Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Жолымбет Мәкіш Ауладағы шал-шауқандарды аузына қаратып, әңгімені ұрып отыратын бір профессор көршім бар. Қашан көрсең де кәстүм-шалбармен жүреді. Өзін интеллигент санайтын әпенділердің осындай әдеті бар екенін білемін. Сол профессор жаман Абайшыл. Сырттай өзгелерді ақынмен салыстыра сынап жатқанын талай құлағым шалып қалып еді. Бүгін сәкіде баяғы әніне басып отыр екен.
Бұрындары бір ғұлама «құрдастарының атақ-даңқын көре алмайтын кейбір кісілер өздеріне дейінгі данышпандардың дақпыртымен олардың мысын басып отыруға тырысады» деген көрінеді. Бәрібір Абайдай бола алмайсыңдар дегенді кекесінмен меңзегендері. Қазір қайда қарасаң да осындай «данышпандар» қаптап кетті. Шіркіндер, шетінен Абайшыл.
Ұлтының жаман жақтарын ашып айтқан ұлы Абайдың қара сөздері Сәвет үкіметі кезінде өзектірек болатын. Себебі коммунистер «қараңғы» қазақтарға хат танытты емес пе?! Бұл сол тұста шовиктерге қазақты кемсіте түсу үшін де таптырмайтын тақырып еді.
Өз басым Абайдың қара сөздерінен ұлтшылдық, отаншылдық, мәңгүрттікпен күресу, қазақ тілінің ауыр жағдайы мен полигонға айналған қазақ даласының бүгінгі кейпіне қатысты уақыт талабымен үндесетін бірде-бір өзекті сөзді оқыған емеспін. Өйткені, оның заманы өзге заман болды. Біз қазір басқа да маңызды мәселелері бастан асып жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әсірефанатизмге айналып бара жатқан осындай әпенділіктен арылу қажет па деймін.
Әйтпесе кейбіреулер ақынның өсиеттерін онсыз да жүнжіп жүрген жұртты жасытудың құралы ретінде пайдаланатын болып барады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, бізге қазір басқа приоритеттер керек тәрізді. Айтпақшы, Асқар Сүлейменовтың «қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген терең тұспалы бар. Мына түрімізбен бізге ес кіріп болғанша, ескіріп кететін сияқтымыз ғой...
Нағашыбай Есмырза Рас айтасың. Оңбаған большевиктер «ұлтым» деп жырлаған Мағжанды атып тастап атын ауызға алдырмады да «қазақ надан» деген Абайды аспанға көтерді.
Толеутай Сериков Ес кіргенін қайдам? Сол қалыптан өзгергенін көрмедім. Иман, ұят, намыстан гөрі пайдасын ойлайтындар әлі көп! Оны өздеріңде көріп жүрсіңдер. Жағымпаздық деген бірінен бірі өтеді.
Нағашыбай Есмырза Қазаққа сол ес кірмей жүр ғой әлі, сондықтан да Абай әлі ескірмей жүр...
Dosay Kenjetay Ойың маңызды, құрметке лайық, бірақ кем. Абай көтерген ғылыми танымдық, онтологиялық, психоэтикалық, эпитсемиолгиялық, рухани, діни, моральдық тақырыптар сол қалпы мызғымай тұр әлі. Абай шығармасы мен ойлары өміршеңдігін жоғалтпайды, бауырым. Себебі, адам мен адам арасы, ұрпақ пен ұрпақ арасындағы сұхбат, сабақтастық ол үдеріс.
Жолымбет Мәкіш Менің айтайын дегенім, әсіреабайшылдар, қазіргі маңызды проблемалардан ескі өсиетті артығырақ көретін «кешегі» көзқарастағылар еді... Абай Абай болып қала береді ғой. Бірақ, Абайдың айтқан проблемаларының орнын басатын басқа проблемалар туды. Оны көрмеу Абайды тағы сөйлетер еді...
Dosay Kenjetay Өзі адам болмысы солай... алдынан не шығатынын білмейді, сосын өткен тарихына үңіле береді.. Ол тарих туралы түсінігінен... Барлық адамзаттың ортақ проблемасы... Ал Абай көтерген тақырыптар ол Алла, Әлем, адам мәселесі, тоқтамайтын, толастамайтын тақырыптар... Ол тақырыптарды алдыңғы ұрпақ қалай талдады, таныды деген мәселе ол да тәжірибеге қатысты эпистемиология. Мәселе Абайды кеңестік жүйе мүлде басқаша танытқанында.
Ахметбек Нұрсила Абайдың бақайына келетін Қазақ туған жоқ әлі... «Абай мұхит» деп Мұхтар өзі айтқан! Абайдың барлық сөзі әлі «Актуально»!! Сол сорлы алты бақан алауыздығымыздан, ұстарасыз түскен мұртымыздан арыла алмай жүріп Хакімге тіл тигіземіз!! Асқар Сүлейменов Абайдың басқан ізіне татымайды, Абай ескіргенде, Қазақ ескіреді!!
Жандос Нұрмаметұлы Керемет. «Абай ескіргенде, қазақ ескіреді» дейді. Жүдə жақсы айттыңыз.
Жолымбет Мәкіш Асқар Сүлейменов өте дұрыс айтқан. Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді. Абай актуальный болудан қалады. Ғұламаның мұрат-мақсаты да осы, қазаққа ойын жеткізу емес пе еді? Біз оны түсінбей жатырмыз. Ал мұндағы кейбір кісілер тақырыпты түсінбей жатыр. Тақырыпты түсінбесеңіздер, Абайды қайтіп түсінбексіздер? Абайды түсінсек, түсінбей жүре бергеніміз жөн еді демексіздер ме?.... Тақырыптан ауытқымаңыздар, ағайын... Абай ол, Абай болып қала береді..
Dalel Zhanatuly Абай қазақты жамандамады, намысын шабақтады. Қадірі кетпес қасиетті қара сөздінің құнын жойып жергендеріңіз ұят-ақ!
Ахметбек Нұрсила Абайды түсінуге сол кездегі қазақтың өресі жетпеген, әлі жетпей келеді! Неге? Оны да Абай айтып кеткен! Баяғы жартас сол жартас! Неге Ахмет Байтұрсыннан бастап бүкіл Алаш ардақтылары Абайды төбелеріне көтерді, оны насихаттады?? Қазір де сол Адам боламын деген Қазақ Абайды оқу керек, тек оқып қана қоймай хакімнің әр сөзін насихат, өмірге деген жолдама деп түсіну керек! Білім жинау керек, кәсіп қылу керек! Сонда ғана Қазақ алға баса алады!
Ербол Іргебай Бүгінгі күннің «басқа проблемаларын» АБАЙҒА тиіспей-ақ та шешуге болатын шығар! «Абай ескіреді. Абай актуальный болудан қалады» деген мүлде теріс ұғым! Басқаны қойғанда, Абайдың «бес асыл ісі» мен «бес дұшпаны» өмір бойы актуальный!!!
Жолымбет Мәкіш Иә, «Бес асыл іс» пен «Бес дұшпан» мәңгілік тақырып қой... Абай ескірмейтін сияқты....
Жандос Нұрмаметұлы Жалпы, «Абай қазақты жамандаумен болған» деген суық сөз инетті кезіп жүр. Өкінішті өте...
Марат Борықбай Таң қалам, Абай айтса күйінгеннен, жаны ашып күйзелгенен айтты емес пе? Абай тұрмақ онан мың жыл бұрын алдын айтқандардың да сөздері әлі күнге қазақтың тұла бойынан табылады емес пе? Неге ол үшін тулау қажет? Қайта атам қазақ осындайда «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген емес пе?
Өз ұлтының кемшілігін тек «ұлтына жаны ашыған, жаны күйзелген, содан қалай арылтсам екен» дейтіндер ғана айтады. Ал бетіне көн жамап, көлгірсіп, жауырды жаба тоқып «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» етушілер мен өтірік өз-өзінен «ісіп-кебетіндер», олар керісінше - Ұлт жаулары...
А. Жұмағалиұлы «Абайдан пұт құдай жасаудың керегі жоқ, онымен сырлас, мұңдас болу керек» деген бір есті сөз бар еді, кім айтқаны қазір есіме түспей тұр. Меніңше осы пікір дұрыс сияқты. Біз білетін Абай ақын адвокатқа зәру емес сияқты еді. Мына жерде жанталаса қорғап жатқандарға қарап іш жиып қалғаным.
Рахат Икибаев Абайдың өзі мәңгүртендірумен айналысқан қазақты...
Толеген Сейдуллаулы Өзінің қазақ тілін де, ұлтын да менсінбейтін талай мәңгүрттердің Абайға сүйеніп қазақты қорлап сөйлеп жүргенін көргеннен кейінгі сөздер ғой, шамасы!
Асхат Курмашов Абайға ауыз салғандықтарың асқандық болар...
Sholpan Abu Абай туралы абайлап сөйлеу жөн шығар, тегінде. Абай сөздері қай заманда өмір сүріп жатсақ та өзекті. Кез келген адамның ең болмаса қарапайым адам болып қалыптасуына, өзіне де, айналасына да сын көзімен қарауға үйретеді.
Еділ Анықбай Абайды өз кезеңінде түсінгендер тым аз болды. Кеңес өкіметі кезінде Ұлы ақынды партияның идеологиясына пайдаланды. Ал тәуелсіздік алғалы Абай одан әрі күрделеніп кеткен екен. Бүгінгі ұрпақ данышпан Абайды мүлде түсінуден қалып барады-ау... Абайға ауызды абайлап салсаңыздар!
Жаңабек Наров Абай Қазақ идеологиясының басында тұрған тұлға. Егер бір көпке танымал тұлға «Е, Абай, бәлен екен, оның заманы озды» деп бірдеңені қоңырсытса онсыз да кітап оқудан қалған жұрт Абайды басқаша түсініп қалуы мүмкін. Сондықтан Абай туралы әбден зерттеп, ойланып барып тұжырым жасасақ. Идеологиямен ойнауға болмайды.
Жакипбек Бейсембеков Қазіргі Абайдан асқысы келіп жүрген жастардың Абайдан білімі артық екеніне еш дауласпас едім, бірақ өрелерінің төмен екеніне олар да дауласпаса. Білім жағынан артық болуы заңдылық та шығар. Абай атамның кезіндегі мүмкіндіктермен қазіргі замандағы мүмкіндіктің ара қатынасы жер мен көктей емес пе? Абай білімді инемен құдық қазғандай етіп жинағанда сол білімді әрі қарай өз ойымен, өресімен жетілдіріп, еш қайтарым (сый, атақ, т.с.с) дәметпестен дамытып қазағына ұсынған. Міне, сондықтан да Абайдың бергені тозбас қазына.
Ал қазіргілер білімді мүмкіндік молдығына қарай алып эксковатормен құдық қазғандай тез, әрі көп жинайды дағы оны дұрыс игеріп, саралап, халқына тың бірнәрсе (бірнәрсе ғана, Абай сияқты ұшы қиырсыз таусылмас қазына емес) ұсынудың орнына өз атағын шығаруға жанталасады. Онысына қарамастан білгірсіп айналасына топырақ шашып ластайды, бұл өренің төмендігін байқатпай ма?
Жоғарыда атап өтілген Абайшыл қарияда кезінде қоғамға өз шамасы келгенше қызмет еткен, биіктерге талпынған, мүмкін бір кездері кеудесіне нан пісіп асқынған да жан болар бәлкім. Өмір ете келе жас тоқтап, ақыл сала қарағанда сол өз істеген істерінің Абайдың айтқан бір ауыз сөзіндей құны жоқ екенін, бос пайдасыз ат шығару екенін түсініп адамдарға Абайдай болудың, Абайдың деңгейіне жетудің мүмкін еместігін айтып отырған болар.
Егер ол әңгімені ішінен «Мен Абайдан асып кеттім» деп дандайсып жүрген біреу естісе, әрине оған ұнамауы да мүмкін, бірақ сол кісіні жазғыру, келекелеу ақылдылық па? Қазақ қазақ болып тұрғанда, қазақтың аналары балалар тауып жатқанда Фараби, Абай, Мұхтар сияқты, олардан да асып түсер дарындар бұл өмірге келуі заңдылық та шығар. Бірақ мықты болу үшін Фарабимен, Абаймен, Мұхтармен бақталас болу ақылдылық па? Мәселе осында болса керек, осы жағынан ойланып көрейікші.
Аман Мырза Тұспалдап жазылғанға түсінбей отырған қазақ Абайды қалай түсінсін?!
Sultan Qasymbek Орыстың шовинистері мен өзіміздің орыстанған мәңгүрттердің қит етсе Абайға «сілтеме» жасап, соның қазақты сынап-кемсіткен сөздерін көзіңе шұқып тұрып көрсеткендері өтіп кетеді ғой. Әйтпесе Абай данышпанмызға еш претензиям жоқ...
Галымжан Тулегенов Орысты құлай сүйіп оған шексіз қызмет етуге осы Абайды пайдаланған ғой. Менің ойымша оригиналдағы Абай бар да сосын совет заманында корректировка жасалып өзгертіліп алынған Абай бар, қазіргі біздің Абай сол.
Ғалым Бақыткерейұлы Әркім Абайдан өзіне қажетті нәрсені көреді. Әркім Абайдан өз керегін алады. Қазіргі қазақ болуға намыстанып, өз халқынан жерінушілер көбейіп тұрған заманда Абай атамыздың қазақтың ит терісін басына қаптаған пікірлері отқа май құйғандай әсер береді. «Егер хакім Абай осылай айтса, демек қазақ шын мәнінде де осындай екен ғой» деген еңсені езетін сұмдық ой туындайды.
Дуалы ауыздан шыққан пікірлер тарихи бетбұрыстар жасайды. Осы тұрғыдан алғанда өз ұлтын жеккөретін адамдардың басқа халықтарға қарағанда қазақтардың арасында орасан көп болуының себебін түсінуге болады. Орыстарды мақтап, қазақтарды жамандаған Абайдың пікірлері орысшылдар үшін таптырмас өнеге, айқын нұсқа, даңғыл жол. Ал біз Абайдан қазақ болуды мақтан тұттырып, «мен қазақпын» деген өр сезім тудыратын, ұлттық рухты көтеретін бір дуалы сөз таба аламыз ба? Бұл ащы шындық.
Қазіргі кезде онсыз да өріп жүрген орысшыл қазақтарға орыс шовинистерінің айызын қандыратын Абайдың қара сөздерін оқуды ұсыну оларға түпкілікті орыстануды ұсынумен тең. «Көтерем атқа қамшы ауыр» дегендей қазіргі кезеңде тұралап жатқан қазақ рухы үшін өкініш пен күйікке, шарасыздыққа толы Абайдың сарыны емес, от-жалынымен рухты шарпитын жігерлі Махамбеттер мен Мағжандардың екпіні керек.
Егер болашақта қазақтардың ұлттық сезімдері арнасынан тасып, олар шектен тыс ұлтшыл болып бара жатса сол кезде оларға қазақтың жер-жебіріне жеткен Абайдың қара сөздерін оқытып олардың арындарын басармыз. Ал қазір қазақтың рухын жерге тығып тірілей көміп тастамайық десек Абайды сәл қоя тұрайық. Егер Абай Абай болса ол қазақ әлемінің төріндегі өз орнын жоғалта қоймас...
Жандос Нұрмаметұлы Өз ұлтын өзі ең жек көретін ұлт қазақ емес, Ғалым мырза. Бізден өткен патриоттар бар. Мəселен, Пушкин «Я глубоко презираю свое Отечество, но ненавижу когда это делают иностранцы» депті. Ал Еуропалықтар мүлде өз ұлтын жерден алып жерге салады. Бірақ оның бəрі намыстан. Күйінгеннен. Сосын олар өз ұлтын тек өздері сынайды, ал шетелдіктер бірдеме десе жаға жыртысуға оп-оңай барады. Оны мен жақсы білемін. Абай орыс ұлықтарының алдында қазақтың сөзін талай ұстаған. Жəне ол парызын үлкен абыроймен атқара білген. «Ер қадірін ағайын емес жат білер» деген.
Ғалым Бақыткерейұлы Мәселе Абайдың ұстанымында емес, оның сөздерінің қазіргі қазаққа тигізіп жатқан әсерінде. Пушкин «глубоко презираю русских» демеген ол «глубоко презираю свое Отечество» деген. Және ол Абай сияқты орыстардың мінін шеберлікпен жіпке тізіп халқын түкке алғысыз етіп жатқа таба қылмаған.
Пушкин сияқтылар орыс халқын қанша сынаса да рухы биік орыс халқы қазір оған қыңбайды. Ал рухы жығылып тұрған қазаққа қазір «қазақ жаман» деп бір ауыз сөз айтсаң да жасып, қазақ болып туғанына өкіне бастайды. Абай тұнып тұрған өкініш қой. Онсыз да өкініштің уын ішіп жүрген қазаққа өкініш қоса берудің қажеті не? Алып Абайдың өкініші кез келген қазақ көтеретін өкініш емес. Жаншып тастайды.
Жандос Нұрмаметұлы «Народ равнодушный до наименьшей обязанности, до наименьшей справедливости, до наименьшей правды, народ, что не признает человеческое достоинство, что целиком не признает ни свободного человека, ни свободной мысли». «Мы ленивы и нелюбопытны. Позорны». «Так как в России всё продажно, все! То и экзамен сделался новой отраслию промышленности для профессоров». Александр Пушкин.
Пушкиннің қасында Абай сəулелі нацпат болған сияқты ғой. Мен Пукиннің тағы одан сорақы сөздерін келтіре аламын. Бірақ ол дұрыс болмас. Ол Отанын жақсы болсын деп айтқан еді.
Ғалым Бақыткерейұлы Егер Пушкин орыс халқын жерден алып, жерге салып жатса оны түсінуге болады. Оның қанында орыстың қаны жоқ, және ол французша тәрбиеленген ақсүйек. Және жоғарыдағы келтірілген оның сөздері оның шығармашылдығына тән емес екенін де ұмытпаған жөн. Айтты, қойды... Оның бұл пікірлерін әдейілеп іздемесең оның кітаптарынан таба алмайсың.
Ал өзінің туған халқын жүндей түту Абай шығармашылығының басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Оны Абайдың шығармашылдығынан кесіп алып тастау еш мүмкін емес. Абай шығармашылығымен танысып оның қара сөздерді оқи бастаған адам бірден қазақты қорлап кемсітушіліктің қалың қатпарына еніп кетеді.
Тегі араб болып келетін Пушкин орыс тілін насихаттаса қаны қазақ Абай атамыз да орыс тілін насихаттады. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр». Атамыз әуелі қазақты сілейтіп салады да сонан соң «алдыңғы жұрт қатарына ену үшін орыс тілін үйреніп, орыс мәдениетімен сусындау керек» дей отырып қазақ болғанына арланып, халқын жеккөріп қалған қазақты орысшылдыққа қарай бұрып жібереді.
Абай атамыз салған осы «даңғыл жолға» түсіп алып орыстанып бара жатырмыз десем мен Абайды жеккөрген боламын ба? «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр» деп әлі күнге дейін қазақтар баласын жетектеп әкеліп орыс мектептеріне беріп жатыр. Оларға не дерсің? «Абайдың өзі солай айтқан, сен не Абайдан асып тудың ба?» десе ауызға құм құйылады да қалады.
«Әрі тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледінің» кері болып тұр қазір. Не болса да қазақты сақтайық. Қазақ аман болса Абай да жерде қалмайды. Қазақ құритын болса Абай кімге керек?
2015 жыл.
Комментариев нет:
Отправить комментарий