Қамқор, мейрімді Алланың атымен бастаймын!
(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды кешіреді. Өйткені, Ол өте кешірімді, ерекше мейірімді» де. Құран Кәрім. Зумар 39:53
Осы аятты оқи отырып «егер Алла шынымен де соншалықты кешірімді, мейрімді болса онда Ол есеп беретін ақирет күні барлық күнаһар құлдарына да мейріммен қарап оларды неге кешірмейді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине, Алла Тағала үшін қаншалықты зор күналарды болмасын кешірудің еш қиындығы жоқ. Өйткені, адам баласының күнәларын кешіру тек бір Алланың ғана еншісі.
Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді. Құран Кәрім. Әли Имран 3:135
Бірақ, солай дегенмен де Алла Тағаланың Өзі жаратқан құлдарына ескерткен ескертулері бар, және сол ескертулері бойынша берген, міндетті түрде орындауға тиісті уәделері бар. Құранда бұл ескертулер мен уәделер жайында мынадай аяттар бар:
«Сендер Алладан өзге қалағандарыңа табыныңдар. Расында, зиянға ұшырағандар, олар қиямет күні өздерін де, үй-іштерін де зиянға ұшыратқандар болады. Сақ болыңдар! Міне, осы анық зиянға ұшырағандық» де. Олардың үстерінде де оттан түнектер, астарынан да түнектер болады. Міне, Алла құлдарын осы арқылы қорқытады. Әй құлдарым! Менен қорқыңдар.
Сондай пұттан, оларға табынудан аулақ болғандар, сондай-ақ, Аллаға ынтамен бой ұсынғандар, олар үшін қуаныш бар. Құлдарымды сүйіншіле. Сондай сөзге құлақ салып, оның ең көркеміне ілесетіндер, міне, солар Алла өздерін тура жолға салғандар. Міне, солар ақыл иесі. (...) Раббыларынан қорыққандар үшін астарынан өзендер ағатын қабат-қабат салынған сарайлар бар. Бұл Алланың уәдесі, Алла (Т.) уәдесінен таймайды. Құран Кәрім. Зумар 39:15-19,20
Алладан артық уәдесін кім орындайды? Құран Кәрім. Тәубе 9:111
Алла Тағала Өзінің айтқандарына сеніп, талаптарына бой ұсынған, парыздарын мүмкіндіктерінше атқарып, жамандықтардан тиылып, жақсылықтарға құлшынған құлдарын барынша риза етуге уәде берді. Сондай-ақ, Ол Өзінің айтқандарына сенбеген, талаптарына бой ұсынбаған, парыздарын атқарудан бас тартқан, жақсылықтарға тиым салып, жамандықтарға құлшынған құлдарын істеген істеріне орай тиісінше жазалауға да уәде берді.
Егер Ол Өзінің бұл уәделерін орындамаса онда Ол біріншіден, екі сөйлейтін өтірікші болған болар еді. Екіншіден, бұл Оның тарапынан жасалған зор әділетсіздік те болар еді. Өйткені, бұл шын мәнінде жақсылық істеушілер мен мен жамандық істеушілерді теңестіру болып табылады. Мысалға, біреулер Жаратушы Алланың талаптарын орындау барысында өздері қалап тұрған көптеген дүние қызықтарынан саналы түрде бас тартып, небір қиыншылықтарға төзіп сабыр етеді. Ал екінші біреулер болса Алла Тағала тиым салынған істерден өздерін ешқандай да тежемей дүние қызықтарын қалауларынша тамашалайды, және адамдарға зорлық-зомбылық көрсетіп, жәбір-жапа шектіреді.
Егер осындай жамандық жасаушыларға Алла Тағала кеңшілік етіп, олардың бар күнәлары кешіріліп, олар бар жазадан босатылатын болса онда жақсылық жасаушылар тарапынан «түпкі нәтижеде бұлай теңесетін болсақ, онда біз не үшін тырысып, не үшін басымызды қиындыққа салып машақатқа қалдық?» деген заңды сауал туған болар еді. Сондықтан да Алла Тағала қаншалықты мейрімді, қаншалықты кешірімді бола тұра жамандық жасаушыларға кеңшілік етуді қаламайды. Өйткені, бұл Оның тарапынан жасалатын зор әділетсіздік болар еді.
...жамандық істегендер өздерін иман келтіріп, ізгі іс істегендер сияқты қылатындығымызды, тіршіліктерінде де, өлімдерінде де тең боларын ойлай ма? Олардың берген үкімі нендей жаман. Негізінде, Алла (Т.) әрбір жан істегендерінің өтеуін алуы үшін көктер мен жерді шындық бойынша жаратты. Олар ешқандай да әділетсіздікке ұшырамайды. Құран Кәрім. Жасия 45:21,22)
Комментариев нет:
Отправить комментарий