Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
«Сәләфизм – бұл идеология. Оған жайдан жай тыйым сала алмайсын. Қоғамдық ұйым болса, жауып тастауға болатын еді. Ал идеологияға біз қалайша тыйым саламыз? Әрине, қандай да бір шешімдерді қабылдауға болады. Алайда идеологиямен күресудің ең тиімді жолы ол – оған қарсы басқа идеологияны қою. Біз оған қарсы өз идеологиямызды қарсы қоюымыз қажет. Біздің идеологиямыз – Ханафи мазхабы идеологиясы, толеранттылық идеологиясы, мәдениаралық диалог идеологиясы. Міне, біз осы тұрғыда күрес шараларын жүргізуіміз керек». М.Әшімбаев. Baq.kz.
Салафизм-ваххабизм фитнасы соңғы жүзжылдықта мұсылман үмметінің ең үлкен бас ауруына айналған өзекті проблема екеніне дау жоқ. Қай елде болмасын ахли сүннет жамағаты арасына іріткі салып жегідей жеп бара жатқан бұл қозғалыстың идеологиясы қазіргі таңда діни тұрғыдан алғанда ең өтімді идеология болып тұр. Өйткені, салафизм идеологиясының үгіт-насихат жұмысы жақсы жолға қойылып ауқымды түрде атқарылуда.
Бұл идеологияға көптеген шейхтер мен дағуатшылар бірыңғай жұмыс жасап жатыр. Олардың айналысатын бар істері белгілі бір мәселелер бойынша қажетті дәлелдер іздеп тауып оны жүйелеп ұсынып отыру. Олардан басшылары тарапынан осы бағытта нақты нәтиже талап етіледі. Өйткені, олар тиісінше материалдық жағдаймен қамтамасыз етіліп олардың алаңсыз бірыңғай өз істерімен айналысуларына барынша мүмкіншілік жасалған. Сондықтан қарапайым салафиттер өздеріне қажетті ақида мен фиқһ мәселелері бойынша қажетті дәлелдер мен танымдық материалдардан еш таршылық көрмеуде.