суббота, 2 мая 2015 г.

Арсыз адам тірі өлік

Мейрімді, рақымды  Алланың атымен бастаймын!

Ар-ұят адам  үшін бір күндік сән емес, ол адам үшін мәңгілік мән. Ол оның адамдық бет-бейнесі. Ол оның адамдық құны. Оған уақытша  сән ретінде қарап, сол себепті  оны  арзан бағалайтын адам ақылсыз адам. Ар-ұятты көнертіп, оны сәннен қалды деп  қажетсіз ететін жан өзін қаншалықты өркениетті, озық жан санаса да оның шын бағасы хайуаннан да төмен.

Егер хайуан үшін адам болу зор  дәреже болса, өзінің адамдық ар-ұятын қолдан беріп, өзін өзі хайуан деңгейіне түсірген жан қалайша  адам болады?  Мұндай жандар түптің-түбінде адамға лайықты бар игіліктерден құр қалатын болады.  Өйткені, шын мәнінде ол игіліктер өздерін адам деп санағандарға  емес, өздерін адам етіп  ұстағандарға ғана лайық.

Адамның ар-ұятының деңгейі оның  иманының деңгейін байқатады. Адам неғұрлым арсыз, ұятсыз болған сайын ол солғұрлым имансыз болады. Немесе, керісінше, адам неғұрлым имансыз болған сайын ол солғұрлым арсыз, ұятсыз болады.

Мұнымен біреулердің келіспеулері мүмкін. Өйткені, кейбір құдайға сенбейтін жандардың да ар-ұяттары, адамгершіліктері күшті болады. Бірақ, негізінде, құдайға сенбеуі ол адамның имансыз екендігін анықтамайды. Иман жүректің қазынасы. Ал құдайға сену, сенбеу болса ол сананың ісі.

Адам дін жайындағы, құдай жайындағы білімсіздіктерінен туындаған қате түсініктерінің салдарынан құдайды мойындамауы мүмкін. Бірақ оның жүрегіндегі иман ар-ұят, адалдық мінез-құлық, жақсылыққа құштарлық тәрізді  адамгершілік қасиеттер арқылы көрініс береді.

Иман жүрек қазынасы. Бірақ, ол сарқылмас қазына емес. Ол үнемі үстемелеп, толықтырып  отыруды қажет етеді.  Егер Алланың барлығы мен бірлігін мойындау арқылы жүректегі иманның көзі ашылатын болса, құлшылық істер арқылы ол молайып отырады. Ал көзі ашылмаған, құлшылық арқылы үстелмеген иман қазынасы ерте ме кеш пе сарқылып, соның салдарынан адамның жаны жұтап, ол өзінің бар адамгершілік қасиеттерінен  айырыла бастайды. 

Ар-ұятын қадірлемей адамгершілік қасиеттерінің  құнын түсірген адам шын мәнінде өз басының  құнын түсіреді. Ондай пенде байлығы мен  билігі, басқа да үстемдіктері  бар кезде солардың арқасында сыйлы болғанына көңілі марқайып, өз бағасын асыра бағалаумен  жүруі мүмкін. Бірақ, байлық пен билікте те, ешқандай үстемдік те мәңгілік емес,  тек ар-ұят қана мәңгілік. Сондықтан да ондай жан ерте ме, кеш пе ар-ұяттың қадірін түсінетін болады. 

Егер адам ұшін ар-ұяттан айрылып арсызданып, азғындау жетіскендік болса, онда оның бұлай жетіспей-ақ қойған жөн болар еді. Егер ар-ұятты сақтап адал болу надандық, жабайылық   болса, онда адамның осындай  надан, жабайы болып қалған жөн болар еді. Надансың, жабайысың дегенге намыстанып, тезірек ар-ұятынан  құтылуға тырысып,  азғындауға  үшін асығуы үшін адам қаншалықты ақымақ  болуы қажет?

Жалпы, азғын неге өзінің азғындығына қысылмай еркінсіп, арлы неге өзінің арлылығынан, ұяттылығынан қысылып, төменшіктеуге  тиіс? Адамды өзінің арлылығынан, ұяттылығынан қысылып, тезірек ар-ұятынан құтылып бетсіз   болуға асықтыратын дүниетаным қандай зымиян дүниетаным  еді.

Қазіргі батыстық қоғамда  арсыздардың күні туып, ұятсыздардың желдері оңынан соғуда.  Хайуандыққа тән небір азғындықтар ерік бостандығы мен жариялылық арқылы  кеңінен насихатталып, сол арқылы ептілікпен санаға сіңірілуде. Сол арқылы олар үйреншікті нәрсеге айналып бірте-бірте қалыпты өмір салтына айналуда.

Жоғары өркениеттің бесігі саналатын батыстық  қоғамда арта қалудың, надандықтың, жабайылықтың белгісі ретінде  шынайы ар-ұят сезімі өлтіріліп, оларды мәдениеттіліктің атын жамылған жасанды сыпайылық, жасанды әдептілік алмастыруда. «Ит жоқта шошқа үреді» дегендей шынайы ар-ұят  кеткен жерде   қашанда жаттанды, жасанды қылықтар қылымситын болады.

Құдайға сенбейтін, сол себепті де дін ілімінен қол үзген  жандар ақиқаттың, адамгершіліктің қайнар көзінен сусындай алмайды. Сол себепті де олар мәңгілік құндылықтарды емес бес күндік пайдасы мен қызығын басшылыққа алады. Соның салдарынан да мұндай жандар ұятсыздық, арсыздықтарға  тез бой алдырып, азғындықтың  иіріміне топ-тобымен жұтылуда.

Уақыт өткен сайын батыстық қоғамда  иманды, ар-ұяты күшті жандар азайып барады. Күннен күнге  имандылыққа, адамгершілікке тұтқа болар ізгі жандар азайып, олар  азшылыққа айналуда. Керісінше, кеше ғана «сексуальды азшылық» деп аталған топтар көбейіп олар «сексуальды көпшілікке» айналуда.  Соның нәтижесінде  түрлі азғындықтар күш алып,  кеңінен тарап барады.  Оның бір сорақы көрінісі  гомосексуалистердің өз некелерін заңдастырға қол жеткізулері болып табылады.

Түрлі  азғындаған топтардың  ақпараттық құралдар арқылы өте ептілікпен жүргізіп жатқан  азғырушы насихаттарының ықпалынан  адамдар  түз түгел өз шаңырақтарында да  құтыла алмауда. Мұндай іріткі насихаттың  ықпалынан олар болашақ ұрпағын қорғап қалмақ  түгел өз бастарын да сақтай алмауда.

Осылайша өркениеттілік, жетістік, озық мәдениет ретінде  ұсыныла бастаған небір азғындықтар адамдардың жүректерінен ар-ұят сезімдерін  асқан ептілікпен жүйелі түрде  аластап жатыр. Соның нәтижесінде   небір сорақы хайуандықтарға да олардың көздері үйреніп, еттері  өліп барады. Шын мәнінде олардың  ар-ұяттары өліп барады.

Адамның ар-ұятын өлтіру -  оның адамгершілік асыл қасиеттерін өлтіру. Ал, адамгершілік қасиеттері өлген адамның ешқандай  болашағы жоқ. Ондай жан бүгінгі күнімен ғана қыбырлап жүрген тірі өлік болып табылады. Олай болса, мұндай жандар тіршілік еткен   қоғамның  да болашағы жоқ.  Өйткені, ол тірі өліктер қоғамы. 

09.10.13.

Комментариев нет:

Отправить комментарий