вторник, 1 августа 2017 г.

Туған ұлдан не пайда атаның жолын қумаса?

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Ruza Beisenbai Tegi Кеше тағы бардым қала әкіміне. Көзінде күлкі, келеке етіп отыр мені өзінің қабылдауына жазатын, «говорите по-рюски» дейтін Богданова қатынмен («келе бересің бе?» дегені шығар, өз ұлтына күліп отыр деген құбыжықтыққа қимай отырғаным).

Тіл үшін 4-ші рет бардым ғой оған биыл. Әкімге айтқан сөзім мынау болды «Онда алып тастайық мемлекеттік тілді? Өзіңіз де кекетіп отырсыз, Богданованың көзінше, «оны жұмыстан алып тастамаймыз» деп. Бұл одан әрі де қазақтілділер сіздің қабылдауыңызға жазылмайды деген сөз.

Көлікте, кондукторларға екі  сөзді жаттатуға құлықтарыңыз жоқ. Жарты жыл бұрын содан бастаймыз деп шешкенбіз.  Сол Богданованы желпіндіріп отырған одан да жоғары адам, сенесіздер ме,  Құл-Мұхамед, Нұр Отанның басшысының орынбасары! Ол Керекуге келгенде құжаттарды (мында нақтылы хаттамаларды) тек орыс тілінде жазуға болады депті. Маған орысша берілді.

Жерлестерімнен, басқа облыстардан да (бізде рұқсат болса, басқаларда неге жоқ) осы туралы ашық хатқа қол қоюларыңызды өтінемін. Онда ашық алып тастасын мемлекеттік тілді! Сонда ғана мен тынышталамын. Басқа елге көшемін. Көк тиынға керек емес маған  орыстілді Қазақстан. Отаным жоқ деп есептеймін онда!

Тағы ойым. Қазақ тілін болдырмауда жалтақ, мәңгүрт қазақ үлкен кедергі (біріншісі көп, екіншісі аз біздің Керекуде). Барша дерлік қазақтар европапішіндесті көрсе, кешіріңіздер, оның алдында төртаяқтап соның тілінде сайрағанымен қоймай, бір-бірімен де солардың тілінде сөйлеседі ғой? Мен өз қаламда 20 жылдай тұрғандықтан білемін соны.

Солардың «фонында» мен тіпті терроршы сияқты көрінемін. Қалайша барлығы орыстілді болғанда мен қазақтілдімін? Барша қазақ нақтылы айтамын, ренжісеңіздер де, адамдұрысты қазақ болып кетпей  хал өте мүшкіл бола бермек. Өкінішке орай, биліктен қайыр жоқ. Өзіміз кінәліміз осындай  орыстілді мазақстанда тұратындығымызға.

Бұл өте күлкілі сабырлылық. Біз жылдар бойы осы мазақстанымызға көніп келеміз. Дүниенің 95 пайыз елдерінде мұндай проблема жоқ. Олардың мемлекет құрушы ұлттарына  әбден  таба болдық. Егер  өз тілімізге күні-түні қажеттілік тудырсақ, өзіміз былай тұрсын, барша жұрт біздің тілде сайрайтыны хақ!

Әркім тамшы бола білсе осы жолда билік те ешқайда кетпеуші еді. Ал баршамыз білетіндей басты насихат - ол тек қазақ тілінде сөйлеу. Қажеттілік сонда ғана туады! Рухы аз қазақтарды ең болмаса бір-бірімен қазақша қатынасуға тағы да шақырамын. Бланкілердің қазақшасын талап етуге, терминалдардың қазақшасын басуға, қазақша емес құжаттарға қол қоймауға, т.т.

Бір сөзбен айтқанда қазақша сөйлеп, барша жерде қазақша қызмет талап етуге шақырамын! Сол арқылы  сіздер ұлт алдындағы парызыңызды орындайсыздар! Елдігі мықты, рухты, басқаларымен терезесі тең қазақ мемлекеттілігіне  аяқ бастырасыздар! Барша қазақты осыған шақырамын! Достарым, баршаңызды шақырамын!

Ғалым Бақыткерейұлы Жасымаңыз, Руза! «Ісіміз ақ, аққа Құдай жақ» деген...  Ата-бабаларымыз бұдан да қиын, бұдан да ауыр үмітсіздік жағдайларда болған, сонда да ұлт болып әлі белестен белес асып келеміз. Алла тағала Құранда былай деген:

«Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар. Ендеше босай қалсаң және тырыс. Раббыңа ғана бел байла». Инширах сүресі 5-8-аяттар.

Ruza Beisenbai Tegi Ғалым Бақыткерейұлы,  басқа басқа болсын,  бауырым, бірақ жасу менің табиғатымда жоқ. Тұрып алам да, қайта бас көтерем!

Ғалым Бақыткерейұлы Мұндай күрескерлік рух қазіргі кезде кейбір  қазаққа тән болмай тұр... Сәл нәрсеге рухы жасып, еңсесі түсіп, еш қарсылықсыз беріліп жатқан қандастарымызға қарасаң соңғы демі қалғанша күресіп қолы жау жағасында кететін жауынгер халықтың ұрпағымыз дегенге сенгің келмейді.

300 жылдық бодандық кездегі даланы қанға бояған жазалау экспедициялары мен толассыз репрессиялардан әбден сағы сынып шарасыздықтан жасып қалған халықпыз-ау, шамасы... Рухы мықты жаңа ұрпақ, жігерлі жас толқын келмесе құлдық психология санасына сіңіп қалған біздің ұрпақ осы құл күйінде өлетін шығар.

Елін қырық жыл бойына шөл далада ұстаған Мұса пайғамбар сол арқылы пұтқа табынушылардың қол астында құл болып туып, құл болуға үйреніп, құлдық сана миына сіңіп қалған, сол себепті де пұтқа табынуға бейім тұрған ұрпақтың өліп бітуін күткен деген пікір бар. Сол сияқты Алла тағала еркін қазақ елі, Нұрлы Елге лайық емес қазақтардың соңын күткізіп жүрген шығар...

Ruza Beisenbai Tegi Ол үшін әр үйде, әр сәбиді «сен осы елдің қожайынысың»  деп қазақ тілінде тәрбилеу керек, жапондықтар сықылды!

Ғалым Бақыткерейұлы Құлдықтан азат жаңа сана рух деңгейінде қалыптасып сонан соң барып күнделікті тірлікте көрініс береді. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген аталарымыз. Осы кезге дейін біздің санамызды қанша бұғауласа да ол тасты жарып шыққан жас өскіндей қайта көктеп отырған. Тіпті орыс болып кеткен қазақтардың да жүрек түкпірінен гендік санасы бой көтеріп, өз түп-тамырын іздейтін болады.

Қазір бізге қажымай-талмай өзі ісімізді атқару қажет, тіпті оның жемісін өзіміз көре алмасақ та болашақ ұрпағымыз көретін болады. Біз қазір ұрпақ үшін, «қара қазан, сары бала» үшін бар қызықтан баз кешіп  жанқиярлық танытқан ата-бабаларымыздың егіп кеткен жемісін жеп жүрміз. Олардың бізге жүктеген аманатын арқалап жүрміз. Егер біз осы аманатқа қиянат ететін болсақ онда бізді қарғыс атады.

Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай
Ерлердің ісі бітер ме?  (Махамбет Өтемісұлы)

Осылай деп жігерін жанып,  ұрпақ үшін бастарын бәйгеге тіккен,  бұл өмірден еш қызық көрмей ел-жұрты үшін өз бастарын құрбандыққа шалған ата-бабаларымыздың қарғысы атады.

Әрине,  біздің қазіргі ұрпаққа «егеулі найза қолға алудың» қажеттілігі туындап отырған жоқ, Аллаға шүкір, бізге бар болғаны өз тілімізге адал болсақ сол да жетіп жатыр. Егер  біз осындай түкке де тұрмайтын «ерлікке» қабілетсіз болсақ, онда бұл шын мәнінде біздің түкке де тұрмайтын бишаралығымызды көрсетпей ме?

Ruza Beisenbai Tegi Соны болдырмау керек...

Ғалым Бақыткерейұлы 

Күн қақты ердің астында 
Көп жүгіретін күлік бар.
Көн садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар.
Қарайғанның, жігіттер,
Бәрін кісі демеңіз -
Күпе-күндіз тайраңдап,
Түзге шықпас ерлер бар.

Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас.
Ордалыға көз салсаң,
Оғы қалса жоғалмас.
Топтан озған тарлан боз,
Тұрасынан айрылса,
Тасты басып тұра алмас.

Асылдан болат ұл туса,
Екі жақ болып тұрғанда,
Егескен жерде шарт кетер,
Жауырынынан өтін алса да
Жамандарға жалынбас!

Туған ұлдан не пайда?
Алтын тақты хандардың
Хандығынан не пайда,
Қаріп пенен қасірге
Туралық ісі болмаса?

Алаштың байлығынан не пайда,
Құланнан басқа ел таппай,
Қонарына жер таппай,
Маңқиған сары даладан
Екіндіде құлаған
Тарығып келген ерлерге
Қайыры оның болмаса?

Ақ жұмыртқа, сары уыз,
Әлпештеп қолда өсірген
Туған ұлдан не пайда,
Қолына найза алмаса,
Атаның жолын қумаса?!  (Махамбет Өтемісұлы)

            24-желтоқсан 2016 жыл.                                                        

Комментариев нет:

Отправить комментарий