среда, 16 августа 2017 г.

Білуге тиісті нәрселерді ғана білейік...

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Адамзат заты адам болып жаратылғаннан бері қашанда түрлі құбылыстардың сыры  мен қызықты оқиғалардың егжей-тегжейін білуге құмарлықтың құлы болып келеді. Қазіргі ғылым дамып, небір ғылыми жаңалықтар ашылып, білім көкжиегі толассыз кеңейген сайын адамның білгісі келетін құпия сырлары да көбейген үстіне көбейіп оны өзінің шетсіз шексіз қиырымен баурауда.

Мысалға, қызық іздеген жандар ұшатын тарелка, жат планеталықтар, полтергейст, аруақ-елестер, және басқа да түрлі беймәлім құбылыстарға  қызығушылық танытады. Олар Мысыр пирамидаларын кімдердің, және қалай салғандарын білгілері келіп  оларды тіпті  жат планеталықтар, жындар, немесе  алып адамдар салған деген сияқты түрлі болжамдар да жасап жатады.

Олар тіпті Құран аяттарының «біз» деп үшінші жақпен айтылуына дейін назар аударып, мұндағы «біз» деп отырғандар бізді сырттан қадағалап, бізді сырттай тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп  отырған ғарыштық жоғарғы сана иелері, жат планеталықтар емес пе деген болжам айтып, сол арқылы  діннің құзырына жататын мәселелерге де  қол сұғып, ақиқатқа иелік еткісі келеді.

Кім не десе де Алла тағала  жаратқан бұл дүниенің  сан қырлы, алуан сырлы тылсым дүние екеніне еш күмән жоқ. Оның түбіне ешкім де оймен жетіп, қиялмен қамтып, ақылмен түсіне алмайды. Және оған оның өмірі де жетпейді. Сан салалы ілім-білімнің көп тармақтарының біріне ғана қызығушылық танытып, соның  соңына түсіп, соны түгеспек болып жүрген адам  өзінің өмірінің қалай түгесіліп қалғанын аңғармай да қалады.

Шын мәнінде бұл дүние ақиреттің егістігі. Сондықтан аз ғана ғұмырыңды ақиретте жеміс беретін білімдер  мен істерге арнаған жөн. Егер Алла қаласа пирамидаларды кімдердің салғанын, НЛО-ның не екенін, «жат планеталықтардың» қайдан келгендіктері жөнінде тиісті мағлұматтар берер еді. Бірақ біз бәрібір онымен қанағаттанып Аллаға бой ұсына қойсақ жақсы.

Біз бәрібір білген үстіне білмек болып дүниенің таусылмас сырларының  соңына түсіп қызық қуып жүре берер едік те  Алланы іздеуге еш мұршамыз болмас еді. Біз, әрине,  өзіміздің аңсарымыз ауған бұл дүниенің бар құпия сырларын білетін боламыз, бірақ, бұл мына дүниеде емес  ақиретте жүзеге асатын нәрсе. Ал қазір ол білімдер біз үшін сынақ. Олар біздің бар ақыл-есімізді жаулау арқылы бар уақытымызды ұрламақ болуда.

Сондықтан адам баласы бұл дүниеде қызық білімдердің емес пайдалы білімдердің соңына түсуі тиісті. Және өзіне тиісті емес нәрселерді білуге құмартпағаны жөн. Өйткені, сондай әуестік сол адамның түбіне жетуі де мүмкін. Мысалға, санадан тыс тылсым құбылыстармен әуестеніп, беймәлім тіршілік иелерімен байланысқа түсіп, оларға барынша ашылған адамдар жынданып, немесе тіпті зым-зия жоғалып кетіп те жатады.

Осындай адам баласы түбегейлі түсіне алмай бостан босқа өзіне кесір істейтін нәрселердің бірі Құран аяттарының «біз» деп үшінші жақпен айтылуы.  Құранда Өзінің неге «Біз» деп сөйлейтінін Алла тағаланың Өзі ғана біледі. Бұл түптеп келгенде әрбір Аллаға иман келтірген мұсылман  еш талқысыз қабылдауға тиісті сенім мәселесіне жатады. Біз оны солай қабылдаймыз да неге деген сауалға жауап іздемейміз.  Алла тағала Құранда былай деген:

«Расында Алла шіркейді, одан да зорғыны мысал келтіруден ұялмайды. Ал мүміндер оның Раббыларынан нақ хақиқат екендігін біледі. Ал енді қарсы болғандар «Алла бұл мысалмен нені қалайды?» дейді. Алла ол мысалмен көптегенді адастырып, әрі онымен көптегенді оңғарады».  Бақара сүресі, 26 аят.

Алла тағала жоқ нәрсемен әуестенетін адам баласын сан қилы білімдер мен түрлі нәрселер арқылы  сынап, солар  арқылы біреулерді адастырып, біреулерді тура жолына салады. Сондықтан біз өзіміздің бұл дүниедегі орнымызды білейік. Білуге тиісті нәрселерді ғана білейік. Келген жағымыз бен баратын жерімізді білейік. Және сол білімізге сәйкес амал етейік. Сонда біз еш зиянда қалмайтын боламыз.

Даурен Сайынбекұлы Ақыл – ойымызбен ізденуге болмай ма? Басқа дін өкілі сұрақ қойса мысалға,  Алла Тағаланың неге «Біз» деп айтатыны жайлы?

Ғалым Бақыткерейұлы Алла тағаланың  неге «Біз» дегенін біле аламын десеңіз іздене беріңіз. Бірақ оған дұрыс жауап таба аларыңызға күмәнім зор. Егер ол жайлы білуге тиісті болсақ Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол жайында бізге айтқан болар еді. Және сахабалар да онан бұл жайында сұраған болар еді. Олар қозғамаған мәселенің соңына түсіп басын ашып алатындай  біз кім едік? Бұл жайлы ізденіс жасамақ болсаңыз ерік өзіңізде, бірақ өзіңіз де адасып, өзгелерді де адастырып зиянда қалып жатсаңыз кім кінәлі болады?

Даурен Сайынбекұлы Патшалар, мысалға, қалай сөйлейді «Біз осы қаланы  қиратып, халқын құл етеміз». Бұл жердегі мағына Оның Күш-қуатын білдіреді. Назар аударатын жайт, құлшылық  жайлы мағына келген кезде Құранда «МЕН» деп  келеді...

Ғалым Бақыткерейұлы Патша жайлы мысал  тәуил, яғни жорамал. «Біз» деген сөздегі «біз» періштелерді меңзейді деген де жорамалды естіп едім... Дұрысы, «Біз» деген сөздің мағынасын Аллаға тапсырған жөн. Егер сүрініп кетпейік десек... Сахабалар мен табиғиндер осы жолды ұстанған. Олардан асып бірдеңе түсіне қоймаспыз. Ал өзіміз түсіне  алмайтын нәрсені өзге дін өкілдеріне қалай түсіндірмекпіз? Егер ақылдары тасып бара жатса өздері түсініп алсын... 

Комментариев нет:

Отправить комментарий