понедельник, 6 апреля 2015 г.

Мазхаб - білімділерге табысталған аманат

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Ислам тарихында мәзхабтарды мойындамайтын, фитнамен айналысып үмметті жіктеген небір бүлікші топтар аз болмады. Олардың кейбіреулері тіпті, белгілі бір уақыт өрлеу кезеңдерін де бастан кешірді. Бірақ, түптің түбінде мәзхабтармен иық теңестіре алмаған олар тар ауқымдағы белгілі бір міндеттерді орындаушылар ретінде ғана көрініп, сонан соң ыдырап кетіп отырды.

Осындай топтардың бәсекелестік әрекеттерінің нәтижесінде мазхабтар мезгіл-мезгіл өз ұстанымдарына сын көзбен қарап, өздерінің әлсіз жерлерін бағамдап, өздерін жетілдірумен болады. Әуел бастан кең тынысты, білікті мужтаһид имамдар көп еңбек сіңірген, сол себепті де берік негізге орнығып жан-жақты жүйеленген, әлеуеттері өте мол мәзхабтарды еңсеру ондай топтар үшін мүмкін емес. Сондықтан да оларға мәзхабтарды сыннан өткізе отырып, олардың іріткі атаулыға қарсы тұру қабілетін шыңдаушылар міндетін атқарушы уақытша топтар ретінде қараған жөн.

Ғасырдан ғасырға тәжірибелері де молығып, дін іліміне тереңдей беретін, сол себепті де мәзхабтардың әлсіз жерлерін дәл тауып, өз дәлелдерін қисынды түрде ұсына білетін мұндай топтарға қарсы тұру қашанда оңай болмаған. Сол себепті де мәзхаб ғұламаларына босаңдық танытпай, үнемі өз білімдерін жетілдіріп, өз дәлелдерін жинақтап, оларды кеңінен талдап түсіндіру бағытында үлкен жұмыстар атқарып отыру қажет болады.

Өкініш деген сезім бар...

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Адамның жан дүниесінде өкініш деген бір сұмдық сезім бар. Бұл сезімнің түп-төркіні сонау бір ерте заманда Алла Тағаланың алдында айыпты болып жұмақтан шығарылған Адам атамыз бен Хауа анамыздан бастау алған болуы мүмкін. 

Өйткені, адамзат тарихындағы ең алғашқы, ең зор өкініш, ол әрине, жұмақтан айрылу өкініші екені сөзсіз. Өйткені, уайым мен қайғыдан ада, шаттық ұялаған ғажайып мекен жұмақтағы өмірден кейін бейнеті бір арылмайтын, аттап бассаң азабы пен қорлығы аңдып, әр қалтарысынан үрей сығалаған бұл дүние жанды кемірер сұмдық өкініш тудырары сөзсіз.

Сонан бері атадан балаға беріліп, ұрпақ жағалап келе жатқан бұл өкініш әрбір адам баласы үшін дауасы оңайлықпен табылмайтын, тіпті, жазылмас дерліктей дерт. Себебі, оның емі, оның бірден-бір дауасы сол бір уыстан шығып кетіп, өкініш болып өзекке түскен жұмаққа қайтадан ие болу. Ал, оның жазылмас дерт болуының себебі, бұрын соңды өмір сүрген көптеген жандар үшін жұмаққа жол мүлде кесілген. Сондықтан да олар үшін бұл дерт мүлде дауасыз дерт болып табылады.

Қазақ дін ұстанатын халық па?

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Дінді берік ұстанатын кейбір халықтардың өкілдері мен өз ұлтымыздың кейбір азаматтарының арасында осы кезге дейін «қазақ дінге берік емес, қазақ дін ұстанып құлшылық ететін халық емес» деген пікір орын алып келді. 

Мұндай пікірге негіз болған себептер де жоқ емес. Өткен ғасырлардың басына дейін негізінен суық өңірлерде көшпенділік өмір салтын ұстанып келген қазақтың мұсылман халқы ретінде Ислам дінінің көп шарттарын толық та берік ұстануға мүмкіндігі бола бермеді.

Осындай дінге берік табан тірей қоймаған халық кеңес үкіметі кезіндегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, және денсаулық сақтау салаларындағы оңды өзгерістермен ұштастыра жүргізілген дінге қарсы үгіт-насихаттың нәтижесінде дінінен жаппай қол үзіп, коммунизм ілімінің белсенді жақтаушысына айнала бастады.

Тек дінінен ғана емес ғасырлар бойына қалыптасқан көшпенділік өмір салтынан да ажырап, ділі мен тіліне қарсы жүргізілген отаршылдық қысымға ұшыраған, және өз жерінде азшылық та болып қалған қазақ халқы күрт өзгерген жаңа жағдайға бейімделу барысында өзінің әдеп-ғұрыптары мен тілінен де қол үзе бастады.

воскресенье, 5 апреля 2015 г.

Жаратылыста әділетсіздікке орын жоқ

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Әділдік - Алла Тағаланың кемел қасиеттерінің бірі болып табылады. Өйткені, Оның мүлтіксіз жаратқан ғаламында артық-кемі жоқ ғажайып тепе-теңдік орныққан. Сондықтанда онда ешқандай да әділетсіздікке орын жоқ. Мұны ақыл иелері ғана жақсы түсінеді. Және, иман келтіргендер ғана оны сөзсіз мойындайды. Сондықтанда олар сабыр етушілер.

Әркімге де ерте ме, кеш пе өлім сәті жетеді. Сол кезде біреулер өздерінің жаман істерінің жазасын тартпай әділдіктің қармағынан қашып құтылғандай болып тыныш қана көз жұмып жатады. Ал, біреулер болса, керісінше, жақсы істер істеп лайықты өмір сүрсе де бастарынан бейнеті арылмай, күрсінумен арманда өтіп жатады.

Мұндай жағдай көптеген жандардың өз істеріне өте жауапсыз қарап бетімен кетулеріне себеп болады. Өйткені, бұл тірліктің қисыны бойынша жаман адамның барар жері қараңғы көр, жақсы адамның да барар жері сондай көр. Жаман адамның тартатын жазасы өлім, жақсы адамның алатын сыйы да сол өлім. Өлім сен жақсысың не жамансың, ақылдысың не ақымақсың, бақыттысың не сормаңдайсың, байсың не кедейсің деп алалап, бөліп-жарып жатпайды. Ол бәрін де құшағына алып, бәрін де теңестіреді. Сондықтан да бұл өмірде әділдік жоқ тәрізді көрінеді. Сондықтанда көп адамдар өз әділдіктерін орнатып, қолдан келсе қоныштан басып қалуға тырысады.

Алладан есі кеткендер ғана қорықпайды

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Кейбір жандар өзіне, отбасына, тұрмысына, бастаған шаруасына кесірі тиеді деп ырым еткен кішкене сөз бен болымшы істі де көңіліне алып, қорқумен жүреді. 

Бірақ, сондай адам тірліктегі жолын ашып, істерін оңғаратын Раббысы Аллаға қатысты нәрселерге келгенде аяқ астынан батырлығы ұстап, ауызына келгенін шатып, еліріп кетеді. Және, реті келсе Алла Тағаланың хақ дінін етектен тартып, аяқтан шалып қалуға да тырысады.

Сонысымен де ол өз жолын өзі кесіп, бар шаруасы түгел бүткіл өмірін де өз қолымен тас–талқан етіп тастауы мүмкін екенін ойламайды. Жақсы өмірге қол жеткізу үшін өзгелермен арбасып, қиындық атаулының алдын алып, мейлінше сақ жүруге тырысатын мұндай жанның өзіне осыншама қастық жасап, басына бәле шақыруы аңқаулық па, әлде, ақылсыздық па?

Дінге берік болмай тілге беріктік болмайды

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!


Тәуелсіз ел болғанымызға біраз уақыт өтіп, бодандықты көрмеген жаңа ұрпақ та өсіп жетілуде. Бірақ, ұлттық санамыз әлі де болса бодандықтың шылауынан толық арыла алар емес. Соның бір көрінісі тіл мәселесінен анық байқалуда. Ана тілін қажетсінбейтін, сол себепті еліміздің тәуелсіздігіне де немқұрайлы қарайтын, «кімнің тарысы піссе соның тауығы болуға дайын» қандастарымыз әлі де болса тіліміздің, сол арқылы елдігіміздің де адымын аштырар емес.

Негізінде, ана тілі біреулер үшін жай ғана қатынас құралы болып табылады. Сондықтанда олар оны қажет болған кезінде пайдаланып, қолайлы көрген кезде қиналмастан өзге тілге ауыса салады. Ал, біреулер үшін, керісінше, тіл жанының бір бөлшегі болып табылады. Сондықтан да олардың ана тілдері үшін жандары ауырып, оның жоғын жоқтап, тіпті жаға жыртысуға дейін барады. 

Кім қалай қараса да тілдің адамға тән, оның адамдық бітім-болмысын қалыптастырып, оны айғақтайтын да жоғары құндылықтардың бірі екені рас. Ол адамды ата-анасымен, ата- бабаларымен, сол арқылы ұлтымен тығыз байланыстырып тұрады. Мұндай тамырын тереңнен тартқан туыстық, қандастық байланыстарды еш қиналмастан оп-оңай үзіп тастайтын кісінің басқа да адами құндылықтарды тиісінше қастерлей алатындығы өте күманды.

Кімдердің Исламын ұстанамыз?

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Ислам дінін қабылдағаннан бері оның ықпалымен тілі де, ауыз әдебиеті де, салт-дәстүрі де байып, мұсылмандық сана ұлттық санасына кірігіп кеткені соншалықты жетпіс жыл дінсіздіктен кейін де өзін қазақ сезінетін әрбір қазақ өзін мұсылман санайды. Сол себепті де елімізге өзге діндерді таратушы жат жерліктер келіп өз үгіт-насихаттарын жүргізе бастаған кезде қазақтар мұсылман ретінде олардың бұл істеріне наразылық білдіріп, оларға жауап ретінде өз дініне қарай бет бұра бастады.

Бірақ, өзге діндердің іріткі әрекеттерінен қауіптеніп мұсылмандықтан пана іздеген көптеген қандастарымыз Исламға ден қоя бастаған кезде аптығын басып, көңілін суытатын кейбір жайларға куә бола бастады. Өйткені, кейбір мұсылман топтарының пікірінше осы кезге дейін Ханафи мазхабын ұстанып келген қазақ «дұрыс» жолды ұстанбай келген, сол себепті де олардың мұсылмандықтары күмәнді болып шықты.