вторник, 28 апреля 2015 г.

Шын мұсылман нәпсіге құл болмайды

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Әр адам да өз қалауымен жүруге бейім. Ол бірнәрсені қалайды, сонан соң оны іздейді. Міне, әр адамның басындағы қуаныш та, қайғы да оның нені қалауына байланысты туындап жатады. Адамның қалауын екі түрге бөлісек, оның бірі рухының қалауы да, екіншісі көңілінің қалауы. Рух өзінің биік өресін қанағаттандыратын ақиқатты, өзін кемелдендіретін құлшылықты қаласа, көңіл көбінесе өзін семіртетін мақтанды, сенімділік беретін үстемдікті, арзан ойын-күлкіні, қарын қамы мен тән ләззатын аңсап, жеңілдік пен жайлылықты іздейді. Исламда көңіл нәпсі деп аталса, ал көңілдің қалаулары нәпсінің қалаулары деп аталады.

Адамның рухының, немесе көңіл-нәпсісінің жетегімен жүруін оның ой-өресінің биіктігі мен жүрегінің тазалығы анықтайды. Біреулердің ой-өресі биік болғанмен жүрек тазалығы жетіспей жатса, енді біреулердің жүректері таза болса да ой-өресі төмен болып келеді. Соның салдарыннан да олар өздеріне пайдалыны қалай алмай нәпсінің жетегінде кетіп, пендешіліктерге бой алдырып, бастарын қайғы-қасіретке салумен болады.

Адам үшін қажетті, оған бірден-бір пайдалы нәрсе ол-құлшылық. Өйткені, ол жүректі тазартып, рухты кемелдендіреді. Және ол үнемі өз нәпсісін жеңе отырып істелетін амалдары арқылы адамның жігерін де шыңдайды. Соның нәтижесінде адам өз кемшіліктері мен әлсіздіктерінен арыла отырып нәпсінің теріс ықпалынан шыға бастайды. Сондықтан да Исламда Аллаға сенетін, белгілі бір жасқа жеткен, есі дұрыс әрбір адамнан міндетті түрде құлшылық талап етіледі.

Аллаға жүрегін ашып, құлшылық жолына түскен адамның жақсылыққа жолы ашылып, ол рухына да, жанына да, тәніне де қажетті пайдалы нәрселерге рет-ретімен қол жеткізе бастайды. Өйткені, білуші де қамқор Алла Тағала әр адамның неге мұқтаж екенін, соның ішінде де оған бірінші кезекте не қажет екенін адамның өзінен артық біледі. Сондықтан да Аллаға сенетін әр адамның міндеті Раббысының қамқорлығына сенім артып, құлшылығына бекемдік таныту.

Ислам - адамның рухына да, жанына да, тәніне де пайдалы нәрселер жан-жақты жүйеленген, қажетті құлшылықтары тиісінше нақтыланған, адамның тұрмыс-тіршілігіндегі ұсақ-түйекке дейін мейлінше қамтылған кемел дін болып табылады. Осы Исламды қабыл етіп құлшылық жолына түскен әрбір мұсылман шамасы келгенінше діннің талаптарына сай болуға тырысады. Бірақ, Аллаға бой ұсынып, құлшылық ете бастағаны болмаса, олардың да өзгелер тәрізді пендешіліктерден ада емес екендігін ескерген жөн. Сондықтан да олар кейбір мәселелерде қателесіп, жаза басып, кейбір жағдайларда әлсіздік танытып, сүрініп те жатады. Олардан бір-ақ күнде ешқандай да қателеспейтін, ешбір күна да жасамайтын періште болып кетуді талап ету тіпті де орынсыз.

 Шындығына келгенде, сүйекке сіңіп кеткен пенделік мінез бен жаман әдеттерден, қордаланып қалған қат-қабат күналардан қысқа ғана мерзімде арылып, тазарып кету тіпті де мүмкін емес. Бұл айларға, жылдарға ғана емес соңғы демің біткенге дейін созылатын сәт сайынғы күресті қажет етеді. Бұл күрес Исламда нәпсімен күрес деп аталады. Олай болса, құлшылық етуші жандарға шектен тыс талап қойып, сол талап бойынша оларды сынап-мінеу әділетсіздік болып табылады. Олардың да өзгелер тәрізді жұмыр басты пенделер екенін ұмытпаған жөн. Бірақ, олардың өзгелерден басты артықшылықтары, олардың тура жол, шипа, нығмет ретінде түсірілген Құран кітабы мен өнеге тұтып еліктейтін Пайғамбары (с.ғ.с.), және қателіктерін кешіріп, қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап отыратын мейрімді де қамқор Раббысы бар. Сондықтанда олар түптің түбінде зор игіліктерге қол жеткізетін болады.

Аллаға сенім артып, құлшылық жолына түскен әрбір мұсылман бұл дүниеде де, ақиретте де жақсылықта болады. Бірақ, бұл жерде оның ұстанатын жолына да біраз нәрсе байланысты. Қазіргі кезеңде Исламның ішінде де небір ұсақ топтардың көбейіп кеткені жасырын емес. Және олардың көбісінің пайда болуына белгілі бір шамада, белгілі бір жандардың нәпсілерінің қалауы ықпал еткенін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, топ құру - бұл танымалы болып құрметке бөленудің, атағын шығарып даңққа ие болудың, өзіңе табынушыларды көбейтіп «пірге» айналудың, билікке қол жеткізіп үстемдік етудің, тіпті өзіңді қаражатпен қамтамассыз етіп тұрмысыңды жайлаудың тиімді жолдарының бірі болып табылады. Мұндай дүниелік мақсаттарға қол жеткізу оларды аңсаған адамның нәпсісіне зор қанағат әкеледі.

Осындай құрылуында нәпсінің қалауы шешуші орын алған топтарға көбінесе, нәпсінің қалауымен жүргенді ұнататын мұсылмандар топтасады. Өйткені, мұндай топтар адамға бірінші кезекте ақиқатты «меншіктеп» береді. Кім көрінген ұстанып жүрген жалпы дінді ұстанғаннан көрі ақиқатты басыбайлы иемденген санаулылардың қатарына қосылу адамға таңдаулылық буын беріп, оның нәпсісін семіртеді. Тек өздерін ғана жұмаққа баратын турашыл мұсылмандар санап, таңдаулылық буына мастанған мұндай жандар менмендікке бой алдырып өздерін өзге мұсылмандардан жоғары ұстай бастайды. Және өздерінің таңдаулылығын өзгелердің көзіне тосуға асыққандықтан да олар қажетсіз жерлерге килігіп, орынсыз дау тудырып, өзіне де, өзгелерге де, жалпы дінге де қиындық тудырумен болады.

Мұндай топтар «түймедей» мәселенің өзін «түйедей» етіп көрсетіп, және осы мәселедегі өз пікірлерін ешқандай да талқылауға жатпайтын бірден-бір ақиқат ретінде қабылдауды талап етеді. Сондықтан да олар өз қатарларына қосылған адамды ешкіммен де, ештеңемен де санаспайтын, ешқандай да ымыраны білмейтін қыңырлыққа баулиды. Осындай қаттылықтарының салдарынан дінді қиындатып алған мұндай мұсылмандардың сол қиындықтарды жеңуге қажыр-қайраттары жетпей жатса, олардың кейбіреулері шектен шығып кетіп, бүлік шығарып дінге кесірлерін тигізіп жатады. Айналып келгенде бәріне де өз нәпсісін жеңе алмаған жекелеген мұсылмандар емес, жалпы Ислам кінәлі болып шығады.

Мұндай мұсылмандар өздерін нәпсінің қалауымен жүрміз деп есептемейді. Өйткені, топқа енген бастапқы кездерде тура жолды ұстанатын таңдаулылық буына мастану, және содан туындайтын такаппарлық олардың өздеріне де, таңдаған жолдарына да сын көзбен қарауларына мүмкіндік бермей ақыл-естерін тұмшалап тастайды. Сол арынмен олар өз жолдарын кеңінен насихаттап, өзгелермен қызу талас-тартысқа түсіп шектен тыс белсенділік танытады. Ал, уақыт өте келе бастапқы арыны басылып, мәселелерді ақылмен байыптай бастаған кезде ғана оларға көптеген шындықтар ашыла бастайды. Бірақ, өзгелермен айтысып-тартысып белсеніп жүргенде біраз жерге барып қалған мұндай жандарға өз қателіктерін мойындап, бетінен қайту оңайға соқпайды. Өйткені, кеше ғана айтысып-тартысып жүрген жандардан жеңіліс тапқанын мойындап, олардың алдында кішірейіп, қорлануға олардың такаппарлықтары мүмкіндік бермейді. Сөйтіп олар қателескендіктерін түсіне тұра сырт көз үшін ғана сол жолдарын ұстанып өз нәпсілеріне толықтай құлдыққа түсіп тынады.

Құлшылық жолына түскен мұсылмандардың кейбірі осындай жікшілдік дерті арқылы нәпсінің торына шырмалып жатса, өздерінің мұсылман екендіктерін жүрекпен де, тілмен де бекіткен, бірақ құлшылыққа құлықсыздық танытып жүрген кейбір жандардың іс-әрекеттерінен де нәпсінің зор ықпалын байқауға болады. Ондай жандар арнайы уақыт бөліп, өздерін күштеп атқаруға тура келетін, және күнделікті тірлікте де, қызметте де өздеріне көптеген қиындықтар тудыратын намаз, ораза тәрізді құлшылық амалдарды жақтырмайды. Сол себепті де олар Аллаға сене тұра құлшылық етуді қаламайды. Және, өздері құлшылық етпейтін болғандықтан да мұндай жандардың өзгелерді құлшылыққа шақыруға да ықыластары болмайды. Өйткені, өздерінің істемейтін нәрселерін жөн деп насихаттаса онда олар өздерін-өздері айыптағандай болар еді.

 Олардың кейбіреулері, тіпті, діннің күш алуынан да қорқатын болады. Өйткені, дін кеңінен тарала бастаса, онда құлшылық етушілердің қатары да көбейе түскен болар еді. Мұндай жағдайда олар өздерінің құлшылық етпей жүргендерінен қуыстанып, іштей мазасыздана бастар еді. Оның үстіне олардың өздерін еркін сезінетін үйреншікті орталары тарылып, көретін қызықтары мен табыс табу жолдарының да ауқымы едәуір шектеле бастайды. Өйткені, Ислам адамның бірқатар табыс көздері мен қызық көру жолдарына шектеу қойып, ал бірқатарына арам ретінде тиым салады. Сол себепті де ол кісілердің бұл өмірдегі көздеген мақсаттары мен аңсаған армандарына қол жеткізудің көптеген жолдары кесіледі. Мұндай жағдайда олар үшін өмірдің де мәні кете бастар еді. Сондықтан да олар алға қойған мақсаттары мен қол созған армандарынан бас тартқаннан көрі құлшылықтан бас тартқанды оңайырақ көреді.

 Өзге діндерге қарағанда тиымдар мен шектеулер де көп, құлшылықтары ауырлау келетін Ислам діні адамның нәпсісіне өте жағымсыз дін болып табылады. Сондықтан да көңіл қалауымен жүріп жан қинағысы келмейтін кейбір жандар Исламнан көрі жеңіл, әрі қызығы мол, әрі белгілі бір табыс та түсіретін діндер мен ілімдерді қолайлы көріп, соларды ұстанғанды жөн көреді. Және, олар өз таңдауларының шын себебін жасырып, өз нәпсілерін ақтау үшін де сол діндері мен ілімдерін мақтап, соларды қызу насихаттауға шығады. Олардың «ақиқаттығына» өзгелерді сендірмек болып жүріп олар өз өтіріктеріне өздері де сенуге тырысады. Және шамалары келсе «көзге күйік» болған хақ дін Исламның өрісін тарылтатын әр мүмкіндікті пайдаланып оны аяқтан шалып қалуға да ұмтылатын болады.

Негізінде, белгілі бір мұсылмандардың лайықсыз іс-әрекеттері арқылы жалпы Ислам діні жайлы жағымсыз пікір тудыру жақсы емес. Бұл бірінші кезекте сол адамның өзі үшін зиянды болып табылады. Өйткені, өмірдің өзі өсуді, кемелденуді талап етеді. Сол себепті де өскелең рухы бар әр адам үнемі рухани ізденіс үстінде болуы тиіс. Ондай жан әр мұсылманның жеке басына емес, оның ұстанған дініне ден қойып, сол арқылы оның нені басшылыққа алып, немен тыныстайтынын Исламның қайнар көзі арқылы түсінуге тырысады.

Ал, нәпсіге құл болған адам болса ізденіс арқылы Исламды тереңірек түсінуден қорқатын болады. Өйткені, дін жайлы, құлшылық жайлы көбірек біле бастаса, онда ол «осы жүрісім, істеп жүрген істерім дұрыс емес-ау» деген ойларға қалып, оның көкейінде бір қорқыныш пайда болып, ол іштей мазасыздана бастар еді. Сол себепті де ол дінге тереңдеуді жөн санамай бұл мәселені жылы жауып қойып, сол арқылы жан тыныштығын сақтауға ұмтылады. Және, мұсылмандардың мінін теріп, олардың ерсі істерін баса көрсететін небір өтірік-шыны аралас сыбыс әңгімелер арқылы дінді «тануға» тырысады. Осындай сыбыстар арқылы ол өз ісінің дұрыстығына деген сенімін бекітіп, көңілін орнықтыруға ұмтылады.

Шын мәнінде, ақылды адам ешқашанда жекелеген мұсылмандарға, немесе молдалар мен имамдарға қарап Ислам жайында шолақ қортынды жасамайды. Өйткені, ет пен сүйектен жаратылған әр адам да пендешіліктерден ада емес. Сондықтанда әр мұсылманның да өзіне тән кемшіліктері мен әлсіздіктері болады. Жалпы, адам баласы үшін кемшіліктері мен әлсіздіктерінің болуы айып емес, олардан арылудың амалын жасамау айып. Ислам – осы кемшіліктер мен әлсіздіктерден арылудың бірден-бір дұрыс жолы болса, әрбір мұсылман құлшылық арқылы өзін тазартып жүрген, сол арқылы өзінің пендешіліктерінен құтылудың амалын жасап жүрген адам болып табылады. Ал, ондай жанның бар кемшіліктері мен әлсіздіктерін теріп, оны қоюлата әсерлеп, өзін де, өзгелерді де Исламнан жеріндіріп жүретін адам ешқашанда Аллаға құлшылық етіп жан-жүрегін тазартудың әрекетін жасамайды. Ол осылай құлшылық етіп жүрген мұсылмандардың мінін теріп, солардан қателік тапқанына мәз болып, өзін-өзі жұбатып жүргенде тұз-дәмінің қалай таусылғанын өзі де аңғармай қалады. Ал, ақирет күні кімнің пайдада, ал кімнің зиянда қалатыны анық.

Maсa.кз. 12.01.12.

Комментариев нет:

Отправить комментарий