Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
(Мұхаммед ғ.с.) «Әй, Кітап иелері, бізге де, сендерге де ортақ бір сөзге келіңдер, жалғыз Алладан басқаға құлшылық етпейік, Оған ешқандай да серік қоспайық, сондай-ақ, Алладан өзге бір-бірімізді құдай етіп алмайық» деп айт. Егер олар теріс айналса «біздің мұсылман екендігімізге куә болыңдар» деңдер. Құран Кәрім. Әли Ғимран 3:64.
Бұл аятта Ислам дінінің ең басты негіздері атап көрсетілген. Тек Аллаға ғана құлшылық ету, ешкімді де, ештеңені де Алламен теңестіріп, оларға сиынып-жалбарынбау, және адамдарды өздеріне құдай етіп алып оларға табынбау. Міне, осы талаптарды берік ұстану әрбір мұсылман үшін басты шарт. Жоғарыдағы аят бойынша осы талаптарға бой ұсынғанда ғана адам мұсылман болып саналады.
Олай болса, о дүниелік болған әулие-әнбиелер мен ата-бабалардың рухтарына сиынуды өздеріне міндет етіп алған, онымен қоймай халықты да соған шақырып Аллаға серік қосу күнәсіне жұмылдырып жүрген «аруақты» жандардың «мұсылмандықтарын» қалай түсінуге болады? Қалайша олар Исламның басты талабын өрескел түрде бұза тұра өздерін мұсылман етіп көрсетуге тырысады.
Олар анттарын қалқан етіп өзгелерді Алланың жолынан тайдырды. Оларға қорлаушы азап бар. ...Байқаңдар! Шын мәнінде олар өтірікшілер. Оларды шайтан еңсеріп өздеріне Алланы еске алуды ұмыттырды. Олар шайтанның тобы. Шын мәнінде шайтанның жамағаты, олар зиянда қалғандар. Құран Кәрім. Мужәдәла 58:16,18,19.
Олар «Алладан басқа құдай жоқ екеніне куәлік етемін, және Мұхаммедтің Оның елшісі екеніне де куәлік етемін» деп кәлима шахаданы тілдерімен айтады, және мұсылмандық парыздар болып табылатын намаз, ораза, зекет, және қажылық парыздарды да өтейді. Сонан соң дінді өрескел түрде бұрмалай отырып өзгелерді адасуға мәжбүр ететін мұндай «аруақты» жандардың шайтанның тобынан екендіктеріне олардың істері куә.
Олар күнделікті өмірде шайтандарды өздеріне үйір қылатын, оны өздеріне сыбайлас ететін Аллаға серік қосу істерімен ашықтан ашық айналысады. Олар өздері шайтандарға бейімделіп әулие-әнбиелер мен ата-бабаларына сиынып, сол арқылы шайтандарды өздеріне шақырумен болады. Мұндай адамдарды шайтандар айналдырып, оларды еркін билеп-төстеп өздеріне тез тәуелді етіп алады. Бұл жөнінде мынадай аят бар.
Шын мәнінде, (Аллаға) иман келтіріп, Раббыларына тәуекел еткендерге шайтанның бір үстемдігі болмайды. Шын мәнінде олардың үстемдігі оны дос тұтып, Аллаға серік қосушыларға ғана жүреді. Құран Кәрім. Нахыл 16:99,100.
Егер кеңітіп айтар болсақ, бұл аятта Алладан басқа құдай жоқ екенін мойындап, Одан өзге ешкімге де сиынып, жалбарынбайтын, тек бір Алланың ризалығы үшін ғана құлшылық етіп, бір Аллаға ғана тәуекел ететін жандарға шайтанның еш үстемдігі болмайтыны айтылған. Өйткені, олар Аллаға иман келтірген мұсылмандар болып табылады.
Және бұл аятта Алладан өзге неше түрлі «құдайларды» жақын тұтып, солардан жәрдем тілеп жалбарынатын, сол арқылы Алланы емес шайтандарды өздеріне дос етіп жүрген жандарға шайтанның үстемдік ететіні айтылған. Өйткені мұндай жандар Аллаға серік қосушы мүшіріктер болып табылады.
Жатса да, тұрса да әулие-әнбиелердің, ата-баба аруақтарының аттарын атап, соларға сиынып жүретін жандар шын мәнінде өздерінің шайтандардан қамқорлық сұрап, соларды өздеріне дос етіп жүргендіктерін біле бермейді. Олар мұсылман болып саналатын әулие-әнбиелерге, тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіне де сиынып жүретіндіктен өздерінің шайтандардан аулақ жүргендіктеріне өте сенімді. Бірақ, олардың сенімдері басқа да, шындық басқа.
Олар (Мекке мүшіріктері) Алладан өзге ұрғашыларына ғана жалбарынады. Негізінде олар қасарысқан шайтанға жалбарынады. Құран Кәрім. Ниса 4:117.
Кезінде өздеріне құдай етіп алған әйел жынысты пұттарға құлшылық етіп жалбарынған Мекке мүшіріктері өздерінің сол бір жансыз пұттарының арттарында шайтандардың тұрғанын білмеген де шығар, бірақ олардың шын мәнінде сол пұттар арқылы шайтандарға жалбарынып жүргендерін жоғарыдағы аят айғақтап тұр.
Сол тәрізді қазіргі біздің кейбір қандастарымыз сиынып жүрген кесенелер мен қабірлерде жатқан «аталардың» арттарында да жын-шайтандардың тұрғандарына ешқандай да күман болмауы тиіс. Өйткені, кезінде мұсылман болған, тіпті шариғаттың білгірлері саналған сондай тақуа кісілердің қайтыс болған соң рух болып келіп өзгелерді өздеріне сиынып-табынуға мәжбүрлеулері, сол арқылы шариғатты өрескел бұрмалап өздерін де, өзгелерді де күнаға батырулары мүмкін емес.
Егер Алла бір адамға Кітап, даналық, және пайғамбарлық берген болса, оның адамдарға «Аллаға емес маған құл болыңдар» деуі лайық емес, керісінше, «Кітапты үйретулерің, оқуларың бойынша нағыз Құдайшыл болыңдар» (деуі лайық). Сондай-ақ, ол сендерге: «періштелер мен пайғамбарларды құдай етіп алыңдар» деп бұйырмайды. Сендерді мұсылман болғаннан кейін (Аллаға) қарсы шығуға бұйырар ма еді? Құран Кәрім. Әли Имран 3:79,80.
Жоғарыдағы аятта айтылғандай Алла Тағала өзіне Кітап, даналық, және пайғамбарлық берген Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге «Алланы қойыңдар да менен жәрдем сұрап, маған жалбарынып, менің құлым болыңдар» деген жоқ. Және, «періштелерге, пайғамбарларға, әулие-әнбиелерге, және ата-бабаларыңа бас иіп, құлдық ұрып, оларды өздеріңе құдай етіп алыңдар» деп бұйырған жоқ.
Керісінше, «Құрандағы үкімдер мен сүннетім бойынша Алланың ғана ризалығын іздейтін нағыз құдайшыл болыңдар» деп бұйырды. Сол сияқты кезіндегі шариғаттың білгірлері болған тақуа мұсылман аталарымыздың да «маған сиынып, менен жәрдем сұрап жалбарыныңдар сонда мен сендерге жәрдем етіп қиындықтарыңды айықтырамын, сырқаттарыңды жазып істеріңді оңғарамын» деп өзін өзгелерге құдай етіп ұсынуы мүмкін емес. Осындай кеңестері арқылы олардың мұсылмандарды Аллаға қарсылық болып табылатын серік қосу істеріне тартулары мүмкін емес.
Ал кейбір жандар сиынып жүрген мұсылман «әулие-әнбиелер» болса Алла Тағаланың тиым салғандарына рұқсат беріп, ал Оның рұқсат еткен істеріне тиым салып өз беттерінше үкім шығара береді. Және адамдарды қорқыта отырып оларды шариғатқа симайтын небір зор күналарға зорлайды. Аллаға қарсылықтың мұндай сорақы көріністерін бұрынғы өткен тақуа кісілердің рухтары жасап жүр деп білу ол кісілерге жала жауып жазықсыз қаралау болып табылады.
Шын мәнінде бұл дүниедегі тұз-дәмі таусылып о дүниелік болып кеткен адамның бұл дүниелік істерге араласуы мүмкін емес. Ол бұл дүниеден қалай кетті, солай ол үшін де бұл дүниенің есігі жабылады. Енді ол өзгелерге жәрдем етпек түгел өзінің бұл дүниеде жасаған қателіктерін де түзетуге ешқандай мүмкіндігі болмайды. Өйткені, оның артына бұл дүниелік істерге араласуға еш мүмкіндік бермейтін бөгет қойылады. Бұл жайында Құранда былай делінген:
«Олардың кейбіріне өлім келген сәтте ол: «Раббым! Мені (дүниеге) қайтар!» дейді. Мүмкін, мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін. Жоқ, олай емес! Оның бұл айтқаны бос сөз, олардың арттарында қайта тірілетін күнге дейін бөгет бар». Құран Кәрім. Муминун 23:99,100.
Егер бақилық болған адамның рухы бұл дүниеге қайтып оралып бұл дүниелік адамдардың істеріне араласа алатын болса, онда ол өзінің өткен өміріндегі бар қателіктерін түзетіп, жасаған жамандықтарын жақсылықпен ауыстырып, бар күнәларын жуып-шайған болар еді. Сол арқылы ол ақирет күніне дейін сауап тауып өз жағдайын барынша жақсартып алған болар еді.
Бірақ, шын мәнінде бұлай болуы мүмкін емес. Бұл дүниеден кеткен соң адамның жақсылы, жаманды істері жазылып отыратын амал дәптері жабылады. Ол енді қандай болмасын жақсы амалдар жасап, сол арқылы сауап тауып өз жағдайын сәл де болса жақсартудың бар мүмкіндігінен толық айырылады. Ол тек өткен өмірінде жасаған кейбір жақсы амалдарының ғана пайдасын көре алады. Ол жөнінде Әбу Хурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте былай делінген:
«Адам баласы өлгеннен соң оның амалдары тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: жария-садақа, адамдардың пайдасына жарайтын білім, және артынан дұға қылатын салихалы перзент». (Муслим 3/1255)
Шариғат бойынша егер қайтыс болған адамның артында қалған жақындары мен ұрпақтары оның рухына бағыштап дұға етсе, және Алланың ризалығы үшін деп түрлі сауапты амалдарды атқарып сол амалдарының сауабын қайтқан адамның рухына бағыштап отырса, сол сауаптар ғана оған тиесілі болады.
Мұнан шығатын қортынды, о дүниелік болған соң адам енді қайтып бұл дүниенің істеріне араласа алмайды. Жер басып жүрген кезінде ол қаншалықты әулие адам болған болса да марқұм болған соң оның өзгелерге жәрдем етпек түгел, өз жағдайын жақсартуға да еш мүмкіндігі болмайды. Қайта оның өзі бұл дүниелік адамдардың жәрдеміне мұқтаж күйде болады.
Шын мәнінде, мүшіріктердің сиынып жүрген «әулие-әнбиелері» адамдарды адастыру үшін бұрынғы өткен мұсылман кісілердің аттарын жамылып, солардың кейіптеріне еніп, солардың аттарынан сөз сөйлеп жүрген шайтандар болып табылады. Олар осылай істеу арқылы адамдарды қайтыс болған адамдарға табындырып оларды Алланың қаһарына ұшыратуға тырысуда.
Қабірлерде жатқан «аталардың» өздерінің «байланысшылары» бақсы-балгерлер арқылы адамдарды өздерінің қабірлеріне зиярат етуге шақырып халықты өздерінің баталарын алуға жұмылдырып жүргендері кімге болса да аян. Егер қайтыс болған адамдардың бұл дүниелік істерге араласу мүмкіндіктерінен айырылатынын ескерсек, онда осы бір аруақтарға жалбарынып, қабір жағалау дүрмегінің басында да, қасында да шайтандардың жүргеніне ешкімнің де күманы болмауы тиіс.
Шын мәнінде тек шайтандар ғана адамды Аллаға серік қосуға үгіттеп, сондай күнаға мәжбүрлеуі мүмкін. Өйткені, өзін Адам Атадан артық санап оған сәжде етуден бас тартқан, сол себепті де Алла қарсы шығып қарғысқа ұшыраған Ібіліс - шайтан сол үшін де адамзатқа өшігіп оларды да Аллаға қарсы шығарып қарғысқа ұшыратуды мақсат етеді.
«...мені қаңғыртқаның себепті әлбетте, мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын» деді. «Сонан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың»... Құран Кәрім Ағраф 7:16,17.
«...әлбетте, адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын» деді. «Бірақ, олардың ішіндегі нағыз құлдарыңды адастыра алмаймын». Құран Кәрім. Хижыр 15:39,40.
Осылай ширк күнәсіне батыру арқылы адамдарды да өзімен бірге тозаққа ала кетуге тырысып жүрген Ібіліс шайтанға қызмет етіп жүрген біздің «аруақты» қандастарымыз халық арасында әлі өз ықпалдарын сақтауда. Кейбір білімсіз жандар солардың кеңестерімен әулие-әнбиелер жатқан бейіттер мен кесенелерді жағалап сол бейіттер мен кесенелерді жайлап алған жын - шайтандардан тілек тілеп жан-тәндерімен сол жын - шайтандарға жалбарынуда. Осындай зор адасумен адасып жүрген жандардың да өздерін нағыз мұсылман санап, туралыққа таласатындарын қайтерсің!
27.09.13.
Комментариев нет:
Отправить комментарий