Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
«Балық басынан шіриді» деген халық даналығы өмір шындығынан туындаған. Егер қара басының пайдасы мен қызығын көбірек күйіттеген өресіз адам басшы болса, онда оның қарауындағы жандардың да пиғылдары бұзыла бастайды. Оның айналасына өзі тәріздес адамдар топтасып, бірін-бірі көтермелеп, бірін-бірі бүркемелеп ел үстінен күн көріп шалқып жүруге тырысады. Мұндай ортаға түскен адал адам не оларға қосылып сыбайлас болуға, не болмаса олардың қысымымен жөнін табуға мәжбүр болады.
Билік орындарындағы осындай жандардың кесірінен адал еңбектің, әділ заңдардың, адамгершілік қатынастардың беделі түсіп, жалпы елдің де пиғылы бұзыла бастайды. Еңбексіз пайда табу, заңдарды айналып өту, қарым-қатынаста өктемдікке, күшке жүгіну бел алады. Ал, еңбектері желініп, құқықтары аяққа тапалып, талап етейін десе өктемдікке тап болып, зорлық көрген жандар адамшылықтан, әділдіктен түңіліп, олардың кеуделері өшпенділікке тола бастайды.
Мұндай жандардың наразылығын билік орындарын бөлісе алмай жүрген билікқұмар жандар мен өздеріне қолайлы адамдарды билікке әкелуді көздейтін сыртқы күштер де тиімді пайдаланып қалуға барынша тырысатын болады. Олар өз мақсаттарына қол жеткізу үшін халықты мұндай әділетсіз басшыларға төзбей, оларға белсенді түрде қарсылық көрсетуге шақырып өшпенділік отына май құюмен болады. Мұндай жағдайда елдің басын сөзсіз бақытсыздық бұлты торлай бастайды.
Билік көп адамдар үшін қандауыз қақпан. Одан аламын деп барған талайлар оның аранына түсіп қалып құрып кеткен. Сол себепті де адамзаттың көптеген ойшылдары тиісті қабілеттері мен мол мүмкіндіктері бола тұра биліктен бас тартып одан қашық болуды жөн санаған. Билікке бара қалған жағдайда да олар оған зор жауапкершілікпен қарап, өзіне алуға емес, керісінше, халқына көбірек беруге тырысқан.
Ал, қара басының пайдасы мен қызықтарын көбірек ойлайтын мансапқор жан болса халқының қамын ойлар әділ басшы болу міндетін есінен шығарып, қалтасын толтыру мен орнынан айрылып қалмаудың қамын жасап, билік сатысымен жоғары өрлей беруді мақсат етеді. Ондай жан өзімен бірге жамандықтың да билік сатысымен жоғары көтеріле отырып, болашақта елдің еңсесін езер зор қасіретке айналуы мүмкін екендігін ойламайды.
Шын мәнінде жаман істермен айналысатын мұндай адамның құзыры неғұрлым өскен сайын оның халыққа тигізетін кесірі де, адамдарға тартқызар қасіреті де солғұрлым ұлғая түседі. Өйткені, ол өзімен бірге жамандықтың да жоғары деңгейге көтеріп, ауқымды түрде әрекет етуіне жол ашады. Осылайша өзінің пендешілік күйкі қажеттіліктерін күйіттей жүріп жамандықтың құралына айналған мұндай басшы ақирет күні өте ауыр азапқа душар болып, өз жазасын тартатын болады.
Шындығына келгенде, мыңдаған жандардың жағдайларын ауырлатып оларға тұрмыс тауқіметін тарттырған, күнкөріс үшін түрлі қылмыстар мен азғындықтарға бой ұрып, небір жаман істермен айналысуға мәжбүр еткен, сол арқылы оларды жаппай тозаққа итермелеген қандай да бір басшының болымшы жаза тартып қана қоюы әділдік емес. Ал, мүлде жазаланбауы ақылға симайтын іс. Бұл дүние соншалықты ақымақшылықпен жаратылған дүние емес. Сондықтан да алдамшы көңіліңе сеніп, адасқандардың желігіне еріп қапыда қалмаған жөн.
15.03.14.
Комментариев нет:
Отправить комментарий