вторник, 28 апреля 2015 г.

Ақиқат - Алланың жаратылысы

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Ақиқат дегеніміз жаратылыс жөніндегі шынайы таным. Негізінде, бұл дүниедегілердің бәрі де, соның ішінде адам да, оның сезімдері де, ойлары да, сөздері де жаратылыс. Өйткені, олардың бәрі де туынды нәрселер. Олар пайда болады, және жойылады. Бұл жаратылыстың бірден-бір иесі Алла Тағала. Ол бүткіл ғаламды ақиқатпен жаратты. Алла Тағала ең әуелі ақиқатты, сонан соң сол ақиқат бойынша бүткіл жаратылысты пайда қылды. Олай болса, ақиқат та жаратылыс болып табылады. Өйткені, ол да Алла Тағаланың туындысы. Сондықтан да Алла Тағала ақиқаттың да Иесі болып саналады.

Жаратылыстың бірден-бір иесі болып табылатын Алланы тану мүмкін емес. Өйткені, Ол ондай мүмкіндіктен тыс жатыр. Егер Алланы толық тани алатын басқа біреу болса, онда ол Алламен тең дәрежедегі екінші құдайға айналған болар еді. Бірақ, Алладан басқа құдай жоқ. Болуы да мүмкін емес. Өйткені, бүткіл жаратылыс Оған құл болып қана келеді.

Осы тұрғыдан алғанда Алланы тануды уағыздайтын кейбір діндер мен кейбір мұсылман топтарының ақидалары қате болып табылады. Шын мәнінде осынау шектеулі пәни дүниеде шектеулі санамен ғана өмір сүріп жатқан адам баласының Алла Тағала түгел өзін-өзі толық тани алуы неғайбіл. Сол себепті де жаратылыстың бір құпиясы болып табылатын адам жанының қыр-сырына ой жүгіртпек болған адамзаттың небір даналарының өздерінің де түсініп жарытқандары шамалы.
Алланы ақиқат деп атайтын діндер де бар. Шын мәнінде бұл адасушылық. Біріншіден, ақиқат дегеніміз шынайы таным ғана болып табылады. Ал, таным білім бойынша қалыптасады. Олай болса, Алланы ақиқат деп атау, Оны білім деп атаумен парапар. Бұл зор қателік. Шын мәнінде Алла Тағала білім емес, Ол Білуші. Ол ақиқат емес, Ол ақиқаттың иесі. Ол қалаған құлына білім беріп, оның ақиқатқа деген көзін ашатын Ұлы Раббы. 

Екіншіден, ақиқат танылу мүмкіндігімен ақиқат. Ал Алла Тағала болса тану мүмкіндігінен тыс жатыр. Сол себепті де ол ақиқат бола алмайды. Үшіншіден, ақиқат өзіне қарсы ұғым болып табылатын жалғандық арқылы анықталады. Ал Алла Тағаланың ондай қарсы анықтауышы жоқ. Алла қай тұрғыдан алсаң да еш теңдесі жоқ даралығымен ерекшеленеді.

Ақиқат ақиқат болуы үшін оның бастауында бүткіл жаратылыстың Иесі Аллаға деген иман тұруы шарт. Иманды өзек етіп алмайынша ешбір ілім-білімдер ақиқаттыққа таласа алмайды. Ол ілім-білімдер белгілі бір ауқымдағы үзік-үзік шындықтарды пайдалануы мүмкін, бірақ, ақиқатты жырымшылай отырып қолдан қиыстырылған ондай ұсақ шындықтар ақиқаттың шынайы бейнесін таныта алмайды. Сол себепті де ондай ілім-білімдерді ақиқат санау тіпті де орынсыз. Мұндай жалған ілім-білімдер адамды иманға әкелмейді. Ал, иманға келмеген адам ешқашанда тура жол таба алмайды. Ондай жан кішкентай шындықтармен қосақталған үлкен өтіріктерді ақиқат деп малданып өмір бойы адасумен болады.

Ақиқат адамға иманын ояту үшін қажет. Ал, иман бір Аллаға құлшылық ету үшін қажет. Құлшылық тазарыну үшін қажет болса, тазарыну адамның адамшылық қасиеттерінің ашылуы үшін қажет. Ал, адамшылық қасиеттер екі дүниеде де, ақиретте де жақсылықта болу үшін қажет.

Ақиқатсыз жақсылықпен жамандық жайында түсініп, өз дүниетанымыңдағы жалғандықтардан арылудың мүмкіндігі болмас. Бірақ, сол ақиқатты тануға көптеген жандардың құлықтары жоқ екені де рас. Өйткені, өз жан-дүниесіне үңіліп оның қаншалықты қаралық пен ластыққа толы екенін мойындау екінің біріне оңай тие қоймайды. Ал оны тазарту үшін өз тілектерін шектеп, өзін күштеп амал етуді ешкімнің де ұната қоймасы тағы анық. 

Бірақ, бұл дүниенің дамуы оны тоқтатпай ілгері сүйреп, қажет болған кезде оған тың серпін беріп отыратын, қандай шындық болса да жасқанбай тура қарап, Алланың талаптарын жан-тәнімен аянбай орындайтын адал да қайсар жандарға тікелей тәуелді. Міне, ақиқат осындай жандар үшін қажет. Және, өте қажет. Өйткені, өздерінің жартыкеш танымдарын ақиқат санап бар күш-жігерлерін, тіпті өмірлерін де жамандыққа сарып еткен жандар аз емес. Сондықтан да ақ пен қара, жақсылық пен жамандық болып екіжақтылыққа бөлінген, адамның ақыл-ойын, сол арқылы оның жанын иелену үшін ашық та астыртын күрес толассыз жүріп жатқан, осыншама қасірет жайлаған дүниеде ақиқатты іздеу, оны мойындау, және ол үшін күресу әрбір адам үшін басты қажеттілік болып табылады..

Ақиқат үшін күрес өз көзіндегі шөңгені көрмей өзгенің көзіндегі шөпке шүйлігетін, өз қателіктерін мойындағысы келмей, өтірікке бой ұрып жататын өзімшіл жандардың өзара өшпенділік тудыратын пендешілік күресі емес. Ол ең әуелі адамның өз қателіктерін түсініп, өз нәпсісін жеңуге тырысқан, өзінің пенделік әлсіздіктері мен кемшіліктерімен бітіспес күресі. Осылай әуелі өз қателіктерін түсінуге тырысып, өз пендешіліктерін қолға алған адам ғана өзгені де түсініп, оған кешіріммен қарап, қол ұшын беру қабілетіне ие болады.

Мұндай жанның өз жан-дүниесімен ғана тұйықталып, өзгелердің тағдырларына немқұрайлы қарауы мүмкін емес. Өйткені, әр адамның да Алла Тағаланың, және өз отбасының, жақын-жуықтарының, халқының, тіпті бүткіл адамзаттың алдындағы орындауға тиісті белгілі бір міндеттері болады. Және, оның осы міндеттерінен туындайтын жауапкершілігі де бар. Осы жауапкершілік одан жалпының игілігі үшін де мүмкіндігінше амал етуді талап етеді.

Әр адамның да таңдаған өз «ақиқаты» мен сол «ақиқаты» бойынша дұрыс деп санайтын өз амал-әрекеттері болады. Бірақ, шын мәнінде, ең дұрыс амалдар-ол адамның өз «ақиқаты» бойынша емес, Алланың ақиқаты бойынша, Алланың ризалығы үшін жасайтын амалдары. Мұндай амалдардың жақсылығы кем дегенде он есеге өсіп, адамның өзі де мол сауап табады, және оның ісінің нәтижесі де еселеп артады. Егер әр адам да осылай амал жасай бастаса, онда оның білместіктері мен өшпенділіктері тудырған қасіреттің қара бұлты неғұрлым тезірек сейіле бастаған болар еді. Сонда әр адам да жер бетіндегі қысқа ғана ғұмырын мүмкіндігінше қалыпты өткізіп, Алла Тағала уәде еткен жұмақтан да үмітті бола алар еді.

Кейбіреулер ақиқатты өз қажетіне орайластыра бұрмалап алып, сол танымын шындық деп көзсіз сенеді. Бірақ, шын мәнінде, бұл оның өз адасуы, өз соры болып қала береді. Ақиқат біреу. Ол ақиқатқа өз қалауынша түзету енгізіп, оны өз ыңғайына бейімдей беретіндей адам бұл дүниенің жаратушысы емес.

Біреулер Қасиетті Кітаптардан қиыстырып, немесе белгілі бір адамдардың беделдеріне сүйеніп өздерінің жалған көзқарастарын ақиқат деп дәлелдеуге тырысады. Бірақ, мұндай жалған нәрселер бәрібір өз шикілігін танытумен болады. Негізінде, ақиқат жүректерге өзі де жол таба алады. Өйткені, ол міндетті түрде Алланың аяттарымен үндесіп жатады.

Ақиқатты түсіндіруге талап қылып, оны өз өресі деңгейінде ұсынатындар қашанда табылады. Бірақ, әр адамның да ұғымына түсінікті болып, оның ойына қозғау сала алмаса, онда ондай ақиқаттың ақиқат ретінде құны аз болады. Ақиқат адам үшін қажет. Сондықтан ол әр адамға да түсінікті болуы тиіс. Бұл жақсылық пен жамандықтың ара жігінің ашылып, адамның саналы түрде Аллаға бойұсыну мен қарсылықтың бірін таңдауы үшін қажет. Сол арқылы оның түпкі нәтижеде жұмақтық, не тозақтық болатыны анықталуы үшін қажет.

Аллаға иман келтіру, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақирет күніне, және тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың қалауымен болатынына иман келтіру жер басып жүрген адам баласы үшін ақиқаттың алтын өзегі болып табылады. Бірақ, көптеген жандар мұны ақиқат ретінде қабылдай алмайды.

Бірақ, адамдар қаншалықты қаламаса да ақиқат келеді. Оларға қаншалықты жақпаса да ақиқат айтылады. Мүмкін, біреулер оны қатты, ал біреулер қызу деп қабылдар. Бірақ, ақиқат қашанда ақиқат. Оны қалай қабылдау әр адамның өзіне байланысты. Қатты тимесе есін жоғалта бастаған жанның есі жиылар ма? Қызу сезілмесе жаны суй бастаған жанның жаны жылынар ма? Өзіңе қарап ақиқатты емес, керісінше, ақиқатқа қарап өзіңді бағалау қажет.

Әркімнің де дүние жайындағы, өмір жайындағы белгілі бір жалған түсініктері мен өзі жайындағы да шындыққа үйлеспейтін жаңсақ пікірлері болады. Оның осы түсініктері мен пікірлері ақиқаттан неғұрлым алшақ, және неғұрлым берік болған сайын оған ақиқат та солғұрлым қатты тиетін болады.

Адамдар қоңырқай тірліктің қалыпты ырғағына түсіп алады да өздері де қарабайырланып, жүректегі жалындары да әлсірей бастайды. Сондықтан оларға ақиқат қызу сезілетін болады. Кім қалай қабылдаса да ақиқат қашанда ақиқат. Ол ешкіммен де санаспайды. Ол өзімен санастырады.

Кейбіреулер ақиқатты кімдердің айтқандарына қарап та бағалайды. Сол себепті де олардың бұл ақиқатты қабылдауы қиынға соғады. Бірақ, шын мәнінде, ақиқат Алла тарапынан келеді. Және, оны кімдер арқылы айтқызатынын да Алла Тағаланың Өзі шешеді. Сол арқылы Ол асқақтағандардың көкірегін басып, төменшіктегендердің абыройларын асқақтататын болады.

Кейбіреулер өздері жақтырмаған ақиқатты естігілері келмейді, және өздерінің естігілері келмегенді өзгелерге де жеткізбеуге тырысады. Шын мәнінде, ақиқат дегеніміз күн тәрізді. Күн біреулер қаласа да, қаламаса да өзінің белгіленген уақытында шығып отырады. Сол сияқты, ақиқат та өзінің айтылатын уақытында айтылады, және ол жететін адамына міндетті түрде жетеді. Тек екіортада біреулер сыналып өздеріне зиян табатын болады.

Maсa.кз 29.05.12.

Комментариев нет:

Отправить комментарий