Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Алладан өзгелерді өздеріне құдай етіп алған мүшіріктер бүткіл ғаламдардың Раббысы деген сөздің мағынасында қандай ұлылық пен құдірет жатқанын ұғуға тырыспайды. Олар тек жындар, аруақтар, қасиет қонған адамдар тәрізді өз «құдайлары» көрсететін кереметтерге ғана қатты таңғалып, солардың ғана ұлылықтары мен құдыреттерін ғана мойындайды. Шын мәнінде ғаламдардың раббысы Алла Тағаланың ұлылығы мен құдіретінде шек бар ма?
Ол ешкімді бала қылып алмады да, Оның патшалығында ешбір ортағы жоқ. Құран Кәрім. Фурқан 25:2.
Ғаламдардың Раббысы Алла Тағала Өзіне мұрагер болып, тұқымын өрбітетін, қолын ұзартып жәрдемші болатын балаға ешқандай да мұқтаж емес. Өйткені, Оның Өзі ешқашан, ешкімнен де туылған жоқ, және Ол ешқашанда қартаймайды да, өлмейді. Сондықтан да Оған мұрагер де, үрім-бұтақ та қажет емес.
Және Ол Өз істерін Өзі толық меңгеріп, ешқандай көмекшіні де керек қылмайды. Ол Өзінің билігімен де ешкіммен бөліспейді. Ешкім де Оған ақыл қосып, әмірін талдап, үкімін өзгерте алмайды. Өйткені, Ол бір Өзі ғана патша, ал, қалғандарының бәрі де құл дәрежесінен әрі көтерілмейді.
Көктер мен жердегі әркім Аллаға құл болып қана келеді. Құран Кәрім. Мәрям 19:93.
Сондай-ақ, әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі. Құран Кәрім. Фурқан 25:2.
Ғаламдардың Раббысы Алла Тағала бәрін де, көк пен жерді де, оның екі арасындағын да, және ғаршыны да бір Өзі ғана жаратты. Және, барлық жаратылыстың мөлшерін, өлшемін, орнын, уақытын және олардың өзара әрекеттесетін шым-шытырық қарым-қатынастарын үйлестіріп, жүйеледі. Кейбіреулер ойлайтындай мұның бәрін де Оған қолмен жасап, құрастырып әуре болудың да қажеті болған жоқ. Ол тек әмір етеді, және оған сол да жеткілікті.
Ол бір істің болуын қаласа тек қана «бол» дейді. Сонда ол бола қалады. Құран Кәрім. Мәрям 19:35.
(Сонда да) олар Алладан өзге бір нәрсені жарата алмайтын, өздері жаратылғандарды Алланың орнына құдай етіп алды. Құран Кәрім. Фурқан 25:3.
Сендердің Алладан өзге табынғандарың барлығы жиналса да әсте бір шыбын жарата алмайды. Құран Кәрім. Хаж 22:73.
Қай заманда болмасын небір хас шеберлер көз майларын тауысып мүсін қашап, сурет салып өздерін жаратушы сезінуге тырысты. Бірақ, қандай құрбандықтар беріп, небір құдайларының көмегіне жүгініп, үлкен сиқырлар жасаса да да олар өздерінің бір туындысына да жан бітіре алмай арманда өтті. Өйткені, олар бар болғаны ет пен сүйектен жаратылған пенделер еді. Және олардың сиынып, табынғандары да әрі кеткенде жындар тәрізді өздері де жаратылған Алла Тағаланың құлдары еді.
Расында, Алладан өзге сиынғандарың өздерің сияқты құлдар. Құран Кәрім. Ағраф 7:194.
Өздерінің туындыларына жан бітіре алмайтын дәрменсіздіктерін мойындағылары келмейтін кейбір пенеделер ол туындыларында ерекше қасиет бар деп оған өздері де сеніп, өзгелерді де соған сендіріп қолдан «құдай» жасап алу сорлылығына дейін төмендеді. Осылайша олар өздерін «құдайды» да қолдан жасайтын «ұлы жаратушы» деңгейіне көтеріп мүлде шектен шығып кетеді.
Біреулер осылай ғаламдардың Раббысы Алламен жаратушылық жағынан таласып, адамдарға қолдан құдай жасап беруге тырысып жүрсе, екінші біреулер адамдарға құдірет жағынан Алламен таласатын көрдегі өліктерден құдай жасап беруде. Олар сол «құдайлары» арқылы адам сенбес небір кереметтер көрсетіп, халыққа өз қасиеттерін мойындатуда. Со арқылы қорқыта отырып оларды сол жалған құдайларына сиындырып, табындыруда.
Олардың «құдайларының» көрсететін небір кереметтеріне таңғалып, олардың «құдіреттеріне» тәнті болатын қарапайым көпшілік болса олардың көрсетіп жүрген кереметтерінің бәрі де сиқыр арқылы жүзеге асатынын түсінбейді. Және сол сиқырды оларға жын-шайтандар үйретіп, әрі оны жасауға да көмектесетіндерін біле бермейді.
...шайтандар адамдарға сиқыр үйретіп кәпір болды. Құран Кәрім. Бақара 2:102.
Олар (өнерлерін) қойған сәтте адамдардың көздерін сиқырлап оларды қорқытты. Сондай-ақ үлкен бір сиқыр келтірді. Құран Кәрім. Ағраф 7:116.
Олардың сиқырлары тек көз бояйтын көріністер көрсетумен ғана шектелмейді. Олар адамдарға нақты зиян келтіретін сиқырларды да жасайды. Мысал ретінде ерлі-зайыптыларды айыру үшін сиқырды алуға болады.
Сонда олар екеуінен ер мен әйелдің айыратынды үйренетін еді. Құран Кәрім. Бақара 2:102.
Олар ауру-сырқауды да сиқыр арқылы аластап, көшіріп ем жасаса, дұға оқу арқылы, керісінше, біреулерді ауруға шалдықтырып, тіпті өлтіріп те жібереді. Міне, осындай сиқырдан сақтану үшін де Фалақ сүресінде мынадай аят бар:
...түйіншікке дем салушылардың кесірінен (таңның Раббысына сиынамын). Құран Кәрім. Фалақ 113:4.
Негізінде, кімдер қандай сиқыр жасаса да олардың сиқырларының ғаламдардың Раббысы Алланың қалауынсыз жүзеге аспайтыны, және Алланың қалауынсыз ол сиқырлардың ешқандай нәтиже де бермейтіні анық. Бұл жөнінде Құранда былай делінеді.
Олар Алладан бұйырықсыз ешкімге де зиян бере алмайды. Олар (сиқыршылар) өздеріне зиян келтіретін, пайда бермейтін нәрсені үйренетін еді. Құран Кәрім. Бақара 2:102
Мұндай сиқыр арқылы жасалынатын көз байлау мен емшілік, және басқа да кереметтер шын мәнінде адамдарды Алладан өзге шайтандарға табындыру үшін жасалады. Сондықтан да мұндай сиқырларды ғаламдардың Раббысы Алла Тағаланың Пайғамбарлары (с.ғ.с.) жасаған нағыз кереметтермен салыстырмаған жөн.
Алланың құдіретімен Пайғамбарлар (с.а.с.) арқылы жасалатын мұғжизалар деп аталатын кереметтер адамдарды бір Аллаға бойұсындыру мақсатында жасалатын еді. Ол кереметтер сиқыр емес шын мәніндегі кереметтер болатын. Құранда Мұса пайғамбарды (с.ғ.с.) сиқыр арқылы жеңбек болып жиналып, бірақ, Алланың нағыз кереметіне куә болып, Оған иман келтірген сиқыршылар оқиғасы бар.
...Сол сәтте олардың (тастаған) жіптері мен таяқтары сиқырларының салдарынан Мұсаға (ғ.с.) жүрген жылан болып сезілді. Құран Кәрім. Таһа 20:66.
Мұсаға «таяғыңды таста»-деп уахи еттік. Сол сәтте таяқ олардың жасанды нәрселерін жалмай бастады. Құран Кәрім. Ағраф 7:117.
Сонда бүкіл сиқыршылар сәждеге жығылып «Мұса мен Һарұнның Раббысына иман келтірдік»-деді. Құран Кәрім. Таһа 20:70.
Сиқырдың мәнісін білетін өте мықты сиқыршылар Алланың нағыз кереметін көрген кезде Оның құдіретін сөзсіз мойындап сәждеге жығылды. Оларды тіпті, «аяусыз қинап өлтірем» деп қаһарын төккен Перғауын да қорқыта алмады. Өйткені, олар Алла Тағаланың шексіз құдіретіне куә болып қатты шошынған еді.
Алла Тағала осылайша Өзінің бірлігін уағыздап жүрген Пайғамбарлары (с.ғ.с.) арқылы Өзінің күш-қуатын паш етіп, шешуші кезеңдерде мүшіріктердің үрейлерін ұшырып, олардың сағын сындырып отыратын. Ал Пайғамбарлар (с.ғ.с.) болса бұл мұғжизалардың тек Алла Тағала тарапынан ғана жасалатынын халыққа ұқтыратын.
«Алладан бұйырықсыз біздің сендерге мұғжиза келтіруіміз мүмкін емес» Құран Кәрім 14:11.
Олар осылайша тек бір ғаламдардың Раббысы Алланың ғана күш-қуатын айғақтап, осындай Ұлық Алланың бір Өзіне ғана құлшылық етуге шақыратын. Бірақ, сонда да кейбір жандар Алланың Ұлылығы мен Құдіретіне шәк келтіріп әлдебір жаратылған құлдарды Онымен теңестірулерін қоймауда. Сол арқылы олар Жаратушы Ұлы Алланы сол құлдардың деңгейіне дейін түсіріп қорлауда.
Шын мәнінде, Алланың алдында тіршілік иелерінің ең жаманы ештеңені ұқпайтын саңыр, мылқаулар. Құран Кәрім. Әнфал 8:22
Бұл аятта Алла Тағаланың барлығы мен Оның бірлігіне жайындағы шындық саналарына кірмейтін, және ғаламдардың Раббысы Алланы ұлықтап, пәктеуге ауыздары бармайтын жандарды жаратылыстың ең жаманына теңеп отыр.
Бір Алла зікір етілсе ақиретке сенбейтіндердің жүректері жиренеді. Ал қашан Алладан өзгелер зікір етілсе олар қуанады. Құран Кәрім Зумар 39:45.
«Ата-баба аруақтарына, әулие-әнбиелерге сиынып, олардан жәрдем сұрауға болмайды, тек бір Алладан ғана жәрдем тілеп, тек бір Аллаға ғана жалбарыну керек» деген сөздерді жақтырмай, ол жайында мүлде естігілері келмейтін жандар арамызда жоқ емес. Олардың қызыға отырып тыңдайтын, және сүйсіне отырып айтатын әңгімелері бейіттер мен кесенелерді «мекен еткен» «аталардың» қасиеттері мен кереметтері.
Олар осылайша сол «аталарды» барынша мақтап, дәріптей отырып, сол арқылы оларды риза етіп, олардың қолдап, қорғауларына ие болуды үміт етеді. Олардың кейбіреулері тіпті осылай жағына отырып сол аталардың қалауы өздеріне түсіп аруақты болып қалуды да іштей дәметеді.
Олар аруақты болу арқылы жұртты өздеріне табындырып, ерекше қасиет иесі ретінде мадақталып, дәріптелгенді қалайды. Және де өлген соң өздері де сол «аталар» тәрізді желеп-жебеуші аруаққа айналуды аңсайды. Осылайша олар тірілер топ-тобымен келіп тәу ететін, түнеп жатып тілек тілеп жалынып-жалбарынатын қасиетті әулие-әнбиелердің қатарына қосылуды армандайды. Олар осылайша өздері де «құдайға» айналуды армандайды.
Олар (мүшіріктер) Алланың қадірін біліп, шын мәнінде бағалай алмады. Алла аса күшті, өте үстем. Құран Кәрім. Хаж 22:74
Ғаламдардың Раббысы Алла Тағаланың қадірін біліп, бағалай алмағандықтан да мүшіріктер табынуға тұрмайтын небір жаратылған нәрселерге табынып құдай ұғымын да ұсақтап, өздері де ұсақталып жүр. Олар өздері тәрізді құлдарға құлшылық етіп құлдан да төмен дәрежеге түсіп жүр.
Шын мәнінде, ғаламдардың Раббысы Аллаға ғана құлшылық етіп, тек бір Алланы ғана мадақтап, дәріптеп жүрген жандардың дәрежелері көтеріліп, іріленіп, кемелдене береді. Бұл даму үрдісі. Сондықтан да жер мен көктегі, және оның екі арасындағылардың көбісі Аллаға ғана құлшылық етіп, тек соны ғана зікір етіп, ұлықтайды.
Сондай ғаршыны көтерген, және оның маңындағы періштелер Раббыларын мақтаумен дәріптейді. Құран Кәрім. Ғафыр 40:7
Олар күндіз-түні Алланы дәріптеуден еш жалықпайды. Құран Кәрім Әнбия 21:20
Жеті көк және жер, сондай-ақ, ондағы болғандар Алланы пәктейді. Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тасбихтерін (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар. Шынында Алла өте жұмсақ, аса жарылқаушы. Құран Кәрім. Исра 17:44
Көктер мен жердегі әркімнің, және қатар-қатар ұшқан құстардың Алланы дәріптегенін көрмейсің бе? Барлығы да өздеріне тән намазын, тасбихын біледі. Алла олардың істегендерін толық біледі. Құран Кәрім. Нұр 24:41
Осы аяттардан байқап отырғанымыздайкөктер мен жердегі періштелер, бой ұсынған адамдар мен жындар, тіпті біз ессіз, немесе жансыз санайтын жаратылыстардың барлығы да ғаламдардың Раббысы Алла Тағаланы ертелі-кеш дәріптеп, мадақтайды. Және бір Аллаға ерікті де еріксіз түрде сәжде етеді.
Көктердегі, және жердегі әркім, әрі көлеңкелері ерікті, еріксіз түрде ертелі-кеш Аллаға Аллаға сәжде етеді. Құран Кәрім. Рағыд 13:15
Тіпті олардың біз жансыз санайтындарының өздері көлеңкелері арқылы Аллаға сәжде етіп, өз шама-шарықтарынша Раббыларына шүкірліктерін білдіріп құлшылық етеді. Тек Алла Тағала өздеріне ес берген, және өздерін ақылды санайтын адамдар мен жындардың бой ұсынбайтындары ғана өздерінің ұлы Раббылары Алланы ұлықтап, мадақтаудан бас тартуда.
25.09.13.
Комментариев нет:
Отправить комментарий