четверг, 4 июня 2015 г.

Жақындарын сүймеген Раббысын да сүйе алмас

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Дүниені сезінуді адам ең әуелі өзін сезінуден бастайды. Ол әуелі өзін, өзінің қажеттіліктерін, өзінің мұң-мұқтаждықтарын сезінеді, содан соң «өзімдікі» дей отырып әкесі мен шешесін, туғандарын, әйелі мен балаларын, туыстарын, қандастарын түсініп, олардың да мұң-мұқтаждықтарын сезіне бастайды.

Осылардың ең жақынынан бастап өзім деп сезініп, өзім деп түсініп, өзім деп қам жей жүріп сана-сезімі жетілген адам бірте-бірте бүткіл адамзатты өзім деп сезініп, жалпы адамзат үшін жаны ауырып, қам жеп, қайғыра бастайтын болады.

Біреудің қамын ойлауы үшін адамға ең әуелі оны өзімдікі деп сезінуі қажет. Олай болса туысшылдықтың, рушылдықтың, ұлтшылдықтың астарында адамның оларды өзім деп сезініп, солар үшін күйініп, солар үшін күюі жатады. Бұл да адамның адамшылығының бір белгісі. Не бәленің бәрі де қара басының қамы мен қызығынан басқаны уайымдап қайғырма алмайтын тасбауыр жандардан шығады.

Аллаға құлшылық етудің дұрыс жолы осы деп өзінің ана тілінен, таза салт-дәстүрлерінен бас тартып, сол арқылы өзінің туған халқынан да безінетін діндар болса онда бұл оның дінді дұрыс түсінбегенін көрсетеді. Жақындарының қамын жеп олардың игіліктері үшін әрекет ету әрбір адамның міндеті, адами борышы. Ал шынайы діннің адамды өз міндеттерін, адамгершілік борыштарын өтеуден бас тартуға мәжбүрлеуі мүмкін емес.

Құлшылықты тек Алла Тағала бекіткен діни парыздарды берік орындау деп тар ауқымда түсінуге болмайды. Адамдар қашанда бір-бірінің қамдарын ойлауға тиісті. Әркім өз басымен ғана қайғы болған қоғам адамдардың қоғамы болудан қалады. Сол себепті де өзгелердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау әрбір діндар үшін міндет.

Жалпының игілігіне бағытталған істерді жеке басының пайдасын көздеп емес, Алланың ризалығы үшін жасағанда ол істер де Аллаға құлшылыққа айналады. Осылайша мұндай жан ол істерінен де өзіне сауап табады, әрі сол арқылы жақындарынан бастап жалпы адамзаттың пайдасына қызмет етеді.

Шын мәнінде туған халқынан бас тартып, оның тағдырына немқұрайлы қарайтын адамның басқа жандар үшін шын қайғыра алатыны күманды. Бұл оның қайрымсыз жан екенін көрсетеді. Мұндай туған халқына жаны ашымай одан бас тартқан қайырымсыз жанның ертеңгі күні отбасынан да, туыстарынан да безініп айналып келгенде Раббысын да тастап кетпесіне кім кепіл?

Әрбір адам ұлт өзегін жарып шығып, оның тамырынан нәр алып, оның діңін таяу еткен төл жемісі. Ол ұлт рухы аясында өсіп-өнген ата-бабаларының тұяғы. Бірақ, өзінің қайдан шыққанын, неден нәр алып еңсе тіктегенін байыптамай, «өзім болдым, өзім толдым» деп шыққан тамырынан жеритін жандар да бар.

Өзін тудырған халқына сая болып, жоғын жоқтауға деген перзенттік борышын ұғынбайтын мұндай жандар халқынан алған бар қабілет-қасиеттерін халқына пұлдап, пайда табу жолына түседі. «Халқыма пайдам тисін» деп емес, «халқым маған басын исін» деп іс істейтін мұндай жандар болымшы еңбектері еленбей жатса, өзін қадірлемеген халқына өшігіп, оған қыр көрсете бастайды.

Басқаны қайдам, «мені алақанға салып аяламадың, басыма бақ, астыма тақ, төсіме жылтырақ бермедің» деп қарадай бұзылып, «Қап, бәлем! Қандай жаннан айырылып қалдық деп бармақ тістетпесем бе!» деп кіжініп, өзге жұрттың жылы құшағына құлаған жандар бұл қазақта баршылық. Наны үшін қанынан бас тартқан мұндай жандар «бастан құлақ садақа». Халық аман, рухы сау болса бұл қазақ елге тұлға болар даналар мен даралардан еш кенде болмас!

02.04.14. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий