среда, 20 мая 2015 г.

Бәрі де ойдан басталады...

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Алла Тағала білім, даналық берген әрбір кісінің міндеті адамдардың санасына ой салу, оларды қарапайым сөздермен-ақ биіктерге жетелеп, олардың рухтарын заңғар көктерге шарықтата самғату. Әрбір істің өз адамы болады. Егер сондай жандар қарапайым ойлардан өз істерін танып, оларды одан әрі дамытып, көтеріп әкетсе, онда болашақтан түңіліп ұнжырғасы түскен қаншама жүректер өздерін бағыштар ұлы армандарын тауып, түлеп сала берген болар еді. Бәрі де ойдан басталады. Адамның жүрегімен үндесіп, нұрлы армандарын тірілтіп, нақты істерді нұсқайтын ойлардан ғажайып дүниелер, ұлы істер туатын болады.

Адамның білімділігі, оның даналығы ілім-білімдерді терең игере білуінде ғана емес, өзінің бар білгенін адамдардың игілігі үшін ұғынықты етіп қортып ұсына білуінде. Егер адамдар мәселенің тоқетерін түсініп, мән-жайды жалпылама түрде болса да байыптай алса, онда олар саналы түрде сол ортақ мәселелерді шешуге өзіндік үлесін қосуға құлшынған болар еді.

Мәселені түбінен көтеріп, төтесінен жеткізіп, жалпыға ұғынықты етіп ұсынғанда пендешілікпен қандай болмасын білімді еншілеп алып кеуде керіп астамсу мүмкіндігі азаяды. Өйткені, жұрттың бәрі мәселенің мән-жайын түсініп тұрғанда «мен білем» деп төс қағу ешкімге де абырой әпермейді.