среда, 20 мая 2015 г.

Бәрі де ойдан басталады...

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Алла Тағала білім, даналық берген әрбір кісінің міндеті адамдардың санасына ой салу, оларды қарапайым сөздермен-ақ биіктерге жетелеп, олардың рухтарын заңғар көктерге шарықтата самғату. Әрбір істің өз адамы болады. Егер сондай жандар қарапайым ойлардан өз істерін танып, оларды одан әрі дамытып, көтеріп әкетсе, онда болашақтан түңіліп ұнжырғасы түскен қаншама жүректер өздерін бағыштар ұлы армандарын тауып, түлеп сала берген болар еді. Бәрі де ойдан басталады. Адамның жүрегімен үндесіп, нұрлы армандарын тірілтіп, нақты істерді нұсқайтын ойлардан ғажайып дүниелер, ұлы істер туатын болады.

Адамның білімділігі, оның даналығы ілім-білімдерді терең игере білуінде ғана емес, өзінің бар білгенін адамдардың игілігі үшін ұғынықты етіп қортып ұсына білуінде. Егер адамдар мәселенің тоқетерін түсініп, мән-жайды жалпылама түрде болса да байыптай алса, онда олар саналы түрде сол ортақ мәселелерді шешуге өзіндік үлесін қосуға құлшынған болар еді.

Мәселені түбінен көтеріп, төтесінен жеткізіп, жалпыға ұғынықты етіп ұсынғанда пендешілікпен қандай болмасын білімді еншілеп алып кеуде керіп астамсу мүмкіндігі азаяды. Өйткені, жұрттың бәрі мәселенің мән-жайын түсініп тұрғанда «мен білем» деп төс қағу ешкімге де абырой әпермейді.

Түрлі мәселелерді қарапайым адамдар түсінбестей етіп қиындатып ұсынып, сол арқылы халықты білімсіз, надан етіп ұстау екіжүзді, пиғылы жаман жандар үшін өте пайдалы. Өйткені, істің мәнін түсіне алмайтын білімсіз жандарды «мен білемін!» деп белсеніп шығып, қызыл тіл, қысыр сөздің күшімен алдап, арбап соңыңа ерту оңай.

Ал маңызды мәселелердің байыбына барып, сол арқылы өз жолын айқындап, өз міндеттерін дұрыс ұғынып тұрған әрбір адам зұлымдығын ішіне бүккен екіжүзді жандарға тәуелді болып жалтақтамай, өзінің алдындағы нақты істермен айналысуға мүмкіндік алады. Осындай екіжүзді зұлым жандардың жолын кесу үшін де міндетті түрде халықтың көзін ашу қажет.

Көзі ашықтық оқу-жазу білумен ғана өлшенбейді. Көзі ашықтық жақсылық пен жамандықты, адал мен арамды ажыратуға мүмкіндік беретін діни біліммен де анықталады. Тәуелсіз ел болып болып өз бағыт-бағдарымызды өзіміз анықтағанға дейін біздің мұндай ақиқат біліммен сусындауға еш мүмкіндігіміз болмады. Сол себепті де қанша күш - жігеріміз зая кетіп, алға басқан қадамдарымыз кері кетумен болды.

Аласапыранға толы XX ғасырдың басында өз халқының қараңғылығына ашынған Сұлтанмахмұт Торайғыров былай деп жырлаған болатын:

Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда кім болам!

Бірақ, өз заманында кең қанат жайған дінсіз танымның ықпалына түсіп қараңғылық пен жарық, жақсылық пен жамандық жөніндегі қате түсініктердің құрбаны болған осы бір жалынды жас күн болмақ түгел жарық жұлдыз ретінде де ел көгінен орын таба алмай бар еңбегі зая кеткен түрде көктей солды.

Осылайша еліме, халқыма қызмет етсем деген талай жас өрендердің өр талаптары мен асқақ армандары жөргегінде тұншығып өз баянын таппай келді. Сол себепті де ел-жұртымыз алаулап жанған от жүрегін кеудесінен суырып жол бастап алға түсер Данко тәрізді нұр перзенттерін көре алмай ғасырлар бойына зарықты.

27.03.04. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий