пятница, 24 апреля 2015 г.

Құлшылықсыз мұсылман қаншалықты мұсылман?

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық ету үшін жаратты. Және оларға Раббыларына бой ұсынып, құлшылық етудің қажеттілігі жан-жақты ескертілуде. Бірақ, дүние қызықтарына алданып, соларға бастары байланып қалған кейбір жандардың Алла Тағалаға құлшылық етуге мүлде ықыластары жоқ. Сондықтан да олар түрлі уәждер айта отырып құлшылық етуден бастарын аршып алмақ болуда.

Осындай жандардың кейбіреуілері «мен құдайға сенемін» дейді де, сонысымен өзінің Алла Тағаланың алдындағы бар парыздарынан құтылғандай сезінеді. Бірақ, шындығына келгенде «сенемін» деген сөздің салмағы ауыр. Өйткені, сенумен адамның Алланың алдындағы бар міндеті бітпейді. Керісінше, сену адам үшін орындауға тиісті діни міндеттерінің бастауы болып табылады. 

Бұл міндеттердің ішінде қатаң сұралатыны Алла Тағала белгілеген парыз амалдар. Осы амалдарды қалай орындауына байланысты адамның сенімінің қаншалықты мықтылығы, оның діндар ретінде неге тұратыны анықталады. Сондықтан да «мен Аллаға сенемін» деп, бірақ, мүмкіндігі бола тұра одан әрі баспай қалатын мұсылманның сенімі иманның ең әлсізі болып табылады.

Құрбаншыл ерлер болмаса...

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Алла Тағала халқымызды қашанда «елім» деп елжіреген ет-жүрегінің ырқымен халқының жоғын жоқтаған, елінің төбесіне бұлт үйірілген шақтарда бір себім тисе екен деп тыным таппай аласұрған ерлерден кенде қылып көрмеген. Ауық-ауық басынан бағы тайып, кең даласына тарыдай шашылып кетіп отыратын көшпенді елді қан-жоса етіп қырғызып алмай, елді-ел, жерді-жер етіп ұстап тұру қай заманда да оңай болмаған. Осындай қысталаң кезеңдерде санасы сансырап, жүрегі қансыраған талай ерлер «қасқалдақтай қандарын, бозторғайдай жандарын» аямай құрбандық болып шалынып отырмаса қазақтың қазақ болып осы күнге жетуі неғайбіл еді.

Жер бетіндегі қанша ұлттар сөзін сөйлеп, сойылын соғар дара туған ұлдарға зар болып еңселерін тіктей алмай өзгелерге еселері кетіп жүр. Қанша ұлттар жел өтіне шығып пана болар, аптаптан қорғап сая болар ерлерден тапшылық көріп теңдікке қол жеткізе алмай жат езгіде жүр. Қанша ұлттар «еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар» дейтін құрбаншыл ұлдары аздық етіп ұлт ретінде жойылып кетті. Егер осындай «еркек тоқты құрбандық» деп білетін құрбаншыл ерлері көп болмаса бір қалалық қана адамы бар қазақтың миллиард адам сиятын зор аумақты иемденіп алуы мүмкін болар ма еді?

Шын мәнінде астын қазсаң қазынаға кенелетін, бетін баптасаң аузың асқа кенелетін осынау құнарлы да қазыналы кең байтақ жерді кім қазаққа өз еркімен қия алар? Қазақтың осыншама жерге иелік етуі біреулерді таң қылса, біреулер мұны әділетсіздік ретінде санайды. Бірақ, шын мәнінде, бұл жер, бұл байлық қазаққа ешқандай еңбексіз, ешбір қиындықсыз, тектен-текке беріле салынған жоқ. Ол үшін бұл қазақтың ұлдары қанша рет жанын беріп, қанша рет қанын төгіп, қандай құн төлегені тек бір Алланың Өзіне ғана аян.