Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Асқар Исабековтың «Жаңадан келгендер» (Новенькие) деген тақырыптағы постын оқыған кезде менің көкейімде оған қатысты белгілі бір қарсылық ойлары туындады. Содан мен оларды қысқаша ғана түсіндірме түрінде жайып салған едім, бірақ, бірінен соң бірі лықсып келе берген ойларды қағазға түсіру барысында ол осындай көлемдегі мақалаға айналды.
Егер бұл мақала біреулердің көңілдеріне қатты тиіп жатса, кешірім өтінемін. Өйткені, бұл «су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деп дана халқымыз айтқандай шер толқытып шығарған «мәмбет» қазақтың ойлары болып табылады.
«Жаңадан келгендер» (үзінділер)
«Толық емес, бірақ, бос деуге де келмейтін, тығылыссыз, бірақ бос қуыс та жоқ автобустың ішінде келемін. Есік алдында отырған қария бірнеше рет кондуктордан 12-ші аурухананың қашан болатынын сұрады. Кондуктор не жауап қайтарарын білмегендіктен болар тәрбиесіз жандардың ақымақтық әдетіне басты, яғни сұрақты жауапсыз қалдырды. Мүмкін, ол орысша білмейтін де шығар. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды, сұрақ – жауабы үнсіздік».
«...Қазір мәмбеттерді сөгу сәнге айналды, мұны түсінуге де болады. Өзінің ФБ дағы әрбір үш-төрт постын (автобус жүргізушілері мен қала басшысына дейінгі) сұмдық мәмбеттерге арнайтын жекелеген кісілер де бар. Көптеген жандар олардан құтылуды армандайды. Және жақын болашағымыздағы қорқынышты көріністерді қиялдарымен суреттей отырып, шетелге кетуден өзге жарқын болашақты көре алмайды. Менің де осындай ойларға бой алдырып, тіпті ол жайында жазған кездерім де болды...»
«...Мәмбеттердің балалары - мәмбеттер емес, оралмандардың балалары - тіпті де оралман емес. Оның үстіне мәмбет аталып жүргендердің өздері де балаларының мәмбет болғандарын қаламайтындары айдан анық. Олар балаларының жақсы білім мен жалақысы жоғары қызметке ие болғандарын қалайды. Олар адам кейпіндегі жын-перілер емес, олар үйретуді қажет ететін жай ғана жаңадан келгендер». ... «Және мұны ізгі ниеттілікпен істеу қажет».
Түсіндірмелер:
AJ Міне, көне тұрғындардың жаңадан келгендермен қатар жүріп қиналғандары аздай енді оларға жаңадан келгендерді үйрету міндеті артылды. Қалыпты адамдар өзгелерге қарап үйренеді, ал мәмбеттер қалалық тұрмысқа қатысты көне тұрғындардың үлгісін қабылдамайды. Бұл жаңадан келгендерді олардың көне тұрғын басшылары үйретсін. Ал оларға өздерін қалай дұрыс ұстау керектігін күнделікті жай ғана айтудан еш пайда жоқ. Олар өздерін өзгелерден ақылды санап кеңесті қабылдамайды. Ол аздай тіл тигізе бастайды. Қанден иттің аты қанден ит.
Таир ОК. Сен дұрыс айтасың.
Ғалым Бақыткерейұлы: Қазақстанда қазақ орысша түсінбесе, сол себепті де оған жауап қайтармаса, бұл табиғи жай. Өйткені, ол Ресейде тұрып жатқан жоқ, сол себепті де оған орысша білу міндетті емес. Бірақ, бұл сендерге ерсі қылық болып көрінеді.
Мұны ерсі санайтын сендер орыстар түгел қазақтардың өздерінің қазақша түсінбейтіндігін, қазақша сұраққа жауап қайтармайтындықтарын ешқандайда ерсі көрмейсіңдер. Бұл болса күнде куә болып жүрген жай. Және бұл Ресейде емес Қазақстанда, қазақтардың жерінде орын алып отырған жай.
Сендер өздерің қазақ бола тұра олар бұл жайға байланысты шу көтермек түгел, тіпті оны мүлде елемеуге тырысасыңдар. Сендерде бір түйір де ұлттық намыс жоқ. Сендер үшін өзін-өзі силау сезімі мүлде жат. Сендер өздеріңді ұлт ретінде ешқандай да силамайсыңдар. Бұл болса тек құлдарға ғана тән қасиеттер.
Орыстанып кеткен сендер Қазақстанда да Ресейдегі тәрізді орыс тілі үстемдік етуі тиіс деп санайсыңдар. Шын мәнінде нағыз ерсі нәрсе осы болып табылады. Қай қазақ үшін болмасын бұл нағыз масқара! Қазақстан Ресейдің отары емес, мұны естен шығармаңдар! Қазақстан тәуелсіз ел. Оның өз ұлттық мүдделерінің басымдықтары бар.
Егер сендер ТМД ның басқа елдерінде тұрып жатсаңдар, онда міндетті түрде жергілікті тілді үйреніп алған болар едіңдер. Өйткені, олар өз тілдерін үйренуге мәжбүр етеді. Ол жақтарда сендер өздеріңе тек орыс тілінде ғана жауап беруді талап етіп көріңдер, олар сендерді кем дегенде ақымақ деп санасын. Олай болса Қазақстанда да олай ақымақ болмаңдар.
Өз түсіндірмесінде AJ «мәмбеттер» өздерін өзгелерден ақылды санап, сәл нәрсеге бола тіл тигізе бастайды дейді. Оның бұл сөз саптасының өзі тіл тигізу емес пе екен? Оның «мәмбет» деген сөзінде жеккөрушілік жоқ па екен? Ол өзін «мәмбеттерден» ақылды санамай ма екен? Олай болса оның бұл наразылықтары орынсыз. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген.
Сендер, орыстанып кеткен қазақтар өздеріңді Қазақстанның ең жақсы адамдары санайсыңдар. Сендер өздеріңді қоғамның бетке ұстарлары ретінде бағалайсыңдар. Өйткені, сендер орысша сөйлейсіңдер. Бұл сендер үшін мақтаныш. Бұл сендердің «мәмбеттердің» алдындағы «көзірлерің». Сендер орыс тілі арқылы сол «мәмбеттерден» биіктеудесіңдер. Бұл шын мәнінде сендердің орыс тілінсіз түкке тұрғысыз екендіктеріңді білдіреді.
Сендер орыс тілі болмаса «мәмбет» болып кетеміз деп қорқасыңдар. Сол себепті де «жақтарың қарысқанша тістеп» орыс тілінен айрылғыларың келмейді. Егер сендер орыс тілін жақсы біліп, таза сөйлейтін болсаңдар, ол сендердің «мәмбеттерден» артық екендіктеріңді көрсетпейді. Сендер болса солай деп ойлап өздеріңді алдап жүрсіңдер. Және осылай алдау арқылы ғана өздеріңді адам ретінде силап жүрсіңдер. Орыс тілі болмаса сендер өздеріңді-өздерің силаудан қалар едіңдер.
Шын мәнінде ішкі жан дүниелеріңде сендер де мәмбетсіңдер. Өйткені, сендер өз халықтарыңды жек көресіңдер. Ал халқыңды жек көру дегеніміз өзіңді-өзің жек көру. Сендер көңіл түкпірлеріңде өздеріңді мәмбет сезініп өздеріңді-өздерің жек көресіңдер. Бұл іштегі кемдік сезімі қазақша сөйлейтін қандастарыңа деген жек көрініш болып сырттай көрініс табуда. Олардың қазақша сөйлеулері сендерді қатты ызаландырады. Өйткені, ондай сәттерде сіздердің ішке жасырған кемдік сезімдерің тулап сыртқа шыға бастайды.
Сендер нағыз мәмбетсіңдер. Өйткені, ішкі жан-дүниелеріңде сендерді зор кемдік сезімі қинайды. Сондықтан сендер өз тілдерің мен ұлттық ерекшеліктерің, тіпті сыртқы келбеттерің үшін де өзге ұлттар алдында қысылып, іштей қуыстанып жүресіңдер. Осы бір кемдік сезімі сендерді өз тілдерің мен өз ұлтарыңды жек көруге итермелеуде. Сендер осындай өз-өздеріңді кем сезінетін кемкөңіл қазақсыңдар. Сол себепті де сендер нағыз мәмбетсіңдер.
Осы бір іштей қинайтын кемдік сезімдеріңмен күресудің орнына сендер қазақ тілімен күресудесіңдер. Өйткені, ол үнемі сендердің кемдік сезімдеріңді оятумен болады. Егер сендер осынау сезімнен құтылсаңыздар, онда қазақ тіліне де, қазаққа тән барлық нәрселерге де қалыпты көзбен қарай бастар едіңіздер. Бірақ, сендер үшін өздеріңнің кемдік сезімдеріңді жеңгеннен көрі қазақ тілін жойып жіберген оңай көрінеді.
Сендер қазақ сөздерін мүлде естігілерің келмейді. Сендерге ерік берілсе, сендер қазақша сөйлеуге мүлде тиым салған болар едіңіздер. Өйткені, қазақ сөзі сендердің сатқындықтарыңды еске салып өз халықтарыңның алдындағы кінә сезімдеріңді оятады. Сондай сәттерде сендер өздеріңді жайсыз сезініп қатты ызаланасыңдар. Егер қазақ сөзі бұлай жан тыныштықтарыңды бұза беретін болса, онда неге көз көрмес, құлақ естімес қиыр шетке қашып кетпейсіңдер. Сонда өздеріңе де өзгелерге де жақсы болар еді.
Аталған мақалада «Көптеген жандар олардан (мәмбеттерден) құтылуды армандайды. Және жақын болашағымыздағы қорқынышты көріністерді қиялдарымен суреттей отырып, шетелге кетуден өзге жарқын болашақты көре алмайды» делінген. Сонда сол «көптеген жандарға» «мәмбеттер» арсындағы «қорқынышты» болашақтан құтылуға кімдер бөгет болып жүр екен?
Егер сендер шетелге кетуден өзге дұрыс жол көрмей, тек сол жақта ғана өздеріңді жарқын болашақ күтіп тұр деп ойласаңдар, онда неге тезірек, ең бастысы таза көңілмен сол жаққа кетіп қалмай жүрсіңдер? Неге өздеріңді осынау «сұмдық» «жын-перілермен» қинай бересіңдер? Әлде «сұмдық» «мәмбеттер» сендерден жарқын болашақтарыңды өздері үшін құрбан етулеріңді сұрап жалынып жүр ме?
Мүмкін, сендер ең әуелі мисыз «мәмбеттердің есесінен қалталарыңды толтырып алып, сонан соң ғана бұл жақтан кетіп, осы бір «сұмпайы мәбеттер» жоқ жұмақ жерде рахат өмір кешуді қалайтын шығарсыңдар. Бірақ, сендер қателесесіңдер! Өйткені, өзіңнен-өзің ешқайда да қашып құтыла алмайсың. Өйткені, сендер жан-дүниелеріңде бәрібір мәмбет болып қала бересіңдер.
Сендер жек көріп жүрген «мәмбеттер» ауылдан келгендер, сол себепті олар әлі қала мәдениетіне үйрене қоймаған. Бірақ, олар сендер ойлайтындай мәдениеттен жұрдай «қой» емес. Олардың іштерінде білімді, сыпайы, үлкендерді құрметтейтін, ізгі ниетті жандар аз ба?
Қаланың көне тұрғындарының іштерінде де білімсіз, дөрекі, үлкендерді силамайтын, пиғылы жаман жандар аз емес. Неге сендер оларды да мәмбет деп атамайсыңдар? Олар да мәмбет анықтамасына сай келеді емес пе? Мүмкін, олар орысша сөйлейтін болғандықтан ғана мәмбет емес шығар? Сонда сендердің ойларыңша мәмбет деген тек орысша сөйлемейтін адам болғаны ма?
Сендер неге ауылдан келгендердің барлығын бірдей мәмбет санайсыңдар? Егер шынымен де сендер өздерің ойлайтындай мәдениетті адам болсаңдар аз да болса ұяттарың, аз да болса әділдіктерің болуы керек қой.
Тіпті, жаңадан келгендердің барлығы «мәмбет» болған жағдайда да сендердің оларды кемсітуге құқықтарың жоқ. Егер сендердің мәдениеттіліктеріңнің сиқы осы болса, онда сендердің мұндай мәдениеттерің де, «мәдениеттіліктерің» де түк тұрмайды. Ол жай ғана бет перде. Оның артында қаланың көне тұрғыны кейіпіндегі нағыз мәмбеттің шынайы кейіпі жасырынған.
«Олар адам кейпіндегі жын-перілер емес, олар үйретуді қажет ететін жай ғана жаңадан келгендер». Сонда оларды не нәрсеге үйретпексіңдер? Қала мәдениетіне ме? Олар оған сендерсіз де үйренеді. Тек уақыт қана қажет. Бұлай өздеріңді ұлы мәдениеттің ағартушылары санап астамсудың қажеті жоқ. Сендер «түнек патшалығындағы жарық сәуле» ме едіңдер?
Мүмкін, сендер оларға да өз ұлтын жек көретін орыс тілді нигилист болуды үйреткілерің келетін шығар? Сонда сендер оны «мәмбеттер» қол жеткізуге тиісті зор жетістік ретінде санайсыңдар ма? Мұндай жағдайда сендер оларға өздерің батып жүрген батпақты ұсынған боласыңдар. Ол батпақ – өзіңді-өзің жек көру батпағы. Ол – өз ұлтыңды жек көру батпағы.
Егер оларға қала мәдениетін үйретуді ғана ойға алсаңдар, онда бұл мәдениетті орыс тілі тіреп тұрмағанын ұмытпаңыздар. Орыстардың өздерінің көпшілігі қала мәдениетіне жақын арада ғана үйренді. Қазірде де Ресейде ауыл тұрғындары бар, және оларды қалалық орыстар «деревенщина», «колхоз», тағы да басқалар деп атайды. Сондықтан орыс тілін қалалық мәдениеттің бірден-бір кепілі ретінде санаудың қажеті жоқ.
Қазақ тілі де қала мәдениетінің тілі бола алады. Бірақ, орыстанған қазақтар мен шала қазақтар оған мүлде жол бергісі келмейді. Олар өз тілдерін жек көріп, оны мейлінше шетке қағуда. Олар үшін тек ауылдан келген қазақтарды ғана «мәмбет» санамайды. Жоқ! Олар үшін қазақша сөйлейтін әрбір қазақ «мәмбет». Тіпті, ол қазақ олардың өздері тәрізді қаланың көне тұрғыны бола берсін, тек қазақша сөйлегені үшін ол да «мәмбет» атанады.
Орыстанған қазақтар қазақ тілін «мәмбеттердің» тілі ретінде көрсете отырып қазақтарға тек қана орыс тілінде сөйлеуді ұсынуда. Сол арқылы олар қазақтарға ашық та, астыртын түрде орыс тілін таңуда. Сондықтан да кейбір қазақтар «мәмбет» болып көрінбес үшін тек қана орысша сөйлеуге тырысады. Тіпті, орысшалары келіспей жатса да оған қарап жатқан олар жоқ. Енді қайтсін байғұстар, «мәмбет» болу қандай қорқынышты!
Осылайша орыстанған қазақтар қазақ тілінің қала тіліне айналуына кедергі болуда. Осылайша олар әдетте тек жаулар ғана жасайтын істі жасауда. Ол қазақтар біздің қоғамда бесінші колоннаның қызметін атқаруда. Олар қазақ жеріндегі, қазақ еліндегі орыс тілінің бесінші колоннасы.
Ұлттар арасындағы басқыншылық соғыстардың уақыты келмеске кетуде. Қазір өзге жерлерді жаулап алу үшін қолға қару ұстап барудың қажеті жоқ. Қазір мұның басқа тиімді әдістері қолданылады. Соның бірі өзгелерге өз тіліңді қабылдату. Өз тілінен айрылған ұлт бірте-бірте өзіне тән бар ерекшеліктерінен де айырылып ұлт ретінде жойылып тынады.
Бұрынғы кездері отарлаушылар өзге халықты құрту үшін оларды қырып-жоятын болса, қазір олар бұл мақсатқа өз тілін ендіру арқылы тыныш, әрі бейбіт түрде қол жеткізеді. Белгілі бір уақыт өткен соң жеңісті тойлай беруге болады. Өйткені, ол халықтың өзі келіп құлдыққа сұранатын болады.
Өзгелер басқыншылық жасаған кезде олар дұшпан саналып, олармен дұшпан ретінде аянбай күрес жүргізіледі. Ал тіл басқыншылығы кезінде бейқамдыққа бой алдырылады да, оған қарсылық көрсететін жандар көп бола қоймайды. Сондықтан да өз Отанын сүйетін, қолына қару алып оны қорғауға дайын тұрған кейбір қазақ жастары тіл басқыншылығы жасалып жатқан қазіргі жағдайында өздері де аңғармастан басқыншыларға болысып жүр.
Осынау қайратты да ержүрек батыр жастар «мәмбет» болып көрінуден қатты қорқатындары соншалықты өз тілдеріне, өз халқының мүдделеріне опасыздық жасауда. Олар оның ақысына еш нәрсе де сұрап жатқан жоқ. Оларды тек «мәмбет» деп атамасаң болды, соның өзі олар үшін үлкен «олжа». Тек сол үшін ғана олар өз Отандарын сатып жіберуде. Осыншама көрсоқырлықтан өткен сұмдық болар ма?
Сендер мейлі, өз тілдеріңді білмесеңдер де, және оны сүймесеңдер де, әрі «мәмбеттерді» жек көрсеңдер де сендер бәрібір қазақсыңдар. Мұны ұмытпаған жөн. Егер Ресейге бара қалсаңдар ол жақта сендердің орысша білгендеріңе де, оның жақтаушысы екендіктеріңе де қарамайды. Олар сендерге жай ғана орыс емес ретінде қарайды. Өйткені, мұндай жағынып жүрген орыс еместер ол жақта жетіп артылады.
Негізінде, олар орыстанып кеткен сендерді не үшін силауға тиісті, және не үшін сендерді құшақ жая қарсы алуға міндетті? Егер сендер өз халықтарыңнан оңай бас тартып, оның ұлттық мүддесіне опасыздық жасаған болсаңдар, ең алғашқы қолайлы сәттерде-ақ оларды да сатып кетпестеріңе кім кепіл?
Ресейде жақсы өмір іздеп жүрген келімсек жылпостар толып жүр. Ол жақтың жергілікті орыстары қысық көз қайдағы бір қазақ түгел өздерінің орыстарын да қабылдағылары келмейді. Сондықтан да орыстанған қазақ болғандарың үшін сендердің олардан алғыс күтіп, жылы орын дәметулерің артық болады.
Орыс халқын түсінуге де болады, өйткені, олар көптеген белгілі себептерге байланысты орыс еместерден әбден шаршады. Сол себепті де олардың көпшілігі үшін сендер, орыстанып кеткен қазақтар бар болғаны чурбан, қысықкөз, тағы сол сияқты біреулерсіңдер. Оған наразы болып үніңді шығарып көр бірден тұмсығыңды бұзып жіберсін. Өйткені, сендер орыс емессіңдер. Өйткені, сендер өз жерлерінде олардың мазасын алудасыңдар.
Не десеңдер де біздің маңдайымызға қазақ болу жазылған. Сондықтан да қазақ болайықшы, қазақтар! Орыстарға қанша жағымпаздансақ та бәрібір орыс бола алмаймыз. Тіпті орыс болсақ та ақылымыздың артып кетпесі анық. Сондықтан қазақ қандай болса да қазақ болып қала берейік. Қанымызды, халықымызды, тілімізді де құр бекерге сатпайық!
30.10.13.
Комментариев нет:
Отправить комментарий