Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Дінге бет бұрыс жасалған тәуелсіздік таңынан бері біздің сөздік қорымыз «жат ағымдар» деген жаңа сөз тіркесімен толықты. Бұл «жат ағым» ұғымы қазақ халқына тән емес жат жерлік діни ағымдарға қатысты қолданылады. Осынау ұлтымыздың бірлігіне де, қоғамымыздың тұрақтылығына да қауіп төндіретін жат ағымдардан сақтанудың қажеттілігі жөнінде халқымызға ақпарат құралдары арқылы жиі ескертіліп, бұл мәселе мешіттерде талай уағыздың тақырыбына айналуда.
Бірақ, «тоқпағы мықты болса киіз қазық та жерге кіреді» дегендей қолдауы мықты кейбір жат ағымдар еліміздің бірқатар өңірлерде қарқынды түрде таралып кейбір жергілікті намазхандар үшін ол ағымдар жат болудан қалып барады. Керісінше, мұндай «қағынын жерінген» қандастарымыз үшін жергілікті ханафи мазхабы «жат ағымға» айнала бастады.
Тарихи деректер бойынша 8-10 ғасырлардан бастап Ислам дінін қабылдаған қазақ халқын дүниежүзі халықтары мұсылман ұлт ретінде таныса мұсылман әлемі үшін қазақ халқы ханафи мазхабын ұстанатын ұлт ретінде белгілі. Өйткені, қазақ халқы мұсылмандықты қабылдағаннан бері осы ханафи мазхабының ақидасымен иманын түзеп, ханафи мазхабының шариғатымен дін ұстанып, құлшылық етіп келді.