среда, 29 апреля 2015 г.

Жалған діндер - Ібілістен

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
                                     
Адам баласын  жолдан тайдырып, оны аздыруға өте мүдделі Ібілістің шынайы бейнесі жалған діндерде көрініс таппайды. Оның себебі  өте қарапайым, өйткені мұндай діндердің артында адамдарды ақиқатқа жолатпай, оларды адасқан үстіне адастыра отырып мүлде зиянда қалдыруды мақсат еткен  сол Ібілістің  өзі тұрады. Сол себепті де мұндай діндерде Ібіліс, және оның азғырушы әскері шайтандар жайында  ақиқат танымның болуы мүмкін емес. 

Ібіліс адам баласының қас дұшпаны ретінде  оның тура жол табуына ешқандай да мүдделі емес. Ол адам баласының  адасқан үстіне адасып мүлде зиянда қалғанын қалайды. Сол себепті де ол Алладан өзгелерге, яғни перішелерге, жындарға, аруақтарға, қасиетті адамдарға, және өзге де жанды да жансыз пұттарға  табынушылықтың қандайына болмасын жол ашып, тек бір Аллаға табынушылықтың  тура жолын ғана  адам баласы үшін жауып тастауға тырысады. Бұған оның Құранда келтірілетін мынадай сөздері дәлел:

«... мені қаңғыртқаның себепті, әлбетте, мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын» деді.Құран Кәрім Ағраф 7:16.

Және Құранда оның  Аллаға берген осынау уәдесін қалайша орындап жатқаны да көрініс тапқан. Онда Сүлеймен патшаның (с.ғ.с.) кезіндегі әйел патша билеген Сәба (қазіргі Йемен) елінің діні жөнінде айтылады:

«Оның да, елінің де Алладан өзге күнге табынғанын көрдім. Шайтан оларға істеген істерін әдемі көрсетіп, оларды жолдан тайдырған. Сондықтан олар тура жолмен жүрмеуде».  Құран Кәрім. Нәміл 27:24

Өзіне адам баласын азғырып, жолдан тайдыру міндетін алған  Ібілістің қолтаңбасын көптеген жалған діндер мен діни нанымдардан байқауға болады. Мұндай діндерде Жаратушы Құдайдың бірлігі жоқ. Оларда құдайлар  көк құдайы, жер құдайы, су құдайы, от құдайы болып түрленіп кете береді.

Соған орай оларда адам баласына қалаған нәрсесінен пұт жасап алып, оларға қалауынша құлшылық ете беруіне ешқандай да тиым салынбайды. Өйткені, бұларда көп құдайлардың кез келгеніне   жалбарынып, оны риза ету үшін амал етіп, одан өз қалағаныңды сұрап алуға болады.

Ол діндерде тиым салынса  тек Құдайдың Жалғыз екендігін мойындап,  Соған ғана құлшылық етуге ғана тиым салады. Оның себебін түсіну қиын емес, өйткені, Жаратушы Жалғыз Құдайға  ғана құлшылық ету, бұл адам баласы ұстануға тиісті тура жол ұғымының алтын өзегі болып табылады.

«... бетіңді  бірыңғай Алланы бірлеу дініне бұр. Серік қосушылардан болма!» «Және де Алладан өзге саған пайда, не зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Егер оны істесең, онда  сен залымдардан боларсың».

(Мұхаммед Ғ.С.) егер Алла саған бір зиян тигізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігін қайтарушы жоқ. Ол оны құлдарынан қалаған кісісіне береді. Ол өте кешірімді, ерекше мейірімді.

(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан хақ келді. Енді кім тура жолда болса, өзі үшін тура жолда болады. Ал енді біреу адасса, өз зиянына ғана адасады. Мен сендерге кепіл емеспін» де.    Құран Кәрім. Йунус 10:105-108

Жалған діндерде құдайлардың бәрі де  түрлі кейіпте көрініс тапқан бір ғана құдай, сол себепті де қай құдайға жалбарынып, құлшылық етсең де сол бір құдайға құлшылық еткен боласың деген жалған сенім де қалыптасқан.

Мұндай жалған діндер мен діни нанымдардың көпшілігінде  тура жол ұғымы мен адасу ұғымы мүлде болмайды.  Соған орай  адам баласы үшін қандай дін мен діни танымды ұстанудың ешқандай да маңызы жоқ, өйткені олардың бәрі де бір құдайға апарады делінеді.

Мұндай діндердің кейбірінде  жақсылық пен жамандықтың белгіленген нақты анықтамасы да жоқ.
Және сол жақсылық пен жамандықтың  арасында таңдау жасайтын адам өмірінің түпкі қортындысы шығарылатын есеп күні де жоқ. Және оларда істеген жақсылық пен жамандықтарына орай орналасатын жұмақ пен тозақ ұғымы да болмайды.

Мұндай діндердің кейбірінде  періштелер ұғымы жоқ. Және  Жалғыз Жаратушы Құдай тарапынан түсірілген, адамдардың білмегендерін үйрететін Кітап та жоқ. Және оларда  Жалғыз Жаратушы Құдайдың тарапынан  адамдарға ақиқатты түсіндіріп, шариғатты үйрету үшін жіберілген расулдары мен нәбилері  де болмайды. 

Және жалған дініндердің көбісінде Ібіліс ұғымы жоқ. Оларда Ібіліс пен оның шайтандары жөнінде белгілі бір таным болған жағдайда да олардың адам баласын азғырып, тура жолдан  адастырушылар екендігі жөніндегі ақиқат таным көрініс таппайды. Олар бар болғаны адамдарға жамандық жасап бәлеге ұшыратушы,  ауру-сырқау, дертке шалдықтырушы зиянкестер ретінде ғана көрсетіледі. Тек  осы Ібіліс пен шайтандар жөніндегі шындықтың  жоқ болуының  өзі ғана мұндай діндердің  жалған  екендігін анықтай алады.

Ібіліс адам баласынан  өзі, және өзінің азғырушы шайтандары жөніндегі бар шындықты мейлінше жасырып бағады. Өйткені, Ібіліс пен оның шайтандары жөніндегі  ақиқаттан хабарлары жоқ, және  олардың не мақсат көздеп, қандай айла-шарғыларға жүгінетіндерін білмейтін адамдар олардың жетелеген жағына көзсіз ере беретін болады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий