Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қандай қоғамның болмасын тірегі адал жандар. Өзгелердің алдындағы өз жауапкершілігін терең сезіне отырып, өз міндеттерін адал орындайтын ондай жандар қандай қоғамның болмасын байлығы болып табылады. Ал, егер ондай жандар Аллаға берілген болса, онда олар шын мәнінде елінің құтына айналады. Өйткені, ондай жандар сатылмайды да сатпайды. Олар өздеріне артылған Алла Тағала мен халқының сенімдерін бағалайды.
Алла Тағаланың, сондай-ақ халқы мен жақын-жуықтарының сенімін бас пайдасы мен көңіл қызықтары үшін айырбастау сатқындық болып табылады. Сатқындық ең ауыр күналардың біріне жатады. Өйткені, қандай сатқындық болмасын адамның адамшылыққа, жақсылыққа деген сеніміне селкеу түсіріп, оны адамшылықтан, жақсылықтан түңілдірумен болады.
Адамшылықтан, жақсылықтан түңілу барысында адамның жүрегі бірте-бірте жеккөрінішке толып ол ешкімнен де жақсылық күтпей тек өзінің қара басы үшін ғана өмір сүретін тасбауыр жанға айналады. Осындай өзінің қара басының пайдасы мен қызығы үшін бәрін де еш ойланбастан сатып жіберетін өзімшіл жандардың кесірінен діннің, елдің, халықтың мүддесі қорғаусыз қалып, аяқ асты болып жатады.