четверг, 4 июня 2015 г.

Аллаға табынбайтын ел ақшаға табынады

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Аллаға табынбайтын ел ақшаға табынады. Ал, ақшаға табынатын елде бәрі де сатылады. Жан мен қан да, ар мен тән де, тақ пен заң да сатылады. Билікке әкім болып ақша отырады, ол ақшаны ақша қолдап, ол ақшаны бәсекелес болып ақша аңдиды.

Ақшалылар қам жасап ақша үшін заң қабылдайды, ол заң ақшаға қызмет етіп, ақшалының ғана құқығын қорғайды. Адамдар ар-ұяты мен адалдығын ақшаға сатады, ақшаға сатылмаған жанды ақшаға жалдап атады. Ақша үшін қылмыстар жасалып, ақша үшін қылмыскер ұсталады. Ақша үшін сол қылмыскер қорғалып, ақшаны көп беріп ақталып шығады.

Мұндай елде жақсылықтың не екенін ақша анықтап, адамгершіліктің не екенін ақша белгілейді. Ақша үшін жақсылық жасалып, қайырымдылығы үшін де ақша дәметіледі. Адамдар ар-ұятының аздығынан емес, ақшасының аздығынан ғана арланады. Адамның ақылы ақшасымен ғана өлшеніп, өмірі ақшасына қарап бағаланады. Ақшасы жоқ адам адам емес, ақшасы көп ит пен мысық адамға айналады.

Мұндай елде әке-шеше мен баласы, әйелі мен күйеуі, бір туған бауырлар да ақшамен саудаласады. Көңілдері ақшамен ғана жарасып, ақша үшін аралары ашылады. Әйелдер баланы ақша үшін туып, ақша үшін баласынан безінеді, дүниеге сәби әкелетін ана емес, ақшаның соңына түскен бәлеге айналады. Туған бала елінің болашағы емес, ақша талап еткен алашағы болып туады. Мұндай ел ұрпағын ақшаға сатып, сол ақшаны бекерден-бекер желге шашады.

Мұндай елде ақшасыздың күні қараңғы болып, ақшалының түні күндізден де жарық болады. Жас бала мен кәрі де, жаны бардың бәрі де таңын ақша деп атырып, күнін ақша деп батырады. Ақша қуған осынау дүрмекке ілескен ілесіп, ілесе алмаған жандар аяқ астында тапалып қалады.

30.03.14. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий