четверг, 30 апреля 2015 г.

Қожайын мен қызметшілер

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Бір жер иесі қожайынның меншігіндегі жерді көптеген адамдар қоныстанып тұрып жатыр екен. Олар сол қожайынның жеріне егін егіп, оның орманынан жеміс теріп, аң аулап, қожайынның меншігіндегі судан балық аулап, сол сумен егістіктерін суарады. Бірақ олар қожайынды өздеріне қожайын ретінде мойындап оған бой ұсынудан бас тартады.

Олар шын мәнінде өздері пайдаланып отырған  жер мен оның игіліктері  үшін қожайынға зор қарыздар, бірақ олардың өздері  олай деп тіпті де ойламайды. Өйткені, олар оның бұл жердің қожайыны екеніне сенбейді, сол себепті де олар оны қожайын ретінде мүлде мойындамайды. 

Олар қожайынның жерін пайдаланғаны үшін оған ақы төлеп  қожайынға қызмет етіп жүрген  кейбір адамдарды бостан-босқа  әуреге қалып жүрген ақылсыз жандар деп біледі.  Және оларды пайдаланып отырған жерлерінің иесіз  екендігіне сендіріп, олардың қожайынға қызмет етулерінің бекер екендіктерін түсіндіруге тырысады. Кейбіреулері болса сол үшін солармен  қастасып, оларға қысым көрсетіп, оларды қожайынға қызмет етуден тиюға да тырысады.

Қожайын болса олардан өзін қожайын ретінде мойындап, өзіне қызмет етулерін, сол  арқылы өздері пайдаланып отырған жердің ақысын өтеулерін  талап етеді. Және күндердің  күні олардан пайдаланған жерінің ақысын толықтай өндіріп алатынын да ескертеді.

Бірақ, жерді заңсыз иемденушілер қожайынның ескертулеріне еш құлақ аспай оның жерін өз қалауларынша пайдалана беруде. Және олар жерді неғұрлым көп пайдаланып, оның  игілігін неғұрлым  көбірек көрген сайын  қожайынға да соншалықты борышты болып қарызға кіре беруде. Ал қарыз неғұрлым көп болған сайын  оны өтеу де соншалықты қиын болатыны сөзсіз.

Ал өзін қожайын ретінде мойындаған, және өзіне  қызмет етуге келіскен жандар үшін қожайын орындауға тиісті нақты міндеттер белгілеп, олардың белгілі бір тәртіпке бағынуларын талап етеді. Және соған орай ол міндеттерін дұрыс орындамай, тәртіп бұзғандарды  тиісінше жазалса, ал міндеттеріне ұқыпты болып  шектен шықпағандарды марапаттап та  отырады.

Әрине, қызметшілер тарапынан бір-біріне қатысты белгілі бір тәртіп бұзушылықтар орын алуы мүмкін. Мысалға, олар бір-біріне тиесілі заттарды ұрлауы, бірін-бірі жамандап, бір-бірімен ұрысып, төбелесулері   мүмкін. Тіпті олардың бірін-бірі өлтіріп тастаулары да мүмкін.

Қызметшілері тарапынан жасалынатын мұндай тәртіп бұзушылықтардың қай-қайсысы болса да қожайын тарапынан жазасыз қалмайды. Бірақ, бұл істер қожайынның жеке басына тікелей қатысты болмағандықтан да ол қызметшілер қожайыннан кеңшілік күте алады.

Бірақ, кейбір қызметшілер тікелей қожайынға қатысты түрлі жаман әрекеттер жасауы мүмкін. Мысалға, олар қожайынды сыртынан жамандайды, сөгеді, жала жабады, қожайынға тиесілі заттарды ұрлайды, немесе бүлдіреді. Мұндай істер әрине, қожайынға өте жақпайды, бірақ пендешілік жасап айыпты болған қызметшілер өз қателіктерін мойындап, кешірім  етуін өтінсе, әрине  ол рақымшылық етеді. 

Ал енді кейбір қызметшілер қожайынды емес ол тағайындаған іс басқарушыларды, немесе өз араларынан шыққан ықпалды қызметшілерге көбірек қызмет ете бастайтын болады. Соларға жағыну  үшін барынша тырысып, соларға құрақ ұша  қызмет етеді. Қажет нәрселерін солардан сұрап, бар мұң-мұқтаждарын солар  арқылы шешеді. Және солардан ғана қорқып, соларды ғана құрметтеп, қошеметтей бастайды.

Өзін емес, өзіне бағынышты  әлдебір қызметшілерді өздеріне қожайын етіп алған қызметшілердің бұл істері, әрине қожайынды қатты ызаландырады. Сол себепті де ол өзін қожайын ретінде толық мойындамай жүрген бұл қызметшілерді міндетті түрде жазасыз қалдырмайды.

Ал кейбір қызметшілер болса қожайынды қожайын ретінде  мойындайтындарына сендіріп, оған қызметке жалдана жүріп оған қарсы шыға бастайды. Мүмкіндіктерінше оның шаруасына зиян істеп, оның істерін кері кетіруге тырысады. Онымен де қоймай басқа қызметшілерді де қожайынға қарсы қоюға тырысып, оларды азғырып, үгіттеумен болады. Адал қызметшілермен қастасып, оларға қысым жасап, олардың өз міндеттерін тиісінше атқаруларына түрлі кедергілер тудырумен болады.

Мұндай жағдайда өзін қожайын ретінде мойындайтындарын ауызбен айтып сендіретін, және  қызмет ете жүріп өзіне қатысты дұшпандық әрекеттер жасайтын мұндай қызметшілердің істері қожайынның қаһарын   тудырды. Ол мұндай жақсылықты білмейтін, кеңшілікті түсінбейтін екіжүзді қыңыр қызметшілерді кешірмек түгел оларды ең қатаң  жазаға тартатынын болады.   

22.09.13. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий