вторник, 5 мая 2015 г.

Бар болса тасыма, жоқ болса жасыма

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Егер адамдар бұзылмайтын болса Алла Тағала оларға есепсіз ризық-несібе силап, олардың көптеген тілектерін орындап отырар еді. Бірақ, адамдардың көпшілігі тұрмысының түзеліп, жағдайының жақсара бастағанын  да көтере алмай шектен шығып бұзыла бастайды. Өйткені, олар «бұл жақсылықтың бәрі де Алладан» деп ойламайды.

Керісінше, олар бұл жақсылықтарға өздерінің ақылдарының, білімдерінің,  пысықтықтарының, және, маңдай тер еңбектерінің арқасында ғана қол жеткіздік деп біледі. Сондықтан  олар өздерін Алла Тағала алдында ешқандай да міндетті санамайды. Сондықтан олар  Алла Тағаланың талаптарына бой ұсынып, Раббыларының алдындығы өз міндеттерін орындауды қажет деп ойламайды. Міне, осылар Аллаға шүкірсіздік етушілер.

Олар өздерін мұсылман санай тұра  Алла  нәсіп еткен табыстарынан  зекет садақасын беруге  тарылады. Олар   Алланың нығметтері үшін шүкірлік етіп бес уақыт намаз оқуды қиынсынады. Олар бір мезгіл  дүние қызықтарынан бас тартып Алланың ризалығы үшін Рамазан айы оразасын ұстауға қиналады.  Олар мүмкіндіктері бола тұра  қажылыққа  аттанып парызын мойындарынан түсіруді қажетсінбейді.

Алла талап ететін мұсылмандық парыздарын атқарудың орнына мұндай жандар  сән-салтанатқа құмартып, дүние-мүлікке құнығып, байлық бәсекесіне түсіп, ысырапшылық жасай бастайды. Мұнан да сорақысы, олар арақ пен шараптан, казино мен түнгі клубтардан, және жезөкшелерден де ақшасын аяп қалмайды.

Осы тәріздес нәпсілері қалайтын небір арам «қажеттіліктерін» өтеуден ақшаларын  аямайтын  мұндай жандарға Алла Тағала нәсіп еткен ризық-несібе  аздық ете бастайтын болады. Сол себепті  олар  өсімі бар арам несие алып   шаш-етектен қарызға да кіріп тынады.

Мойындарына бейнет болып ілінетін осы бір несиеден құтылу екінің біріне оңай емес. Сондықтан  жандары қысыла бастайтын кейбір жандар қомақты табыс табу жолдарын іздеп түрлі  қылмыстарға да бара бастайтын болады.

Олар әдетте, мұндай қылмыстарға шарасыздықтан, яғни  табыстарының жетімсіз болғандығы себепті барғандарын алдыға тартып өздерін ақтап бағады. Бірақ, шын мәнінде  Аллаға  шүкірлік етуді білмейтін мұндай қанағатсыз жандарға  ай сайын «ат басындай алтын» беріп отырсаң да  олардың асқына беретін арам қажеттіліктерін өтеу үшін  ол да аздық етер еді.

Шын мәнінде,  мұндай жандардың таршылыққа ұшырап, қиындықтарға тап болуларына олардың Алла Тағала арам еткен нәрселерге құнығып, өздеріне берілген ризық-несібені теріс пайдаланып, бетімен кетулері себеп болады десек ақиқаттан алшақ  кетпейміз. Өйткені, Алла Тағала санасында саңылауы бар жандарды  осындай жолмен жөнге салуға тырысады.

Алла Тағала сәтсіздіктерге ұшырату  арқылы мұндай жандарға жандарға қолындағы бары түгел басындағы бағын да алып қоятынын ескерте бастайды.  Бұл есі бар адам үшін ескеретін жай. Бұл, шын мәнінде, Раббысының оған деген қамқорлығы. Өйткені, бұл оны жамандықтан тиюдың амалы. Бұл,  адамға ой қортып, өз істерін түзету үшін берілетін мүмкіндік. Мұндай мүмкіндік  шын мәнінде кейбір жандар  үшін соңғы мүмкіндік болуы да мүмкін.

Алла Тағала қашанда адамдарға ортақ етіп ризық нәсіп етсе, олар оны бір-бірінен қызғанып, өлермендене өңмендеп талапайға сала бастайды. Мұндай талапайдан кейін кім биліктің құлағында болса, кімнің тірегі мықты болса,  кім епті, айлакер болса солар молынан қарпып қалады да, қалғандары жер сипап, тақырға отырады.

Ал, енді ризыққа ие болғандарға өзгелерге қарасу міндеттелсе олар мұқтаж жандарға тиесілі  ризық-несібені олардың өздерінен аяп тарыла бастайды. Берсе де мақтан үшін ғана беріп, қайырымдылықтың алдамшы көрінісін жасайды. Онымен де қоймай бердім деп бас игізіп, өзінің қалауымен жүргізіп, өз мүддесі үшін пайдаланып қалуға да тырысады.

Ал, өздеріне тиесіліні ризық - несібені өзгелерден дәметіп, күндері қарап қалған жандар болса амалсыздан мықтыларды мақтап, солардың сөзін жақтап, солардың  дегенімен жүруге мәжбүр болады. Осылайша көп алған  да, оған тәуелді болып дымсыз қалған да бұзылады.
Шын мәнінде, бар болса жоқтың көңілін жықпаған, жоқ болса қолында бардан ықпаған, не көрсе де бір Алланың жолынан шықпаған жандар ғана  дүниенің  де, ақиреттің де пайдасына ие болады. Өйткені, олар бар деп тасымай, жоқ деп жасымай  сыннан өткен болатын.
17.11.13. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий