Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қазіргі заманғы ғылыми техникалық өркендеу мен дүниежүзілік мәдениеттің жоғарғы талаптарына жауап беретін жан-жақты дамыған қай тіл болмасын мұндай дәрежеге өзге тілдердің сөздерін өздерінің сөздік қорларына қосып алу арқылы қол жеткізген. Кейбір сөздердің сондай сәтті сіңірілгендіктері соншалықты ол сөздердің түбірі қай тілден ауысқанын анықтау қазір мүмкін де емес.
Солай десек те егер орыс тіліндегі сөз түбірлеріне жіті талдау жасасақ ондағы көп сөздердің қазақ-түркі тілінен алынғандығын байқауға болады. Мысалға, орыстың «смех» сөзін алайық. «Смех» сөзі «смеяться» сөзінің қасқарған түрі, ал «смеяться» - «смияться» сөзінің «сми» түбірі мен қазақтың «жыми» - «жми» түбірінің ұқсастығы күмән тудырмайды.
Бұл әрине, орыстарды дүниенің кіндігі санап, бар жақсының бәрі тек орыстардан таралуға тиісті деп білетін біздің орысшыл қазақтардың санасына симайтын қисынсыз нәрсе. Сол себепті де олар «әлдебір кездейсоқ ұқсастықты әлдеқандай етіп айтып отырғанын-ай мынаның» деуі де мүмкін. Бірақ мұндай ұқсастық өте жиі кездесетіндігі соншалықты бұл адамды ойландырмай қоймайды.