Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Жолымбет Мәкіш Ауладағы шал-шауқандарды аузына қаратып, әңгімені ұрып отыратын бір профессор көршім бар. Қашан көрсең де кәстүм-шалбармен жүреді. Өзін интеллигент санайтын әпенділердің осындай әдеті бар екенін білемін. Сол профессор жаман Абайшыл. Сырттай өзгелерді ақынмен салыстыра сынап жатқанын талай құлағым шалып қалып еді. Бүгін сәкіде баяғы әніне басып отыр екен.
Бұрындары бір ғұлама «құрдастарының атақ-даңқын көре алмайтын кейбір кісілер өздеріне дейінгі данышпандардың дақпыртымен олардың мысын басып отыруға тырысады» деген көрінеді. Бәрібір Абайдай бола алмайсыңдар дегенді кекесінмен меңзегендері. Қазір қайда қарасаң да осындай «данышпандар» қаптап кетті. Шіркіндер, шетінен Абайшыл.
Ұлтының жаман жақтарын ашып айтқан ұлы Абайдың қара сөздері Сәвет үкіметі кезінде өзектірек болатын. Себебі коммунистер «қараңғы» қазақтарға хат танытты емес пе?! Бұл сол тұста шовиктерге қазақты кемсіте түсу үшін де таптырмайтын тақырып еді.
Өз басым Абайдың қара сөздерінен ұлтшылдық, отаншылдық, мәңгүрттікпен күресу, қазақ тілінің ауыр жағдайы мен полигонға айналған қазақ даласының бүгінгі кейпіне қатысты уақыт талабымен үндесетін бірде-бір өзекті сөзді оқыған емеспін. Өйткені, оның заманы өзге заман болды. Біз қазір басқа да маңызды мәселелері бастан асып жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әсірефанатизмге айналып бара жатқан осындай әпенділіктен арылу қажет па деймін.