понедельник, 6 апреля 2015 г.

Өкініш деген сезім бар...

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Адамның жан дүниесінде өкініш деген бір сұмдық сезім бар. Бұл сезімнің түп-төркіні сонау бір ерте заманда Алла Тағаланың алдында айыпты болып жұмақтан шығарылған Адам атамыз бен Хауа анамыздан бастау алған болуы мүмкін. 

Өйткені, адамзат тарихындағы ең алғашқы, ең зор өкініш, ол әрине, жұмақтан айрылу өкініші екені сөзсіз. Өйткені, уайым мен қайғыдан ада, шаттық ұялаған ғажайып мекен жұмақтағы өмірден кейін бейнеті бір арылмайтын, аттап бассаң азабы пен қорлығы аңдып, әр қалтарысынан үрей сығалаған бұл дүние жанды кемірер сұмдық өкініш тудырары сөзсіз.

Сонан бері атадан балаға беріліп, ұрпақ жағалап келе жатқан бұл өкініш әрбір адам баласы үшін дауасы оңайлықпен табылмайтын, тіпті, жазылмас дерліктей дерт. Себебі, оның емі, оның бірден-бір дауасы сол бір уыстан шығып кетіп, өкініш болып өзекке түскен жұмаққа қайтадан ие болу. Ал, оның жазылмас дерт болуының себебі, бұрын соңды өмір сүрген көптеген жандар үшін жұмаққа жол мүлде кесілген. Сондықтан да олар үшін бұл дерт мүлде дауасыз дерт болып табылады.

Бұл адам баласының адымын аштырмай ақирет күніне дейін өкшелеп баратын, сол күні өз дауасын түпкілікті сұрайтын, сонысымен де біреулерді зор шаттыққа бөлейтін, ал, біреулер үшін зор күйініш болып өзегін өртейтін мәңгілік дерт. Ал, ол күнге дейін бұл сезім сәл ғана сәтсіздік, болымшы ғана қателік кезінде де пайда болып бір орны толмайтын, қайта түзеуге келмейтін зор іс істегендей өкініш тудырып, адамды күйіндірумен болады. Сонысымен де ол ешқашанда орны толмас ақирет өкінішін еске салып ескерткендей болады.

Бұл дүниеде өкініш көп. Бірақ, біле-білген адамға нағыз өкініш ол-ақирет өкініші. Бұл жалғанда уақытша болса да өкініштің орны толады, толмаса уақытпен көмескі болады, болмаса біреу оны арақ, есірткімен тұншықтырып бағады, болмаса ол есінен айрылып шалық болып қалады, не болмаса Аллаға жалбарынып сәждеге барады. Әйтеуір адам бұл дүниеде өкінішіне жұбаныш тауып, белгілі бір жеңілдік алады.

Ал, ақирет өкініші зор өкініш. Өйткені, ол мәңгілік өкініш. Орны да толмас, ұмытуға да болмас, жан шыдатпас өкірік өкініш. Жұмаққа жете алмауы адамның өзегін оттай өртесе, бұл дүниеде жасаған күнәләрі тәнін от болып шарпитын болады. Сонда ол осы екі оттың азабына шыдай алмай көкірегі қарс айрыла шыңғырар. «Құлағым ести тұра сонда неге сенбедім, құлшылыққа шақырғанда неге сонда ермедім» деп ойлаған сайын сұмдық бір өкініш лықсып келіп оған өз сұмдығын көрсетер.

Maсa.кз. 13.04.2011.

Комментариев нет:

Отправить комментарий