«Олжас мүлт кетті ме?». Қайрат Мәтреков. Аналитика - 365info.kz .
Олжас Сүлейменов қазақ баспасөзінің сынына ұшырады. Оның «Толық тәуелсіздік – Қазақстан үшін зор қатер» сөзі көптеген адамдар тарапынан жақтырмаушылық тудырып жазушыны сынаған мақалалар көбеюде. Қазақ халқының белгілі тұлғасы бір-ақ сәтте жағымсыз кейіпкерге айналған тәрізді. Неге? Мұны түсіну үшін Сүлейменовтың сыншыларын мұқият тыңдау қажет. Бұл ол пікірлермен біз келісеміз деген сөз емес, бірақ ол пікірлер тыңдауға тұрады... Белгілі журналист Қазыбек Исаның qazaquni.kz интернет газетінде жарияланған мақаласының аудармасын ұсынамыз:
«Толық Тәуелсіздік – үлкен қатер» - деу үшін де Толық мидың… керегі жоқ шығар… Алжас Амарович! Амал жоқ, «АзиЯ»-мен бір кезде Алашты оятқан ақын Олжастың енді «ЕурАзиямен» елдің Толық Тәуелсіздігін тәрк етуге баруы – қазақ үшін Толық Қасірет болып тұр… Өзінің ұлттық мүддесіне, тілі мен діліне қарсы шығумен таңқалдырмаса, іші пысатын Олжас ағамыз тағы да бүйректен сирақ шығарды.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы «Азаттық» радиосы тілшісі қойған сұраққа Олжекең: «Қазақстан үшін толық тәуелсіздік – үлкен қатер. Ежелден көрші келе жатқан елдермен одақтас болғанымыз жөн» - деп, түйеден құлағандай сылқ еткізіпті. Иә, бізде не десең де бола береді… Бұқара халықтың наразылығы бәрібір, билік разы болса, болды… Бірақ, «Тәуелсіздігімізге ешқандай да нұқсан келтірмейміз» деп сендірген билігіміз де бұған разы бола қоймас деп ойлаймыз…
Олжас Сүлейменов біз білгенде баяғыда Г.Колбиннің тапсырмасы бойынша «Известия» газетінде «Қазақстанда екі мемлекеттік тіл болуы керек»-деген мақаласынан бастап, ширек ғасырдан бері ұлттық мүддеге қарсы шығумен келеді. Басында ақын адам айналасындағы орыстілділердің әсерімен айтып қалған шығар деп өзімізді алдадық. Одан кейін де Олжекең талай рет қазақтың үстінен ат айдады.
Тағы бір есте ерекше қалғаны – 2005 жылы Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласы әкімі кезінде: «Алматы қазақшаланбай, Қазақстан қазақшаланбайды. Сондықтан Алматыны мемлекеттік тілге көшіреміз» дегенде жанталаса қарсы шыққан, Елбасыға дейін арыз жазған осы Олжас Сүлейменов еді… Иә, ол Ұлттық кітапханада өткен жиында: «… Осы жерде менің досым Мұхтар (Шаханов) отыр, бірақ мен қазақ тілін Алматы қаласына енгізуге қарсы екенімді Президентке айтамын» – деп ашық мәлімдеген болатын…
«Алматыны қазақ тіліне көшірсек, әлеуметтік жарылыс болады» деп соқты сонда Олжекең… Бұл барып тұрған айбарақ бопсалау, яғни арандатушылылық пиғыл еді… Ал кейін Атазаңнан орыс тілі туралы бапты алу туралы Мұхтар Шаханов бастаған әйгілі «138-дің хаты» кезінде бір орыс жазушысы (аты есіме түспей тұрғаны, кезінде газетке жазғанбыз), Ұлттық баспасөз клубында: «Билік бізді неге мемлекеттік тілді үйретуге мәжбүрлемейді? Бұл біздің өз Отанымыз Қазақстанда мемлекеттік тілді білмеу барьерінен құтқарар еді… Әлде билік біздің осылай жайсыз жағдайда жүруімізді қалай ма?» – деген мағынада базынасын айтып, нағыз патриот екенін көрсетті. Ендеше, қайдағы «жарылыс», Алжас Амарович?
Енді билік басындағы қазақша білмейтін қазақтардың арасында «Қазақ тілін мәжбүрлесек, Украина болады»-дейтіндер де көбейді. Жұртты алдын ала «жарылыс жасауға», «Украина болуға» шақырып, дайын сценарий ұсынатын ел тек біздің Қазақстан шығар…
Кейін О.Сүлейменов Мәскеуде «Эхо Москвы» радиосында «…Әзірбайжандар мен қазақтар тек орыс тілі арқылы дами алады» деп тағы да тантыды…
Содан соң, елдің көбісі Кедендік одаққа қарсы болып жүргенде Олжас Сүлейменов Ақордаға: «Енді Мәдени одақ құрайық. Орталығы – Санкт-Петербург болсын. Атқарушы қызметіне менің фирмам (…?) дайын деген мағынадағы, мәдени бодандық пен қаржылық мүдденің иісі аңқып тұрған хат та жазғаны белгілі болды.
«Еуразия одағы идеясы туралы мен Назарбаевтан да бұрын айтқанмын» деп, омыраулаулағыш Олжекеңнің одыраң ойы неде сонда? Бұл қазір бар қазақты ойландырып отырған сұрақ… Амал жоқ, «АзиЯ»-мен бір кезде Алашты оятқан ақын Олжастың енді «ЕурАзиямен» елдің Толық Тәуелсіздігін тәрк етуге баруы – қазақ үшін Толық Қасірет болып тұр… Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «Тәуелсіздікке титтей нұқсан келетін болса, Еуразиялық Одақтан бірден шығамыз!» деп бірнеше рет мәлімдегені белгілі. Ендеше, сарай ақынының сандырағын билік неге тойтарып тастамай отыр?!. Интернет-газета qazaquni.kz
Әлімжанов Тайырдың өз «әлеміне» қойған осы мақаланы оқыған соң мен оның астына үш пікір қалдырған едім. Бірақ, неге екені белгісіз 365info.kz-тің модераторы оны бірден өшіріп тастады. Мен тіпті, оның көшірмесін алып та үлгермедім. Сонан «мұнда тек Олжас Сүлейменовқа қолдау көрсететін пікірлерге ғана жол ашық екен» деген мағынада тағы бір коммент жаздым едім келесі қарағанда оны да таба алмадым. Қазақ айтады ғой «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп сонан мен Әлімжан Тайырдың сілтемесінің астына коммент жаздым. Сонан ойдан ой өрбіп осындай дүние туды.
Комментарилер:
Алимжанов Таир Қош бол, шал! Бір кездері мен үшін сіз батыр болған едіңіз... «Ақын болмасаң болмассың, азамат болу міндетің» (Некрасов). Мен оның көптеген өлеңдерін жатқа білемін, соның ішінде сүйікті өлеңдерімнің бірі Сүлейменовтың «В нашем Ауле». Оның жауһары «АзиЯ»-ны есім кете оқыдым. Мұндай қызығушылықпен мен тек Есенберлинді (Кочевники) оқыған едім. Енді міне, осындай нәрселер тудырып халқына силағаннан кейін... бұлай деп айту...
Ertürk ... Кеңестер кезінде ол мен үшін батыр болды, бірақ 1991 жылы бұл адам Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы шыққанда мен одан қатты көңілім қалды. Сонда мен «Аз и Я» кітабы біреуді тапсырысымен жазылғанын түсіндім. 70-ші жылдары өз кітабында жазылғандардың шындық екендігін жоққа шығарып Кремлден аяушылық тілегені есімде. Оның Ұлы ақын екендігіне сөз жоқ, бірақ ол өз Отанының патриоты емес.
Ғалым Бақыткерейұлы Ол орыс тілді ақын. Сондықтан, әрине, ол қазақтардың орыстануына мүдделі. Өйткені, қазақ тілді қазақтарды оның ақын ретіндегі шығармашылығы мүлде қызықтырмайды. Ал қандай ақынның болмасын арманы - халықтың жадында мәңгілік қалу. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілді Қазақстанда оның болашағы жоқ. Сондықтан ол орыс тілінің тірегі ретінде Ресейге тартылады. Пендешілік қой...
Алимжанов Таир Ғалым Бақыткерейұлы: Ал ойдың күші ше? Біздің орыс тілді азаматтар Абайдың, Мұқтар Әуезовтың өлеңдері мен шығармаларының орыс тіліндегі аудармасын оқымайтын ба еді? Мысалға, мен батысты қаншалықты жақтырмасам да Вальтер Скоттың, Роберт Бёрнстың шығармаларын жақсы көремін, және бағалаймын... Ол қазіргі заманның ұлы пулицисі, әрі ақыны болды, қазір де солай. Бірақ, солай болып қала ала ма? Бұл әлемге өз шығармашылығын ұсынған тілге емес оның АЗАМАТТЫҚ ПОЗИЦИЯСЫНА байланысты нәрсе! Өз отандастарының сыны оның есін жиғызады деп үміттенемін...
Ertürk ... Ғалым Бақыткерейұлы: Бұндай адамның пендешілікке бой алдырмауы керек! Атағын шығара алмай жатқан жоқ қой! Жалғыз бүкіл қазаққа ғана емес, бүкіл түрк әлеміне аты әйгілі адам. Ол болса, тарихтағы Ұлы атына нұқсан келтіруде. Ол ол ма, біздің келешегіміздің тамырына балта шабуда! Ол кісінікі Елағасы деген құрметті атқа лайық емес іс!
Dayana ***** для Ertürk ... Айтқан ойы жасаған iсiне сай келмейді деген осы....... көшті соңына дейін сүйрей алмады.
Ермек Татищев Толық тәуелсіздіктің болатындығына күмәнім бар. Тіпті ұшып бара жатқан нәжіс те қоршаған ортаның тығыздығы мен тартылыс күшіне тәуелді. Натуралдық шаруашылық ең жақсы экономикалық модель емес. Оқшаулану, соның ішінде мәдени-тілдік оқшаулану кез келген халық үшін жақсылық емес. Мемлекеттердің берік одағы бытыраңқылықтан көрі тәуірірек.
Ғалым Бақыткерейұлы Алимжанов Таир: [Ал ойдың күші ше? Біздің орыс тілді азаматтар Абайдың, Мұқтар Әуезовтың өлеңдері мен шығармаларын орыс тіліндегі аудармасында оқымайтын ба еді?...] Біздің орыстілді азаматтар, соның ішінде өзіміздің қазақтар да өкінішке орай Абай, Мұқтар Әуезов және басқа да қазақ классиктерін орыс тіліндегі аудармадан оқиды.
Орыстарды олар өздерінің көркем шығармалары арқылы қазақ жанын ашып көрсететін қазақ халқының өкілдері ретінде қызықтырады. Әрине, Қазақстанның толық құқылы азаматтары ретінде олардың ол ақын, жазушылардың шығармаларын түпнұсқада, яғни мемлекеттік қазақ тілінде оқығандары жақсы болар еді. Өйткені, тіл – халық жанының кілті. Бірақ, қазақтардың өздерінің қазақ әдебиетін, яғни төл әдебиетін орыс тілінде оқуы – бұл енді ұлттық масқара. Егер өз жан-дүниесіне өз кілтімен ене алмаса олардың қандай қазақ болғандары?
[...Мысалға, мен батысты қанша жерден жақтырмасам да Вальтер Скоттың, Роберт Бёрнстың шығармаларын жақсы көремін, және бағалаймын...] Вальтера Скотт, Роберта Бёрнс басқа ақын, жазушылар тәрізді белгілі бір халықтардың мақтанышы болып табылады. Ал қазақтар Олжас Сүлейменовпен мақтана ала ма? Ол қазақ халқының өкілі, және ол өз қандастарының арасында, өз жерінде өмір сүрді, солай бола тұра ол өз шығармаларын өзіне жат тіл - орыс тілінде жазды.
Бұл жерде мынадай заңды сұрақ туындайды, «егер өзі қазақ болса онда ол өз шығармаларын неге қазақ тілінде жазбаған? Сонда қазақ тілі оның орыс тілінде тудырған жауһарларындай жауһарларды тудыра алмайтын соншалықты жұтаң тіл ме еді?». Ол осы ісі арқылы өз халқын кемсіткендей болған еді. Ендеше қазақтар мұндай жандармен қалайша мақтан алады? Оның үстіне қазақтілді қазақтарға «қазақ» ақынының өлеңдерін қазақ тіліне аударып оқудың не қажеті бар?
Егер Олжас Сүлейменов өз тілін менсінбей өзінің қазақ жанын өзге тілде «ақтарып», сол арқылы келер ұрпаққа теріс үлгі көрсеткен болса қазақтар оны қалайша өз ақыны санай алады? Сондықтан да қазақтар оны өз ақыны ретінде қабылдамай оны шетке қағатын болады. Және олардың бұл ісі дұрыс болады. Өйткені, қазақтар оны өз ақыны ретінде тарататын болса, онда оның өмірбаянын зеріттеу барысында қашанда қазақтар үшін өте жағымсыз «ол неге қазақша жазбаған?» деген сұрақ үнемі көлденең шығатын болады.
Егер Парижде тұратын француз өз өлеңдерін ағылшын тілінде жазған болса онда оны француздар қалай қабылдаған болар еді? Оны мақтан тұтып әдебиет оқулықтарына енгізген болар ма еді? Сондай-ақ, орыстар да солай істер еді. Сіз орыс әдебиеті оқулықтарынан өлеңдерін француз тілінде жазып сонан соң орыс тіліне аударылған көрнекті орыс ақынын білесіз бе? Неліктен бұл қағиданың қазақтарға қатысы болмауы тиіс?
Егер ол Ресей жерінде өмір сүрген болса оны кешіруге болар еді. Ол болса Қазақстанда, қазақтардың ата мекенінде өмір сүрген еді, сөйте тұра ол өз ойлары мен сезімдерін қазақ тілінде жеткізе алмады. Осы жай қашанда қазақтардың ұлттық сезімдерін қорлайтын болады. Сондықтан Олжас Сүлейменов қазақтар, өз тілін ана сүтімен бойына сіңірген қазақтардың тарапынан белгілі бір жатсынуды сезінетін болады.
Сондай-ақ, орыстар да оның шығармашылығына аса қызығушылық таныта қоймайды. Оларға өлеңдерін орыс тілінде жазса да оларды қазақтарға деген сүйіспеншілікпен жазған ақынның не қажеті бар? Егер ол Ресей мен орыстар жайында патриоттық өлеңдер жазып орыс жанының ұлылығын жырлағанда, орыс қысы, орыс қайыңы, орыс тілі жайында сүйіспеншілікпен жазғанда орыстар оны қабылдаған болар еді. Бірақ, оның шығармашылығы ұлы орыстық идеологияның талабына сай келмейді. Оның үстіне ол өзінің «АзиЯ» кітабы арқылы орыстардың шамына тиген болатын.
Енді не істеуге болады? Бүткіл шығармашылығы тек орыс тілінде болғандықтан оған жалғыз ғана жол қалады. Оны өз адамы ретінде қабылдайтын орыстілді қазақ ортасын қалыптастыруға тырысу қажет. Ол үшін қазақтарды орыстандыру қажет болады. Ал ол үшін Қазақстанда орыс тілін екінші мемлекеттік тіл дәрежесіне дейін көтере отырып оны дамыту қажет. Сондай-ақ, бұрынғы «жақсы» уақыттардағыдай бірігуге дейін Ресеймен жақындасу қажет.
[...Ол қазіргі заманның ұлы пулицисі, әрі ақыны болды, қазір де солай. Солай болып қала ала ма? Бұл әлемге өз шығармашылығының жемісін ұсынған тілге емес оның АЗАМАТТЫҚ ПОЗИЦИЯСЫНА байланысты!...] Ақын мен публицистің ұмытылмауы үшін оны мақтан тұтып оның шығармашылығын насихаттайтын халық болуы тиіс. Ал қазақтарға Олжас Сүлейменовты насихаттаудың не қажеті бар? Оның өзі қазақ халқының ұлы ретінде қазақ тілін насихаттап па еді?
Ол қазақ тілінің дамуына Абай, Мұқтар Әуезов, Мұқағали Мақатаевтар тәрізді үлес қосып па еді? Сондықтан қазақтар да оны қазақ ақыны ретінде мойындап насихаттамайды. Өйткені, оның өзі қазақ ақыны ретінде қазақ тілін ана тілім деп мойындамады, және оның болашағы үшін қам жеп жаны ауырмады. Ол өз істері арқылы қазақ тілінен бас тартқан болатын соның қарымтасына оның өзі де қазақ халқының жадынан шығарылады.
Өзінің бар талантымен, бар беделімен қазақ тілі үшін күресудің орнына ол бар таланты мен беделін қазақ тіліне қарсы пайдалануда. Оның қазақ жаны тек орыс тілі үшін ғана ауырады. Және ол өзінің бар беделін онсыз да өз жерінде, өз мемлекетінде үлкен қиындықтарды бастан кешіп жатқан қазақ тіліне қарсы пайдалануда.
Соншалықты жақтасатындай Қазақстандағы орыс тілі аянышты күй кешуде ме? Оның шығармашылық тілі орыс тілі емес пе? Оның қарым-қатынас тілі орыс тілі емес пе? Оның отбасылық тілі де орыс тілі емес пе? Парламенттің де, үкіметтің де, тіпті президенттің де жұмыс тілі орыс тілі емес пе? Қазақстандағы орыстардың 99,9 % пайызы қазақ тілін білмейді, сонда да олар қарам-қатынаста ешқандай қиындықтарды сезініп жүрген жоқ.
Керісінше, орыс тілін білмейтін қазақтар өз жерлерінде жүріп өздерін кем сезінуде. Мысалға, орыстар түгел қазақтардың өздерінен қазақша бірдеңе сұрап көр бәрінен бірдей қазақша жауап ала алар ма екенсің. Олар сені түсініп тұрса да жауап бере алмайды, тіпті жауап бере алатын болса да әдейі елемейді. Өйткені, ондай қазақтар қазақша сөйлеуді қорлық санайды. Қазақ тілінде «намыс» деген сөз болса да өкінішке орай кейбір қазақтардың бойында мұндай сезім мұлде жоқ.
Қазақстанда орыстілді ақпарат құралдардың күшті тегеурінімен нығайған орыстілді орта орнықты сақталуда. Осы орыс тілі мен орыстілді тұрғындардың психологиялық қысымына төтеп беру үшін әрбір қазаққа қазақ тіліне беріктікте фанатик болу қажет. Махамбет атамыз айтқандай:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Олжас Сүлейменов орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл статусын алып беру үшін әбігерге түсіп жүр. Ол қазақстандықтардың екітілді болғанын қалайды. Бірақ, неге екені белгісіз орыстар екітілді болуды қаламауда. Олардың 99,9 % қазақ тілін білмейді. Сонда екі тілділік тек қазақтарға ғана қатысты болуы тиіс пе? Неге қазақтар орыс тілін білуге тиісті де, орыстілділерге қазақ тілін үйрену міндетті емес? Қай уақытқа дейін қазақ тілі осындай қорлық жағдайда қала бермек?
Орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл статусы берілуі үшін ең әуелі орыстар 100 пайыз қазақ тілін білулері тиіс. Сонда ғана орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ретінде ұсынуға болады. Егер қазіргі жағдайда орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл статусын беретін болсақ бұл қазақ тіліне шығарылған соңғы үкім болады.
Қазіргі кезеңде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі статусы тек қағаз жүзінде ғана көрініс тапқан. Ал шындығында қазақ тілін үйренуге деген ешқандай қажеттілік жоқ. Тіпті Үкімет пен Парламенттің өзінде барлық құжаттар мен заңдар ең әуелі орыс тілінде дайындалып сонан соң ғана көз алдау үшін ғана қазақ тіліне аударылады. Онда да қалай болса солай аударылады. Бұл қалыпты жағдай. Бұған наразылық білдіріп жатқандар да аз.
Сонда Олжас Сүлейменов мұны көрмей жүр ме? Ол өзінің елден ерек ойлау қабілетімен мұны қалайша түсіне алмауда? Егер мұны түсінсе онда ол онсыз да қазақ жерінде бар даңқымен салтанат құрып тұрған орыс тілі үшін неге соншалықты қам жейді? Оған қазіргі сәтте қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ету үшін күрескен жөн болар еді. Өйткені, Қазақстанның қазіргі Ата заңы бойынша орыс тілі ұлт аралық қатынас тілі статусын иемденген.
Соған орай араларындағы бір орыс, немесе бір өзбек үшін ғана жүз қазақ орыс тілінде сөйлеуге міндетті болады. Мұндай жағдайда қазақ тілі кімге қажет болады? Қазақтар мен қазақ тілін осыншама қорлаудың қажеті не? Қалайша ол бұл жағдайдың қаншалықты қисынсыз екенін түсінбейді? Егер ол көрнекті қазақ ретінде қазақ тілінің проблемаларына ден қоймаса оның ондай көрнектілігінің қазақтарға керегі не? Онан да оның қазақ тілінен ресми түрде бас тартқаны жақсы болар еді. Кімнің кім екенін халық білсін!
Қазіргі іс-әрекеттері қазақтарды қаншалықты қапаландырып жүрсе де оның бойында қазақтың қаны ағып тұр. Ол қазақ халқының ұлы. Ал қазақтарда «қанына тартпағанның қары сынсын» деген сөз бар. Осы тұрғыдан алғанда оның «Язык отцов, язык тысячилетий» деген өлеңі сәуегейлік болып табылады.
Әке тілі, мыңдаған жылдар тілі
Уақытпен күйдірілген сен қыш тегі
Сенде қылыш соққысы, қамшы үні
Ер намысы, және де жар ыстығы
Ұмытылған дыбыстары шумер, ғұнның
Естіледі қырылдаған моңғол сөзі
Туған ба едің өртінде Жетісудің?
Қан тамырын қуалап жеттің бе өзі.
Естіледі сен болып тәнге толып
Жүрегімнің қағысы, жан сыңғыры
Жіберсе де тағдырым қайда бұрып
Өзіңе серт! Ораламын мен бір түбі.
Жер түбінен бақытты кезбеліктен
Жарқыраған қымбат жасау бойында
Қайта оралып ұл табысар әкесімен
Өмірінің басында, не соңында.
[...Өз отандастарының сыны оның есін жиғызады деп үміттенемін...] Олжас аға қазақ халқының жауларымен шайқаса жүріп өмірін де құрбан етуге даяр болған қазақтың хас батыры Олжабайдың ұрпағы. Осы Олжабай батыр тәрізді Олжас аға да өз халқына қайтып оралуына кедергі болып жүрген нәрселердің барлығын да құрбан ете алатынына сенгім келеді.
Оның үстіне ол өз өлеңінде «Жіберсе де тағдырым қайда бұрып, өзіңе серт! Ораламын мен бір түбі» деп халқының атымен ант берген болатын. Өзінің осы сертін орындауы үшін Алла Тағала өлшеп берген өмірінің қанша күні қалды екен?
10 – 15 января 2015 г.
Комментариев нет:
Отправить комментарий