Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Діни жікшілдік негізінен, дінді түсінудегі белгілі бір пікір алшақтықтарынан туындайды. Мысалға, Исламдағы жікшілдік Құран аяттары мен Пайғамбардың (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) сүннетін түрлі ғұламалардың түрліше түсінуі салдарынан орын алуда. Ғұламалардың ой-өрелері мен білім деңгейлерінің түрлі болуы, сондай-ақ, олардың түрлі аяттар мен хадистерді басшылыққа алатындарын ескерсек мұндай пікір алшақтықтарының болуы заңды да.
Егер дін ғұламалары мен діндарлар мәселенің ақиқат мәнісін түсінуге тырысқан шынайы ізденістердің иесі болса онда мұндай пікір алшақтықтары мейлінше азайып діни жікшілдік үрдісі айтарлықтай қауіпті сипат алмаған болар еді. Бірақ, жалпы адам баласына тән пендешілік қасиеттер діндарлардың да бойларынан көрініс тауып, осынау қасиеттер кей жағдайларда олардың дұрыс пікірдің дұрыс екендігін ашық мойындауларына кедергі болып жатады.
Көптеген діндарлар, әсіресе, діни ұстаздар өздерінің ұстанып жүрген діни бағыттарының шикі тұстарын байқап, кейбір маңызды мәселелерде өздерінің ақиқаттан мүлде алшақ кеткендерін жақсы түсінеді. Бірақ олар өздері түсінген осынау ақиқатты өзге жақтастарынан, топтас бауырларынан мейлінше жасыруға тырысып бағады.
Олар өздерінің секталық ұстанымдарындағы небір өрескел қателіктер жөнінде сөз қозғамай оларды әдейі айналып өтіп отырады. Ал айналып өту мүмкін болмаған жағдайда ол қателіктердің тігісін жатқыза түсіндіріп өз жақтастарының бұл тұрғыдағы күмәндерін сейілтуге мейлінше тырысып бағады. Осылайша олар жалғандыққа, екіжүзділікке бой ұрады.
Олар өз топтарындағы өзге діндарлар осынау өрескел қателіктер жайында білетін болса, онда көңілдері ауытқып топты тастап кететіндіктерін жақсы түсінеді. Сол себепті де олар өздері түсінген ақиқатты өзге топтас бауырларынан мейлінше жасырып, сол арқылы оларды өз топтарында ұстап қалуға тырысады.
Осылайша өздерінің секталық тайыз танымдарының құл болған мұндай жандар ақиқаттан өздері жалтарып қана қоймай оны өзгелерден де жасырып әлек болады. Осылайша олар өздерінің адасқандарымен қоймай өзгелерді де адастырып күнә үстіне күнә жүктейді.
Мүмкін, олар өздерін ақиқатты, діннің абыройын, діндарлардың иманын қорғап жүргендей сезініп, іштей өздерін ақтайтын болар, бірақ, шын мәнінде бұл жаман, діндарларға лайықсыз қылық. Бұлай адамды өтірік айтып көлгірсуге мәжбүр ететін діни таным шынайы таным емес. Мұндай таным тек жалған діндерге, секталарға ғана тән.
Ақиқат, дін ісі өтірікті қажет етпейді. Өйткені, жалғандық, екіжүзділік ақиқаттың, діннің табиғатына жат нәрселер, олай болса олар діндар үшін де жат болуы тиіс. Олай болса өзінің секталық жалған танымының жалған тұстарын байқап, өздерінің адасқандықтарын жақсы біле тұра көлгірсіп өтірік сөйлейтін, онымен қоймай сол өтіріктері арқылы ақиқатты, дінді қорғап жүрміз деп ойлайтын жандар қатты қателеседі.
Шын мәнінде олар ақиқатты, дінді, діндарлардың иманын емес өздерінің жалған көзқарастарын, қате пікірлерін, арзан абыройларын қорғаушылар. Демек, олар өтірікке бой алдырып, жалғандыққа бой ұрған сектанттар. Бұл олардың ұстанған діни көзқарастарының жалған екендігін көрсетеді. Өйткені, діндарды екіжүзділікке, өтірікке итермелеп, көлгірсуге мәжбүр ететін таным шынайы дін болып табылмайды.
08.04.14
Комментариев нет:
Отправить комментарий