дәуірге де мұсылман ұлт ретінде енді. Бірақ, коммунизм ілімін ұстанған дінсіз қоғамдағы жетпіс жылдық тиым мен күшті атеистік насихат өз дегенін істеп Ислам негіздерінен мүлде бейхабар, «көзі ашық» жаңа ұрпақ өсіп жетілсе, кеңестік кезеңнен кейінгі «ашық» қоғам қазақтың мұсылмандығын ашықтан-ашық талқыға сала бастады.

Мұның бір көрінісі ретінде қазақ зиялыларының арасында бой көтере бастаған тәңіршілдікті алуға болады. Тәңіршілдік – бұл ата-бабаларымыздың Исламға дейінгі ұстанған діні болып саналады. Әрине, егер оны дін деуге келетін болса. Өйткені, оның қалыпты дін атаулыға тән пайғамбары да, кітабы да жоқ. Сондықтан да оның нақты имани білімі мен жүйеленген шариғи заңдары да жоқ. Тек тәңіршілдік дінінің сарқыншақтары ретінде қалған ырымдар мен ғұрыптар ғана бар. Онда да олар шамандық ырым, ғұрыптармен мидай араласып кеткен.

Шынайы тәңіршілдік діні бірқұдайшылық дін болды ма, әлде көпқұдайшылық дін болды ма ол жайында да нақты тұжырым жоқ. Бірақ, сонда да ат төбеліндей тәңіршілдер «қазақ өзінің ата-баба діні тәңіршілдікті ұстануға тиіс» деп аты бар да заты жоқ өлі дінді тірілту әрекеттерін жасай бастады. Әрине, қазақ халқын енді «елес» дін тәңіршілдікке қайтару мүмкін емес екені анық. Бірақ, тәңіршілдік насихаттың қауіптілігі сонда ол насихат нақты Ислам дініне қарсы бағытталып, Исламды қаралаушылық сипатқа ие бола бастады .

Тәңіршілдер онсыз да дінсіздік құшағынан шыға сала түрлі діндердің тегеурінді насихатына ұшырап жатқан, және де түрлі Исламдық әсіре топтардың істерінен үркіп мұсылмандық санасына селкеу түскен халықтың көкейіне «біз қазақтар мұсылман емеспіз» деген ой салып Исламнан бұрып әкетуге тырысуда. Олар Исламды арабтардың ұлттық діні ретінде көрсете отырып, қазақтарды өздерінің ата-баба дініне, яғни «ұлттық» діні тәңіршілдікке қайтаруға тырысуда. Бұл насихат түптеп келгенде қазақты тәңіршілдікке қайтару бағытында айтарлықтай нәтиже бермесе де, оны Исламнан жеріндіру бағытында едәуір табысты болары сөзсіз.

Тәңіршілдік дінінің қазаққа әкелер тағы бір елеулі зиянын да атап өту керек. Тәңіршілдікті нағыз қазақтық деп түсінетін қазақ қоғамының білімді, зиялы, беделді өкілдерінің бір бөлігі қазақ халқы үшін мүлде қажетсіз, тіпті зиянды да болып табылатын тәңіршілдік идеясына бой алдырып жүр. Соның нәтижесінде осынау тәңіршілдік идеясы онсыз да ыдырап жүрген ұлтжанды азаматтардың бастарының бірігуіне кедергі болуда. Сондықтан да тәңіршілдік дініне де, оның жүргізіліп жатқан насихатына да немқұрайлы қарауға болмайды.

Қазақ еліндегі тәңіршілдердің көрнекті өкілдерінің бірі Арон Атабек болып табылады. Оның өзгелерден бір ерекшелігі ол тәңіршілдік идеясына ауқымды түрде, түрлі діни танымдар тұрғысынан қарай отырып, философиялық тұжырымдар арқылы бекітуге тырысады. Оның қаншалықты сәтті шығып жатқанын әркім өз деңгейінде бағалайтын болар, бірақ мен үшін оның мақалалары тәңіршілдіктің сипатын неғұрлым шынайырақ ашуға мүмкіндік беретін түрлі қырларымен қызықтырады. Және оның тәңіршілдікті атеистік көзқараспен ұштастыруы да ойға мол азық беріп, «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей басқа да біраз мәселелерді қамтуға мүмкіндік ашады.

2. Қазақтың тілі қазақтың «дінініне» жат па?

Атап өте кететін бір жай өзі қазақ бола тұра, және көтерген тақырыбы да қазақ жұртына қатысты бола тұра Арон Атабектің мақалалары орыс тілінде жазылған. Бұл оған өзінің түрлі білім көздерінен сусындау барысында жинақталған білімдерін, қалыптасқан дүниетанымын, тәңіршілдік көзқарасын мейлінше толығырақ жеткізуіне мүмкіндік беретін болуы мүмкін. Бірақ өз ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген, өз ұлтын «ұлттық» дініне қайтаруды мұрат еткен, сол үшін де оны кеңінен насихаттауға ден қойып жүрген ұлтжанды азаматтың бұл мақсатқа өз тілі емес өзге тілді қолайлы көргені таңдандырады.

Егер тәңіршілдік шынымен де ата дініміз болса, оның дүние танымы, діни негіздері ата тіліміз арқылы қалыптасқан болса, оның барлық діни жоралғылары, ғұрыптары сол тілде атқарылған болса, және ол дін сол ата-бабалардың ұрпақтары қазіргі қазақтарға қажет болса онда оның мәселелері қазақ тілінде талқыланып, қазақ тілінде насихатталғаны жөн болар еді. Бірақ, жалпы Қазақстандағы орын алып отырған жағдай, атап айтқанда барлық маңызды мәселелер орыс тілінде талқыланатын үрдіс мұнда да көрініс беріп, мұнда да орыс тіліне, яғни қазақ табиғатына жат өзге тілге жүгінілуде.

Қазақты қазақ етіп тұрған оның тілі. Тілінен безінген қазақ өз ұлтынан безінген қазақ. Мұндай қазақтар өздерінің тілден безінгенімен қоймай орыс тілді қазақтардың аралық мәдениетін қалыптастыруға тырысуда. Сол арқылы олар қазақ халқының орыс халқына сіңіп кетуін «оңайлататын» даңғыл жол салып жатыр. Мұндай жағдайда олардың ықтарына жығылып қазақ халқына қатысты бар мәселелерді орыс тілінде талдап, талқылап, орыс тілінде насихаттайтын болсақ бұл шын мәнінде «өзгенің дирменіне су құю» болып табылар еді. Осылайша шала қазақтарды өз мәдениетіне қайтарамыз деп жүргенде өз тіліміздің өрісін тарылтып бірте-бірте оның мүлде қолданыстан шығарып аламыз. Сондықтан да ұлттық мемлекет құрушы қазақ тілді, қазақ ділді халықтың мүддесін басты назарда ұстап, оның барлық мәселелерін талдап, талқылауда қазақ тіліне басымдық беру қажет.

Егер барлық мәселелерде де қазақ тілінде қызықты да қызу талдау, талқылау жүріп жатса онда орыс тілді қазақтар түгел орыс тілді өзге ұлттар да қазақ тіліне қызығушылық таныта бастар еді. Бірақ, өкінішке орай, ұлтжанды саналатын азаматтардың өздері тек қазақ үшін ғана маңызды болып табылатын мәселелердің өзінде де орыс тіліне жүгінуде. Мұның нақты көрінісін осы Арон Атабектің мысалынан байқауға болады. Ол қазақтың дініне, діліне, тіліне, ұлттық бағыт-бағдарына қатысты маңызды мәселелерді кең ауқымда қамтуды мақсат еткен өз еңбектерін орыс тілінде жазуда. Бұл шын мәнінде қазақ ұлтының тағдыры толғандыратын таза қазақи ортаға, таза қазақы санаға орыс тілін сыналатып енгізу әдісі болып табылады. Мұндай сөзі мен ісі қабыспайтын «ұлтжандылық» қазіргі кезеңде көптеген қазақ азаматтарына тән құбылыс болып отыр.

Шынын айтқанда орыстарды, сондай-ақ орыс тілді басқа халықтарды да қазақтың ішкі мәселесі болып табылатын мәселелер, соның ішінде ұлттық дінінің мәселелері ешқандай да толғандырмайды. Олар түгел орыс тілді қазақтардың басым көпшілігіне де бұл мәселенің түкке де қажеті жоқ. Өйткені, олар бірыңғай батысқа бағдар түзеген. Оларды батыстық өркениет, батыстық мәдениет, батыстық құндылықтар ғана қызықтырады. Егер дінге мойын бұрып жатса да олардың көңілдері сол батыстық діндерге ауып тұрады. Мұндай «өз қағынан өздері жерінген» қандастарымыз «мәмбет» қазақтардың «мәмбеттік» тәңіршілдігін ұстанбақ түгел ол жайлы білуге де арланады. Олай болса олар түсінбей қалатын болды деп уайымдап олардың ығына жығылып, қазақ тілін жат тілге «жығып» берудің қажеті жоқ.

Жалпы, ұлт өкілдерінің, соның ішінде де ұлтжанды азаматтардың ұлтқа қатысты, сондай-ақ, ұлттық мемлекеттің тыныс-тіршілігіне қатысты қандай да бір мәселелерді өзге тілде талдап, талқылап жатулары көрер көзге оғаш, естір құлаққа ұят нәрсе. Бірақ, мұның соншалықты үйреншікті нәрсе болып кеткені, сол себепті де көптеген ұлт азаматтарының оған еттерінің өліп кеткені соншалықты олар мұны ерсі көріп қысылмақ түгел оны өздерінің артықшылықтары санайды. Басқалар басқа болсын, бірақ өз ұлтының қамын жеп, қан жұтып жүрген ұлтжанды азаматтардың бұл мәселеге немқұрайлы қарап жалпы ұлтқа теріс үлгі көрсетулері зор қателік деп білемін.

Адам баласы үшін діни сенім - оның жүрегінің төрінен орын алатын рухани құндылық. Сондықтан да адамның діни сенімі қай тіл арқылы қалыптасса жүректің төрі де сол тілдікі болады. Сол себепті де дінді өз тілінде ұстанатын ұлттың ұлт ретінде болашағы зор болады. Егер ұлт өкілдері дінінің барлық мәселелерін өзге тілде талқылап, насихатты да жат тілде жүргізетін болса, құлшылықтары мен діни жоралғыларды да жат тілде атқарып, дұға етуде сол жат тілге жүгінетін болса, онда бұл ол ұлттың ұлт ретінде сақталуына еш мүмкіндік қалдырмайды. Сондықтан да ұлттық болмысын сақтап, ұлт ретінде өркендеуді қалайтын ұлт қандай жағдайда да дін мәселесінде өзге тілге жүгінбеуі тиіс.

Мүмкін, өзге «озық» жұрттардың дүниетанымдарын, өзге «кемел» діндердің ізгі ілімдерін, философиялық ойлардың «терең» иірімдерін «жіті» меңгерген, олардың ұғымға ауыр терминдермен тіл сындырып, ой қойыртпақтарымен ауызданған адамдарға қазақ тілі ақиқатты жеткізуге өте жұтаңдық танытатын қарабайыр тіл тәрізді көрінетін шығар. Бірақ, «ақиқат қарапайымдылықта» деген даналық сөзді ескерген жөн. Өйткені, ақиқат жалпы адамзат үшін қажет, ал адамзаттың басым көпшілігі ой-өрелері орташа қарапайым адамдар болып келеді, демек ақиқат өзінің шынайы мәнінде өте қарапайым болуы тиіс.

Өзінен бұрынғы барлық діндердің қортындысы түрінде мейлінше жетілдіріліп, толықтастырылған соңғы дін Ислам жалпы адамзатқа лайықталған дін. Оның ақиқаты адамзаттың санаулы ғана болып келетін «таңдаулы өкілдеріне» арналмаған, сол себепті ол қарапайым да түсініктілігімен ерекшеленеді. Осы жағынан алғанда Ислам діні қазақтың дүниетанымын, тілдік мүмкіндігін толық ашуға мүмкіндік беретін, ұлттық ділге сай келетін етене жақын дін.

Әрине, әркімнің де ақиқатқа таласы болары сөзсіз. Және әркімнің де өзі ақиқатын жүйелеп, көпшілік сарабына ұсынуға құқылы. Ал мұсылман ретінде менің ақиқатым бұл – Ислам ақиқаты. Соған орай мен Арон Атабектің тәңіршілдік көзқарасына, пікірлеріне Ислам тұрғысынан қарап, өз өрем, білімім жеткен шамада өз тілімде талдау жасауды мақсат еттім.

Ойыма алған бұл мақсатты мен оның мақалаларын оқу барысында туындаған ойларымды қағазға түсіру арқылы жүзеге асырғанды қолайлы көрдім. Және де автордың орыс тілінде жазған мақаласын сол орыс тілінде алуды жөн көрдім. Өйткені, оның ой иірімдері мен терминдері қазақ тіліне аудару барысында өзіне тән бояуы мен мағыналық дәлдігін жоғалтады. Бұл оның жеткізуге тырысатын шындығынын толық ашылмауына себеп болар еді.

Бұл жағдай біреулерге қазақ тілінің жұтаңдығының, икемсіздігінің дәлелі тәрізді болып көрінуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде бұл қазақ тілінің жат әсерге бой алдырмайтын, қажетсіз қойыртпақтарды бойына сіңірмейтін, сол арқылы қарапайым шындыққа қарапайым көзбен қарап, қарапайым тіл арқылы ұғынықты етіп жеткізе білу қабілетін сақтай алуының көрінісі болып табылады. Ал мәселеге қарапайым көзбен қарай білу қабілеті болса күрмеуі көп қиын ойдың қарапайым жүйесін таба білу мүмкіндігімен құнды.

3. Жалғыз Жаратушыдан басқа Құдай жоқ

Арон Атабектің «Тенгрианство - основа национального самосознания казахов», ата тіл қазақшаға аударғанда «Тәңіршілдік - қазақтардың ұлттық сана сезімінің негізі» деген мақаласы мынадай сөздермен басталады:

Вселенная - акт и результат Творения, и ее автор - Творец Единый. (Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Арон Атабек бұл сөздері арқылы бүткіл ғаламның жарату ісінің нәтижесі екенін, және оның авторының Жалғыз Жаратушы екенін мойындайтынын білдіреді. Бұл негізіне келгенде оның көпқұдайшыл көзқарасына қайшы келетін пікір болып табылады. Оның көпқұдайшылдығының дәлелі ретінде оның мына пікірін алуға болады.

Эти генетически и кармически казахские (!) боги – Тенгри и Умай! - всегда были рядом с казахами! «Сердце Евразии или великий арийский каганат Алтын-Орды». Глава 28. «Законы Тенгрианства»

Жаратушының жалғыз екенін мойындау шын мәнінде құдайдың жалғыз екенін мойындаумен тең. Өйткені, жаратушының бөлек, ал құдайдың бөлек болуы мүмкін емес. Мұны былай түсіндіруге болады. Егер барлығын жаратуға шамасы жеткен болса Жаратушының бәріне де шамасы жететін болғаны, демек, бұл оның өте құдіретті екенін көрсетеді.

Сондай көктер мен жерді жаратқан Алла олар сияқтыны жаратуға күші жетпей ме? Әлбетте күші жетеді. Ол әр нәрсені жаратушы, толық білуші. Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу. Сонда ол бола қалады. Барлық нәрсенің билігі қолында болган, әрі сендер Соған қайтарылатын Алла кемшіліктен пәк. Құран Кәрім. Ясин 36:81-83

Жаратушының жаратушылық құқығына ешкім де қол сұға алмайды. Ол үшін оған Жаратушымен тең дәрежедегі құдірет иесі болу қажет болар еді. Бірақ, ондай екінші жаратушының бар екеніне тіпті көпқұдайшыл пұтқа табынушылардың өздері де сенбейді.

(Мұхаммед Ғ.С.) расында олардан: «Көктерді, жерді кім жаратты?» деп сұрасаң олар, әрине: «Алла» дейді. «Көрдіңдер ме? Егер Алла маған бір зиян беруді қаласа, Алладан өзге шоқынғандарың Оның апатын айықтыра ала ма? Немесе Алла маған бір игілік қаласа, олар Оның игілігін тоса ала ма?»,- де. “Алла маған жетеді. Тәуекел етушілер Оған тәуекел етсін” де. Құран Кәрім. Зүмәр 9:38

Осы аятта айтылғандай осынау шексіз ғаламда ешкімнің де көктер мен жерді Жаратушының қалауынан тыс біреуге жамандық, не жақсылық жасауға мүмкіндігі жоқ. Өйткені, Жалғыз Жаратушыдан басқалардың бәрі де жаратылыс болып табылады. Сол себепті олардың бәрі де шын мәнінде Жалғыз Жаратушыға тәуелді болып келеді. Жаратушы қаласа оларды жазаға тартып, қалауынша өзгертіп, немесе жойып та жібере алады.

Мұндай барлық жаратылыс атаулының Жаратушыға толық тәуелділігі Жаратушыдан өзге құдайдың болуына ешқандай да мүмкіндік қалдырмайды. Демек, жалғыз Жаратушыдан басқа құдай жоқ. Исламда бұл ақиқат ешқандай талассыз қабылданатын ақиқат. Құран бойынша Жаратушы ретінде жалғыз болып табылатын Алла Тағала Құдай ретінде де жалғыз. Сондықтан да Ислам дінінде Алладан басқа құдайдың жоқтығы иманның ең басты шарты.

Ол сондай Алла, көктер мен жерді әрі екі арасындағыларды алты күнде жаратып, сосын ғаршыны меңгерді. Сондықтан сендердің Одан өзге ешбір Иелерің де Шапағатшыларың да жоқ, ойламайсыңдар ма? Құран Кәрім. Сәжде 32:4

Осы аятта айтылғандай Жаратушы дегеніміз жаратылыстың Иесі, ал Ие деген сөз Құдай деген мағынаны білдіреді. Негізінде, жаратушылық Жалғыз Құдайдың, яғни Алла Тағаланың басты қасиеттерінің бірі. Алла Тағала Өзінің осы жаратушылық қасиетімен қалағанын жаратады, және оны қалауынша өзгертіп, қаласа оны жойып та жібереді. Ол үкімді бір Өзі береді, және Оның үкімін ешкім де өзгерте алмайды.

«...Ол өз үкіміне ешкімді ортақ қылмайды»...» Құран Кәрім. Кеһф 18:26

Үкімді Алла береді. Оның үкімін тойтарушы жоқ. Ол, есепті тез көруші. Құран Кәрім. Рағыд 13:41

Алла Тағала осынау шексіз ғаламды жаратқанда ешкімге мұқтаж болмады, және кейін де Ол өзінің иелігіне ортақтасар ешкімге мұқтаж емес. Ол шын мәніндегі Жалғыз Жаратушы Құдай. Міне, Исламда сипатталатын Алла Тағала осындай құдай.

Ислам діні осылайша Құдай ұғымы мен Жаратушы ұғымын ажырамас тұтастықта қабылдайды. Өйткені, жаратушылық қасиет құдайды құдай ретінде анықтайтын басты қасиеттердің бірі. Жаратушылық қасиеті болмаған құдай құдай болып табылмайды, сондықтан да жаратушыны құдайдан бөліп қарастыратын танымның ақиқат таным болуы мүмкін емес.

Осы тұрғыдан алғанда Тәңіршілдік дінін ақиқат дін деп айту мүмкін емес. Өйткені, өзін тәңіршіл ретінде көрсететін, және қазіргі тәңіршілдік дінінің басты идеологтарының бірі ретінде саналатын, Арон Атабек құдайды Жалғыз Жаратушы емес Ұлт Рухы ретінде ұсынады.

Каждый этнос (нация) имеет своего этнического, природного, на генетическом уровне определенного и определяющего Бога (примем в качестве термина - хотя, в отличие от Творца Единого, речь идет о Духе Нации). (Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Және оның айтуы бойынша түбі бір семит халықтары еврейлер мен арабтардың Ұлт Рухы, яғни ұлттық құдайы Яхве екен. Оны еврейлер өздерінше Элохим деп атаса, арабтар Аллах дейді екен. Ал индустердің Ұлт Рухы Тримурти (құдайлардың Үштігі Брахма, Шива, Вишну) болып табылады. Сондай-ақ, адамдардың өздері Құдай дәрежесіне көтеріп алған Заратуштра, Будда, Христос тәрізді пайғамбарлар да Ұлт Рухтары екен. Ал қазақтардың құдайы ретінде Тәңіріні, немесе Ұлы Аруақты (әйел ретіндегі бейнесі (ипостасы) Ұмай) көрсетеді.

К примеру, у семитов это - Яхве. Евреи зовут его Элохим, арабы - Аллах (один этнос, один Бог - хотя, внешне, разные народы и разные религии!). У индусов - Тримурти или Троица богов (Брахма, Шива, Кришна). Есть также пророки, возведенные в статус Бога самими людьми (Заратуштра, Будда, Христос). У казахов (тюрков) бог - Тенгри или Великий Аруах (с женской ипостасью -Умай). (Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Егер бұл пікірді ақиқат ретінде қабылдасақ, онда Жаратушы біреу де, ал құдайлар көп болып шығады. Тіпті, пайғамбарлар болып саналатын Заратуштра, Будда, Христостарды былай қойғанда еврейлердің Элохимі мен арабтардың Алласы, индустардың Брахма, Шива, Вишну тәрізді құдайлары да жаратушылар емес екен. Олар бар болғаны Жалғыз Жаратушы жаратқан жаратылыстар, Ұлт Рухтары ғана екен.

Осылайша Арон Атабек дүниежүзілік діндер бойынша жаратушы саналатын құдайлардың барлығының да дәрежелерін төмендетіп оларды Ұлт Рухы деңгейіне түсіріп жібереді. Ал бұл деңгей болса аруақтардың деңгейі болып табылады. Өйткені, қазақтардың құдай ретінде құлшылық етіп жүрген Тәңірін автор аруақ деп біледі. Мұнан шағатын қортынды Ұлт Рухы деңгейі аруақтардың деңгейі екен де соған орай еврейлердің Элохимі мен арабтардың Алласы, индустардың Брахма, Шива, Вишну тәрізді барлық құдайлар бар болғаны қарапайым аруақтар ғана екен.

Бұл жерде үлкен қателік орын алғаны көрініп тұр. Мысал ретінде Тәңіріні алатын болсақ қазақтың ұғымында Тәңірі атауы аруақ ұғымын бермейді. Қазақтар қайтыс болған адамның рухын ғана аруақ деп білген. Егер Тәңірі Ұлы Аруақ болатын болса сонда ол қайтыс болған тәңірінің рухы болғаны ма деген сауал туады. Өйткені, тірі тәңірінің аруағы болуы мүмкін емес, аруақ деген ұғым тек өлген тәннен ажыраған жан-рух ретінде анықталады.

Мұндай жағдайда тәңірі жайында жаңа жорамал пайда болады. Егер Тәңірі деп жүрген құдай Ұлы Аруақ болатын болса, онда ол өлмей тұрғанда оның адамдар тәрізді тәні болғаны. Демек, Тәңірі деп жүргеніміз кезінде Заратуштра, Будда, Христос тәрізді пайғамбар болған адам. Ол өлген соң адамдар оны Заратуштра, Будда, Христос тәрізді шектен тыс ұлықтай отырып өздеріне құдай етіп алған. Мысалға, христиан діні бойынша Христос өлген соң қайта тіріліп, көкке көтеріліп кеткен жаратушы құдайдың баласы ретінде саналады. Сол сияқты тәңірі де өлген соң Ұлы Аруаққа айналып көкке көтерілген пайғамбар, Жалғыз Жаратушының көктегі өкілі Көк Тәңірі болып шығады.

Осы үлгіге салатын болсақ Ұлт Рухы-Аруақ болып табылатын Тәңірімен бір деңгейдегі, сол себепті де аруақтар болып табылатын Элохим, Алла, Брахма, Шива, Вишну тәрізді құдайлар да кезінде пайғамбар болып жер басып жүрген адамдардың көкке көтеріліп кеткен аруақтары болып шығады.

Осылайша Жаратушы Құдай деген бір ұғымды бөлшектеп, жаратушы бөлек, ал құдай бөлек деп қарапайым ғана шындықты бұрмалаудың нәтижесінде ұғымдардың мәні ауысып, бас қатыратын түрлі қойыртпақ түсініктер пайда болып адамдарды ақиқаттан адастыратын небір жалған танымдар туындауда.

4. Арон Атабектің құдай ұғымын қатысты түсінбестіктері

Жаратушының жалғыздығын мойындайтын Арон Атабектің сол Жалғыз Жаратушыдан басқаларды құдай санамайтын сыңайдағы пікірі бар. Оның бұл пікірі мына бір мәтінде анық көрініс тапқан.

Творец Единый - это нейтральная космическая сила, творящая бесконечную Вселенную (в этом плане, действительно, человечество Едино и Бог Един!). Ниже Его располагается пантеон Богов - определяющих судьбы Человечества и планеты Земля. Фактически это не боги (религии в борьбе за лидерство намеренно создали терминологическую путаницу, объявляя каждый своего Кумира - Богом и Творцом Единым!) - а Духи (Духи Этносов) или Эгрегоры (Коллективные Энергии). Казахи обозначают их словом Аруах (Духи Предков).(Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Бұл мәтінде Арон Атабек бейтарап Жаратушыдан бір саты төменде адамзат пен жер ғаламшарының тағдырын анықтайтын құдайлар орналасқан дейді. Бірақ, ол бұларды құдай ретінде атай отырып шын мәнінде олар құдай болып табылмайды дейді. Автордың пікірі бойынша бұларды әр халық өздерінше құдайлар деп атағанмен іс жүзінде олар құдайлар емес Рух, немесе Эгрегорлар екен де қазақтар оларды Аруақ сөзімен атайды екен. Бұл рухтар адам баласының Жүрегінің мистикалық қуаты Әлемдік Жан, немесе Жалғыз Жаратушыға баратын өткізгіштің қызметін атқарады екен.

Автордың жоғарыдағы құдайларды іс жүзінде құдайлар деп санамайтындығын айтқанмен, оның сөздерінде бір-бірімен қабыспайтын қарама-қайшылықтар бар. Біріншіден, автор олардың адамзат пен біздің галактикадағы ғаламшарлардың тағдырын анықтайтынын айтады.

«Судьбами Человечества и планет нашей Галактики распоряжаются этнические Боги, они же Духи Предков, они же Эгрегоры»

Мұндай жағдайда олардың құдай екендіктеріне еш күмән болмайды. Өйткені, шын мәнінде жаратылыс атаулының тағдырын анықтау тек оларды жаратқан құдайдың ғана құзырында болады. Демек, адамзат пен галактикадағы ғаламшарлардың тағдырын анықтайтын болса онда Рухтардың, Эгрегорлардың, және Аруақтардың да құдайлар аталуға толық құқықтарының бар болғаны. Нақтылай түссек, олардың да Жаратушы Құдай ретінде аталуға толық құқықтары бар болады.

Екіншіден, автор қазақ халқының өз ұлттық құдайы Тәңіріге ғана құлшылық еткенін дұрыс санайды. Ол қазақтарға Тәңірімен үнемі іштей тұтасып, тілдесіп жүруді ұсынады. Ал ол үшін қазақтарға қашанда өз руы мен жалпы қазақ халқының ата-бабаларының есімдері мен ұлы істерін зор табынушылықпен, алғыспен жүректе сақтап, қайталап жүру қажет. Және көкке Тәңірінің жүзіне қарағандай жиі қарап, сондай-ақ кез келген елеулі істерді бастар алдында «Тенгри тег!», «аруақ!», «от-ана, Ұмай-ана, жарылқа!» ойша айтып отыру да қажет екен.

«...вместо исламского намаза, христианских молитв, буддийских мантр, индуистских инициаций и т.д. Казах должен воспитывать в себе чуство перманентного (постоянного!) общения и единения с Тенгри! Для этого необходимо:
а) всегда, с величайшим поклонением и благодарность, носить и повторять в сердце своем имена и деяния великих предков! Как из собственного рода, так и всего каз. народа!
б) почаще смотреть в небо как в лик Тенгри!
в) произносить мысленно: «Тенгри тег!», «аруақ!», «от-ана, Ұмай-ана, жарылқа!» — перед любым значительным действием; («Сердце Еврази или Великий Арийский Каганат Алтын-Орда» Глава 28. Законы Тенгрианства. А. Атабек.)

Бұлайша біреулерді, немесе бірдеңелерді үнемі жүректе ұстап, оларға оймен де сөзбен де табынып жүру, және соларға сиына отырып нақты бір істерді атқару дегеніміз шын мәнінде соларға жүрекпен де, сөзбен де, іспен де құлшылық ету болып табылады. Ал құлшылық тек құдайларға қатысты ғана атқарылады. Демек, жүрекпен де, сөзбен де, іспен де құлшылық етілетін Рухтар, Эгрегорлар, және Аруақтар да адамдар үшін құдайлар болып табылады.

Демек, «Элохим, Алла, Брахма, Шива, Вишну, Заратуштра, Будда, Христос, және Ұлы Аруақ-Тәңіріні құдайлар емес, олар бар болғаны Рухтар, Эгрегор, және Аруақтар» деген пікір айтса да Арон Атабектің іс жүзінде олардың бәріне де құдайлар ретінде анықтама береді. Өйткені, Арон Атабек оларды адамзат пен жер ғаламшарының тағдырын анықтаушы, және құлшылық объектісі ретінде көрсетеді, ал бұл қасиеттер болса тек құдайға ғана тән қасиеттер болып табылады.

Жалпы айтқанда «Элохим, Алла, Брахма, Шива, Вишну, Заратуштра, Будда, Христос, және Ұлы Аруақ-Тәңіріні іс жүзінде құдайлар емес, олар бар болғаны Рухтар, Эгрегор, және Аруақтар» деген пікір айта отырып, олардың бәріне де құдай ретінде анықтама беруі Арон Атабектің құдай ұғымын жете түсінбейтінін аңғартады.

Енді Арон Атабектің құдай ұғымы жөніндегі шынайы көзқарасын анықтасақ, бұл жерде оның пікірін емес анықтамасын басшылыққа алуға тура келеді. Өйткені, пікірден көрі анықтаманың дәлел ретінде бәсі жоғары. Сондықтан да Элохим, Алла, Брахма, Шива, Вишну, Заратуштра, Будда, Христос, Тәңіріні, сондай-ақ, Рух, Эгрегор, Аруақтарды құдай емес дей отырып, шын мәнінде оларға құдай ретінде анықтама бергендіктен Арон Атабек олардың бәрін де құдай ретінде қабылдайды деп түсінуге тура келеді.

5. Алла - Жалғыз Жаратушы Құдай

Арон Атабек дүниежүзілік діндер бойынша Жаратушылар ретінде саналатын Алланы, Элохимді, және индустардың Брахмасын шын мәнінде жаратушылар деп есептемейді. Бұл пікір жоғарыдағы мәтіндерде анық айтылған. «Сонда Жалғыз Жаратушы кім болып табылады?» деген сауал туындайды да бұл сауалға автор былайша жауап береді:

В разные времена, у разных народов он именуется по-разному: Вседержитель, Всевышний, Космос, Космический Разум, Мировая Душа, Атман, Логос, Демиург и т.д. Казахи (тюрки) именуют его Жаратушы (Создатель) или Жасаган (Делатель). (Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Бұл мәтінде автор Жалғыз Жаратушыны әр уақытта, әр халық әр түрлі атаған деген пікір айтады. Енді оның жаратушы ретінде келтіретін есімдеріне тоқталатын болсақ, бұлардың орысша Вседержитель, Всевышний дегендері Ислам діні бойынша Алланың 99 есімдерінің қатарында саналады. Құранда Алла Вседержитель (әл-Қайюм – бәрін ұстап тұрушы), Всевышний (әл-'Әлий – өте жоғары) ретінде сипатталады. Демек, бұл есімдер Алла Тағаланы білдіретін есімдер. Олай болса Алланы жаратушы санамайтын автор айналып келгенде Алланы Жаратушы ретінде көрсеткен болып шығады.

Ал жаратушылар ретінде аталатын Космос, Космический Разум, Мировая Душа, Атман, Логос дегендерге келетін болсақ, олардың ешқайсысы да жаратушылар деп атауға мүлде келмейді. Олардың өздері Жалғыз Жаратушы жаратқан жаратылыстар болып табылады. Олай болса олардың Жаратушы болмақ түгел, олай аталуға да еш құқықтары жоқ. Мұндай жаратушы болып табылмайтын жаратылыстарды құдай етіп алу жөнінде Құранда былай делінеді:

Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе? Енді де түсінбейсіңдер ме? Құран Кәрім. Нахыл 16:17

Көктер мен жердің патшалығы Онікі. Ол, ешкімді бала қылып алмады да Оның патшалығында ешбір ортағы жоқ (Бар билік Оның Өзінде). Сондай-ақ, әр нәрсені жаратып оның өлшеуін белгіледі. (Сонда да) олар бір нәрсені жарата алмайтын, өздері жаратылған, сондай-ақ, өздеріне де пайда, зиян келтіре алмайтын, өлім де, өмір де бере алмайтын, және қайта тірілте де алмайтындарды Алладан өзге құдай етіп алды. Құран Кәрім. Фурқан 25:2,3

Сонымен, дүниежүзілік діндер бойынша нағыз жаратушылар ретінде саналатын Алланы, Элохимді, индустардың Брахмасын жаратушы ретінде еш мойындамайтын Арон Атабек жаратушылар деп атауға мүлде келмейтін Космос, Космический Разум, Мировая Душа, Атман, Логос тәрізді жаратылыстардың атауларын Жалғыз Жаратушының есімдері ретінде келтіреді. Бұл әрине, Жаратушыға қатысты мәселеде оның тарапынан жіберілген өрескел қателік болып табылады.

Ал енді автордың кейбір халықтар Жалғыз Жаратушыны Демиург деп атаған деген пікіріне келетін болсақ Христиан теологиясы мен Платонның ілімі бойынша Демиург расында да жаратушы құдай ретінде аталады. Бірақ, шындығына келгенде Демиург аталсын, немесе Элохим, Брахма аталсын, қалай болғанда да Жаратушының көп болуы мүмкін емес.

Жаратушы мен Құдай ұғымын ажырамас тұтастықта қарастыратын Ислам дінінде Жаратушы Құдай Алланың Жалғыз екендігіне баса мән беріліп, бұл мәселе түрлі қырларынан қарастырылады. Құранда көпқұдайшылдар құдай ретінде құлшылық етіп жүрген пұттардың ешқайсысының да жаратушылық қасиеттерінің жоқтығы жөнінде баяндалатын аяттар көптеп келтіріледі.

Олардың Алладан басқа жалбарғандары еш нәрсені жарата алмайды. Олардың өздері жаратылған. Олар өлі, тірі емес. Сондай-ақ қашан тірілетіндерін де білмейді. Құдайларың – жалғыз Құдай... Құран Кәрім. Нахыл 12:20-22

Исламда көп жаратушы түгел екі жаратушының, яғни екі құдайдың болуы да түпкілікті жоққа шығарылады. Оның дәлелі ретінде жаратылыстың еш мүлтіксіз жаратылғанын алдыға тартады.

Ол сондай Алла, жеті аспанды қабат-қабат жаратқан. Рахманның жаратуында еш мүлтік көре алмайсың. Қайта көз сал, бір ақау көре аласың ба? Тағы екі қайтара қара. Көзің саған шаршап, талған түрде айналады. Құран Кәрім. Мүлік 67:3,4

Егер Жаратушы Құдайлар көп болған жағдайда ғаламдағы орын алып отырған осынау ғажайып үйлесімдік, сәйкестік, тепе-теңдіктің орын алуы мүмкін емес болар еді. Өйткені, өзара тең дәрежедегі жаратушылар өзара келісе алмай, әрқайсысы өзгелермен санаспай өз қалауынша жарату істерімен айналысар еді. Мұндай жағдайда жер мен көктегі қалыптасқан тәртіп бұзылып, олар құрып кеткен болар еді.

Егер жер-көкте Алладан басқа да құдайлар болса еді, әлбетте, екеуі де бұзылып кетер еді. Ғаршының Раббы Алла олардың жасанды сипаттарынан пәк. Құран Кәрім. Әнбия 21:22

Жаратушы құдайлар қаншалықты көп болса да нағыз жаратушы иемденуге тиісті тақ біреу болады. Сондықтан да олардың біреуі басшы болып таққа отыруы керек те басқалары оған жаратылыс істерінде қосшы болып бойұсынуы тиіс. Бірақ, бір-бірімен тең дәрежедегі жаратушы құдайлардың ешқайсысы бір біріне қосшы болуды қаламайды. Олардың қай-қайсысы болмасын басшы ретінде таққа отыруды қалайды. Және міндетті түрде соның жолын іздейді.

(Мұхаммед Ғ.С.): “Егер Алламен бірге олардың айтқандарындай тәңір болса еді, онда әрине ғаршының иесіне бір жол іздер еді. Құран Кәрім. Исра 17:42

Тіпті, көп емес екі жаратушы болғанның өзінде де «екі қошқардың басы бір қазанға симайдының» кері келеді. Олардың әрқайсысы өз қалаулары бойынша жарату істерімен айналысар еді де ақыр аяғында «мынау менің жаратқаным, анау сенің жаратқаның» деп бүткіл жаратылысты өзара бөліп алып, бірін-бірі күндеп, бір-бірімен бәсекелесіп, бір-біріне үстемдік етуге тырысып бүткіл жаратылыстың ойранын шығарар еді.

... Онымен бірге құдай да жоқ. Ондай болғанда әрине, әр құдай өз жаратқанын алып кетер еді, және олардың бірі басқаларына үстемдік қылар еді. Алла, олардың сипаттағанынан пәк. Құран Кәрім. Мүминун 23:91

Өзін жаратқан жаратушы құдайға толықтай тәуелді болып табылатын адам баласы үшін де өзара келісе алмайтын бірнеше жаратушы құдай болғаннан көрі бір жаратушы құдайдың болғаны өте тиімді. Өйткені, әрқайсысы өз айтқанын істеткісі келіп қорқытып үркітіп, күш көрсететін бірнеше құдайдың қайсысын тыңдарын білмеген адам баласы әрқайсысына бір жалтақтап, шақшадай басы шарадай болар еді.

Алла бір мысал берді: Өзара шығыса алмаған ортақтардың меншігіндегі біреу, және бір адамның меншігіндегі біреу, мысалда олардың екеуі тең бе? Барлық мақтау Аллаға лайық. Бірақ олардың көбі түсінбейді. . Құран Кәрім. Зумар 39:29

Жалпы, құдайға тән кемелдік екі құдайдың, яғни екі жаратушының болу мүмкіндігін жоққа шығарады. Өйткені, кемелдік өзінің шынайы мәнінде бүткіл құдайға тән қасиеттердің тоғысатын бір нүктесі ретінде анықталады. Кемелдіктің екі нүктеде тоғысуы мүмкін емес. Өйткені, кемелдіктің екі түрі болуы мүмкін емес. Демек, кемелдік – Жаратушы Құдайдың жалғыздығы болып анықталады.

Құдай екеу, немесе үшеу болса онда бұл олардың кемелсіздігін көрсетеді. Ал кемелсіз нәрселер құдай болып табылмайды. Кемелсіздіктен ғана күншілдік, бәсекелестік, және үстемдікке ұмтылу туындайды. Шын мәнінде нағыз құдайға мұндай қасиеттер тән емес. Сондықтан да жоғарыдағы аяттарда Алла Тағала адамдардың Өзіне таңатын қандай болмасын кемелсіздік, яғни пендешілік сипаттардан пәк екені айтылады.

Алла Кемел-Жалғыз. Оның кемел табиғатына күншілдік, бәсекелестік, және үстемдікке ұмтылу жат. Тіпті, кемелсіз болып табылатын адам баласына тән надандықпен Оған күншілдік, бәсекешілдік, үстемдікке құмарлық, және басқа да көптеген пендешілік қасиеттерді таңғанмен де шын мәнінде Оның күндейтін, бәсекелесетін, үстемдікке таласатын ешкімі жоқ. Өйткені, Алладан басқа жаратушы құдай жоқ.

6. Тәңірі - Жаратушы емес

Арон Атабектің пікірі бойынша Жалғыз Жаратушы бөлек те Тәңірі бөлек, яғни Тәңірі Жаратушы емес болып табылады. Мұндай жағдайда «біз неге Жалғыз Жаратушыға емес, оның жаратқан жаратылысы, демек оған толықтай тәуелді болып келетін Тәңіріні құдай тұтып, соған сиынып, құлшылық етуге тиіспіз?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа автордың мына бір пікірінен жауап табуға болады:

Творец Единый - это нейтральная космическая сила, творящая бесконечную Вселенную (в этом плане, действительно, человечество Едино и Бог Един!). (Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Мұнда Арон Атабек Жалғыз Жаратушыны ғарыштық бейтарап күш ретінде сипаттайды. Ол бейтарап күш, демек ол біздің ешбір ісімізге араласпайды, яғни оның бізбен еш шаруасы жоқ болғаны. Сол себепті де оған құдай ретінде сиынудың, жалынып-жалбарынып тілек тілеудің, оны риза ету үшін оған құлшылық етіп әуреге қалудың еш қажеттілігі жоқ. Өйткені, ол өзі жаратқан дүние істерінен бойын аулақ салып мүлде қол үзіп кеткен.

Бұл пікірде шын мәнінде ақылға симайтын қисынсыздықтар бар. Біріншіден, ғарыш жаратылыс болып табылады. Егер ғарыштың өзі жаратылыс болса оны жаратқан Жаратушы қалайша ғарыштық күш болады? Ғарыштық күш деген сөз ол ғарыштан тыс емес, ғарыштың ішіндегі, сол ғарышпен тұтастықтағы күш деген мағынаны береді. Сонда өзі ғарыштың ішінде тұрып, оның ажырамас бір бөлшегі бола тұрып жаратушының шексіз ғаламды қалай жаратуы мүмкін. Бұл дегеніміз оның өзін-өзі жаратуы болып шықпай ма?

Құдайдың бұлай өзін-өзі жаратуы ешқандай ақылға симайды. Егер оның өзін-өзі жаратуымен келісер болсақ онда өзін-өзі жаратпай тұрғанда оның мүлде жоқ болуымен қалай келісеміз? Өзі жоқ болған құдайдың өзін-өзі жаратуын қалай түсінуге болады? Бұл қисынсыздық «жаратушы - ғарыштық күш» деген пікірдің жалған пікір екенін көрсетеді. Ислам діні бойынша Жаратушы Алла ғарыштық күш емес, Ол ғарыштан тыс, сол ғарышты жаратушы күш. Ол жаратылыс болып табылатын ғарыш болса да болмаса да бар болады.

Ол Алла (Т.) әуелгі әрі соңғы (әр нәрседен бұрын ежелден бар, әрі мәңгі қалады, соңы жоқ). Құран Кәрім. Хадид 57:3

Екіншіден, жаратушының ғарыштық күш екені қаншалықты қисынсыз болса, оның «бейтараптылығы» да соншалықты қисынсыз болып табылады. Егер жаратушы ғарышпен тұтастықта болса, сол себепті де ол онда болып жатқан барлық істердің бел ортасында болса, онда ол қалай бәрінен тыс қалып бейтараптық сақтай алады? Өйткені, біртұтас ғарышта бәрі де бір-бірімен жан-жақты байланысып, тығыз әрекеттесіп жатады.

Жаратушы егер ол шын мәнінде де жаратушы болса, онда оның жаратылыс істеріне бір сәтке де араласпай бейтарап қалуы мүмкін бе? Өйткені, әр сәт сайын бүткіл ғаламда қанша нәрселер жойылып, қанша нәрселер жаратылып бүткіл жаратылыс тынымсыз өзгеріп, жаңарып жатады. Мұндай жағдайда Жаратушы бейтарап болса мұның бәрінің қалай жүзеге асуы мүмкін?

Хақ дін Ислам діні бойынша Алла Тағала бүткіл жаратылыстан тыс тұрған құдіретті күштің Иесі жалғыз құдай. Ол ешқандай да бейтарап құдай емес. Ол бүткіл ғаламды толық қамтып, мүлтіксіз меңгеріп тұр. Ол қалғымайды да, ұйықтамайды. Мұндағы еш нәрсе де, болып жатқан ешбір іс те оның назарынан тыс қалмайды, және оның қалауынсыз, тікелей қатысуынсыз жүзеге аспайды. Ол өзінің құлдарына шапағат етеді, және шапағат етуге рұқсат етеді, және қорғайды. Міне, нағыз жаратушы, нағыз құдай осындай болуы тиіс! Міне, Құранда Алла Тағала осылай сипатталады.

Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы. Ол қалғымайды да, ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Олар Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады. Оған ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Және Ол өте биік, аса зор. Құран Кәрім. Бақара 2:255

Негізінде, автордың Жалғыз Жаратушының бейтараптығы жөніндегі пікірі көне замандағы жаратушы құдай жөніндегі түсініктерімен тамырласып жатыр. Дамудың төменгі сатысындағы тайпаларға тән бұл түсінік Мирча Элиаденің «Миф аспектілері» деген еңбегінде келтіріледі:

«Көптеген ілкі қауымдық тайпалар, әсіресе, өздерінің дамуында аңшылық пен термешілік сатысында аялдап қалған тайпалар, діни өмірге ешқашан қатыспайтын, ешқандай әрекет жасамайтын Жоғарғы Сүриет туралы келтірімге ие. Ол туралы мәліметтер болмашы, ол туралы мифтер де азын-аулақ және барынша қарапайым. Осы Жоғарғы Сүриет Дүниені және адамды жаратқан, бірақ көп ұзамай ісін тастап, Аспанға кетіп қалған деп есептелінеді. Кейде ол жаратуға қатысты істерінің өзін аяқтамайды, осы істі өзінің «Ұлына» немесе өзінің өкіліне тапсырады.... Бұл Құдай адами және зайырлы өмірге селқос қарайды. Оның бейнесі де, абызы да жоқ....» (Элиаде М. Миф аспектілері. Ауд. Қондыбай С.//Мифология: құрылымы мен рәміздері. Алматы, Жазушы, 2005. - 566 б.)

Дүниені және адамды жаратқан, бірақ көп ұзамай ісін тастап, аспанға кетіп қалған Жаратушы жайындағы ежелгі тайпаларға тән осындай түсінік барын ескерсек тәңіршіл Арон Атабектің Жалғыз Жаратушыны бейтарап күш ретінде сипатайтынын, және тәңіріні неге жаратушы ретінде атамайтынын түсінгендей боламыз. Оның Тәңіріні Жаратқан емес жаратылған құдай ретінде санайтын осынау пікірі Күлтегiн ескерткiшiндегi тәңірі жаратылған деген ойға меңзейтін мына бiр жолдармен үндесіп жатыр:

Жоғарыда көк тәңрi
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуiнiң арасында адам баласы
Адам баласын басқаруға ата-бабам жаралды.
(Айдаров Ғ. Орхон ескерткiштерiнiң тексi. -Алматы: Ғылым, 1990. - 220 б.)

Сонымен, егер дұрыс түсінсек Арон Атабектің көзқарасы, ал кеңірек алатын болсақ, жалпы тәңіршілдік көзқарас бойынша Жаратушы бар, бірақ ол Тәңірі емес. Өйткені, шексіз ғаламды жаратқан Жалғыз Жаратушы тәңіршіл автор айтатындай ғарыштық бейтарап күш болып табылады. Яғни, жаратуын жаратқанмен ол басқа істердің барлығынан бойын аулақ салып «демалысқа кеткен».

Жалпы, Аллаға серік қосушы мүшіріктердің Алланы Жаратушы Құдай ретінде мойындай отырып оған сиынып, құлшылық еткеннен көрі басқа құдайларға сиынып, құлшылық еткенді жөн көретіндіктері белгілі. Ол жайында Құранда былай баяндалады:

Егер олардан: «Көктер мен жерді кім жаратты және күн мен айды кім іске қосты?» деп сұрасаң, әлбетте: «Алла» дейді. Сонда олар қайда лағып барады. Құран Кәрім. Ғанкабут 29:61

Аллаға серік қосушылардың осы істерінің астарында осы бейтарап жаратушы жайындағы түсінік жатқан болуы мүмкін. Олар өздерінің жаратушы бір Аллаға емес, Оның жаратқан нәрселеріне, тіпті өздері қолдан жасап алған пұт құдайларға құлшылық ететіндіктерін ата-бабаларының осылай істегендіктерімен түсіндіреді. Бірақ, олар ата-бабаларының неге олай істегендіктерін түсіндіріп бере алмайды. Олар үшін ең маңыздысы түсіну емес, олар үшін ең маңыздысы ата-баба жолынан ауытқымай, оны берік ұстану.

...оларға бұдан бұрын бір кітап бердік те соған жабысуда ма? Керісінше, олар: «Аталарымызды бір жол үстінде таптық. Расында біз де олардың іздеріне түсіп, тура жол табамыз» дейді. Құран Кәрім. Зухруф 43:21,22

Рас, олар аталарын адасқан түрде тапқан болатын. Сонда олар аталарының ізіне түсіп жүгіре берді. Құран Кәрім. Саффат 37:69,70

Сонымен, Арон Атабек ұсынатын тәңіршілдік көзқарас бойынша қазақтың құдайы Тәңірі Жаратушы емес. Оның себебі де түсінікті, өйткені, Жалғыз Жаратушы бейтарап күш. Ал мұндай жаратушының құдай болуы мүмкін емес. Егер ол адамдардың істеріне ешқандай да араласпайтын болса, онда ол адамдарға қалай жәрдем етпек, оларды қалай қорғамақ, оларға қалай ризық-несібе бермек, олардың тәні мен жанына шипа беріп, қиындықтарын қалай шешпек?

Мұндай пікірден мынадай қортынды шығады. Бейтарап, сол себепті де ешқанда пайдасы да, зияны да жоқ Жалғыз Жаратушыға құлшылық етудің ешқандай да қажеті жоқ. Құлшылық етуге Одан өзге лайықты құдайлар толып жатыр. Олардың бірнешеуін автор жоғарыда келтірген. Олар Элохим, Алла, Брахма, Шива, Вишну, Заратуштра, Будда, Христос тәрізді Ұлттық Рухтар.

Мұндай Ұлттық Рухтардың ішінде қазақтың Ұлы Аруақ болып табылатын Тәңірі де бар. Егер бұлар аз болса онда сиынып, жалбарынуға лайықты әулие-әнбиелердің, ата-бабалардың аруақтары тәрізді толып жатқан кіші аруақтар да жетіп жатыр бар. Және олардан да өзге жанды да, жансыз сансыз құдайлар бар. Осыншама құдайлар тұрғанда бейтарап Жалғыз Жаратушыға құлшылық етудің не қажеттілігі бар?

Осылайша әуелі Жаратушы мен Құдай ұғымы ажыратылып сонан соң Жаратушының барлық істерден қол үзген бейтараптығы жөніндегі жалған пікір қалыптастырылды. Соның нәтижесінде құдайларды қалағанша көбейтуге мүмкіндік туып, пұтқа табынушылық, көпқұдайшылық адасушылық танымға кең өріс ашылды.

7.  Жаратушы Құдай ұғымына қатысты Ібілістік бұрмалаулар

Жаратушы ұғымы мен Құдай ұғымына талдау жасай отырып оларға қатысты жалған түсініктерді орнықтыру бағытында жасалып жатқан жүйелі әрекеттерді байқауға болады. Бұл әрекеттердің біріншісі Жаратушы бөлек, ал Құдай бөлек деген түсінік болса, екіншісі Жаратушы жаратылыс істерінен қол үзген бейтарап күш деген түсінік.

Мұндай жалған түсініктерді қалыптастыру не үшін, және кім үшін қажет болды деген сауалға жауап іздесек, біз бұл жерде Ібіліс тарапынан жасалып жатқан бір қулықтың бетін ашамыз. Бұл адам баласын көп құдайға табындыру арқылы оларды Алланың қаһарына ұшыратып зиянда қалдыру үшін жасалып жатқан зор қулық болып табылады.

Енді Жаратушы бөлек, ал Құдай бөлек деген түсініктің Ібіліске қаншалықты қажет екеніне тоқталып өтелік. Дүниежүзілік діндерде Жаратушының Жалғыз екендігіне еш күмән келтірілмейді. Ал Жаратушының жалғыздығы жөніндегі бұл түсінік көпқұдайшылық танымға ешқандай да жол бермейді. Өйткені, жалғыздың аты жалғыз, оны ешқандай да көп етіп ұсыну мүмкін емес. Сондықтан да Жаратушының Жалғыздығы бірқұдайшылық ілімінің берік тұғыры болып табылады. Ал осы Жалғыз Жаратушы ұғымы мен Құдай ұғымын ажырамас тұтастықта алғанда адам баласы үшін Жаратушы Жалғыз Құдайға құлшылық етудің қажеттілігі айдан анық болады.

Мұндай жағдайда адам баласын көпқұдайшылық күнәсіне тартуды қалайтын Ібіліске не істеу қажет болады? Әрине, олар қайтсе де Жаратушы ұғымы мен Құдай ұғымының арасын ажыратуға барынша тырысатын болады. Сондықтан да Жалғыз Жаратушының бөлек, ал Құдайдың бөлек екендігі жөніндегі жалған таным пайда болып санаға сіңірілуде.

Мұндай жалған таным арқылы құдай ұғымы жалғыздығы еш күмән тудырмайтын Жаратушы ұғымынан ажыратылды да, соның салдарынан ол өзінің жалғыздық сипатынан айрылып тынды. Осылайша құдай ұғымын жалғыздық сипатынан айырған Ібіліс құдай ұғымын қалауынша бұрмалай отырып адамдар құлшылық етуге «тиісті» жалған құдайлардың санын шексіз көбейтуге мүмкіндік алды.

Мұндай құлшылық етілуге «тиісті» жалған құдайларды көбейту үрдісі Арон Атабектің «Тәңіршілдік - қазақтардың ұлттық сана сезімінің негізі» деген мақаласынан да байқалады. Ол мұнда құдайлардың мынадай тізімін ұсынады:

Каждый этнос (нация) имеет своего этнического, природного, на генетическом уровне определенного и определяющего Бога (примем в качестве термина - хотя, в отличие от Творца Единого, речь идет о Духе Нации). К примеру, у семитов это - Яхве. Евреи зовут его Элохим, арабы - Аллах (один этнос, один Бог - хотя, внешне, разные народы и разные религии!). У индусов - Тримурти или Троица богов (Брахма, Шива, Кришна). Есть также пророки, возведенные в статус Бога самими людьми (Заратуштра, Будда, Христос). У казахов (тюрков) бог - Тенгри или Великий Аруах (с женской ипостасью - Умай). (Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Арон Атабек тәңіршілдік дініндегі құдайлардың өзін Тәңірі-Ұмай, Жер-су, От-Ана, Аруақтар дей отырып, ол аз болғандай «және басқалар» деп мүлде көбейтіп жібереді.

Тенгрианство - древнейшая религиозная система мира. Наличие парного Божества (Тенгри - Умай, Небо - Любовь), пантеона богов (Йер-Суб - бог Родины, От-Ана - богиня Очага и Семьи, Аруахи - Духи Предков и др.) - позволяет отнести истоки этой системы к самой заре человеческой цивилизации (примерно, к эпохам Инь-Ян в Китае, Шива-Дэви в Индии и т.д.). (Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Ал Тәңіршілдік дініне зеріттеу жүргізген Гүлнәр Адаева болса өзінің «Түркі мәдениетіндегі әйел бейнелері» деген мақаласында тәңіршілдік дінінде нақты үш құдайдың бар екеніне мынадай дәлел келтіреді:

Көне түркі руникалық жазуларындағы құдайлар триадасында Тәңiрдiң (Көк Тәңiрдiң) ең басты құдай екенi және оның әке құдай екенi күмән келтiрмейдi. Осы жазбаларға сүйенсек, сол дәуірде түркі халқының өмірінде елеулі орын алған үш құдайдың болғанын байқаймыз. Бұл Тоныкөк ескерткiшiндегi мына жолдардан да көрiнедi:

Тәңiрi, Ұмай, қасиеттi Жер-Су
Жеңiс сыйлай берген екен
Неге қашамыз көп екен деп. («Түркі мәдениетіндегі әйел бейнелері». Гүлнәр Адаева)

Сонымен, Жаратушы мен Құдай ұғымын ажырату арқылы құдайлардың санын көбейту адам баласын көп құдайларға құлшылық еттіріп зиянда қалдыру үшін жасап жатқан Ібілістің қулығы деген пікір айта отырып, бұл жымысқы әрекеттің жүзеге асқан нәтижесі ретінде көпқұдайшылық діні болып табылатын тіңіршілдік дінін мысал етіп келтірдік.

Енді Жалғыз Жаратушыны жаратылыс істерінен қол үзген бейтарап күш етіп көрсету Ібіліске не үшін қажет екеніне тоқталып өтелік. Ақиқат таным бойынша Жаратушы жаратылыс ісіне толықтай Өзі иелік етіп барлық істі Өзі басқарып, барлық істі Өзі игеріп отыр. Сол себепті де адам баласына Одан өзге ешкімді құдай етудің қажеттігі жоқ. Өйткені, адам баласының Жаратушыдан өзге құдай санайтындардың барлығы да өздерін жаратқан Жалғыз Жаратушыға толықтай тәуелді болып табылады.

Бұлай Жаратушыға толықтай тәуелді болатын болса онда оларды құдай етудің не қажеті бар деген сауал туады? Өйткені, олар бәрібір Жаратушының рұқсатынсыз адам баласына жақсылық силап, жамандық жасауға қабілетсіз болады. Олардың өздері Жалғыз Жаратушының шапағатына мұқтаж. Демек, адам баласы толып жатқан қауқарсыз құдайларға емес, олардың Иелері болып табылатын Жалғыз Жаратушыға құлшылық етуі тиіс болады. Бұл жөнінде Құранда былай делінеді:

Түн мен күндіз, және күн мен ай Алланың дәлелдерінен. Күнге де, айға да сәжде қылмаңдар. Оларды жаратқан Аллаға сәжде қылыңдар, егер Оған құлшылық қылатын болсаңдар. Құран Кәрім. Фуссилат 41:37

Жаратушының жаратылыс істерінде толықтай Өзі билік ететіндігі, сол себепті Оның Өзіне ғана құлшылық етудің қажеттілігі жөніндегі бұл ақиқат Ібілістің адам баласын көпқұдайшылдық күнәсіне батыру мақсатына зор кедергі тудырады. Сол себепті де ол адам баласының Жалғыз Жаратушыға құлшылық етуіне мүмкіндік бермеудің қандай да бір жолын іздестіреді. Бұл жерде оған жалғыз ғана жол қалады. Ол Жалғыз Жаратушыны бейтарап етіп көрсету. Сондықтан да Ібіліс адамдарға осы жалғыз Жаратушының бейтараптығы жөніндегі жалған пікірді тықпалауда.

Жаратушы Құдайдың бейтараптығы жөніндегі ежелгі надандық кезеңнен келе жатқан бұл адасушылық таным қазіргі тәңіршілдік дінінен ойып тұрып орын алуда. Сол себепті де бұл дінде Жалғыз Жаратушыға емес Ол жаратқан жаратылыстар болып табылатын тәңірі-ұмай, жер-су, от-ана, аруақтар, және басқа да түрлі пұттарға құдайлар ретінде құлшылық етілуде.

Сонымен сөзді түйіндейтін болсақ, біртұтас болып табылатын Жалғыз Жаратушы мен Құдай ұғымын ажырату, сондай-ақ, Жалғыз Жаратушыны бейтарап етіп ұсыну қулығы шын мәнінде көпқұдайшылдық ілімін ұстандыру, яғни Аллаға серік қостыру арқылы адам баласын зор күнәға батыру мақсатында Ібіліс тарапынан жасалып жатқан қулықтар екеніне еш күмән болмауы тиіс.

Соған орай Жалғыз Жаратушы мен Құдай ұғымы ажыратылатын, сондай-ақ, Жалғыз Жаратушыны бейтарап етіп көрсететін қандай болмасын діндер мен діни танымдардың Ібілістің қолтаңбасы бар діндер мен діни танымдар екендігі ескерілуі тиіс.

8. Жаратушыға серік қосу – кешірілмес күнә

Ібіліс пен оның жын-шайтандары адам баласын күнәға батыра отырып оны өздерімен бірге тозаққа ала кетуге тырысатыны жайында айтылды. Бұл мақсатта олар адам баласына неғұрлым үлкен күнәларды жасату арқылы Құдайдың қаһарына ұшыратуға тырысады. Ал Жаратушы Құдайға серік қосу, яғни одан өзгелерді құдай етіп алып, соларға сиынып, құлшылық ету Хақ дін Ислам бойынша адам баласы тарапынан жасалатын күнәлардың ішіндегі ең ауыр күнәнің бірі болып табылады. Ол жайында Құранда мынадай мағынадағы аяттар бар:

...Алламен бірге басқа құдай жасама. Сөгіс берілген, мәрхаметтен қуылған түрде тозаққа тасталасың. Құран Кәрім. Исра 17:39

«...кім Аллаға ортақ қосса, расында Алла оған жаннатты арам етеді. Оның орны тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ» ... Құран Кәрім. Маида 5:72

Адам баласы басқа ешқандай күнә жасамай, жамандықтан тиылып, жақсылыққа құлшынып адамгершілік құндылықтары бойынша дұрыс өмір сүрсе де оның көпқұдайшылық сенімі бойынша жасалған іс-әрекеттері оны зиянда қалдыратын болады. Сондықтан да Ібіліс адам баласына қалайда Жаратушы Құдайға серік қостыру мақсатында бар өнерін салып көпқұдайшылдық ілімін неғұрлым жетілдіріп, заманауи озық ілім етіп ұсынып отыруға тырысады. Бұл оған ізгі ниетті, парасатты, білімді адамдардың өздерін қақпанына алдап түсіре отырып оларды бірден тозақтың түбіне жіберуге мүмкіндік береді.

Жаратушы Құдайға серік қосу тек үлкен күнә ғана емес, ол сондай-ақ кешірілмейтін күнә де болып табылады. Басқа күнәлар, олар қаншалықты зор болса да адамдар ол күнәлардің кешірілуінен үміт ете алады. Ал өзінен басқа нәрселерді Өзімен теңдес құдай етіп алып, оларға құлшылық еткендердің істерін Жаратушы Алланың кешірмейтіні жөнінде мынадай аят бар:

Алла (Т.) Өзіне ортақ қосылуды кешірмейді де, бұдан өзге қалаған кісісін кешіреді. Кім Аллаға ортақ қосатын болса, расында, ол жала қойып зор күнәлы болды. Құран Кәрім. Ниса 4:48

Аллаға серік қосушылық істер кешірілмейтін болғандықтан олар міндетті түрде жақсы амалдардың сауаптарын шайып кетіп отырады. Яғни, адамның серік қосушылық істері оның істеген жақсы істерін жоя отырып оны түпкі, ақирет нәтижесінде зиянда қалдыратын болады.

(Мұхаммед): «Маған Алладан басқаға құлшылық қылуды бұйырасыңдар ма? Әй надандар!» де.
Расында, саған да, сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаға ортақ қоссаң, әлбетте, амалың жойылып кетеді де анық зиянға ұшыраушылардан боласың» деп уахи етілді. Құран Кәрім. Зумар 39:64,65

Егер олар ортақ қосса еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді. Құран Кәрім. Әнғам 6:88

Ал еш сауапсыз, немесе сауабы аз болған күйде Алланың алдына барған адамның ақирет күні халі мүшкіл болады. Сол себепті де адам баласының игілігі үшін тиянақталған Ислам діні бойынша Жалғыз Жаратушы Құдай болып табылатын Алладан өзгелерге құлшылық етуге қатаң тиым салынады. Адам баласы Жалғыз Жаратушы болып табылатын Жалғыз Құдайға құлшылық етуге тиісті. Бұл адам баласы жаратылғаннан бері үгіттеліп келе жатқан ақиқат. Бұл жайында Құранда көптеген аяттар бар. Соның бірі мына аят:

(Мұхаммед Ғ.С.) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір құдай жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар» деп қана уахи етіп жібердік. Құран Кәрім. Әнбия 21:25

Жаратушы Жалғыз Құдайға ғана құлшылық етудің қажеттігін ұқтыру үшін қаншама елшілер жіберіліп, небір кереметтер көрсетілсе де, қанша қауымдар апатқа ұшыратылып, жойылып жіберілсе де, ұғынықты түрде баяндалған, анық аяттары бар Кітаптар берілсе де бұл ақиқат көптеген адамдардың көкейлеріне қонбайтын ақиқат болып табылады. Олар бұл ақиқатты қабылдаудан қасарыса бас тартады.

«Құдайларды бір-ақ құдай қыла ма? Әрине, бұл тым таңғажайып нәрсе». Олардың бастықтары келіп: «Жүріңдер, өз құдайларыңа сабыр ете тұрыңдар. Сөз жоқ, бұл бір мақсатты нәрсе». «Тіпті, бұны біз өзге дінде естіген емеспіз. Бұл мүлде бір жасанды жол». Құран Кәрім. Сад 38:5-7

Бір Алла зікір етілсе ақыретке сенбегендердің жүректері жиренеді. Ал қашан Алладан өзгелер зікір етілсе олар қуанады. Құран Кәрім. Зумар 39:45

Олардың көбі Жалғыз Жаратушының бар екеніне сенсе де Оның Жалғыз Құдай екенін мойындаудан бас тартады. Осылайша олар Жалғыз Жаратушы Құдайға серік қосумен болады.

Олардың көбі серік қосқан түрде ғана Аллаға сенеді. Құран Кәрім. Йусуф 12:105,106

Жаратушынының жалғыз екендігі мойындалса да Оның жалғыз құдай екендігін мойындамау Тәңіршілдік дініне де тән. Тәңірі, ұмай ана, от анаға, жер-су, аруақтар тәрізді көптеген жалған құдайларға құлшылық ету тәңіршілдік дінінің өзегі болып табылады. Бұл жағдай тәңіршілдік дінінің адам баласын Жаратушыға серік қостыру мақсатында қалыптасқан Ібілістік адасушылық дін екенін анықтайды.

9. Жаратушыға серік қосудан басқа да зор күнә

Жаратушы Аллаға серік қосу үлкен күнә. Бірақ, Ібіліс үшін адам баласын бұл күнәға тарту да аз көрінеді. Сондықтан да ол адам баласын мұнан да зор күнә жасатуға тырысуда. Ол күнә - Жаратушы Құдайға қарсы шығу күнәсі. Негізінде, Жаратушы Құдайға серік қосу да қарсылыққа жатады, бірақ мұндай әрекетке адамдардың көбісі білместікпен барады.

Олар Жаратушы Құдайдан өзгеге құлшылық етудің адасу екендігін білмейді. Және олар қандай істердің серік қосу істері екендігін де ажырата алмайды, немесе олар ширктің қандай ауыр күнә екендігін жете түсінбегендіктен де өз істеріне аса мән бермейді. Сол себепті де олардың мұндай қарсылықтары шын мәнінде надандықпен жасалатын қарсылық болып табылады.

Саналы түрде қарсылық жасайтындарға Жаратушының Жалғыз Құдай екенін жақсы түсінетін, және қандай істердің оған серік қосу болып табылатынын да жақсы білетін, бірақ белгілі бір себептермен Жаратушыға қарсы келген жандар жатады. Құранда бұлардың мысалына Таураттағы Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) жайындағы хабарларды күншілдікпен әдейі жасырған еврей кітапшыларын келтіреді. Олар соңғы пайғамбардың келгенін, сол арқылы адамзатқа соңғы Кітап Құран түсіріліп, толықтастырылған Исламның берілгенін адамдардан жасыра отырып Аллаға қарсы келді.

Әй Кітап иелері! Өздерің көріп, біле тұра Алланың аяттарына не үшін қарсы келесіңдер? Құран Кәрім. Әли Имран 3:70

Негізінен бiз ашық үкімдерді, әpi тура жолды Кітапта адамдарға баян еткеннен кейін жасырғандар, соларға Алла лағынет етеді, әpi барлық лағынет етушілер лағынет етеді. Бірақ тәубе еткендер, жасаған істерін түзеткендер, және шындықты баян еткендер басқа. Міне солардың тәубесін қабыл етуші, ерекше мейірімдімін.

Расында сондай қарсы келгендер және қарсы болған күйде өлгендер, міне соларға Алланың лағынеті, әpi періштелердің, және біртұтас адамдардың лағынеті болады. Олар лағынетте мәңгі қалады, олардан азап жеңілтілмейді де оларға мұрса берілмейді. Құран Кәрім. Бақара 2:159:162

Бұл аяттарда Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.), және ол әкелген ақиқатқа деген қарсылықтарын Аллаға деген қарсылыққа айналдырып алған, және сол қарсылықтарында өлген еврейлер жайында баяндалған. Дегенмен де бұл аяттар жалпы Алланың бірлігіне, Пайғамбардың хақтығына иман келтірген соң белгілі бір себептермен қайтадан көпқұдайшылдыққа қайтқан барлық адамдарды да қамтиды. Өйткені, адамдардың иман келтіруі, және иман келтіргендердің кейбіреулерінің жолдан тайып Аллаға серік қосулары ақиретке дейін жалғаса беретіні анық.

Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады.
Аллаға иман келтіріп Пайғамбардың хақтығына куә болған соң, әрі оларға ашық дәлелдер келген соң қарсы шыққан қауымды Алла қалайша тура жолға салады? Алла залым елді тура жолға салмайды. Міне солардың жазалары, шәксіз оларға Алланың, періштелердің әрі біртұтас адамдардың қарғысы болады.
Олар қарғыста мүлде қалады да олардан азап жеңілтілмейді және оларға назар аударылмайды. Бірақ, сонан соң тәубе еткендер және де амалдарын түзелткендер басқа. Расында Алла (Т.) аса жарылқаушы, ерекше мейірімді.
Ал сондай иман келтіргеннен кейін қарсы болғандар және қарсылықтарын арттырғандар, олардың тәубесі әсте қабыл болмайды. Міне солар жолдан адасқандар. Құран Кәрім. Әли Имран 3:85-90

Бұл аяттарда нақты Ислам діні аталып, Аллаға иман келтіру мен Оның Пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығының хақтығының айтылуы бұл аяттың мұсылмандарға да қатыстылығын анықтайды. Яғни, иман келтіргеннен кейін қайтадан мүшірікке айналған мұсылмандарға да Алланың, періштелердің, әрі біртұтас адамдардың қарғысы болады. Және мұндай қарсы болғандар, және қарсылықтарын арттырғандардың тәубелері қабыл болмайды. Ал төмендегі аят бойынша бұл пікір онан әрі нақтылана түседі.

Әй мүміндер! Аллаға, Пайғамбарына, және оған түсірген Құранға, сондай-ақ одан бұрыңғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер. Ал кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, және ақырет күніне қарсы шықса, сонда тым алысқа адасты.
Негізінен сондай иман келтіріп сонсоң қарсы келгендер, тағы иман келтіріп, және қарсы шыққандар, сонан соң қарсылығын арттырғандар, міне, Алла соларды кешірмейді де, тура жолға да салмайды. Құран Кәрім. Ниса 4:136,137

Бұл аяттарда Аллаға, оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, және ақырет күніне иман келтіргеннен кейін имандарынан айырылған, сонан соң қайта иман келтіріп, қарсылығын арттырғандарды Алланың кешірмейтіндігі айтылады.

Бұлардың қарсылықтарының мүшіріктердің қарсылықтарынан айырмашылығы мүшіріктер Алланың бірлігін, Оның періштелерін, кітаптарын, елшілерін, және ақырет күнін мойындаудан әуелден бас тартса, бұлар Алланың бірлігін мойындап Аллаға бойұсынғаннан кейін қарсылыққа қайтады. Және бұл жерде жай ғана қарсылық емес, арттырылған қарсылық жайында айтылуда. Сол себепті де олардың күнәлары мүшіріктің күнәларынан да ауыр деген пікір туындайды. Бұл пікірді олардың тәубелерінің қабыл болмайтыны, оларды Алланың кешірмейтіндігі жөніндегі аяттар бекіте түседі.

Енді осы пікірдің желісімен тәңіршілдік дініне қайтып оралар болсақ, онда қазақ халқының Ислам дінін тастап осынау көпқұдайшылдық, Аллаға серік қосушылық дініне қайтып оралуы шын мәнінде оның Аллаға иман келтіргеннен кейін қарсылыққа қайту болып табылатыны сөзсіз. Демек, Ібіліс мұсылман болып табылатын қазақ халқын тәңіршілдік діні арқылы қарсылыққа қайтарып оны Алланың, періштелердің, және біртұтас адамдардың лағынетіне ұшыратуға тырысуда.

10. Қазақ мұсылман халық

Тәңіршілдер қазақ халқының төл діні тәңіршілдік діні деп санайды. Сондықтан да олар қазақтардың мұсылмандықтарын қабылдамай оларды тәңіршілдік дініне қайтаруды өздеріне басты мақсат етіп алған.

«б) вернуться в исконное тенгрианство = язычество!» (А. Атабек. «Сердце Евразий, или Великий Арийский Каганат Алтын-Орда». Глава 26. Тенгрианство, язычество и Авраамические религий.)

Тәңіршілдік - қазақ халқының Ислам дініне дейінгі ұстанған діні екендігіне еш күмән жоқ. Бірақ, қазақ даласына Ислам діні келіп жеткеннен соң қазақ халқы бұл жаңа дінді өз еркімен қабылдағаны тарихи шындық. Өйткені, кең жазира даласында көшіп-қонып жүрген азат, әрі жауынгер халық қазақ халқына бұл дінді күштеп таңу мүмкін емес. Сондықтан да бұл қазақ халқының ерікті таңдауы болды десек еш қателеспейміз. Әрине, тәңіршілдердің бұған қарсы айтар өз уәждері бар. Мысалға, Арон Атабек қазақ халқының Ислам дінін қабылдауға қарсылығы жөнінде мынадай дәлел келтіреді:

«В 1312 году власть в Золотой Орде перешла к хану Узбеку, который объявил Ислам государственной религией. Сторонники тенгрианства встретили это нововведение в штыки: “Ты ожидай от нас покорности и повиновения, а какое тебе дело до нашей веры и исповедания, каким же образом мы покинем закон и ясак Чингис-хана и перейдем в веру арабов?”,- заявили 120 царевичей (родные, двоюродные, троюродные братья Узбека), отказавшиеся предать веру отцов - и были коварным образом убиты на пиру (по Тизенгаузену; см. также труды Р.Безертинова). Остальные тенгрианцы из высшего сословия вынуждены были бежать на Русь - так появилось практически все русское дворянство» (см.: Н.Баскаков, Р.Безертинов и др.). (Тенгрианство - основа национального самосознания казахов. Арон Атабек)

Бұл дерек қазақ халқының Ислам дінін еріксіз қабылдағанына еш дәлел бола алмайды. Біріншіден, Ислам дінін қабылдау шешімі қазақ халқының заңды басшысы Өзбек ханның шешімі. Ол халық үшін жауапты, сол себепті де оның халық атынан шешім қабылдауға толық құқығы бар. Екіншіден, тәңіршілдік дінінен қол үзгісі келмеген Шыңғыс ханның ұрпақтарының өлгендері өліп, өлмегендерінің бассауғалап орыс патшасын паналауы оларды халықтың ешқандай да қолдамағынын аңғартады. Егер сол кездегі қазақтар тәңіршілдік дінінен бас тартуды қаламаса олар тәңіршіл сұлтандарды қолдап Өзбек ханды тағынан тайдырған болар еді. Бірақ, олар Өзбек ханның шешіміне еш қарсылық көрсетпестен Ислам дінін қабылдады. Бұл шын мәнінде қазақ халқының Ислам дінін жатсынбай өз еркімен қабылдағанын аңғартады.

Жалпы, «қазақ халқы Ислам дінін қабылдағанмен, шамандақпен астасқан тәңіршілдіктен де түпкілікті қол үзіп кете қоймады, сол себепті де оның мұсылмандығы күмәнді» деген пікірдің де бар екені рас. Әрине, бір жерге ұйыса қоныстанып, мешіт ұстамағандықтан діни ұстаздар түгел қарапайым молдаларға да жарымаған көшпенді халықтың белгілі бір шамада діни сауатсыз болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Және ауа-райы суық, қысы қатаң аймақтарда киіз үйде тұратын қазақтар үшін намаздың басты шарттарының бірі болып табылатын ғұсыл алудың қиындығы да олардың намаз парыздарын өтеулеріне қиындық тудырғанын ескеру керек.

Осы тәріздес себептермен Ислам дінінің шарттарына толық сай бола алмағанмен де қазақтардың өздерінің мұсылман екендіктеріне деген сенімдері мықты болды. Мұның дәлелі, олар патшалық Ресейдің отарлаушылық әрекеттеріне қарсы мұсылман халық ретінде ғазауат қарсылықтарын жүргізді. Бұл соғыстар мен көтерілістердің түгелдей дерлігін бес уақыт намаз оқып дін ұстанған хандар мен сұлтандар, дінбасылар, билер мен батырлар басқарды, сол себепті де бұл қарсылықтарда діни сипат басым болды. Және қазақ халқы Ресей патшасының шоқындыру саясатына да мұсылмандар ретінде наразылық танытып, Ислам дініне беріктік танытты. Олардың өз діндеріне беріктігін орыс миссионерлерінің өздері мойындаған.

Қазақтардың мұсылмандығына шәк келтіретіндер олардың көпшілігінің мұсылмандық бес парызды орындамайтындарын да алдыға тартады. Бірақ, қазақ халқы ұстанатын Ханафи мазхабының ақидасы бойынша адамның мұсылман саналуы үшін оның «Алладан басқа құдай жоқтығына куәлік беремін, және Мұхаммед с.ғ.с. Алланың құлы, әрі елшісі екендігіне куәлік беремін» деген кәлима шаһаданы жүрекпен түйсініп тілмен бекітуі жеткілікті. Ал парыз істерді орындап, орындамауы оның иманды, не имансыз екенін анықтамайды. Өйткені, Ханафи мазхабы бойынша намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау, қажылыққа бару тәрізді мұсылмандық парыздарды орындау иманның шартына енбейді. Яғни, оларды орындамаған адамдар да мұсылман болып саналады. Әрине, бұл парыздарын орындамаған мұсылмандар сол үшін Алла Тағаланың алдында жауапты болып өздеріне үлкен күнә жүктейді, бірақ олар сол үшін діннен шығып кәпір болмайды.

Осы тұрғыдан алғанда мұсылмандық парыз амалдарын толық атқарып жүрмеген көптеген қазақтардың да мұсылман екендіктеріне еш күмән жоқ. Өйткені, олар «Алладан басқа құдай жоқтығына куәлік беремін, және Мұхаммед с.ғ.с. Алланың құлы, әрі елшісі екендігіне куәлік беремін» деген кәлима шаһаданы жүрекпен түйсініп тілмен бекітеді. Соған орай олар өздерін мұсылман сезінеді. Және олардың намаз оқып, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару тәрізді парыздарды орындаудың қажеттігін түсініп болашақта оларды толық орындауға ниет қойып жүргендері де анық. Және Рамазан айында ауыз бекітіп, зекеттерін беріп, шама шарықтарынша парыздарын толықтырып келе жатқандары да аз емес.

Жалпы, кім не десе де қазақ халқы XXI ғасырға мұсылман ұлт ретінде енді. Дүниежүзі халықтары оның мұсылман ұлт екенін толық мойындайды. Және Ислам діні Қазақстан республикасында ресми түрде басымдық берілген дін. Сондай-ақ, ол Ислам Конференциясы Ұйымының белді бір мүшесі болып оған төрағалық етуде. Мұның бәрі де қазақ халқының Ислам дінін ұстанатын мұсылман халық екендігінің нақты дәлелдері болып табылады.

Мұндай жағдайда қазақ халқының бірқұдайшылдық діні Ислам дінінен бас тартып көпқұдайшылық, пұтқа табынушылық діні тәңіршілдікке қайтуы шын мәнінде оның қарсылыққа қайтуы болып табылар еді. Бұл қарсылық иман келтіргеннен кейінгі, яғни Аллаға, оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, және ақырет күніне иман келтіргеннен кейін қарсылық. Сондықтан да бұл қазақ халқын Алланың, періштелердің, әрі біртұтас адамдардың қарғысына қалдыратын қарсылық болып табылады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий