четверг, 4 июня 2015 г.

Алланы жоқ дегенмен іс бітпейді

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Алланың аты аталып, дін жайында сөз қозғала бастаса, әсіресе, оның тиымдары мен шектеулері жайлы айтыла бастаса, жақтырмаушылық танытып іштей жиырылатын жандар бар. Олар Алла жайында да, дін жайында да естіп-білуді мүлде қаламайды. Егер бұл дүниеде Алла да, Оның діні де атымен құрып кетсе, олар бұған еш қайғырмастан, көңілдері жай болған күйде еш алаңсыз күна істермен айналысып жүре берген болар еді.

Мұндай жандар өздерінің қандай сұмдық пиғылдың құлы болып жүргендерін ойлап шошынса еді. Шын мәнінде, өзі аңсайтын, жан-тәнімен қалайтын небір күна істерге тиым салғандығы үшін ғана Алланы жеккөріп, сол күнәларға алаңсыз берілуі үшін ғана Алланың жоқ болғанын тілеуден өткен қандай қараниеттілік болуы мүмкін.

Адамдар қанша жерден Алла жоқ деп сенсе де одан бар Алла жоғалып кетпейді. Өйткені, Ол адамдардың санасындағы ойдан шығарылған құр ұғым емес. Оның мәңгілік болмысы әлдебіреулердің сеніп, сенбеуіне ешқандай да тәуелді емес. Олар сенсе де, сенбесе де Алла бар, және қашанда бола береді. Бірақ, мұны түсіне алмайтын кейбір жандар Алланы жоқ деумен іс бітті деп ойлап надандыққа салынады.

Олар Алланы көңілінің бір түкпірінде ұмыт қалдырып, дінді тірліктің көзден таса бір қалтарысына тығып тастап, ештеңені де көрмеген, ештеңені де естімеген, ештеңені де білмеген түрде дүние қызықтарын қуып, еш алаңсыз сайран салып жүрмек болады.

Мұндай жандар шын мәнінде, Алланы емес өздерін бір түкпірге тығып, өздерін бір қалтарыста қалдырып жүргендерін түсінбейді. Шын мәнінде, Алла Тағала оларға еш мұқтаж емес, керісінше, олар Аллаға, Оның дініне өте мұқтаж. Шын мәнінде олар Алланы емес, Алла Тағала оларды Өз нығметінен айырып бір түкпірде, бір қалтарыста қалдыруда. Тек есеп алынатын ақирет күні ғана Ол оларды сол жерден шығарып алып жалындаған отқа салатын болады.

Алла Тағаланы мүлде қажетсіз санап Оны елеусіз, ескерусіз бір қалтарысқа тығып тастап ұмыт қалдырған мұндай жандар жан қысылатын ақирет күні Оны жанынан іздеп таба алмайтын болады. Өйткені, тәнде жан, қолда мүмкіндік тұрғанда олар еш қажетсінбеген Алла Тағала есеп берілетін ақирет күні оларды да еш қажетсінбей, қажетсіз нәрсе ретінде отқа тастайтын болады.

05.04.14. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий