Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Жер бетіндегі тіршілік иелерінің қай-қайсысы болмасын өз тіршілігіне қажетті көптеген нәрселерге мұқтаж. Солардың ішінде де адам баласының сұранысының өте жоғары екені белгілі. Сонда да Алла Тағала олардың бар сұранысын толық қанағаттандырып, қалауынша ризық-несібе бере алады.
Бірақ, көп нәрсе айналып келгенде адамдардың өздеріне байланысты. Алланың өзіне бергенін көтере алмай көкірегімен көк тіреп шіренбейтін, қолда барын нәпсінің қалауына жұмсап азғындамайтын адам қайда? Байлығын еселеу үшін ел билеп өзгелерді езбейтін, үстемдік үшін күресіп, қолын қанға малмайтын да адам қайда? Мұндай жандар соншалықты көп емес. Сол себепті де Алла Тағала адам баласына несібені шектеп береді.
Егер Алла құлдарына несібені кеңітіп жіберсе, олар жер бетінде бүліншілік шығарған болар еді. Бірақ, Ол қалауынша мөлшерлеп береді. Құран Кәрім. Шура 42:27
Солай десек те Алла Тағаланың кейбір жандарға ризық-несібе беруінің кемістігі жоқ. Бірақ, ол жандар Оның бұл кеңшілігін тиісінше бағалап жүрген жоқ. Сондықтан да олар Раббыларына шүкірлік етіп, Оған бой ұсынып, Оның талаптарын орындап жүрген жоқ.
Өзіміз болып-толдық деп астамситындары соншалықты олар өздерін Раббыларының алдында ешқандай да міндетті санамайды. Сол себепті де олар Аллаға бой ұсынбай өз қалаулары бойынша жүріп-тұруда. Құранда осындай «Алланың арқасында болдым» деп емес «өз арқамда толдым» деп Құдайын ұмытқан Қарун байдың оқиғасы келтіріледі.
Расында, Қарун Мұсаның (ғ.с.) елінен еді, бірақ оларға қысымшылық жасайтын. Біз оған кілттерін қайратты бір топ әрең көтеретін қазына берген едік. Сонда оған халқы «Тасынба, Алла асып-тасынғандарды жақсы көрмейді» деді. «Алланың саған берген дәулетімен ақирет жұртын ізде де бұл дүниедегі еншіңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ, жер бетінде бүліншілік таратуға тырыспа! Алла бүліншілік таратушыларды жақсы көрмейді" (деді).
(Қарун) айтты: «Маған берілгеннің бәрі де менің білімім бойынша берілді (баюдың жолын білетін едім)» деді. Шынымен де ол Алланың өзінен бұрын күші жағынан да, байлығы жағынан да онан артық болған тұтас нәсілді құртып жібергенін білмеді ме? Күнаһарлардан күналары жайында сұралмайды да.
Ол (Қарун) қауымына сән-салтанатпен шықты. (Сонда) дүние тіршілігін қалағандар: «Шіркін, Қарунға берілгендей бізге де берілсе еді. Расында, ол зор ырыс иесі» деді. Ал өздеріне білім берілгендер: «Иман келтіріп ізгі іс істегендер үшін Алланың силығы жақсы. Оған сабырлылар ғана жете алады» деді.
Ақыры оны да, үйін де жерге жұтқыздық. Оны Алладан қорғай алатын бір топ болмады, әрі оған жәрдем де етілмеді. Кеше ғана оның орнында болуды көксегендер таң ата былай деді: «Алла қалаған құлдарының несібесін көбейтеді де, азайтады екен. Егер Алла бізге қамқорлық қылмаса, әрине бізді де жерге жұтқызар еді...» Құран Кәрім. Қасас 28:76-82.
Қазақ Қарынбай деп атаған Қарун байдың жеткен жері осы болды. Ендеше тағы кім осы Қарун бай сияқты асып-тасып өз бағын сынап көрер екен? Қазіргі «Мен!» деп жүргендердің ешқайсысы да Қарынбайдан аспайтын шығар. Бірақ, сол Қарынбайдың өзі де Алланың бұйрығынан аса алмады.
Егер Қарун бай «ризық Алладан» деп шүкірлік еткен болса, Раббысын мойындап, Оған бой ұсынған болса, Алланың берген дәулетімен ақирет жұртын іздеген болса, өктемсіп халқына қысымшылық жасамаған болса, және жер бетіне бүліншілік таратпаған болса онда Алла Тағала оны жерге жұтқызар ма еді?
Оның мақтан еткен аста-төк байлығы да, көз сүйінген сән-салтанаты да, асқақтаған абырой-атағы да оны Алланың азабынан құтқарып қала алмады. Олардың бәрі де түптеп келгенде пайдаға аспай ақирет күні мойнына ілінер айыптаушы айғақ ретінде Қарунмен бірге көмілді.
Қарун бай дүниеден өтсе де оның ізін басып, оның қателігін қайталаушылар қай заманда да аз болмаған. Олай болса оның жерге жұтылуына куә болған, және сол сәттерде «Алла Тағала қалаған құлдарының несібесін көбейтіп, азайтады екен. Егер Алла бізге қамқорлық қылмаса, әрине, бізді де жерге жұтқызар еді» деп тәубесіне келген жандардың тәубесі ғасырлар өтсе де жаңғырып санамыздан өшпесе екен.
05.10.13.
Комментариев нет:
Отправить комментарий