воскресенье, 26 апреля 2015 г.

Ойлы аңыздар



Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

1. Баяғы өткен заманда даналыққа ден қойған бір кісі болыпты. Таң атқаннан күн батқанша күйбең тірлікпен жүретін ол бір күндері өзінің күннен күнге ақиқаттан алшақтап, санасының тұманданып бара жатқанын байқапты. Сол себепті де ол өзіне шындықты шындық күйінде көрсететін ақиқат айнасын алдырыпты. Сонан ол көкірегі өсіп тасына бастаған, немесе, қайғы-мұңға беріліп еңсесі басыла бастаған кездерінде сол айнаға көз салып тәубесіне келіп, шүкірлік етіп, туралық табады екен.

Күндердің күнінде ол кісіге дүниеден өтер кез таяпты да, енші бөлісе бастаған кезде балалары арасында ақиқат айнасы үшін үлкен дау туған екен. Олар іштарлықпен айнаны бір-біріне қимай, әрқайсысы да оның тек өзінде ғана болғанын қалапты. Содан олардың келісімге келе алмай араларына араздық кіре бастағанын көрген соң әкесі ойлана келе балаларына өзінің мынадай шешімін айтуға мәжбүр болыпты.

«Егер өзара келісе алмасаңдар, онда сендер бұл айнаны сындырыңдар да бөліп алыңдар. Бірақ, сол сынықтардан ақиқатты көре алмай бет-беттеріңе лағып қатты адасарсыңдар. Бастарыңнан азап пен қорлық арылмай, тер мен жастарыңа да тұншығарсыңдар. Сонда сендерге тұтас айнаның қадірі өтер. Сол кезде сендер ойланып, айна сынықтарын жинастырып, құрастыра бастарсыңдар. Ал, қазір дегендерің болсын, сындырыңдар да бөліп алыңдар!» депті.

Содан Ақиқат айнасының қиратып, әрқайсысы бір-бір бөлшектен иемденіп, көңілдері әбден жайланған оның тоңмойын балалары бет-беттеріне көшіп, жан-жаққа тарап кете барыпты.

***

2. Сонау бір өткен заманда, бір қауым елде айна атаулының небір түрі болса да шындықты шындық күйінде көрсететін нағыз айна болмаған екен. Содан бір күні осы елге бар нәрсені еш бұзбай айқын көрсететін ақиқат айнасы әкелініпті. Сонда осы кезге дейін небір сапасыз, қисық айналарды пайдаланып, соның салдарынан өздері жайында небір жаңсақ пікірлерде жүрген осы елдің халқы ақиқат айнасына қарап неше түрлі сезімдерді бастан өткере бастапты. 

Біреулер айнаға қараған сәтте өздерінің шын бет-бейнелерінен шошынып «Жоқ, мен мұндай емеспін, бұл өте нашар айна, мұндай айнаның бізге қажеті жоқ» деп айнаға өшігіп, амалын тауып оны сындырып тастауды ойлай бастапты. Ал екінші біреулердің айнаға қараған сәтте көңілдері қатты бұзылып, оған өздерінің де қарағылары келмей, өзгелердің де оған қарағанын қаламай, айнаның көзден таса жерде ұсталғанын жөн көріпті. Ал үшінші біреулер болса айнаға қараған соң өз кейіптерінен өздері қысылып, үсті-бастарын ретке келтіріп, өздерін дұрыс ұстап, дұрыс жүріп-тұруды үйрене бастапты.

Осылайша Ақиқат айнасы біреулерге ұнап, енді біреулерге ұнамай жатса да ол өз міндетін тиісінше атқарумен болыпты. Сол арқылы әр адам өзінің шын бет-бейнесімен танылып, кімдердің кім екені анықтала бастапты.

***

3. Ертеде бір бай өзінің ержетіп келе жатқан ерке ұлын еңбекке баулып, оған қажетті тәлім-тәрбие беру мақсатында оны бір мезгіл өз иелігіндегі бау-бақшаға жіберіп тұруды ұйғарыпты. Содан байдың баласы жемістері төгілген ағаштары, сылдырай аққан мөлдір бұлақтары, тамылжыта сайраған құстары мен алаңсыз жайылған жан-жануарлары бар осынау әсем бақта өз бетімен қала бастапты. 

Жемістерден қалауынша үзіп жеп, бұлақтан қанғанынша су ішіп, ұйқысын әбден қандырып алған соң ол зерігіп ермек іздей бастаған екен. Содан қызық үшін аң-құстарды үркітіп, олардың қашқанына елігіп, қиқулап тас ата қуған бала бейбіт жатқан осынау бақтың астан-кестеңін шығарыпты. мұнымен қоймай күннен-күнге бұзықтықтардың неше түрін ойлап тауып бетімен кеткен ол кеш батқанша бау-баққа біраз бүліншілік істеп үлгеріпті.

Осылайша бұл бала әр келген сайын бақты ойрандап, аздырумен болыпты. Соның нәтижесінде уақыт өте келе осынау әсем бақ ағаштары қурап, бұлақтары бітелген, аң-құстары үркіп бет-беттеріне безіп кеткен өлі баққа айналыпты. Ендігі жерде байдың баласына да бұрынғыдай көңіл көтеріп, асыр салып ойнамақ түгел, тамағын тауып жеудің өзі қиынға айнала бастапты. Бейнеті басынан аса бастағаны соншалықты, кейбір кездерде мұндай тірліктен қатты қажып, түңіліп кететін жігіт өзінің осынау бағынан қашып үйге қайтып оралуды ойлайды екен.

Содан сүреңсіз бақтан әбден запы болған байғұс жігіт бір күні әкесінің аяғына жығылыпты да «Әке, сол қараң қалған бақта мен не жоғалтып едім, неге маған үйде болуға рұқсат бермейсің?»-деп өксіп тұрып жылапты. Сонда әкесі оған ренішпен «Әй, балам-ай! Қалай түсінбей жүрсің? Сол «қараң қалған» бақта сен өзіңді жоғалтқан жоқсың ба? Мен де сонда өз ұлымды жоғалтқан болатынмын. Енді сол бақ қайта қалпына келмейінше сенің де менің балам ретінде үйде қалуға құқығың жоқ!»- депті. Сонда ғана өз кінәсін түсіне бастаған жігіт тәубеге келіпті де, өз қолымен аздырған бағын өз қолымен қайта қалпына келтіруге бекініпті.

Содан ол баққа әр келген сайын бел жазбай еңбек етіп бұлақтардың көзін ашып, жылғаларын тазартыпты, ағаштарды баптап, жаңадан жас шыбықтар отырғызыпты. Бірте-бірте шырайы кіріп құлпыра бастаған бау-баққа аңдар мен құстар да қайтып оралып, сәніне ән қосып шаттыққа толтырыпты. Бейбіт еңбек етіп өздеріне жағдай жасап жатқан жігітке де бойлары үйрене бастаған олар, оған іш тартып, үйірсектей бастапты.

Содан баласының үйге бұрынғыдай бірде жабырқау, бірде ызалы қайтпай, шаршаңқы болса да ақжарқын кейіпте қуана оралып жүргенін байқап жүрген бай бір күні баққа өзі барып оның себебін білмек болыпты. Баққа еніп, оның бұрынғыдан да бетер құлпырып кеткенін көріп риза болып келе жатқан бай бір алма ағашының саясында демалып отырған баласын байқапты. Жұмыстан шаршап, бұлақ басында салқындап отырған жігіттің төбесінде бұлбұл сайрап, алдында ақтиін ойнап, көздері мөлдіреген сүп-сүйкімді еліктің лағы оның бетін жалап еркелеп тұр екен.

***

4. Дүние деген бір аймақты тірлік пен жұмақ деп аталатын екі жағалауға бөліп буырқана ағып жатқан қасірет деген өзен бар екен. Сол өзеннің тіршілікке жайсыздау болып келген тірлік жағалауын бір ел мекен етіпті. Осы жағалаудың шектеулі қызықтарын қанағат тұтпай, көңілдерін мазалап арман болған жұмақ қызығын көруге ынтыққан осы елдің тұрғындары әрқайсысы өз шама- шарықтарынша қамданып жұмақ жағалауына жетуге әрекет жасайды екен. 

Біреулер жабылып қасірет өзенін тосуға тырысса, біреулер бірігіп көпір салуға кірісіпті. Бірақ, тосқандар жайылған суға, ал көпір салғандар көпірлерін шайған суға батумен болыпты. Біреулер сал, қайық, кеме жасап әуре болса, енді біреулер оларды тартып алуға тырысып бірін-бірі аяусыз суға батырумен де болыпты. Біреулер өзеннен өтудің небір қисынсыз жолдарын ұсынып, өздерінікін өзеурей дәлелдеп, өздерімен бірге талай желөкпелерді де су түбіне ала кетіпті.

Осылай жекелеп те, топталып та талап қылғандар өте көп болыпты. Бірақ, арғы бетке жетіп, жұмақ жағалауына аяқ басқандар болмапты. Өйткені, қан мен жастан тұратын қасірет өзені шыдамсыздарды кешірмейтін еді. Өйткені, оларға «Тірліктеріңде төзімділік танытып шектен шықпаңдар, шүкірлікті біліп құлшылықтарыңды ұмытпаңдар, сонда күндердің күнінде қасірет өзені өзі тартылып жұмақ сендердікі болады» деп ескертілген болатын.

Бірақ ол ескертуге құлақ асқандар аз болды. Сол себепті де өзен тартылып, жұмаққа жол ашылған кезде бергі бетте төзімділік танытып шектен шықпаған, шүкірлікті біліп, құлшылықтарын ұмытпаған Уәде етуші үшін өте қадірлі кішкентай ғана топ қалған еді.

***

5. Өткен заманда бір топ адам белгілі бір орынға, белгілі бір уақытқа жұмысқа жіберіліпті. Бірақ, жұмыс орнына келіп әбден жайғасып алған соң олардың көпшілігі өздеріне тапсырылған жұмыстарды істегілері келмей бастарын ала қаша бастапты. Араларындағы басшылары «Бұл тынығып, немесе, сауық-сайран салатын жер емес, өз міндеттеріңді тиісінше атқарыңдар, сонан соң біз арнайы дайындалған орындарға барып, қалауымызша демалып, думан құратын боламыз»-деп үгіттеп, жөнге салуға тырысса да олар өз басшыларын тыңдаудан бас тартыпты. 

Олар «Бізге жоғарғы жақтан өздері келіп ешкім де ондай уәде берген жоқ, ал, сендерге сенетіндей сендер кім едіңдер? Сендердің білгендеріңді біз де білеміз, бізге жөн айтпаңдар!»- деп салғыласыпты. Және «Біз өз ерікімізбен жүріп-тұрып, қалауымызша көңіл көтеретін боламыз, бізде шаруаларың болмасын! деп қарсылық та көрсетіпті.

Содан жұмыс істеуге барғандардың көпшілігі бар шаруаны жиып қойып, ойнап-күліп күн өткізумен болыпты. Егер басшыларына бой ұсынып, тәртіп сақтап, іспен айналысқандар болмаса, мұндай бетімен кеткендердің бейбастақтықтары мүлде шектен шығып, бұл жерде небір сұмдықтар орын алған болар еді.

Міне, осылайша біреулер алға, біреулер кері тартып, бір-бірімен арпалысып жүргенде белгіленген мерзім де бітіп, жоғарғы жақтан іс қабылдаушылар келіпті. Бәрінен есеп ала бастаған олар әуелі басшылары мен оларға бой ұсынған жұмысшылардың істерін тиісінше бағалап, еңбектеріне қарай түрлі демалыс орындарына бөліп, оларды риза етіпті.

Сонан соң олар өкініш пен қорқыныштан естері шығып, өз кезектерін күтіп безектеген байғұстардың айыптарын мойындарына іле бастапты. «Сендер айтқанға сеніп, ақылға келмедіңдер, басшыларыңды тыңдап, тәртіпке көнбедіңдер. «Бізге демалыс болмайды» деп кергіп жұмыс орнын сауық орнына, ал жұмыс уақытын сауық уақытына айналдырып алдыңдар. Онымен де қоймай небір бұзықтықтар істеп шектен де шықтыңдар. Енді сендерге шынымен де демалыс жоқ. Енді сендер үшін ауыр да азапты құлдық жұмыс басталады!» депті.

Содан соң жақсылықтан күдерлері үзіліп, шарасыздықтан өкіріп-бақырған айыптылардың аяқ-қолдарына кісен салыныпты да, ешқандай аяушылықты білмейтін қатігез күзетшілер оларды ұрып-соға отырып ауыр да азапты жұмысқа айдапты.

***

6. Баяғы өткен заманда бір қауым ел жақсы қоныс іздеп алыс жаққа көш түзепті. Оларды бастап шыққан басшылар бағыт-бағдарды жақсы білетін білімді жандар еді, бірақ жүре келе олардың біліктіліктерінен күманданып өз беттерімен жол тапқысы келетін неше түрлі білгіштер де пайда бола бастапты. Ол білгіштер «дұрыс жолды біз ғана білеміз!» деп дау-дамай тудырып, өз алдарына топ құрап алып, біртіндеп жалпы қауымнан бөлініп шыға бастапты. Оларға «көпшілікті ұстаныңдар, көпшілік адаспайды» деген уәж келтіріліп, тоқтау айтылса да, олар өздерінікін жөн санап ақылға келмейді екен. 

Міне, осындай бұра тартушылардың үгіттерін көп тыңдап көңілі ауытқып жүрген бір бозбала бір күні сондай топтардың біріне еріп үлкен қауымды тастап шығыпты. Содан өздерінің қалаған бағыттарына түсіп аз-кем жүрген соң жікшілдік дертіне шалдыққан бұл топтың адамдарының арасында өзара дау шығып, бір-бірімен көріспестей болып бет жыртысқан олар екіге жарылып кетіпті.

Екі топтың бірін таңдаған бозбала аз-кем жүрген соң бұл топтың ішінен де дау шығып олардың да екіге бөліне бастағанын көрген кезде қатты ойлана бастапты. «Бұлар бүйтіп бөліне берсе бір күні айдалада жалғыз қалып сүйегім көмусіз қалатын түрім бар. Қой! Кеш болмай тұрған кезде өз қауымыма жетіп алайын!» Осылай деп шешкен бозбала үлкен қауымға қайта қосылуға асыққан екен.

***

7. Ертеректе түні де ұзақ, күні де ұзақ бір ел болыпты. Сондай ұзақ түндерде жарығында отырып өздерін де, бір-бірлерін де танысын, кір-қоңдарын көріп олардан арылсын деп осы елдің адамдарына үлкенді-кішілі шамдар таратылып беріліпті. Сонда олар үлкенді-кішілі сарайлар тұрғызып, олардың төріне бір-бір шамнан қойыпты да, өздері сол сарайларға бөлініп, шамды ортаға алып бас қосып отыруды әдетке айналдырыпты. 

Осындай көптеген сарайларға бөлінген адамдардың әрқайсысы тек өз сарайлары мен өз шамдарын ғана мақтап, бір–бірімен дауласып, тіпті, бір-біріне жауыға да бастапты. Ал, шам атаулыны мүлде жақтырмай жарықтан қашатын, қап-қараңғы түндерде қара істер жасап, қап-қара болып жүргенді өте ұнататын жандар болса олардың бар кемшіліктерін теріп, оны жарықтың зияндылығы ретінде түсіндіріп, бірін-бірі жарықпен қорқытады екен.

Осылайша қараңғы түн аясында талай ұрпақ ауысып, күннің жарығы, оның шуағы дегеннің қандай болатыны ұмытылған кезде түн бітіпті де арайлана шапағын шашып күн шығыпты. Бірақ, түннің қараңғылығы мен оның ызғарына бойлары үйреніп, түн тіршілігіне бейімделіп кеткен адамдар көздерін қарықтырып, бойларын қыздырған күн нұрынан қауіптеніп, одан сақтана бастапты.

Жарық пен жылуды мүлде жақтырмайтын жандар жарық түспейтін түрлі баспаналар салып, терең үңгірлер қазып алып, жерастылық тірлікке көше бастаса, жарық пен жылуды сүйеді деп есептелініп келген жандардың өздері де сарайларына тығылып, ұйлыға бастаған екен. Олар өздері ұнататын шамның жарығымен өтетін әдет-ғұрыптарын қия алмай, сарайларының терезелерін қымтап, қолдан қараңғылап алыпты да, шамдарын қоршап отыратын өздерінің үйреншікті отырыстарын жалғастыра беріпті.

 * * * 

8. Ерте заманда ақжүрек деген бір тайпа ел болыпты. Осы ақжүрек тайпасын құртып, оның қонысын иемденуді көздеген көршілес қаражүрек деген тайпа оған үздіксіз шапқыншылық жасап маза бермейді екен. Бірақ, бауырмал, сондықтанда ауызбіршілігі мықты жаугер тайпаны күшпен алу мүмкін емес еді. Сондықтан да ұзаққа созылған қантөгістен әбден титықтаған қаражүрек тайпасы енді қулыққа жүгініп, айламен алмаққа бекініпті де, ақжүрек тайпасына бітім ұсыныпты. 

Содан күндердің күні ел іргесі бүтінделіп, мамыржай тірлік кеше бастағандай болған ақжүрек тайпасында тағы да «Аттан, аттан! Жау шапты!» деген ұран көтеріліпті. Аяқ астынан дүрлігіп, өре түрегеліп, жаппай атқа қонған ер-азамат қабақтарын қарс жауып, жауға қарсы аттаныпты. Жауар бұлттай түнеріп, екпіндетіп ел шетіне жеткен қалың қол алдынан жасанған жау емес, ирелеңдеп шыққан бейбіт керуенді көргенде аң-таң болып абдырып қалыпты. Небір көздің жауынын алған әсем бұйымдар мен мес-мес арақ-шарап артылған түйелерді жетелеген күлімкөз сұлулар «елміз, батырлар, елміз!»- деп сылқылдай күліп қарсы алғанда іштері майдай еріген батырлар «Ой, Тәңір-ай! Қорыққанға қос көрінеді деген осы да, жау мен елді айыра алмай не болды соншама»- деп бірін-бірі кіналай бастапты.

Содан сол керуен ел ішіне еніп алып саудасын жасай бастапты. Бүткіл ақжүрек тайпасының тайлы-тұяғы да қалмастан керуенді төңіректеп, ондағы молшылыққа бастары айналып, естері кеткендері соншалықты, қолдағыларының бәрін сонда тасып өздеріне ұнағандарын ала бастапты. Бірте-бірте дүние-мүлікке құнығып, арақ-шарапқа салынып, нәпсіге берілгендері соншалықты олар ар-ұятты мүлде ұмытып, бірінікін-бірі ұрлап, бірінікін-бірі тартып алып, өзара жауласа бастапты.

Елдің осылай азғындап, азып-тоза бастағанынан жау пиғылды танып, «Аттан, аттаныңдар! Жау шапты!»-деп ұран көтермек болғандар болса, саудагерлерге жарамсақтанған жұрттың өздері-ақ олардың ауыздарына құм құйып, елден аластайды екен.

Осындай құлқынға құл болғандардың көбейгені соншалықты ел жұтап, бар байлығынан, бар малынан айрылып, тақырлана бастапты. Ал, керуен болса тегін тезегін де алдырмайтын еді. Амал жоқ, олар құлқындарының қалауын қарызға алып борышқа да кіре бастады. Ал, борыштарын өтей алмағандар болса құлдыққа айдалып кетуден қорқып, жандары қысылғаннан ұрпақтарын саудалай бастаған екен.

Содан уақыт өте келе бір кездердегі бауырлары мен балалары үшін бауыр етін де кесіп беруге дайын бауырмал ел жал-құйрығы түгел күзеле бастаған бишара елге айнала бастапты. Осылайша айбынды да аңғал ақжүрек тайпасынан айласын асырып кеткен қаражүрек тайпасы атпай да, шаппай да өзінің көздеген мақсатына қол жеткізе бастапты.

* * *

9. Баяғыда жол торып, керуен тонаған, өздерінің жүрекжұтқан жанкештіліктерімен жұрттың зәре-құтын ұшырған екі қарақшы зорлық-зомбылық көрсетіп елдің берекесін қашырумен болыпты. Бір күні осы екі қарақшының аңызға айналған небір сойқандықтарына кішкентайынан қанығып өскен, соларға еліктеп, солар тәрізді елді тітіренткен қаһарлы қарақшы болуды армандап жүрген бір шикіөкпе бозбала оларды іздеп тауып алыпты да «О, батыр ағалар, мені де қастарыңа алыңдар!» деп жатып кеп жалыныпты. 

Сонда өзі түскен құрдымға өзгені де ала кетуді теріс көрмейтін пиғылы жаман бірінші қарақшы «Әп, бәрекелді! Міне жігіт!»-деп бозбаланы арқасынан қағып қолпаштай жөнеліпті. «Білекте күш, белде қуат тұрғанда жалғанды жалпағынан басу керек қой, екі рет өмір сүрмейміз, не керек ойланып» депті. «Қалауыңды берсе қолынан, бермесе жолынан тартып ал да ойнап-күліп сайранды сал. Не болса да соңара «түк қызық көрмедім» деп өкінбейтіндей болу керек қой» деп бозбаланың желігіне желік қоса түсіпті.

Сонда манадан бері қабағын қарс жауып үнсіз түнеріп отырған екінші қарақшы терең күрсініп алыпты да «Ай, інішегім- ай, сен білместікпен бізге қызығып жүрсің ғой»- депті. «Осы жүргенде бізді қайбір жетіскеннен түзде жортып, түн жамылып керуен торып жүр дейсің. Біз бір жаза басып тар сүрлеуге түсіп кеткен ызалы жандармыз ғой, болары болып, бояуы сіңген бізге еріп қайтесің. Біз ішкен уды енді сен ішпе, бауырым, ағаңның ақылын ал да үйіңе қайт!» деп бозбаланың өрепкіген көңілін су сепкендей басып тастапты.

Содан тағы біраз уақыт елдің шырқын бұзып, үрейін алған екі қарақшы ақыры қолға түсіпті де жұрт алдында жауапқа тартылыпты. Қазылар екеуінің де қылмыстарын мойындарына қойып, тиісті жазаларын кесіп істі тәмамдай бергенде топ арасынан баяғы бозбала шығыпты да, өзінің басынан өткен жайды баяндай келіп екінші қарақшы болмағанда өзінің де осылардың қатарында тұратынын айтыпты.

Сонда істің жайын бақылап, қадағалап отырған хан орнынан тұрыпты да екі қарақшыға қатысты өз үкімін жария етіпті. Оның үкімі бойынша өзінің бұзылғанымен қоймай өзгені де бұзуға тырысқан пиғылына орай бірінші қарақшы қауіпті қылмыскер деп танылып өлім жазасына кесіліпті. Ал, қолымен істеген қылмыстары қаншалықты ауыр болса да пиғылын бұзбаған екінші қарақшыға қатты риза болған хан оның жазасын жеңілдетіп, кінасын өтеуге мүмкіндік беруді бұйырыпты.

* * *

10. Баяғыда Ұят деген сәбиі бар Көңіл деген әйел болыпты. Ол өзі жеңілтек, жоққа әуес, елікпе қатын екен. Сол мінезімен тыншығып үйде отыра алмайтын ол Нәпсі деген қатынмен табысып, жақын араласа бастапты. Нәпсі қатынның майын тамыза айтатын әсерлі әңгімелерін ұйып тыңдап, оңаша қалған сәттерінде өзінің сүреңсіз сұрқай күндеріне қатты налитын Көңіл бір мезгіл тәтті қиялдарға батып, ғажайып сезім толқындарына армансыз шомылатын думанды тірлікті аңсай бастапты. 

Содан Көңілдің осындай беймаза күйде жүргенін аңғарып қалған Нәпсі қатын бір күні оған Зина-қорлық деген жылпос жігітті әкеліп таныстырыпты. Сөздері де, көздері де жылтыраған сымбатты да, сырбаз жігіт кейіпіндегі Зинақорлықты көргенде өзінің қиялындағы арманын жолықтырғандай болған Көңіл оны құлай сүйіп қалыпты. Кездесе қалған сәттерінде байғұс әйел Зинақорлықтан көзін ала алмай еміне қарап, ес-тұсынан айрылып, арбалып қалады екен. Ал, оның бұл қылығынан бір жамандықты сезетін Ұят сәбиі болса мұндай сәттерде қыңқылдап келіп шешесінің назарын өзіне аударып алуға тырысады екен.

Әуелгі кездерде баласына қарап өз қылығының ерсілігін сезінетін Көңіл бірте-бірте Зинақорлыққа деген құмарлығынан бас тарта алмай өзін тиғысы келетін баласын жақтырмауға айналыпты. «Ұят, Ұят деп осының қамын ойлаумен жүргенде бар қызықтан құр қалатын түрім бар. Сөйткен балам маған не рахат көрсетер дейсің!» деп оны қасынан қууды шығарыпты. Ал, Ұят баласы болса оған көнбей дауыстап жылай бастаған кездерде Зинақорлықтың ырқына берілуіне бөгет бола бергені үшін оны қатты жек көріп кететін Көңіл оны түкпірдегі бір бөлмеге апарып қамап тастауды әдетке айналдырыпты.

Содан Зинақорлыққа аңсары ауып, құштарлығы есін алған Көңіл қатын оған алаңсыз беріліпті де, Ұят баласы болса күндіз-түні шырылдап жылап бір қуыста жата беріпті. Оның осы халін біліп, оған жаны ашитын кейбір көршілері Көңіл қатынға «Ойбай-ау Ұятың өліп барады ғой, шырылдаған байғұс сәбиіңді аясаңшы, не болған саған?» десе, олардың айыбын бетіне басқан осындай сөздері шамына тиетін Көңіл қатын ондай кездерде шаптығып «Өлсе арам қатсын! Одан маған не қайыр, өзі де бір сондай сүйкімсіз, заржақ бала, қайдан шыққан бәле екенін білмеймін?»-деп баласын кіналап бетбақтырмайды екен.

Содан бір күні осынау қайрымсыз шешені көпті көрген Даналық деген қария іздеп келіпті де оған былай депті: «Сен қазір Ұят балаңнан көрі азғындаған арсыз Зинақорлықты артық көрудесің. Өйткені, сен оның тәтті құшағын қия алмай арбалып жүрсің. Бірақ, арыңа қап-қара қылып таңба басып, жаныңа терең етіп жара салып, алтын басыңды қор қылған кезде сен білерсің Зина-Қорлықтың кім екенін. Білерсің, бірақ одан құтылуың мұң болар. Оның басып кеткен таңбалары жас болып жанарыңнан төгіліп, салып кеткен жаралары от болып тәніңді шарпыған кездерде сен түсінерсің Ұят сәбиіңнің неге сонша шырылдап, дымы қалмай жылағанын!»

* * *

11. Баяғыда бір қожайын мен оның құлы болыпты. Қожайын иманды, оқыған-тоқығаны мол, пәк жан екен де, оның құлы болса, керісінше, имансыз, надан, әрі лас көңіл екен. Осы екеуінің де өздерінің сана-сезімдеріне қарай аңсайтын еркіндіктері бар екен. 

Құл тәтті қиялға беріліп: «Шіркін-ай! Ойыма келгенін істейтін еркіндігім болса еді. Сонда мен қалағанымды ішіп-жеп, қалауымша ойнап-күліп, құмардан әбден шығар едім. Шіркін-ай! Жалғанды жалпағынан басып сауық-сайран салып жүргенде «қой!» деп айтып қолымды қағар жан болмаса!» -деп армандайды екен.

Ал, оның қожайыны болса «Шіркін-ай! Осынау қолды байлап, басты көтертпейтін тірлік тауқіметінен қолым босап, уайымы арылмайтын мойындағы міндеттерден құтылып, өз еркім өзіме тиетін күн болар ма еді. Шіркін-ай! Еш алаңсыз Тәңіріме бас қояр едім!»-деп армандайды екен. Және, осы мақсатына тезірек жету үшін ол сабыр сақтай отырып, өз міндеттерін тиісінше атқарып, құлын тәрбиелеуге көп күш–жігерін салады екен.

* * *

12. Бір күні екі бала тоғайға жидек теруге барыпты. Тоғайға келген соң балалардың біреуі жидекті тойғанынша жеп алыпты да, қалған уақытын асыр салып ойнаумен өткізіпті. Ал, екінші бала болса күнұзаққа жидек теріп, себетін толтырып алуға тырысып, бел жазбапты. 

Содан кеш бата біреуі ойыннан, екіншісі жидек теруден шаршаған балалар үйлеріне қайтып оралыпты. Үйге келген соң жидекті көп қылып теріп әкелген бала одан күнде қалауынша алып жеп, жиған-тергенінің рахатын көрсе, үйге түк те әкелмеген бала болса аузының суы құрып оған қызыға қарайды екен. Және, онымен қоймай ана баланың теріп әкелген жидегіне ортақтасқысы келіп «Маған да бер!»-деп қақылдай бастапты.

Сонда жидегі бар бала айтады екен «Мен саған бос ойнағанша өзіңе жидек теріп алсаңшы, үйге барған соң не жейсің деп айттым ба? Айттым! Сен болсаң мені мазақ етіп дымымды қоймадың. Сонда мен саған «соңара менен жидек сұрама» деп ескерттім бе? Ескерттім! Сен сонда да ақылға келе қоймадың. Енді келіп не бетіңмен менен жидек сұрайсың!»- депті.

* * *

13. Баяғыда бір жолаушы шөл даланы кесіп өтпек болып, қамданып алыс жолға шығыпты. Алдында сайрап жатқан даңғыл жолы бар, ауыз суы да жеткілікті жолаушы өзіне-өзі сенімді еді. Бірақ, бірталай жер жүрген соң күн қыздырып, аңызақ аптаған жолаушы өзіндегі ішетін суды азсынып, рахаттанып шомылуды аңсай бастаған екен. 

Сол кезде ол өз тілегіне орай бір бүйірден шалқып жатқан көк айдынды байқапты. Бұл маңайда су жоқ деп естісе де өз көзімен көрмей ештеңеге де сенбейтін өркөкірек жолаушы көз ұшында ойнаған сағымға алданып тура жолынан бұра тартқан екен.

Көңілі алып-ұшып көл көрдім-ау деген шамаға жеткен кезде ол жерден су емес бедірейіп жатқан қу тақырды ғана тапқан жолаушы аң-таң болып аңырып қалыпты. Бірақ, өзінің қателескенін мойындағысы келмеген қыңыр сорлы бұл жердің суы мен жеткенше кеуіп кеткен екен деп өзін-өзі жұбата беріпті.

Сөйтіп, жолға түсуді мүлде ұмытып, дәмесі жетелеген жолаушы асығып-аптығып келесі көрінген сағымға қарай беттепті. Осылайша шөл далада сағым қуып сандалып жүргенде, өзінде бар ауыз суын да тауысып алған жолаушы бір күні шомылатын көл түгел тамақ жібітетін бір жұтым суға да зар болып қалған екен.

* * *

14. Ертеде бір кісі өзінің бес ешкісін айдап шөл даланы кесіп өтпек болыпты. Оның осындай алыс жолға жиналып жатқанын естіген соң бір бай оны аяп, оған өзінің бір түйесін берген екен. Содан ол түйеге азық-түлігі мен су толтырылған торсықтарын артып алған жолаушы жолға шығыпты. 

Сапар барысында түйеге артылған жемнен жеп, судан ішіп алған бес ешкі қутың-қутың етіп түйенің алдына түсіп, озып кете береді екен. Сонда барар жеріне жетуге асығып келе жатқан жолаушы өзінің бес ешкісіне сүйсіне қараса, маңғаздана маң-маң басқан түйенің жүрісіне қарап зығырданы қайнайды екен. «Осы кертартпа түйенің кесірінен жүрісіміз өнбей-ақ қойды» деп кіжінетін ол өзі көтеріп келе жатқан жемді түйеден аяп, суға да сараңдық танытып, онымен қоймай бас-көз демей төпелеп ұра береді екен.

Содан әлгі кісінің айқайы мен таяғынан ығыр болған, жем-судан да тарығып әбден өлесі болған түйе байғұс бір күні тосын мінез танытып, кісіні де, оның бес ешкісін де жайларына қалдырып өз иесіне тартып отырыпты. Ал, түйе кеткен соң азықтан да, судан да айрылып, шөл далада бес ешкісімен ғана қалған жолаушының күйі кетіп, халі мүшкілге айнала бастапты.

Содан кісіге берген түйесінің өзіне қайтып келгенін көрген бай мән–жайды бірден түсініпті де, түйесін жетекке алып әлгі кісіні іздеп шығыпты. Шөл дала төсінде бес ешкісі бес жерде сұлап жатқан, өзі де әбден өлесі болған байғұсты тауып алған бай түйесін қайтадан оның қолына табыстаған екен.

Содан ұшы-қиыры көрінбей, сағым ойнап жатқан осынау шөл далада түйесіз күнінің қараң екені санасына жеткен жолаушы енді оны бес ешкісінен де артық баптап, жем-суды ең әуелі соның алдына тосып, соның тілеуін тілей бастаған екен.

* * * 
15. Баяғыда бір елдің шамасы келетін адамдары «өнер-білім» деп аталатын жердегі ар мен арсыздық деген екі бұлақтан су әкеліп сатып кәсіп етеді екен. Осы екі судың ішінде адамның жанын сергітіп, тынысын кеңейтетін денсаулыққа өте пайдалысы ар суы болса да, ел ішінде зиянды болса да дәмі тәтті, әрі адамды елітіп, масайрататын алдамшы ләззаты бар арсыздық суына сұраныс мол екен.

Бір күні еліме болсын дейтін талабы таудай бір жас жігіт жақсылық істеудің жөні осы екен деп ойлап, арсыздық суын тегін әкеліп таратып, жұртты өзінше бір қарық қылып тастамақ болыпты. Содан тауға барып арсыздық суынан көтергенінше алып, елге жетуге асығып, көңілі алып-ұшып келе жатқан жігітке бір қарт кісі жолығыпты. Беліне таяғын таянып, баяу ғана аяңдап бара жатқан осынау қарияны көріп, қатты аяп кеткен жігіт «Ата, міне, мына судан ішіп жіберіңізші, лезде жасарып шыға келесіз, алыңыз, тегін беремін» деп арсыздық суын ұсына беріпті.

Сонда қария «Әй, шырағым-ай, мені жасартып қайтесің, кәріге жас болу емес, жастарға бас болу керек қой» депті де, жігітке зер сала сынай қарап алып, «Айналайын! Сабыр мен ой тұнған жанарыңда бір тереңдік бар жылы жүзді бала екенсің, ақылымды алсаң осы ісің саған лайық емес» депті. «Онсыз да ел-жұртың бұл уды ішпей жатқан жоқ, енді оны тап сенің қолыңнан ішкені жөн болар ма екен? Онсыз да бұл умен елді суарып жатқандар көп, енді оларға сен де қосылсаң бұл елдің халі не болмақ? Су береді деп жүрген сен сияқты жастар ел-жұртына у әкеліп беріп жатса, онда шынымен де ақырзаманның таялып қалғаны да!».

Осылай деп күйзеле сөйлеген қария «Я, Жаратқан Ием! Өзің жар бола көр!» деп терең күрсініп алыпты да, өз жөнімен кете барыпты. Ал, жер–жебіріне жеткен қарияның шерлі сөздеріне қатты толқыған, әрі жақсылық істесем деген ниетпен жамандыққа барып қалған өзінің аңқаулығына да қатты қапа болып, жылап жіберген жас жігіт дереу алып келе жатқан арсыздық уын жерге төгіпті де, ар суын әкелмек болып кері қарай аттаныпты.

* * *

16. Жаппай қаңбақ қуған қым-қуат қарбалас жүріп жатқан тірлік атты бір далалықта, қарасуық жел өтінде бір адам бүрісіп отыр екен. Діңкесі құрып қалжырап, бойы да мұздап қалшылдап тоңып отырған осынау жанның қасынан жүгіріп өте берген біреу қалт тоқтай қалыпты да, «Ей,  бауырым! Сенікі не отырыс, жүр кеттік! Көп қылып қаңбақ ұстап алайық та от жағып жылынып, ас пісіріп тойып  алайық!» депті.

Сонда әлгі адам «Жарқыным, өзің тың, бойыңда қуатың мол болса, әрі қаңбақ ұстап қарық болам деген дәмең де зор болса онда бар, жолыңнан қалма!» деп сондай бір түңіліспен қолын бір сілтепті де, сол қалпы бүрісіп отыра беріпті. Мұнан соң да балақтары далақтап ышқына жүгірген талайлар оның жанынан өтіпті. Бірақ, ешқайсы да оны көндіріп қаңбақ қудыра алмапты.

Содан аштықтан әлі кетіп, бойы да мұздап, қатып өлуге бет бұрған кезде оның жанына тағы біреу  таяп келіпті де «Мұның не отырыс, бауырым?» деп аяушылық танытыпты. Сонда отырған кісі қатты торыққан түрде қабағын шытып: «Қаңбағың да, ақылың да өзіңе құт болсыншы, бауырым! Мен ол қаңбақтардың талайын ұстап, талайын жаққан адаммын. Енді көрмегенім сол қаңбақ болсын, мені өз жайыма қалдыршы!» деп өтініпті.

Мұндай жауап естіген кезде әлгі кісі қуана тіл қатып: «Менің Иеме осынау тірліктің сырын ұққан, сол себепті де қаңғалақтап қаңбақ қуып кетпей іспен айналысатын сенімді қызметшілер керек еді. Сен сол қызметке әбден лайық адамсың! Қане, тұр орныңнан!» деп оны қолтығынан демеп тұрғыза бастапты.

* * *

17. Баяғы өткен заманда бір хан өзінің қол астындағы бір қауым елге пілдің кішкентай баласын сыйға тартыпты. Және оны елге жеткізуді өзінің бір қызметшісіне тапсырған екен. Ал, қызметші болса елдің қажет нәрселерін жеткізіп беріп, халықтың сұранысын өтеп жүрген саудагерлердің қызметіне жүгінгенді жөн көріпті.

Содан ол пілдің баласын саудагерлерге табыстап, олардың оны елге жеткізуін күтіпті. Ал, олар болса әр түрлі себептермен пілдің баласын халыққа көрсетуді қаламай, елге апарған соң оны қараңғы да тар қапасқа қамап тастаған екен.

Содан күн артынан күндер жылжып өте беріпті. Бірақ, саудагерлерден де, оларға аманат етілген пілдің баласынан да еш хабар болмапты. Сонда қызметші саудагерлердің бұл істеріне қатты қынжылып, қапа бола бастапты. Содан ол ойланып: «Егер ол шынымен де пілдің тұқымы болса, өзінің пілдігін көрсетпей қоймас. Не болса да ақырын күтейін» деп өзін сабырға шақырыпты.

Содан тар қапасқа қамалған пілдің баласы күн санап өсіп, оған қапас тарлық ете бастапты. Күш-қайраты толысып кең де жарық дүниені аңсаған адуынды піл буырқана ақырған кездерде оны бұл қапаста одан әрі ұстау мүмкін емес екенін сезген саудагерлер оны жарыққа шығаруға мәжбүр болыпты.

* * *

18. Бір күні үш кісі алыс сапарға ниет қойып жолға шығыпты. Бұл жол оларға дейін де талай жандар жүріп өткен, әбден таптауырын болған жол болса да олар үшін қыр-сыры енді ғана ашыла бастаған бейтаныс жол еді. Сол себепті де олар адасып кетуден сақтанып, барынша мұқият болуға тырысыпты. Өйткені, бұл жол кей тұстарда тармақтанып, одан көптеген соқпақтар мен сүрлеулер де тарайтын еді. Бірақ, солай болса да ондай күмәнді жерлерде бағыт сілтейтін жол белгілер де орнатылған  болатын.

Содан жолаушылар бірталай жерді еш алаңсыз бірге жүріп өтіпті. Тек бір жерге келген кезде ғана олар шындап қинала бастапты. Өйткені, ол жерде арнайы қойылған жол белгі жоқ болып шықты. Сонда екі жолаушы ойланып «Адамдар көп жүрген жол мынау екен, көпшіліктің адасуы мүмкін емес, өйткені, олар алғаш жол салған адамдардың іздерімен жүрген, сондықтан да осы жолға түсейік» десе, үшінші жолаушы: «Мен олай жорамалға жүгініп адасып кеткім келмейді, маған жол көрсететін нақты белгі керек, сондықтан да мен қашан осы жерге белгі әкелініп қойылғанша орнымнан тапжылмаймын!» депті.

Содан біреуі сол жерде қалыпты да, қалған екі жолаушы болса әрі қарай жүріп кетіпті. Бірталай жер жүрген соң олар пиғылы бұзық біреулер қозғап кеткен жол белгісінің жанына келіп тағы да аңтарылып тұрып қалыпты. Сонда бірінші жолаушы «Көпшіліктің жолы мынау ғой, осымен жүре берейік» десе, екінші жолаушы «белгі басқа жақты нұсқап тұр, сондықтан да мен сен сияқты ақылға сала алмаймын, мен нақты көргеніме сенемін!» деп өз таңдауын жасапты. Сөйтіп алыс жолға бірге шыққан үш жолаушы жүре келе осылай бір-бірінен ажырап қалған екен.

* * *

19. Баяғыда Ислам деген бір хас батыр болыпты. Бұла күші бойына симай шиыршық атқан бұл жігіт бір күні сол өңірдегі бір байдың алдына барып қызметке сұраныпты. Оған сынай қарап әрі ойланып, бері ойланған соң бай қызметшілерін шақырып алыпты да олардан кеңес сұрапты. Сонда бұл батырдан қауіп ойлаған қызметшілер «Байеке, бұл жігітті біз жақсы білеміз. Ол бізге қажет емес. Онсыз да бәрі жақсы болады, Байеке бізге сеніңіз» деп жаппай жамырапты.

Содан әлгі батыр байдың алдына қол қусырып үш рет барыпты. Және үш ретінде де бай «сенің қызметіңе мұқтаж емеспін» деп оның бетін қайтарыпты. Содан белдеуде қаңтарылған тұлпарына, керегеде шаң басқан сауытына, қынында тұншыққан қылышына, сүңгісі қарайған найзасына көз салып «Шынымен де менің байға қажетімнің болмағаны ма?» деп іштей налып, мұңайып отырған жігіттің шаңырағына суық жүзді, суыт жүрісті бір топ адам келіп ат басын тірепті.

Бұлар әлгі байды сыртынан торып, аңысын аңдып жүрген қандыбалақ қарақшылар еді. Олар батырдың алдына келіп жүгініп «О, Жас батыр! Біз сенің қайратты да қайтпас хас берен екеніңді жақсы білеміз. Және байдың бетіңді қайтарып, жігеріңді жасытқанын да естідік. Ол сені қажет етпесе, әрине, біз сені қажет етеміз. Егер сен бізге қол ұшын берсең біз ол байдың ордасында ойран салып, шаңырағын ортасына түсірер едік» деп ұсыныс жасаған екен.

* * *

20. Өз алдына шаңырақ құрып, өз бетімен күн көрмек болған бір жігіт енші алып бөлек шығыпты. Сол-ақ екен бұл жігітке келіп ақыл айтушылар көбейіпті. Небір сөзшең білгіштер жігіттің табалдырығынан аттап, төріне барып жайғасып алып, оны өздерінше сынап-мінеп, ақыл-кеңестерін бере бастаған екен. «Сенікі дұрыс емес, сен олай емес былай істеуге тиіссің, әйтпесе жаман болады» деп қорқытып, онсыз да қиналып жүрген жігіттің басын қатырып, оған өз үйлерінің тәртіптерін тықпалай бастапты.

Жігіт болса көргенсіз болып көрінбейін деп жұрттан ұялғаннан сабыр етіп, сыпайылық сақтаумен болыпты. Ал еркінсіген қонақтар болса төрде отырып алып бірін-бірі жамандап, бір-бірімен дауласып, ақыр аяғында «сен оның емес менің айтқанымды істе» жігітке де талап қойып дікіңдей бастапты. Тіпті, езбе қонақтарды көп тыңдап, олардың айтқандарын жаттап алған балаларына дейін өзара дауласып, бесіктен белдері шықпай жатса да білгішсініп әкесіне ақыл айта бастапты.

Содан үй иесі босағада отырып ойға қалыпты: ««жаманның үйін қонағы билейді» деп атам жарықтық айтушы еді, егер мен жақсы болсам қонақтарым түгел балаларымнан да сөз естіп осылай босағада отырар ма едім. Көңілшектігімнен тапқан пайдам осы болды, қой, болмас!» деп ширығып орнынан тұрыпты. Содан ол төрге жайғасып шалжиып жатқан шақырусыз қонақтарына барыпты да: «Ақыл-кеңестеріңді беріп, біраз жөн үйреттіңдер. Сендерден көп нәрсені естіп, көп нәрсені түсіндім, енді алдағы уақытта өз ақылыммен өмір сүргім келеді, қажет болсаңыздар сендерді өзім шақырып алармын, енді айып болмаса, үйлеріңізге қайтсаңыздар екен» депті.

Сонда үй иесінің салмақты пікірлеріне қарсы ештеңе айта алмай уәжге тоқтағандар біртіндеп үйден шыға бастапты. Ал, жөн білмейтін кейбір даукестерді үй иесі қолдарынан жетелеп сыртқа шығарыпты да қақпасын тарс жауып алыпты.

* * *

21. Бір күні әдеттегідей өз жөнімен жүріп келе жатқан тынымсыз Уақыт көз ұшында кетіп бара жатқан Бақытты көзі шалып қалыпты. Дереу оған жетіп алыпты да: «Бақыт, ау, Бақыт! Сен осы қайда барасың?» деп сұрапты. Сонда Бақыт: «Мен қайда барайын, Құлшылыққа барамын да» деп жауап қатыпты.

Содан әрі қарай жүріп кеткен Уақыт біраздан соң Құлшылықты көріп одан да жөн сұрапты: «Құлшылық, ау, Құлшылық! Сен кімге барасың?». Құлшылық болса: «Иманға барамын, Уақыт, Иманға!» депті де әрі қарай кете беріпті.

Одан оза берген Уақыт әлдекімді іздеп жан-жағын шола қарап бара жатқан Иманды көріп қалыпты да жалма-жан: «Иман, ау, Иман! Сен осы кімді іздеп жүрсің?» деп айқайлапты. Сонда іздегені табылмай асығып жүрген Иман: «Уақыт, шынымен-ақ келіп қалғаның ба? Мен болсам Адамды әлі таба алмай жүрмін» деп қатты мазасызданыпты.

Оған түсіністікпен қарап әрі қарай аяңдай берген Уақыт көңілінің хошы болмай шаршап-шалдығып бара жатқан Адамды байқап қалыпты да: «Әй, Адам! Сен осы Иманды іздеп жүрген жоқсың ба?» деп одан да жөн сұрапты. Адам болса шаршаңқы кейіппен қабағын шытып «Иманды қайтейін? Бақытты таба алмай жүрмін, Бақытты! Білмеймін оның қайда кеткенін?» деп кейістік білдіріпті де: «Әй, Уақыт! Егер Бақытты көрсең айтшы, менің оны іздеп жүргенімді» деп қиыла өтініпті.

«Жарайды, Адам, айтайын» деп оған аяушылық білдірген Уақыт одан да оза беріп алдында кетіп бара жатқан Бақытты көріпті. Дереу оған жетіп барып: «Бақыт! Бақыт деймін, Сені артыңда Адам іздеп келе жатыр» десе, Бақыт «Маған керегі Құлшылық» деп артына қайырылмапты. Ал, Құлшылық болса өзіне Иманның қажет екенін айтса, Иман өзінің Адамды іздеп жүргенін айтып қиналыпты.

Осылай Уақыт оларды жағалай беріпті, жағалай беріпті, олар да бірінің артынан бірі қуалай беріпті, қуалай беріпті. Егер көз ұшында қылаңдаған Бақытқа жете алмай әбден шаршаған Адам байғұс қатты торығып бір жерге отыра кетпегенде Иманның оған жетуі неғайбіл еді.

Содан Адамға Иман келіп, Ол Оны танып-біліп, қуанып отырғанда, олардың жанына Иманды іздеген Құлшылық та келіп жетіпті. Ал, Құлшылықтың ізін ала көп ұзамай-ақ Бақыттың да төбесі көрінген екен. Осылайша іздегені табылып, мәз-мейрам болып шаттанып отырған Адамды көрген Уақыт оның қуанышына ортақ болғысы келіп оның жанына келіп аялдап, тұрақтай беріпті.

Қоғам.кз. 21.04.11.

Комментариев нет:

Отправить комментарий