Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Айдос Сарым Ұят, күнә, кінә. Қазақты «ұятшыл» халық дейміз. Ар-ұятты дейміз. Бірақ, осы ар, ұят, күнә, кінә деген сөздердің ара-жігін аша алмай жатамыз. Байқасам, баспасөзде «кінә» деген сөз атымен жойылып барады. Әрі кетсе сотта айтылады, одан қалса әдебиетте. Есесіне «күнә» дегенді көп айтып жүрміз. Себебі түсінікті, уахабиттер талай сайтты құрып салды, насихатын жүргізіп жатыр.
Ең мықты сөзіміз, әрине, «ұят». «Ұят болады», «ұят болмасын» дейміз. «Жұрттан ұят болмасын» дегеніміз екінші ұлттық ұранымыз. Аста-төк, малшашпақ та осы «ұят болмасыннан» туындайды.
Біз, қазақ, шын мәнінде «ұят мәдениетінің» адамдарымыз. Бізге «кінә мәдениеті» мүлдем жақындамаған сияқты. Мысалы, адам бір қателік жасаса, оны ішінен «кінә» деп түсінсе, онда я кешірім сұрайды, я түзеледі, я күйіктен өледі. Бұл «кінә мәдениеті». «Күнә мәдениеті» де түсінікті: «қателік жасасаң, алдағы уақытта сені Құдай ұрады, тозаққа тастайды» дегеннен туындайды. Бұның да асқан жамандығы жоқ, бірақ кейбіреулер бұны өз мақсаты үшін керемет пайдаланады.









