вторник, 28 апреля 2015 г.

Ұлылық бір Аллаға тән

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Өзгелерге өзін құрмет тұттыра алардай белгілі бір қабілеті мен дарыны бар кейбір жандар сол қасиеттерін пайдалана отырып өнерде, іскерлікте, саясатта, немесе басқа да салаларда болсын елге танылып, атақ-даңқын шығаруға ұмтылады. Және осы бағыттарда суырылып алға шығып, айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастаған кездерде олардың кейбіреулері өздерін ірі сезіне бастайды. Олар пендешілікпен ұлы болуды іштей аңсап, мақталып, марапатталуды жандары сүйіп, тіпті, өздері соған сұранып та тұрады. Бірақ, олар соншалықты биікке қол соза отырып сондай дәрежеге лайықты адамгершілік биігінен көрінуге талап қыла бермейді.

Негізінде, «атқа мінуге жараған, ел аузына қараған» әр адамның артында оларға сенім артып, өзіне үлгі тұтқан, сондықтан да оларға тікелей де, рухани да тәуелді көптеген адамдар тұрады. Сол себепті де ірілікке қажетті тиісті талап деңгейінен көріне алмаған ондай жанның сол көпшілікке тікелей де, рух деңгейінде де кесірі тиеді. Соның салдарынан ол зиянда қала отырып, өз істеріне орай бұл дүниеде қасірет шегіп, ақиретте азапқа душар болады. Сондықтан да биікке лайық берік иманың, биік өрең, таза жүрегің болмаса, және биік талап деңгейінен көрінуге деген ықыласың да аз болса, онда басыңды бәлеге шатпай тыныш жүрген абзал.

Шын мәнінде, нағыз ірі адам дүние игіліктері арқылы абыройын көтеріп, солар арқылы өз бағасын өсіруге тырыспайды. Және «мен тегін емеспін, мен ірімін» деп асқақтап, онысын өзгелерге дәлелдемек болып төске ұрып мақтанбайды. Нағыз ірі адам кей жағдайда өздерін ірі, тіпті ұлы етіп көрсеткісі келетін даңққұмар жандардың арасында өзінің кішіпейілдігімен еленбей назардан тыс қалып жатады. Ондай жан өзі көзге түсуге тырыспайды. Өйткені, оның басты мақсаты өзін емес, Алланың ұлылығын таныту. Оның басты міндеті мойнына жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып, екі дүниеде де зиянда қалмау.

Мұндай кісі өзінің неге тұратынын адамдардың емес Алла Тағаланың сарабына ұсынып, өзінің азды-көпті істерінің бағасын да адамдардан емес Раббысы Алладан алғанды жөн көреді. Ол өзінің имани құлшылықтары, ардан аттамаған адалдығы, өзгелерге қамқор болған қайрымдылығы, пендешіліктерге төзім еткен сабырлылығы, менменсімеген қарапайымдылығы арқылы өзінің ірілігін адамдарға емес Алла Тағалаға дәлелдеп өтеді.

Астамшылығы асқынған кейбір жандар пендешілікпен ірі болуды қомсынып алыптыққа да қол созады. Негізінде, алыптық адам баласына лайық қасиет болса оған тек Алла Тағаланың сүйікті құлдары пайғамбарлар ғана лайық болар. Оны өзіне лайық көретін басқа жандар болса, олар ондай адами алыптықтың арқалар жүгінің де сондай зор, және өте ауыр боларын ойлағандары жөн. Білместікпен алыптыққа ұмтылатын ондай жандар оның жүгі иықтарына артылатын болса көтере алмай жаншылып қалатындықтарын ойламайды. Алыптықтың жауапкершілігі де, сынағы да ауыр болып, ондай жанның таза да сезімтал жүрегі қашанда зор күйзелістерге толы болады. Мұны білсе алыптың жүгін арқалауға ешкім де құмартпас еді. Алыптың жүгі алыпқа ғана лайық. Олай болса даңқына қызығып алыптың азабын тілеудің жөні жоқ.

Әр адамның да өз өресіне лайық өз биігі бар. Соған орай әркімнің де ірілік, ұлылық жайында өзіндік өлшемі болады. Біреулер үшін жадағай төбе биік болса, біреулердің биігі асқар тау, заңғар көк. Соған орай біреулер төбеге шығуды ірілік санап, төбеге шыққандарды ұлы деп дәріптесе, енді біреулер биіктікті қыран қанатымен, күннің биіктігімен өлшеп жатады.

Пенделер үшін биіктік төбенің биіктігімен ғана шектелгені жақсы. Өйткені, соған ғана шықса болғаны олар ұлы атағын иемденіп шыға келер еді. Сондықтан да ондай жандар төбеге шыққандарды ұлы деп жер көкке сиғызбай дәріптей отырып өздеріне де ұлылар қатарынан орын дайындаумен болады. Сонысымен де олар ұлылықтың деңгейін өз шамаларымен ғана шектеп, осынау биік ұғымды аласартып, аяқ асты етіп тастайды.

Шын мәнінде, өзінің ұлы екендігін дәлелдеу үшін барын бетке тосып, жоқтан-бардан дәлел құрап әуреге қалу ешқандай да ұлылыққа жатпайды. Бұл пендешілік. Ал, пендешілік пен ұлылық ешқашанда сиыспайтын нәрселер. Пендешілік бар жерде ұлылық болмайды, ал ұлылық бар жерде пендешілік болмайды. Сол себепті де пендешілік атаулыдан ада емес адам баласы қанша ірі болса да ол ешқашан ұлы бола алмайды. Өйткені, нағыз ұлылық кемшілік атаулыдан пәк бір Аллаға ғана тән.

Сондықтан да мұсылман үшін ұлы атанып Алламен иық теңестіру ниеті үлкен күпірлік. Сол себепті ол ұлылыққа таласпайды. Ол тек жеті қабат көк болып табылатын биіктікке ғана талпынады. Ол биіктік рух биіктігі. Ол биікке аяқпен емес, құлшылықпен тазарған нұрлы рухпен ғана шығуға болады. Сондықтан да ол биіктік дінсіздер үшін қол жетпес заңғар. Сондықтан да олар оны мойындамайды.

Maсa.кз. 30.03.12.

Комментариев нет:

Отправить комментарий