Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
«Дұрыс ақида – Ислам дінінің негізі, және мұсылман қоғамының іргетасы. Адамның сөздері мен істерінің дұрыс ақидадан бастау алғанда ғана жарамды болып, қабыл етілетіні, және керісінше, ақида дұрыс болмаған жағдайда сол ақидаға негізделген кез келген сөздер мен істердің зая кететіні жөнінде Қасиетті Құран мен пайғамбардың (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) Сүннетінде дәлелдер көп». («Дұрыс ақиданың қажеттілігі». Шейх Абдул Әзиз ибн Абдулла ибн АбдуРахман ибн Баз).
Ұстанатын ақидасының дұрыс болуы мұсылман үшін қаншалықты маңызды екенін Сауд Арабиясының муфтиі болған марқұм Шейх Ибн Баз осылайша атап өтеді. Оның бұл пікірі өзінің ұстанатын ақидасының дұрыстығына деген сенімділігін байқатады. Бірақ, ақидасының дұрыстығына деген сенімділік ол ақиданың дұрыс екендігінің дәлелі бола бермейді. Осы тұрғыдан алғанда Шейх Ибн Баз ақидасының бұрыс болу салдарынан өзінің де сөздері мен істерінің зая кетуі мүмкін екендігін ескерді ме екен?
Негізінде, ұстанатын ақидаларының ешқандай да сын көтермейтінін бұрыс ақида екендігін қазіргі кезеңде кейбір уаххаби білім иелерінің өздері де сезіп, біліп жүр. Өйткені, ақидадағы шикіліктер оларды «адасқандармен» пікірталас жүргізу барысында тұйыққа тіреп жатады. Тіпті, Шейх Ибн Баздың өзі де ондай жағдайды бастан өткерген.
Бірде Ибн Баз әдеттегі өзінің бір уағызында Құранда маджаз (ауыспалы, аллегориялық мағына) жоқ екендігін, сондықтан Құран аяттары мен хадистерді тура, айқын мағынасында түсіну қажеттігі жөнінде айта бастаған. Сол кезде Сириялық бір ғұлама одан «Бұл дүниеде соқыр болғандар ақиретте де соқыр, және одан әрі адасқан болады» деген Исра сүресінің 72 аятын түсіндіруді сұрапты. Сонда өзі соқыр Ибн Баз не жауап қайтарарын білмей абдырып қалған екен.
Ақиданың шикілігінің салдарынан осылайша тұйыққа тіреліп жататын уаххаби шейхтер мен дағуатшылар өз ұстанымдарын қорғау барысында өз ақидаларымен сиыспайтын пікірлер айтып уаххабилік ақидаларының ауқымынан шығып кететін жағдайлар жиі кездесіп жатады.
Мысалға, олар Құран аяттары мен хадистердегі Алла Тағаланы суреттейтін сөздерге тәуил жасап жатады. Уаххабилер үшін оның несі айып екенін түсіну үшін ең әуелі тәуилдің не екендігін анықтап алалық. Бұл сөзге Исламның инциклопедиялық сөздігінде мынадай анықтама берілген:
«Тәуил - түсіндіру (трактовка), аллегория, мағынасы онша анық емес Құран аяттары мен хадистердің мағынасын ашу, сондай-ақ, оларға жасалған түсіндірмелер (комментарий). (Источник: «Исламский энциклопедический словарь» А. Али-заде, Ансар, 2007 г.)
Уаххабилік ақида бойынша Алла Тағала Құран аяттары мен хадистерде қалай суреттелсе, сол сөздер айқын, тура мағынасында қабылданып оларға ешқандай да тәуил жасалмауы тиіс. Бірақ, кейбір уаххаби шейхтер мен дағуатшылар Алланың суреттейтін аяттар мен хадистердегі сөздердің айқын мағыналарын өзгертіп оларды ауыспалы мағынада түсіндіріп жатады.
Сонда олар өз ақидалары бойынша Алланы суреттеген сөздерге тәуил жасауға болмайтынын білмей ме екен деген сауал туындайды? Мүмкін, олар тәуилдің не екенін білмейтін болар? Әлде өздерінің тәуил жасап отырғандықтарын аңғармай қала ма екен? Әлде, тіпті, олар біле тұра өз ақидаларын әдейі белден баса ма екен? Әрине, ол жағы бір Аллаға аян. Қалай болғанда да мұның оларға абырой әкелмейтін іс екені анық.
Өздерінің шейхтері мен дағуатшыларының уаххабилік ақидаға сиымсыз мұндай толғамдарын қарапайым уаххабилер аңғара бермейді. Соның салдарынан да олар фитнаға бой алдыруда. Осындай жандардың аз да болса көзін ашу ниетімен 14 ғасырда өмір сүрген Ислам ғұламасы Шейх Ибн Теймияның «Әл-ақида әл-уасития» деген еңбегі мен оған жазылған уаххабилердің бетке ұстар шейхтері Усеймин, Абд аль-Азиз, және Фаузанның түсіндімелеріне тоқтала кетуді жөн көрдім.
Уаххабилердің ақидадағы Алланың сипаттарына қатысты ұстанымдары Шейх Ибн Теймийаның мына бір анықтамасы бойынша анықталады:
«Олар Оның Өзін суреттеген сипаттарын жоққа шығармайды, және сөздердің орындарын ауыстырып, оларды бұрмаламайды, әрі Оның есімдері мен Оның аяттарына қатысты нәрселерде ауытқымайды. («Әл-ақида әл-уасития». Шейх Ибн Теймия).
Ибн Теймийаның осы анықтамасындағы «Олар Оның Өзін суреттеген сипаттарын жоққа шығармайды» деген жолдарды уаххабилердің атақты шейхтері Усеймин, Абд әл-Азиз, және Фаузан былайша түсіндіреді:
«Аһли сунна Алла Тағаланың Өзін суреттеулерінің барлығын да тура мағынасында бекітеді».(Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиз Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Бұл түсіндірмеде шейхтер өздері аһли сүннет деп атап отырған уаххабилердің Құран аяттары мен хадистердегі Алла Тағаланы суреттеген сөздерді тура мағынасында қабылдайтындықтарын ашық айтқан. Демек, мысал ретінде алсақ, Құран аяттары мен хадистерде кездесетін Алланың жүзі, қолы, балтыры деп келетін сөздерді уаххабилер тура мағынасында түсінетін болғаны.
Ал Ибн Теймийаның жоғарыдағы анықтамасындағы «олар ... сөздердің орындарын ауыстырып, оларды бұрмаламайды» деген жолдарды жоғарыдағы шейхтер былайша түсіндіреді:
«Бұл жерде Алла Тағала мен Оның елшісінің (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) сөздері жайында айтылған. Олар (әһли сүннет) белгілі бір сөздердің беретін мағынасын өзгертпейді.
Мысалға, Алла Тағала айтады: «Оның екі қолы да ашық». (Сура ал-Майда, аят 64). Аһли сүннет «қалай» деген сұрақ қоймастан, және ұқсатпастан оны Алланың екі Қолы деп біледі.
Ал бұрмалаушылар болса былай дейді: «Бұл Оның қолы емес, күші мен рақымы» дейді. Жоқ! Күш дегеніміз басқа, ал Қол дегеніміз мүлде басқа. Әһли сүннет Алла Тағаланың көрсеткен мағынасын өзгертпейді». (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиза Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Бұл мәтінде шейхтер уаххаби мазхабының ұстанымы бойынша Алланы суреттеген сөздердің мағыналары еш өзгертілмейтіндігін білдіреді. Олар мысал ретінде йаһудилердің Алланы сараң деп айыптағандарына қатысты түсірілген «Оның екі қолы да ашық» деген аяттағы Қол сөзінін келтіріп, оның мағынасын өзгертпей қабылдауды ұсынады.
Жалпы уаххабилік ақида бойынша олар «Алланың қолы қандай Қол?» деген сұраққа жауап іздемейді, және оны жаратылыстардың қолдарына да ұқсатпайды. Бірақ, аятта айтылған «Қолды» тура мағынадағы қол, Алла Тағаланың Өзіне ғана тән «Қол» деп біледі.
Және олар аятта айтылған қолды тура мағынада емес, ауыспалы мағынада «күш», немесе «рақым» деп тәуил жасап түсіндіретіндерді Алланың сөздерін бұрмалаушылар деп санайтындықтарын да білдірген. Ал мұндай «бұрмалаушылардың» қатарында аһли сүннет матуридиттер мен ашариттердің де бар екені белгілі.
Матуридиттер мен ашариттердің Алланың сипаттарына қатысты ұстанымдары бойынша кемелдік Иесі Алла Тағалаға кемелсіз жаратылыстарға тән дене мүшелері еш лайық емес. Сол себепті де олар қол сөзін аятта келетін мағыналарына қарай құдірет, күш, билік, рақым деп тәуил жасап түсіндіреді.
Бірақ, шейхтер болса «Күш дегеніміз басқа, ал Қол дегеніміз мүлде басқа» дей отырып Алланың қолын ауыспалы мағынада түсіндіруге мүлде қарсылық білдіреді. Олардың пікірлерінше, мейлі Алланың Қолы өзге қолдар сияқты болмаса да «қолдың аты қол». Және олар Алла Тағаланың барлық аяттар мен хадистерде күш, немесе рақым жайында емес нақты қол жайында айтқандығына еш күмән келтірмейді.
«Сөздер мен оның мағынасын өзгерту – бұл яһудилердің жолы. Алла Тағала айтқандай «Яһудилердің іштерінде сөздердің орындарын ауыстыратындар бар». (Сура ан-Ниса, аят 46). (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиз Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Осылайша уаххаби шейхтер өздерінің Құран аяттары мен хадистердегі Алланы суреттейтін сөздердің мағынасын өзгертіп, оларды басқа мағынада түсіндіруге, яғни, тәуил жасауға қарсы екендіктерін одан әрі нақтылай түседі. Және оны ашуға ұшыраған яһудилерге тән іс ретінде бағалап, ондай әрекеттерден сақтандырады.
«Алланың ашуына ұшырағандар (яһудилер) тәрізді болмаңдар. Алла Тағала оларды шошқалар мен маймылдарға, тағуттың құлдарына айналдырды. Сөздерді Алла мен Оның елшісі (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) айтқан мағынасында ғана түсіндір». (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиз Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Мәтіннің соңында «сөздерді Алла мен Оның елшісі (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) айтқан мағынасында ғана түсіндір» делінген. Демек, шейхтердің айтулары бойынша егер аят пен хадисте Алланың жүзі, қолы, балтыры деген сөздер болса, онда ол сөздерді Алла мен Оның елшісі (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) айтқан мағынасында ғана түсіндіру қажет екен.
Ал Алла мен Оның елшісі (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) айтқан мағына қандай десек, әрине, шейхтердің пікірлерінше, ол - тура мағына. Өйткені, уаххабилер Алла мен Оның елшісі (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) «жүз», «қол», «балтыр» деген кезде ол сөздердің ауыспалы мағынасын емес тура мағынасын ойға алған деп біледі.
10-шы ереже: Алла Тағаланың Өзінің Кітабы арқылы түсіргендерінің бәріне, және Оның елшісінің (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) жеткізгендерінің де бәріне міндетті түрде сену қажет. («Әл-ақида әл-уасития» Ибн Теймия).
Шейх Ибн Теймияның бұл сөздерін уаххаби шейхтері Усеймин, Абд аль-Азиз, және Фаузан тарапынан былайша түсіндіріледі:
«Егер Алла Тағала мен Оның елшісі (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) Тағаланың қандай да бір сипаты жайында айтса, біз оған сенуге міндеттіміз. Сондай-ақ, осы сипат көрсетіп тұрған айқын мағынаны бекіту қажет». (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиз Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Уаххабилер аяттар мен хадистерде айтылатын жүз, қол, балтырды Алланың мәңгілік сипаттарына жатқызады. Сондықтан да аят пен хадисте Алланың жүзі, қолы, балтыры деген сөздер болса, онда ол сипаттарға сеніп, оларды айқын мағынасында қабылдауымыз керек деп біледі. Неге? Оны шейхтер былайша түсіндіреді:
«Өйткені, Алла Тағала бұл Құранды анық араб тілінде түсірді. Алла Тағаланың әрбір есімінің анық өз мағынасы бар. Сондай-ақ, Алла Тағаланың әрбір сипатының да біз бекітуге тиісті анық өз мағынасы бар». (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиз Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Алла Тағала Құранды анық араб тілінде түсірді. Демек, шехтердің айтулары бойынша Алла Тағаланың әрбір есімі мен әрбір сипатының анық мағынасы бар. Сол себепті де аятта Алланың жүзі, қолы, балтыры жайында айтылған болса, онда біз ол сөздердің анық мағынасына сенуге тиіс екенбіз.
Олардың анық мағынасы, әрине, матуридиттер мен ашариттер түсіндіретіндей «жеке тұлға», «билік», «ауырпалық», және тағы да басқа осы тәріздес ауыспалы мағыналар емес аяттар мен хадистерде анық айтылғандай жүз, қол, балтыр екеніне еш талас жоқ. Демек, біз Алланың жүзі, қолы, балтыры бар екеніне сенуге тиіспіз.
«11-ші ереже: шариғат мәтіндеріне сену дегеніміз – бұл оның айқын мағынасына сену». («Әл-ақида әл-уасития» Ибн Теймия).
Шейхтер Құран мен хадистердегі Алла Тағаланы суреттеген сөздерді тура мағынасында қабылдаудың дұрыстығын дәлелдеу үшін бұл мәселеге тереңдей түсіп айқын мағынаның не екендігіне мынадай анықтама береді:
«Айқын мағына дегеніміз – бұл мәтінді оқыған кезде бірінші ойға келетін мағына». (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиза Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Шейхтердің түсіндірулері бойынша Алланы суреттеген сөздерді оқыған кездегі ең бірінші ойға оралатын мағына сол сөздің айқын мағынасы болып саналады. Ал аяттар мен хадистердегі Алланың жүзі, Алланың қолы, Алланың балтыры деген сөздерді оқыған кезде кімнің болмасын ойына ең бірінші адамға тән дене мүшелердің келетіні анық.
Өйткені, бұл мағыналар әр адамның санасына туғаннан сіңіп қалған етене мағыналар. Олар басқа жүзді, басқа қолды, басқа балтырды елестете алмайды. Сол себепті де аяттар мен хадистердегі Алланың жүзі, қолы, балтыры деген сөздерді оқыған кезде кез келген адамның ойына ең бірінші басқа емес кәдімгі адамға тән жүз бен қол, балтыр келетіні түсінікті.
Демек, шейхтердің анықтамасы бойынша Алланың жүзі, қолы, балтыры дегендеріміз кәдімгі адамға тән дене мүшелері болып шығады. Егер шейхтердің бұл анықтамасын аяттар мен хадистерде Алланы суреттейтін «Алла күледі», «Алла ашуланады», «Алла отырады», «Алла жалығады» деген тәрізді барлық сөздерге қатысты қолданатын болсақ, онда Алла Тағала тұп-тура адам кейіпінде болады да шығады. Демек, уаххабилердің ақидасы шын мәнінде Алла Тағаланы жаратылыстарға ұқсатушылардың ақидасы болғаны.
Айқын мағына жайында мұнан әрі ой тарқата отырып уаххаби шейхтер пікір қарама-қайшылығына ұрынады. Олар жоғарыда Алла Тағала Құранды анық араб тілінде түсірді, сондықтан Құранда бәрі де анық деген тұжырым жасаған еді. Ал төменде сол шейхтер Құрандағы Аллаға қатысты айтылатын сөздердің жасырын нәрселер жөнінде екенін айтып Құранда бәрі анық деген өздерінің бастапқы пікірлерін жоққа шығарады.
«Өйткені, сөз жасырын нәрселер жайында болғанда адам өз ақылымен жорамалдай алмайды да оған сенуден басқа жол қалмайды». (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиза Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Шейхтердің бұл пікірі бойынша аяттар мен хадистердегі Алланы суреттеген сөздер, мысалға, Алланың жүзі, қолы, балтыры жайындағы сөздер жасырын нәрселер жайында екен. Сол себепті де адам ол сөздердің не мағына беретінін ақылмен жорамалдап түсіне алмайды.
Осылайша шейхтер аяттар мен хадистердегі Алланы суреттеген сөздердің мағыналары жасырын екенін мойындау арқылы олардың айқын мағыналары бар деген өз пікірлерін өздері жоққа шығарады. Егер аяттар мен хадистердегі Алланы суреттеген сөздердің мағыналары жасырын болса онда олардың сөздік мағынасын сол қалыпында қабылдау қателік болмай ма?
Бірақ, уаххаби шейхтер Алланың жүзі, қолы, балтыры деген сөздерді оқыған кезде олардың жасырын мағынада екенін мойындай тұра ол сөздерді тәуил арқылы жеке тұлға, билік, ауыртпалық, тағы да басқа осы тәріздес ауыспалы мағыналарда түсінуге қарсы болады.
«Қалай?» деген сұрақсыз, және ұқсатусыз (Алланың) сипаттарының айқын мағынасын бекіту қажет. Мысалға, Алла Өзінің көтерілгені жайында хабарлады, демек, іс жүзінде солай болғаны. Бірақ, біз оның қалай көтерілгенін ойша елестетуге, және жаратылыстармен салыстыруға тиісті емеспіз». (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиза Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Шейхтердің бұл жердегі пікірлері бойынша біз Алла Тағаланың Тақ үстіне көтерілгенін ойша елестетуге, және ол көтерілуді жаратылыстарға тән көтерілумен салыстыруға тиісті емес екенбіз. Бірақ, бұл жерде жоғарыда айтылғандай шейхтердің пікірлеріндегі қарама-қайшылық көрініс береді. Өйткені, біз осы шейхтердің кеңестері бойынша Алланы суреттеген сөздердің ең бірінші ойға оралатын айқын мағынасын қабылдауға міндетті едік.
Сонда біз бірінші ойымызға оралатын Алланың тақтың үстіне адами кейіпте көтерілуін қабылдауымыз керек пе, әлде мұндай ұқсатуды ойымыздан қууымыз керек пе? Егер бірінші ойға келетін Алланың адам кейіпінде Таққа көтерілуін ойымыздан қуған жөн болса, онда Ибн Теймияның «шариғат мәтіндеріне сену дегеніміз – бұл оның айқын мағынасына сену» деген 11-ші ережесінің бос сөз болғаны ма? Және шейхтердің де «айқын мағына дегеніміз – бұл мәтінді оқыған кезде бірінші ойға келетін мағына» деген пікірлерінің де бос сөз болғаны ма?
«Айқын мағынаның кейде қарапайым, ал кейде құрамдас болатынын білу өте маңызды. Қарапайым айқын мағына: бұл жағдайда бір сөз сол мәтіннің айқын мағынасын көрсетеді. Мысалға, Алла Тағала айтады: «Алла оларға ашуланды». (Фатх сүресі, 6-шы аят). (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиза Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Бұл мәтінде шейхтер айқын мағынаның мысалына «Алла оларға ашуланды» деген аяттан үзінді келтіреді. Бұл сөйлемде «ашуланды» сөзі айқын мағынаны береді. Демек, бұл жердегі «ашу» сөзін матуридиттер мен ашариттер тәрізді «жаза» мағынасында тәуил жасауға мүлде болмайды.
Бірақ, бұл айқын мағына бойынша Алла Тағала жаратылысқа, адамға ұқсатылып тұр. Өйткені, ашу қандай жағдайда да ашу болып анықталады. Оны адамның ашуы, хайуанның ашуы деп бөліп-жару мүмкін емес. Сондай-ақ, ашудың Аллаға тән ерекше кемел түрі болуы да мүмкін емес. Сондықтан да бұл жерде уаххабилердің әдеттегі формуласына салып «Алланың ашуы адамның ашуына ұқсамайды» деп уәж айту орынсыз.
Демек, уаххабилердің түсініктері бойынша Алла Тағала адамдар тәрізді ашуланады екен. Ол бұл тұрғыдан алғанда да адамдарға ұқсайды екен. Ал адамдардың жаратылысы нашар тіршілік иелерінің бірі екендігі белгілі. Олардың жаратылыстарының нашарлығы осы ашу арқылы көрініс табады. Өйткені, ашу – жаман қасиет.
Уаххабилер болса осындай кемелсіз тіршілік иелеріне тән жаман қасиетті Кемелдік Иесі Алла Тағалаға таңып, осы бір қасиетті Оның мәңгілік сипаты етіп көрсетуде. Сол арқылы олар кемшілік атаулыдан пәк Алланы Тағаланы жаратылысы нашар адам баласына ұқсатуда.
Енді Шейх Ибн Теймия өте маңызды деп есептейтін құрамдас айқын мағынаны шейхтердің қалай түсіндіретініне назар аударалық.
«Құрамдас айқын мағына: бұл жағдайда айқын мағына бір сөзден алынбайды, бүткіл сөйлемнен тұспалданады. Мысалға, Алла Тағала айтады: «Сондықтан Алла олардың құрылыстарының іргетасын қиратты». (Нахыл сүресі, 26 аят).
Мұның тура аудармасы мынадай: «Алла олардың құрылыстарының іргетасынан келді». Алланың «келу» сипаты бар деп айту дұрыс бола ма? Жоқ, бұл жерде айқын мағына бір сөзден емес тұтас сөйлемнен алынады. Сондықтан біз бұл аятты айқын мағынасына орай «Алла олардың құрылыстарының іргетасын қиратты» деп аударамыз. (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиза Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Шейхтер бұл аятта Алла Тағаланың сипатын анықтайтын айқын мағыналы бір сөз жоқ екенін айтты. Егер ондай сөз жоқ болса, онда бұл сөйлемді Алланың сипатын анықтауға пайдаланудың ешқандай да реті жоқ. Айқын мағыналы сөзі жоқ тұтас сөйлем Алланың сипаты болуы мүмкін бе?
Мысалға, «Алла олардың құрылыстарының іргетасынан келді» деген тұтас сөйлем Алланың сипаты болып табыла ма? Жоқ. Демек, Алланың сипатын анықтауда құрамдас мағына деген ұғым болуы мүмкін емес. Алланың сипаты әдетте бір ғана сөзбен анықталады. Ал ондай сөзі жоқ тұтас сөйлемнен Алланың сипатын іздеудің де қажеті жоқ.
Жоғарыдағы аятта ауыспалы аллегориялық мағынада Алланың жазасы жайында айтылған. Айлакерлік жасап жазаға лайық болған адамдардың үйлерінің іргетасын қирату арқылы Алла Тағала оларды жазалады. Сондықтан «Алла олардың құрылыстарының іргетасынан келді» деген сөйлемге «Алланың жазасы олардың құрылыстарының іргетасынан келді» деген мағынада тәуил жасалғаны дұрыс болар деп ойлаймын.
Жоғарыдағы аяттың айқын мағынасы қандай дер болсақ, әрине, ол «Алла олардың құрылыстарының іргетасынан келді» деген мағына. Бірақ, Алла Тағаланың іргетастан келуі мүмкін бе? Ақылға салсақ олай болуы мүмкін емес. Бірақ, бұл мағынаны уаххабилер өз ұстанымдарына сәйкес айқын мағына ретінде еш талқысыз қабылдаулары тиісті еді.
Бірақ, олар бұлай болуы мүмкін емес деген сыңай танытып тәуилге жүгіну арқылы аяттағы «келді» сөзін «қиратты» сөзіне ауыстырды. Сол арқылы олар «Олар (әһли сүннет) белгілі бір сөздердің беретін мағынасын өзгертпейді» деген өз ұстанымдарына қайшы іс істеді.
Енді осы шейхтердің жоғарыда айтқан «Сөздер мен оның мағынасын өзгерту – бұл яһудилердің жолы. Алла Тағала айтқандай «Яһудилердің іштерінде сөздердің орындарын ауыстыратындар бар» (Сура ан-Ниса, аят 46) деген пікірлерін еске алайық. Сонда олар Құран аятындағы «келді» деген мағынаны «қиратты» деген мағынаға өзгерту арқылы өздерінің яһудилердің жолдарына түсіп кеткендерін білді ме екен?
Негізінде, олар бұл жерде «Алланың іргетастан қалай келетіні бізге мәлім емес, Оның «Келуі» біздің келуіміз тәрізді емес» деп өз ұстанымдарынан айнымаулары қажет еді. Бірақ, шейхтер аяттың айқын мағынасынан бас тартады да аятқа тәуил жасап, оны «Алла олардың құрылыстарының іргетасын қиратты» деген ауыспалы мағынада түсіндіреді. Сонда олардың аяттың айқын мағынасын өзгертпей сол күйінде қабылдау керек деген ұстанымдары қайда қалады? Егер шейхтердің өздері осылай айныса өзгелер қайтпек?
«Бұл Құранда аллегория (маджаз) бар дейтін бидғатшылардың (дінге жаңалық енгізушілердің) барлық әрекеттерін жоққа шығарады. Олар шариғат мәтіндерін алып бұл аят аллегориялық мағынада дей отырып ойларына ұнаған мағынаны ойлап табады да сонан соң аяттың айқын мағынасын жоққа шығарады. (Шейх Мұхаммад Салих әл-Усеймин, шейх Салих ибн Әбд әл-Азиза Әли, шейх Салих ибн Фаузан ибн Абдиллях әл-Фаузанның түсіндірмелері).
Бұл мәтінде шейхтер өздеріне ұнаған мағынаны ойлап тауып аяттың айқын мағынасын жоққа шығаратындарды бидғатшылар (дінге жаңалық енгізушілер) деп айыптап отыр. Ал жоғарыда осы шейхтердің өздерінің аяттағы «келді» сөзін «қиратты» сөзімен ауыстырып тәуил жасау арқылы аяттың айқын мағынасын жоққа шығарғанына тоқталып өттік.
Сонда шейх Усеймин, шейх Абд әл-Азиз, және шейх Фаузанның осылайша өздерін өздері бидғатшылар деп айыптағандары ма? Сонда бұл олардың Құранда аллегория жоқ деп дәлелдеген өздерінің барлық әрекеттерін жоққа шығарғандары ма?
13.02.14.
Комментариев нет:
Отправить комментарий