среда, 16 ноября 2016 г.

Құдайға қараған жол полицейі...

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!  

Жолымбет Мәкіш Кешкі кептелісте үйіне қайтып келе жатқан досым МАИ қызметкеріне ұсталып қалыпты. Шыдамы таусылып келесі көшеден бір-ақ шығайын деген оймен сары жолаққа шығып кеткен. Қырсық шалғанда алдынан ала таяқ ербең ете түсіпті.

Содан сақшыға «біратандап» жалынуды бастайды. Анау да бой бермей екеуі біразға дейін тұрса керек. Бір кезде амалы таусылған досым айлаға көшіп: «Жұма намазында атыңды дұғаға қосайын. Алла разылығы үшін жібере сал енді» деген ғой. Сөйтсе, әлгі МАИ қызметкері де құдайға қараған біреу екен: «Атым Талғат» депті ғой, құлағына ақырын ғана...

воскресенье, 13 ноября 2016 г.

Аталарымыз бізге қарағанда надандау болған ба?

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Әр заманның адамдары өздерін өткен замандағыларға қарағанда ақылдырақ, білімдірек санайтыны белгілі. Олай болса келер ұрпақ үшін қазіргі «көзі ашық, көкірегі ояу» болып жүрген біздің де надан болып қалатынымызды ұмытпайық.

Меніңше, бұрынғы аталарымыз бізге қарағанда надандау болса да олардың иманы, ар-ұяты молырақ болған сияқты. Олар қанша надан болса да ата-аналық парыздарын адал орындап артында ұрпақ қалдыруды мақсат етті, некелі жарынан бала сүйіп, ұрпақ өсіріп, өндірді.

Қазіргі ақылдары толысып, жетіліп кеткен білімді ұрпақ болса ұрпақ алдындағы парыз-қарыз деген ұғымды жинап қойып, көрінгенмен ұйығып ойнас жасап күнәдан емес баладан қатты сақтануда. Еркегі өз қанынан жаралған ұрпағынан бас тартып оны өлтіруді шыбын өлтіргеннен де оңай санаса, қыз-келіншектер некесіз көтеріп қойған «жоспарда»  жоқ нәрестені дәретханаға бір отырып тастап кететін нәжіспен бірдей көруде.