суббота, 9 мая 2015 г.

Бұл дүниенің бақытын лайықтылар ғана көтере алады

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Адамның  Алламен қарым-қатынасы  жақсарған сайын  адамдармен де қарым-қатынасы  жақсара түседі. Өйткені, Аллаға жағу үшін адамға өз бойындағы адамгершілік  қасиеттердің көзін  ашу қажет болады. Ал  адамгершілік қасиеттері мол, шынайы, таза, нұрлы  сезімдердің иесі қашанда адамдарға да жағымды болады.

Өйткені, мұндай адам өзгелермен қарым-қатынаста  көкірек көрсетіп, өктемдік істемейді, ешкімнің басын кемсітіп, артық сөз айтпайды, ешкімнің артықшылығын күндеп қызғанбайды, ешкіммен санасып, салғыласпайды, ешкімге  кек сақтап, қарымта қайтаруға тырыспайды, істеген жақсылығын пұлдап, тұлданбайды, өзгелердің кемшіліктеріне кешіріммен қарап, кеңдік танытады, өзгелерге тек жақсылық тілеп, тек жақсылық қана істейді, өзгелердің жақсылықтарына сүйініп, жамандықтарына күйінеді.

Және де ол мұның бәрін  адамдарға жағу үшін емес Аллаға жағу үшін, Алланың ризалығы үшін істейді.  Ол Алла Тағала өзінен осыны талап ететіндіктен ғана солай істеп, Алланың ризалығы үшін  ғана тырысады. Өйткені, бұл оның Аллаға деген құлшылығы. Сондықтан да мұндай ізгі ниетті қайрымды жанның  қашанда досы көп болады.

Ал, осынау аумалы-төкпелі тірлікте тек өз басының ғана қадір-қасиетімен өзгелерге силы болып, қуаныш пен қайғыны  бірге бөлісетін шынайы дос, жанашыр жандарының көп болғанының өзі адам үшін бұл дүниенің бір бақыты емес пе?   
Түсіне білген адамға Аллаға иман келтіріп,  құлшылық етудің өзі зор  бақыт. Өйткені, олар адамға Раббысының өзіне деген қамқорлығын, мейрімін сезіндіреді. Сол  арқылы оның болашаққа деген  сенімін арттырып, көңілін орнықтырады. Иман мен құлшылық адамға бұл дүниенің де, ақиреттің де жақсылығына, мәңгілік бақытына жол ашады.
Сондықтан да  Аллаға иман келтірген, Оның ризалығын іздеп   күндіз-түні құлшылық етіп  жүрген әрбір адам бақытты адам болып табылады. Өйткені, бұл өмірде Аллаға иман келтірмеген,  құлшылықта емес қарсылықта жүрген жандар аз ба? Сол себепті де екі дүниеде де Алла Тағаланың  шапағатынан құр қалатын, құр қалып қана қоймай өздеріне азап табатын жандар аз ба?
Осынау «қамшының сабындай» қысқа ғана ғұмырында Алланың ризалығын іздеп  күнә істерден  сақтанып жүрген, күндіз-түні Раббысына құлшылық етіп  жан-жүрегін тазартып  жүрген әр адамның еңбегі Алла Тағала тарапынан ешқандай да  ескерусіз қалмайды. Мұндай адам ақиретте жаннатқа қол жеткізіп  мәңгілік  шаттыққа ие болады.   
Сондай-ақ,  мұндай адам  Алла Тағаланың адам баласына  нәсіп еткен  дүние қызықтарын да тамашалай алады. Әрине, бұл қызықтар дүние қызықтарына тойымсыз, қанағатсыз жандар үшін өте аз  болып көрінер, бірақ бұл  қызықтар  осынау тірліктегі соңынан азабы мен қорлығын ілестіре келмейтін бірден-бір таза, берекелі қызықтар болып табылады.
Шын мәнінде бұл дүниенің бақыты жарқ етіп еліктіріп, лап етіп желіктіріп  ессіз жандарды отқа салып тынатын өткінші ғана  сезім. Осынау бақытқа  елікпеген, әулекіленіп желікпеген имандылар ғана тиісінше ие бола алады. Өйткені, олар жақсылық та жамандық та бір Алладан деп біліп, әр істің де қайырын Алладан тілейді.
Олар қиындықта сабыр етіп, қуанышта шүкір етіп, құлшылықтан жаңылмайды. Бұл дүниенің бақытын, міне осындай лайықтылар ғана көтере алады. Тек солар ғана уайым-қайғы мен қорқыныштан ада нұр әлемінің бір бөлшегін жүректеріне қондыра алады. 
24.03.14.

Комментариев нет:

Отправить комментарий