пятница, 5 июня 2015 г.

Ақылдың сұрауы бар

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!                                     

Алла Тағала адамдарға ақыл берді, бірақ, Ол оны  адамдарға  не болса содан өздеріне «құдай» жасап алып, соларға  ессіз табыну үшін берген жоқ.  Алла Тағала адамдарға ақыл берді,  бірақ, Ол оны адамдарға  қулық-сұмдық арқылы өзгелердің ақысын жеп, зұлымдықпен билікке таласу  үшін де берген жоқ.

Алла Тағала адамға ақыл берді, бірақ, Ол оны адамдарға  арсыздықтары мен жауыздықтарын хайуандар мен жыртқыштардан да асырып жіберіп, содан соң оны бір-бірлерінің алдында ақтап алуы үшін  берген жоқ. Алла Тағала адамға ақыл берді, бірақ, Ол оны адамдарға  ғылыми жетістіктер арқылы   тұрмысын жайлап алып содан соң  жайлылықты көтере алмай зерігіп, азғындауы үшін  берген жоқ. Ақыл адамдарға  шырғалаңы мол осынау тірлікте адаспай жол тауып, бұл дүниенің де, ақиреттің де  азабы мен қорлығынан құтылуы үшін берілді.

Ешбір адам өзін ақылсыз санамайды. Бірақ, кейбір жандардың ақылдарының қаншалықты екендіктерін олардың істеп жүрген істеріне қарап бағалауға болады. Егер адам шын мәнінде де ақылды, тірліктің ұңғыл-шұңғылдарын жете танитын сұңғыла болса, ондай адам ең әуелі осынау тірліктің азабы мен қорлығынан басын аршып алуға мүмкіндік беретін жолды табар еді.

Бұл үшін оған  қандай сезімдер мен ойлардың, қандай сөздер мен істердің жаман екендігін, сол себепті де олардың өзіне жамандық әкелетінін білуі қажет. Сондай-ақ, ол қандай сезімдер мен ойлардың, қандай сөздер мен істердің жақсы екендігін, сол себепті де олардың өзіне жақсылық әкелетіндігін білуі қажет.  Егер осыны жақсы түсініп өзіне зиянды мен пайдалыны ажырата білмесе, онда адамның өзін  ақылды санап тоқмейілсуі бекер.

Мысал келтіретін болсақ, көп адамдардың ішімдік ішкенді жөн  көретіндері белгілі. Және оларға «ішімдік атаулы мұсылман үшін харам етілген,  ешбір адам да одан өзіне жақсылық таппайды, сондықтан одан тиылып Аллаға құлшылық ету қажет, сонда ғана жақсылыққа жетесің»  деген кеңес айтылады. Бұл жерде Алланың үкіміне бой ұсынудың өзі адам үшін зор игілік екендігін айтпағанның өзінде тек қана ішімдіктен тиылудың өзі адам үшін қандай жақсылық  екендігін түсіну  үшін көп ақылдың қажеті жоқ.

Өйткені, аз-аздан «мәдениетті түрде» ішіп жүргеннің өзінде де адам өзінің іс-әрекеттеріне сын көзбен қарау қабілетінен айрылып бірте-бірте ішімдікке тәуелді болып ішу оның өмірдегі басты  мақсаттарының біріне айналады. Соның салдарынан  ол өзгелер түгел өзінің отбасы, туған-туыстары үшін де қадірсіз, жеккөрінішті, тіпті  жиркенішті жанға айналғанын өзі аңғармай да қалады.

Дүниедегі көп жамандық осы адамды масайтатын түрлі ішімдіктердің кесірінен туындайды. Ішкен адамның  шектен тыс әсерленіп, өзінің іс-әрекеттерін де, жағдайды да дұрыс бағамдау қабілетінен айрылып, жайшылықта аулақ жүретін небір жаман істерге деген құлшынысының артып кететіні белгілі. Соның салдарынан  ол  өзін ұятқа қалдыратын, өзіне де өзгелерге де орны толмас өкініш әкелетін істерге барып,  енді қайтып  түзеуге келмейтін,  бүткіл өміріне  ойран етіп тастайтын үлкен қателіктер   жасап жатады.

Ал діннің басқа пайдаларын айтпағанның өзінде адамды  осы бір әзәзіл ішімдіктен  тиып, сол арқылы зор қайғы-қасіреттерден сақтайтынының  өзі де оның адам үшін қаншалықты игілік екенін көрсетеді. Осы бір-бірімен сиыспайтын дін мен ішімдіктің қайсысын таңдаудың  дұрыс болатындығын  түсіну үшін көп ақылдың қажеті жоқ.

Бұлардың  қайсысының адамның тұрмысын  қалыпқа түсіріп, өміріне ерекше шырай беретінін, ал қайсысының адамды аздырып-тоздырып, оған арылмас бейнет әкеліп, қайғы-қасіретке салатынын түсіну  қиын емес. Сөйте тұра,  әзәзіл ішімдікті жаны қалап, оған  қос қолдап жабысып, сол үшін де Алланың нығметінен өз еріктерімен  бас тартатын жандар бар. Мұны қалайша  ақылдылық деп бағалауға болады?

Құлшылық етіп бұл дүниеде де, ақиретте де нығметке бөленгеннен көрі ішімдікке құл болып, азып-тозғанды қалайтын,  ішімдіктен тиғаны үшін де Аллаға наразы болып оның дінін  жеккөретін жандарды қалай түсінуге болады. Олар өз пиғылдарына орай  ішімдікке онан әрі құнығып  қор болған үстіне қор бола беретін болады.  Өйткені, бұл олардың өз таңдауы.

Бұл тек бір ғана ішімдіктің ғана мысалы, ал мұнан өзге адам баласына  тек  қасірет әкелетін  сол себепті де Алла істеуге тиым салған қанша істер бар. Мысалға, қазіргі қоғамымызда  зинақорлық, түрлі жыныстық азғындықтар, зорлық, ұрлық, парақорлық, таразыдан жеу, пайыз алу, тағы басқа да осындай  күнә ретінде бағаланатын талай істер  үйреншікті істерге айналып кеткен.

Өзін ақылды санайтын талай  білімді де зиялы жандар мұндай істерден тиылғаннан көрі, Аллаға қарсы шыққанды артық көреді. Өз нәпсісін ақылға жеңдіре алмай  Алланың нығметтерінен  өз еркімен бас тартатын  мұндай «ақылды» жандарға  не істеуге болады. Қазақ айтады емес пе «сүйреп салған тазы түлкі алмайды». Қарапайым  шындықты қортып, дұрыс қортынды жасай алмайтын мұндай  жандардың өздерін ақылды санап такаппарланып жүрулері  бекершілік.    

Қазақта «Ұрлық түбі қорлық» деген дана сөз бар. Бұл жердегі ұрлық деген сөздің орнына Алла тиым салған кез келген істі қоюға болады. Өйткені, ол істердің бәрі де адам баласына тек бейнет әкеліп оны қор қылатын істер.  Өкінішке орай бұл өмірде қаншалықты қорлық көріп, қаншалықты қасірет шегіп жүрсе де ойланбайтын, керісінше, ештеңені де ойлағысы келмей, бәрін де ұмытып ессіз күйге түсуге тырысатын жандар аз емес.

Мұндай жандарды Алла Тағала адамға тән ақылдан еш кенде етпеген. Бұл ақыл  оларға өздері қиын көретін құлшылықтың артында зор игілік, ал оңай көретін күнәлі істердің  артында зор азап тұрғанын  түсіну үшін  жеткілікті. Мұндай қарапайым ғана нәрсені  түсіну үшін адамға ақылы асқан дана болу шарт емес.                                                                                                                                          

Шын мәнінде, дұрыс пайдалана алмаған адам  үшін ақыл үлкен сор. Өйткені, ақирет күні ондай адамның жағдайынан ессіз хайуанның жағдайы сан есе артық болады. Өйткені, ақылдың сұрауы бар. Ол адамдықтың белгісі, ар-ұяттың сақшысы. Сондықтан  ақылын дұрыс пайдаланбай адамдық ар-ұятын  хайуандықтың тұяғына таптатқан адам өзін де азап пен қорлықтың табанының  астына салып, бар кінасын шыбын жаны шырқырап тұрып өтейтін болады. 

26.09.14.  

Комментариев нет:

Отправить комментарий