Адамның Алламен қарым-қатынасы жақсарған сайын адамдармен де қарым-қатынасы жақсара түседі. Өйткені, Аллаға жағу үшін адамға өз бойындағы адамгершілік қасиеттердің көзін ашу қажет болады. Ал адамгершілік қасиеттері мол, шынайы, таза, нұрлы сезімдердің иесі қашанда адамдарға да жағымды болады.
Өйткені, мұндай адам өзгелермен қарым-қатынаста көкірек көрсетіп, өктемдік істемейді, ешкімнің басын кемсітіп, артық сөз айтпайды, ешкімнің артықшылығын күндеп қызғанбайды, ешкіммен санасып, салғыласпайды, ешкімге кек сақтап, қарымта қайтаруға тырыспайды, істеген жақсылығын пұлдап, тұлданбайды, өзгелердің кемшіліктеріне кешіріммен қарап, кеңдік танытады, өзгелерге тек жақсылық тілеп, тек жақсылық қана істейді, өзгелердің жақсылықтарына сүйініп, жамандықтарына күйінеді.
Және де ол мұның бәрін адамдарға жағу үшін емес Аллаға жағу үшін, Алланың ризалығы үшін істейді. Ол Алла Тағала өзінен осыны талап ететіндіктен ғана солай істеп, Алланың ризалығы үшін ғана тырысады. Өйткені, бұл оның Аллаға деген құлшылығы. Сондықтан да мұндай ізгі ниетті қайрымды жанның қашанда досы көп болады.