суббота, 2 мая 2015 г.

Құраниттер Исламы шынайылықтан ада

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

«Сүннеттің пайдасының   негізгі 6 дәлелі» («6 основных доводов в пользу Сунны») деген мақалада құранит автор сүнниттердің алты дәлелін келтіреді де, олардың әрқайсысына тоқтала отырып, оларды дәлелді түрде теріске шығаруға тырысады.

Бұл жерде мәселе оның дәлелдерінің қаншалықты көкейге қонымдылығында емес. Ол басқа әңгіме. Мәселе автордың Құран мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне  негізделген шынайы Исламды құртуды мақсат етуінде.  Егер мақсат дұрыс болмаған жағдайда дәлелдер қаншалықты көкейге қонымды болса да олар  қабылданбауы тиіс.

Бұл мақалаға жазылған түсіндірмелерде мен кораниттердің әуелден қате мақсатты, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін жою мақсатын көздегендерін көрсетуге тырыстым. Бұл түсіндірмелерді бастапқы нұсқасында сәл ғана толықтырумен ұсынып отырмын. Егер Алла қаласа бұл тақырыпқа  қайтып оралып, оған толығырақ тоқталатын боламын.

Түсіндірмелер:

Ғалым Бақыткерейұлы: Егер Исламнан сүннеті алып тастайтын болсақ, онда Исламды  құртып тынамыз. Өйткені, Ислам тек қана Құранға негізделмеген. Егер Ислам шариғаты мұсылманның күнделікті тыныс-тіршілігінің әрбір ұсақ-түйегіне дейін қамтып, туындаған әр сауалға мейлінше толық жауап беретін болса, бұл Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінің арқасы.

Егер сүннет болмаса мұсылмандар көптеген  маңызды мәселелердің дұрыс шешімдерін  таба алмас еді. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Ондай кездерде олар өз ой-пікірлеріне  негізделген өз шешімдерін ойлап таба бастар еді. Бұл болса адасудың тура жолы. Ал әрбір адасушылықтан  жаңа адасушылықтар туындай отырып Ислам  мыңдаған тармақтарға бөлінеді де өзінің туралығынан айырылып тынады.

Сол себепті де  белгілі бір  ғұламаның жеке ой-пікіріне сүйенгеннен көрі Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне сүйенген жөн болады. Исламның көрнекті ғұламалары міне осы жолды ұстанды. Солардың соңдарынан  ілесе отырып біз сүннетке қастық  жасаған адамның Исламға қастық жасайтынын есте ұстауымыз қажет. Ондай  адамның ниеті қаншалықты ниеті түзу болса да оның ісі теріс болып табылады.

Anti-Idol: Құранды Қасиетті Кітап ретінде мойындайтын жандар үшін  өмірде басшылыққа алуға  Құран жеткілікті. Басқа білім көздерін адамдар ойлап тапқан, сондықтан да олардан еш жақсылық күтуге болмайды...

«Ғұламалардың жеке ой-пікірлерін тыңдамау керек» деген сөзіңізге келетін болсақ, сіз өз сөзіңізге өзіңіз қайшы келіп тұрсыз. Өйткені, сүннет дегеніміз Құдайдың Кітабын  дұрыс түсіндік деп білетін жалған ғұламалардың жеке ой-пікірлері.

Ғалым Бақыткерейұлы:  Егер сіз сүнниттердің пәтуа шығару әдісімен таныс болсаңыз, онда   белгілі бір мәселе бойынша сенімді (сахих), немесе жақсы (хасан) хадис  болған жағдайда ғұламаның жеке ой-пікірі қабылданбайды.  Тіпті, әлсіз (дағиф) хадистің өзі ғұламаның жеке ой-пікірінен  артық дәлел болып есептеледі.

Сондықтан суннизмде шариғаттың барлық заңдары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сөздері мен істеріне негізделген. Онда ғұламалардың жеке ой-пікірлеріне орын өте аз, өйткені, сенімді, немесе жақсы, тіпті әлсіз хадис болған жағдайда  ол пікірлерге амал етілмейді.
Егер Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті мойындалмай, сол себепті де  хадистер дәлел ретінде қабылданбаса, онда Құран аяттарында шешімі болмаған көптеген мәселелер бойынша  ғұламалардың жеке ой-пікірлеріне ғана сүйенуге тура келер еді.    

Егер сіз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқан сөздері  мен істеген істері баяндалатын хадистерді оның серіктері ойдан  шығарған десеңіз, онда сіз оларды өтірікшілер ретінде  айыптаған боласыз. Егер сіз бұл сөздеріңізге есеп бере алатын болсаңыз, бұл шын мәнінде сұмдық айып. Шынайы мұсылманның Пайғамбардың (с.ғ.с.) серіктеріне  осыншама жала жабуы мүмкін бе?

Anti-Idol:  Ал хадистердің бірі-біріне қайшы келуі жақсы ма?

Ғалым Бақыткерейұлы:  Хадистерде қайшылық бар екені рас. Себебі, Пайғамбарды (с.ғ.с.) әр кездері көріп, оны тыңдаған,  сонан соң өз мекендеріне қайтып оралған сахабалар  өздерінің көргендері мен естігендері бойынша хадистер қалдырған. Ал Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінің соңына дейін  шариғат үкімдерін өзгертіп, немесе олардың  күшін жойып отырғаны белгілі. Мұнан хабарсыз болған жандар үкімі өзгертілген, немесе жойылған хадистерді де тарата берді. Және, әрине Исламның жаулары да қарап жатпады. Сол себепті де  хадистерде белгілі бір қарама қайшылықтар бар.

Бірақ, бұл жай хадистерден бас тартуға себеп бола алмайды. Ол парасаттылық  болмас  еді. Көптеген мәселелер бойынша мүлде жетекшіліксіз қалып көзсіз адасқанша  қайшылықтары болса да хадистермен жұмыс жасаған артық. Сондықтан  Ислам ғұламаларының барлығы да хадистермен жұмыс жасай отырып тұтас хадистану ілімін қалыптастырды. Осылай парасаттылық таныту арқылы  олар қателіктерден сақтанудың ең тиімді жолын таңдады.

Anti-Idol:  Сіз Құранды жетекшілік ретінде санамайтын болдыңыз ғой? Және Құран анық, әрі толық Кітап деген Құдайдың сөзіне түкірдіңіз бе?

Ғалым Бақыткерейұлы:  Егер сіз Ислам өмір салтын ұстанып,  барлық жағдайда да шариғатпен жүргіңіз  келсе, онда сіз Құраннан өмірдің түрлі жағдайларына анық та толық  жауап таба алмаған  болар едіңіз. Мұны тіпті, Исламды жаңа қабылдаған, әлі Ислам  өмір салтына терең бойлай қоймаған мұсылман да мойындайды.

Өйткені, олар құлшылықта, тұрмыста, қарым-қатынаста, және тірліктің әрбір  ұсақ-түйегінде  де Ислам көздеріне негізделген айқын жетекшілікті іздейді. Және олар тек   іздеп қана қоймайды, олар оны дәлелдеуді де талап етеді. Сондықтан осындай нақты қиындықтармен бетпе-бет келген Ислам ғұламалары Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқандары мен істеген істеріне ден қоюға мәжбүр болды. Сонда сіз олар да Құранға түкірді демексіз бе?

Олар өте тақуа кісілер болған еді, сондықтан да олар шариғат істерінде өте сақ танытты. Олардың бірталайы білімді тікелей Пайғамбардан (с.ғ.с.) алған сахабалар болатын. Сол себепті де   олар нақты қай аяттың қандай себеппен түскенін, оларды қалай түсініп, қалай түсініктеме беру керектігін өзгелерден артық білді.

Олар  пәтуа берген кездерінде  бірінші кезекте Құранға сүйенді, ал онан нақты жауап таба алмаған кездерде ғана  сүннеттен шешім іздеуге мәжбүр болды. Тағы да қайталап айтам олар шешімді сүннеттен іздеуге мәжбүр болды.

Тіпті, олардың Құран түгел  сүннеттен де жауап таба алмаған кездері  болды. Тек сондай кездерде  ғана олар өз жандарынан пәтуа беруге мәжбүр болды.  Егер туындаған барлық мәселелерге  Құраннан нақты шешім  тауып отырған болса, онда олар өздері пәтуа беріп мойындарына жауапкершілік  жүгін алар ма еді?

Исламды құр сөз арқылы түсіну аздық етеді. Исламды күнделікті тұрмыс-тіршілікте  қолдана жүріп түсіну қажет. Сол кезде  Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінің қажеттілігіне еш күмән тумас еді. Сүннеттен ажыраған құраниттердің Исламы шынайы өмірден  ажыраған Ислам. Сондықтан да ол шынайлықтан ада  Ислам.

10-13 апрель 2013 ж.                                                                             

Комментариев нет:

Отправить комментарий